ШЕКЕСІМЕН ШЕГЕ ҚАҒЫП, ТІСІМЕН ҰШАҚ СҮЙРЕГЕН

ШЕКЕСІМЕН ШЕГЕ ҚАҒЫП, ТІСІМЕН ҰШАҚ СҮЙРЕГЕН

ШЕКЕСІМЕН ШЕГЕ ҚАҒЫП, ТІСІМЕН ҰШАҚ СҮЙРЕГЕН
ашық дереккөзі
248

Он айдың жүзi болды, Қырғызстанда Тасшайнар деген дәу шықты. Шын аты-жөнi Нұрлан Әлiшеров. Талас облысынан. Қырғызстанның тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы белгiленген 2011 жылдың 31 тамызынан бастап бұл палуанның атағы бүкiл республикада аңызға айналып отыр.

Биылғы мамыр айында Бішкектің қақ орта­­сындағы орталық «Алатау» алаңына ол жаңадан әзірлеген тосын өнерлерін көрсетіп, жиналған елді таң қалдырды. Ол алаңға Әскер Садырқұлов (лақап аты Шора) деген шәкіртін ерте келіпті. Алдымен олар пластикалық бөтелкелерді тісімен жыртып, ел көбейгенше «жеңіл» жаттығуларды жасап алды. Сосын өздері алып келген бөшкенің үстіне қайың тақтайды төсеп, Шора ұзын-ұзын шегелерді тақтайға жұ­ды­рығымен қақты. Тасшайнар болса, ше­ге­лерді тісімен суырып алды. Сосын екеуі шегелерді ағашқа шекелерімен ұрып қақты. Бұдан кейін іске Нұрлан жалғыз кірісті. Ол мырыш қаңылтырды тісімен айырып, одан соң төрт қабатталған мырыш қаңылтырға шекесімен шегелерді қағып кіргізді.

Бұрын ауыр жүктерді тісімен тартып жүрген Тасшайнар бұл жолы қол терісінің мүмкіндігін көрсетті. Қолының терісіне арнайы қыстырғыштар жасатып, сол арқылы әрбірі 710 килограмм болған «Матис» маркасындағы 5 машинаның тізбегін (3,5 тонна) 10 метрге сүйреді.

Тасшайнар өз өнерін күн өткен сайын үдетіп келеді. Өткен жылдың 31 тамызында ол осы «Алатау» алаңында жалпы салмағы 30 тонна 20 жеңіл автокөлікті тісімен, екі «ВМВ» автокөлігін құлақтарымен тартып, жұртты бір таңдандырған еді. 29 қарашада өнерін Бішкектің «Манас» әуежайына барып көрсетті. Ол «Қырғызстан» авиакомпаниясына қарасты салмағы 24 тонналық «Ан-24» ұшағын тісімен 40 метрге дейін, салмағы 37 тонналық «Ту-134» ұшағын 20 метр алға жылжытқан.

Тасшайнар енді «Ыстықкөл-Аврора» санаторийіндегі 120 тонналық «Мәскеу» теплоходын тісіммен тартып көрсем деп жос­парлап жүр.

Нұрлан Әлішеров былтыр қарашада Ресей телебағдарламасының «Минута славы» жобасының репетициясына шақырылған болатын. Қаражатының аздығынан Мәскеуге бара алмады. Тасшайнар – Нұрланның өне­рін бағалаған Тараздық кәсіпкерлер «сені қамтамасыз етейік, бізге кел» десе, Тасшайнар «Қырғызстанның ғана намысын қор­ғай­мын» деп көнбей қойыпты.

Нұрлан Әлішеров қазір 36 жаста. Салмағы 99 килограмм. Бойы онша ұзын емес. Талас облысының Ынтымақ ауылында туылған. Алғаш рет 7-ші сыныпта оқып жүргенінде 40 литрлік флягтағы суды тісімен, екі шелек суды қолымен он бес қадам жерге дей­ін көтеріп барып, өзінің күшін сынап көр­ген. 10-шы сыныпта оқып жүргенінде 32 ки­лог­раммдық гирді тісімен 117 рет көтерген.

Нұрлан өмірінде ешқашан тіс дәрігеріне бар­маған. Тістері сүт тіс бойынша қалған, кіш­кентай кезінде түспеген. Жас кезінен Гин­нестің рекордтар кітабына енсем деп арман­­дапты, қазір соған құжаттарын даярлауда. Нұрлан он жасында аян түс көрген. Түсінде Манас батырдың ақылшысы Бақай ата «35 жасыңда даңқың шығады» деп айтыпты. Сол сөзді есінде ұстап жүрсе керек, Нұрлан Әлішеров 35 жасынан бастап өнерін жұртқа көрсете бастады. Ол алдын ала ешқандай да арнайы жаттығу жасамайды. Мұндай етемін деп жариялайды, сосын оны орындайды. Трюк көрсетер алдында тәбеті ашылады. Жайшылықта бір ішкенде үш-төрт адамның тамағын ішіп жүрсе, өнер көрсетуге жақындағанда тамақты көбірек іше бастайды. Бір бүйрегі жоқ. 3-ші топтағы мүгедек. Мамандығы бухгалтер-экономист. Ауылында диқаншылықпен, автокөліктерді жөндеу істерімен айналысады. Көбірек ақша тапса, оны қайырымдылық істеріне де жұмсамақ ниетте. Талас қаласында жетім балаларға арналған интернат, өз ауылында мешіт салдырмақшы.

Нұрлан Әлішеровтің жұлдызы жар­қы­рай­тын сәт әлі алда сияқты. Оның өнері тү­сірілген бейнетаспалар жақында Түр­кияға, Украинаға және Америкаға жө­нел­тілген. Осы маусым айының аяғында Біш­кекте жоспарланып жатқан ерекше күш иелерінің фестивалi оның атын тағы да аспандатары сөзсіз. Фестивальға Орта Азия республикаларының күштілері де қа­т­ы­суы мүмкін.

Қырғыз тарихында алып күшті адамдар аз болмаған. Солардың соңғысы – Қа­жы­мұқанның замандасы Қожамқұл палуан. Ел аузында Қажымұқан мен Қожамқұл бір-бі­­рімен кездесіп, күш сынасып көрген деген де сөз бар. Кейбіреулер Қажымұқанмен емес Балуан Шолақпен кездескен деп те айтады. Қожамқұл да Талас облысынан. Ол туралы аңыз-әңгімелер көп. Бір күні, қыс мезгілінде, бір кісі қалың қарда атымен омбылап, жолаушылап асуды асып бара жатса, көзіне аттың ізі түседі. Күн кештетіп қалса керек. Осы аттың ізімен жүріп, қонатын жерді тауып алайын» деп, ізге түсiп жүре береді. Бір кезде аттың ізі жоғалып, адамның ізі пайда бола қалады. Өз көзіне сенбей, айран-асыр болған жолаушы тездетіп, алдындағы ауылға жетіп, тоқ­таған үйіне көргенін айтып беріпті. Үй иесі «Таңданатын ештеңе жоқ, ауылға Қо­жам­құл палуан келген. Асудан асарда аты шар­шап, палуанды көтере алмай қалыпты, со­сын палуан атын көтеріп алған ғой» – деген екен.

Бішкектегі орталық спорт сарайы Қо­жам­құлдың атымен аталады. Сарайдың ал­дына ат көтерген балуанның мүсіні тұр­ғы­зылған.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»

Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары