БЮДЖЕТКЕ НЕГЕ БАС ҚАТЫРМАЙМЫз?

БЮДЖЕТКЕ НЕГЕ БАС ҚАТЫРМАЙМЫз?

БЮДЖЕТКЕ НЕГЕ БАС ҚАТЫРМАЙМЫз?
ашық дереккөзі
162

Бүгінде қазақстандықтар бюджетті түзуге және бюджеттік шығындардың жұмсалу тиімділігін талқылауға құлықсыз. Қаржылық тұрғыда сауат ашу және бюджеттік жобаларға тарту үшін не істемек керек? Бұл сұраққа Алматыдағы басқосуда сарапшылар қауымы жауап іздеді.

Кез келген қоғамның азаматтары қаржылық тұрғыда сауатты болғанда ғана мемлекеттік бюджеттің жай-жапсары мен жұмсалу бағытын жан-жақты талқыға салуға қауқарлы. Апта басында Алматыда өткізілген «Қазақстан Ұлттық бюджеттік жүйе сарапшылары азаматтарды республикалық бюджет жобасын талқылауға тартудағы ұсыныстар» тақырыбындағы баспасөз мәслихатында сарапшылар қауымы отандастарымыздың бюджет мәселесін талқылаудағы белсенділігін арттырудың тиімді жолдарын қарастырды.

Қазақстанның Ұлттық бюджет жүйесі (ҚҰБЖ) – отандық үкіметтік емес ұйымдардың коалициясы. Мақсаттары – үкіметтік емес ұйымдардың бюджеттік процестегі күш-қуатын біріктіру. Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын мемлекеттік қызмет көрсету, бюджеттік процестердің ашықтығы, мемлекеттік органдардың есеп берудегі ашықтығы мен бюджеттік қаражаттың әділ жолмен бөлініске түсуіне ықпал ету арқылы көтеруді қалайтын ҚҰБЖ өз жұмыстарына Парламент депутаттарын, бұқаралық ақпарат құралдарын, еліміздегі бюджеттік процеске қатысуға мүдделі басқа да азаматтарды тартуды көздейді. Бюджеттеу үлгісі алғаш рет 1989 жылы Бразилияда енгізіліпті. Бұл елдегі бюджеттік шығындардың тиімділігін арттыруға сеп болған. Мәселен осы жүйені қолданудың арқасында Бразилия соңғы он жылда алғаш рет ауызсуға деген қолжетімділікті 75 пайыздан 98 пайызға дейін өсірген. Бүгінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің барлығы үкіметтер жұмысының ашықтығы мен бақылауда болуын қадағалауға халықты түгел қатыстыруды қолға алған.

Мамандар сөзіне сүйенсек, бүгінде бюджет жобасын талқылауға, оған қатысты айтылатын ұсыныстарға қоғамның қызығушылығы басым. Алайда Халықаралық Бюджеттің ашықтығы көрсеткіші бойынша Қазақстан 2010 жылы 100 балдан 38 балды иемденген. Бұл ашық бюджетке 94 ел қамтылған болатын. «Сандж» Зерттеулер орталығы» ҚҚ директоры Жанар Жандосованың айтуынша, Қазақстанға қатысты көрсеткіштердің төмен болуына еліміздегі бюджеттік басымдықтарды бюджетті қалыптастыру деңгейінде қоғаммен жан-жақты талқыға салу тәжірибесінің жоқтығы себеп. Дүниежүзілік бюджет ашықтығы рейтингінде жоғары орынға ие болу үшін бюджеттік жобаны түзу кезінде кеңінен қоғамдық талқылауды ұйымдастыру жұмыстары көмектеседі.

БҰҰ тарапынан 190 мемлекет арасында ұйымдастырылған соңғы рейтингте Қазақстан «е-қатысу» (электронды қатысу) көрсеткішінде дүниежүзі бойынша ІІ орынды иемденіпті. Азаматтарды электронды қатысу тұрғысынан алғанда белсенді ету электронды үкіметтің басты бағыттарының бірі саналады. Бұл орайда «Салық мәдениетін қалыптастыру» АҚ директоры Наталья Янцен: «Рейтингтегі мұндай жағымды өзгерістер электронды үкімет пен электронды қатысуды дамыта отырып, бюджет жобасын талқылауда онлайн режимінде жүзеге асыру тетігін жемісті енгізудің нәтижесінде. Әлеуметтік маңызы зор мәселелерге қатысты халық пікірін білуде үнемді әрі тиімді тәсіл саналады» дейді.

Баспасөз мәслихатында «Азаматттарды стратегиялық жобалар, бағдарламалар мен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау секілді әлеуметтік тұрғыда аса маңызды салалық министрліктердің бюджеттерін талқылауға және оларды бекітуге тарту аталған мәселелердің тиімділігін барынша арттырар еді. Кейбір бағдарламалар мен шығындардың тиімділігі әрқашан тиімді болмайтыны ешкімге жасырын емес. Өйткені бюджеттерді түзу барысында мақсатты топтардың қажеттіліктері ескеріле бермейді» деп мәлімдеген «Экономикалық зерттеулер, бағалар және мониторинг орталығы» ҚҚ-ның сарапшысы Шолпан Әйтенова қоғамдағы кемшін жайттардың бетін ашты.

Айдана Темiртайқызы,

Сәуле Бақбергенқызы,

ҚазҰУ-нiң студенттерi

Серіктес жаңалықтары