ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС ТІРЛІК

ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС ТІРЛІК

ТУРИЗМ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАРБАЛАС ТІРЛІК
ашық дереккөзі
383

Алайда 2011 жыл жемісті бола қойған жоқ.

Үкiметтiң «Қазақстанда туризм кластерiн дамытамыз» деген бастамасы қаншалықты нәтижелi? Туристiк компаниялар арасындағы алаяқтыққа неге тосқауыл қойылмай отыр? Шетелдiк қонақтарға халықаралық деңгейде қашан қызмет көрсетiледi?

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің хабарлауынша, 2020 жылға қарай туризм саласынан мемлекеттік бюджетке түсетін жыл сайынғы кіріс 20 млрд. доллар болмақ. «Туризмнің дамуына индустриалдық тәсіл қолданбақ. Бұл химия, машина жасау, металлургия салаларына да қатысты», – деп мәлімдеген министр Әсет Исекешев Қытай, Үндістан, Парсы шығанағы, Ресей секілді елдерден туристер тартуды көздеп отырғанын айтты. Осы мақсатта Алматы маңындағы тау-шаңғы курорты, Шортанды-Бурабай курорттық аймағы, Кендірлідегі теңіз демалыс аймағы арқылы шетелдік қонақтардың қызығушылығын арттырып, олардың тәуекелге бел бууға құмарларын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік жолында темір тұлпар жарысын ұйымдастырмақ. Сырттан келетіндерді шекарадан кедергісіз өткізу мақсатында биыл Қазақстан жазғы маусымда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше 34 мемлекеттің азаматтарына 15 күндік визасыз режимді енгізуді қолға алды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 110 мың қызметкерін кезектен тыс аттестациядан өткізіп, шет елдерден келетін қонақтарға сапалы қызмет көрсетудің жолдарын үйретпек.

Қазақстан Үкіметі жаңа жоба – «Көк жайлау» тау-шаңғы демалыс орнының құрылысын қолға алды. Global Travel Industry News сайтының хабарлауынша, бүгiнгi таңда Қазақстан Орталық Азия аймағындағы жетекшi орындарға ие мемлекеттердiң қатарында. Ал жатжұрттықтарды қызықтыратыны әрi таңдандыратыны – Қазақ елiнiң сұлу да тұмса табиғаты. 2013 жылға жоспарланып отырған «Көк жайлау» тау-шаңғы демалыс орнының жобасын үш жылдың iшiнде пайдалануға беру көзделiп отыр. Оның iшiнде, 100 шақырымға созылатын шаңғы тебу трассасы, арқанды жолдар, қонақүйлер, мейрамханалар, сауда-ойын-сауық орталықтары, гольф алаңы секiлдi инфрақұрылымдық – көлік жолдары, автотұрақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерi т.б. бой көтередi. «Көк жайлауға» мемлекет тарапынан салынатын қаражат көлемі 700 млн. доллар. Бұл қажеттi соманың 25 пайызы. Қаражаттың қалған бөлігі, яғни, 2,1 млрд. доллар жеке кәсiпкерлер еншiсiнде. Жоба құрылысы жүзеге асырылатын 3 жылдың iшiнде 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылса, демалыс орны iске қосылғаннан кейiн 20 мың отандас жұмыспен қамтылмақ.

Қазақстан туристік ассоциациясы мүшелерінің хабарлауынша, Үкіметтің туризмді дамытуға байланысты көтерген бастамасы нәтижелі болуы үшін Қазақстан, Ресей, Өзбекстан арасында визаны мойындау туралы өзара келісімге қол қойып, Тәшкен, Бұқара, Самарқан, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы қалалары арасында транспорттық дәліз қалыптастыру керектігін айтады. Сондай-ақ, ішкі туризмді дамыту бағдарламасы да түзілуде. Өйткені еліміздегі қымбатшылық жатжұрттық туристердің көңілін су сепкендей басады. Қызмет сапасының төмендігі, халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтіні тағы бар. Сондықтан отандық қонақүйлердің көпшілігі бүгінде қаңырап бос тұр.

Алайда мұндай жағымды деректерді қазақстандық туризм нарығының мамандары құптамайды. Қазақстандық туристік ассоциацияның хабарлауынша, 2011 жылдың алты айында Қазақстанға алыс-жақын шет мемлекеттерден келген туристер саны 15 мыңға жуық. Бірақ келгендердің тек мың жарымы ғана – туристер. Қазақстан шекарасынан өткен қалған шетелдіктер іскерлік визаны қолданыпты. Үстіміздегі жылдың басында Туризм комитетін қарамағына алған ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі еліміздің шипажайларын шетелдіктерге жарнамалаған қазақстандық турагенттіктерге өтемақы төлеуге шешім қабылдады. Бірақ бұл сома агенттіктердің бәріне бірдей емес. Қазақстан туристік ассоциациясының директоры Рашида Шайкенова: «Қазіргі таңда халықаралық немесе ТМД нарығына өзінің туристік өнімімен шыққан туристік компания қалтасынан шыққан шығынның 50 пайызын өтемақы ретінде алуына болады. Бұл жарнамаға, буклетке, қатысқан көрмелеріне, қандайда бір промоушн-акцияларға жұмсаған қаражаты. Алайда мұндай өтемақы жұмсалған қаражаттың қайда кеткенін дәлелдейтін шоты бар және шетелдік клиенттерді тартуға қол жеткізгендер алады», – дейді.

Әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыс, ішкі нарықтағы бәсекелестік қазақстандық туристік агенттіктер жұмысына да кері әсер етті. «Жібек Жолы – Қазақстан» компаниясының жетекшісі Серік Сұлтанов кейінгі кездері туристік нарықтағы бәсекелестіктің артуынан еліміздегі бірнеше туристік компания банкротқа ұшырағанын айтады. Тақырға отырғандар ішінде жұмысын жаңадан бастағандармен бірге талай жылдан бері туризм саласында тер төгіп келе жатқан танымал ірі компаниялар да бар көрінеді. Жығылған үстіне жұдырық, туризм саласында алаяқтықтықтың кең тарай бастауы аталған саланың дамуына кедергі. Мәселен, заңды тіркеуден өте салып, ертесі күні жабылып қалатындар мен атауын сан құбылтатын «ескі» де «жаңа» компаниялардың кесірінен тұтынушылардың сеніміне селкеу түскен. Осының салдарынан қазақстандық туристер шетелдік агенттіктер қызметіне жүгінеді, қонақүйлерге тапсырысты он-лайн үлгіде береді, ұшақтарға билетті әуе компанияларының ресми сайты арқылы сатып алады. Бұл қаржылық қауқарлары онсыз да мәз емес отандық туристік компанияларға ауыр сын болды. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздегі туристік компаниялардың жалпы саны 1500-ге тең. Кәсіпкерлікте туризм саласы оңай пайда табатын сала саналатындықтан, жыл сайын компаниялар саны өсіп отырады. Есесіне, олардың қызметін пайдаланатын клиенттердің аздығы туризм нарығындағы бәсекелестікті қыздырып, компаниялар қызмет бағасын барынша төмендетуге, тұтынушыға барынша құны арзан пактеттер ұсынуға мәжбүр болады. Мәселен, белгілі бір бағытқа ұшатын чартерлік рейстердегі бос орындарды жартылай толтыру немесе алдын ала тапсырыс беріліп, кейін айнып қалған туристерге тиесілі билеттердің құнын жартылай өндіру мақсатында клинеттерге түрлі жеңілдіктер жасалады. Сонымен қатар әуе жолдарындағы жанар-жағар майдың күн сайын өсіп отыратыны тағы бар. Бірақ соңғы кездері туризмде қарбалас тірлік байқалады. Мұны Рашида Шайкенова ханым да жасырмайды: «Туризм саласы ұзақ уақыт бойы тасада қалып қойған еді. Бүгінде талпыныс бар. Әсіресе ауылды жерлерде туризмді дамыту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу міндеті тұр. Туризмді өркендетудің негізгі қайнар көзі, әрине, біздің жеріміздің әсем табиғаты. Бұл – тек мейманхана салумен шектелу емес, инфрақұрылымды дамытуға күш салу, қажетті мамандар дайындау. Оған «Жол картасы», шағын несиелеу бағдарламасының қосар үлесі зор болмақ. Өкінішке қарай, 2011 жылды жемісті деуге келмейді. Өткен жылы нарықта жаңа бағыттар, жаңа қызмет түрлері ашылды. Сыртқы туризм көрсеткіші жоғары болса, келушілер санымен мақтана алмаймыз. Бұл бағытта іскерлік туризм құтқарып тұр. Сонымен қатар ішкі туризмнің дамығаны байқалады. Себебі, әлемде қауіп-қатер күшейді. Мәселен, екі жылдан бері Ыстықкөл бағыты тоқырап тұр. Былтыр саяси ахуалға байланысты салыстырмалы түрде арзан саналатын Мысыр бағыты тоқтады. Дегенмен жаңадан ашылған Хорватия, Венгрия, Словакия, Литва, Финляндия сияқты жаңа бағыттар сыртқы туризмге, емдеу-сауықтыру туризміне серпін беретіні сөзсіз. Әу баста қауымдастық лицензиядан бас тартуға қарсы шыққан болатын. Рас, лицензияны алып тастау кәсіпкерлік жолындағы әкімшілік кедергілерді азайтуға сеп болатыны сөзсіз. Алайда бұл саланың ерекшелігі сол: мұнда өзі көзге көрінбейтін, дәмін татуға болмайтын өнім ұсынылады. Сондықтан алдау оқиғалары көп кездеседі. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, жұртты тақырға отырғызатындар нарықта 20 жылдық тәжірибесі бар компаниялардың беделіне нұқсан келтіріп жүр. Лицензия жойылғанда реестр құру – қауымдастықтың өзіндік жауабы. Нәтижесі – алдағы уақыт еншісінде» дейді.

Туризм нарығына қатысушылар бүгінгі таңда отандастар арасында «туристік қызметтер неғұрлым арзан болған сайын соғұрлым жақсы» деген пікірдің қалыптасқанына қынжылады. Әлбетте қызмет құны неғұрлым арзан болған сайын сапаның да соғұрлым төмен болатыны белгілі. Оның үстіне, кейде чартерлік рейстер кестеде белгіленген уақытынан кешігіп ұшуы немесе мүлде ұшпай қалуы мүмкін.

Отандық туризм саласы құжаттамалық өзгерістерге де кенде емес. Мәселен, 2011 жылдың 15 шілдесінде «Рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 461-IV заңына біршама өзгерістер енгізілді. Биылғы қаңтар айынан бастап аталған құжат заңды күшіне еніп, туристік агенттік қызметін мемлекеттік лицензиялау тоқтатылды. Осыған сәйкес, туризм саласында қызмет көрсететін кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өздерін ішкі нарықта турөнімдерді бөлшектеп сатушылар ретінде көрсете алмайды. ҚТА басшысы Рашида Шайкенованың айтуынша, Ассоциация сайтында арнайы «Реестр» парағы ашылып, бүгінге дейін 61 турагенттік тіркеліп үлгерген. Жобаның негізінде «Туристік қызмет туралы» Заңға сай, турагенттік қызметті жүзеге асырып отырған кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің тізімінен құралған электронды мәліметтер базасы жатыр. Еріктілік негізінде құрылған қазақстандық реестр туралы турагент нарығына қатысушылар жайындағы мағлұмат бір жүйеге түседі. Әлбетте, бұл тізімге тіркелу – әркімнің өз еркінде. Кез келген турагент тізімге тіркеліп, тіркеу нөмірі мен куәлігін алуға құқылы. Туризмге қатысты тағы бір маңызды жайт, азаматтар арасында жеке бас қауіпсіздігіне аса мән берілмейді. Мәселен, кейде құзырлы органдардың ресми түрдегі ескертулеріне қарамастан, қазақстандық туристер қарулы қақтығыстар, саяси және әскери тұрақсыздық, табиғи апаттар орын алған шет мемлекеттерге сапар шегуден бас тартпайды. Мұндайда «сақтансаң, сақтаймын» деген қарапайым қағиданы естен шығармаған абзал, әрине.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары