«МЕГАКОМДЫ» МЕНШІКТЕУДІҢ МЫҢ ҚИТҰРҚЫСЫ

«МЕГАКОМДЫ» МЕНШІКТЕУДІҢ МЫҢ ҚИТҰРҚЫСЫ

«МЕГАКОМДЫ» МЕНШІКТЕУДІҢ МЫҢ ҚИТҰРҚЫСЫ
ашық дереккөзі

Республикадағы ең iрi ұялы байланыс операторы «Мегакомның» (49 пайыз акциясын мемлекеттiк меншiктендiрудiң негiзiнде оған қазiргi күнде «Альфа-Телеком» жабық акционерлiк қоғамы иелiк етуде) айналасындағы шатақтар Қырғызстанда билiк ауысқан 2010 жылдың сәуiр айынан берi еш басылмай келедi. Әйтсе де, компания қалыпты жұмыс iстеп, абоненттерiнiң саны жағынан бiрiншi орынды иеленiп отыр. Өлке халқының жарымына жуығы осы оператордың қызметiн пайдалануда. 2011 жылы компания тарапынан республикалық бюджетке 3,9 миллиард сом қаржы түскен.

Үкіметтің шешіміне сәйкес, 22 мамырда компанияның акцияларының 49 пайызын сату бойынша аукцион өтпек еді. Кәсіпорынды сатудың бастапқы құны 4,9 миллиард сомға бағаланса да (сарапшылардың айтуынша, бұл өте арзан), сатып алушының жоқтығынан аукцион өтпей қалды. Жоғарғы Кеңеш былтыр желтоқсан айында да кәсіпорынды саттырмақшы болған. Ол кезде бір ғана швециялық талапкер өтініш беріп, бәсекелес шықпауынан аукцион тоқтатылған.

Кәсіпкерлердің Қырғызстандағы ең пайда тапқыш кәсіпорынға қызықпай отырғанының себебі – «бүлінгеннен бүлдіргі алманың» кері сияқты. Өйткені оның жаңа иесінің соттасудан басы арылмай қалу қаупі бар. «Альфа-Телекомды» әу баста бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтың ұлы Максимнің Алексей Елисеев деген сыбайласы 2009 жылдың 3 маусымында басқа компаниялардың негізінде құрған. Сөйтіп, компанияның жалғыз акционері болуға қол жеткізген. Сол жылдың 14 тамызында ол 99 пайыз акциясын «Southfield Management Inc» деген, 1 пайызын «Vesatel United Limited» деген компанияларға сатқан. Қырғызстанның Уақытша Үкіметі 2010 жылдың 20 мамырында өзінің декретімен «Мегакомның» 49 пайыз акциясын мемлекет меншігіне алғанда, әлгі екі компания оның иесі болатын. Неге 100 пайыз емес, 49 пайызы ғана мемлекеттің меншігіне алынды деген сұрақ содан бері көп адамдардың басын қатырып келеді. Ал енді акциялардың 51 пайызы Қырғызстанның мемлекеттік мүлікті басқару қорында сақталуда. Олардың иелеріне акцияларды пайдалану құқығына шек қойылған.

Парламенттің көпшілік коали­циясының өткен аптада өткен жиынында Премьер-министр Өмірбек Бабанов мәлімдегендей, 51 пайызға иеліктерін «Penwell Business Ltd», «Eventis Telecom Holding Ltd» және «Serpeus Inc» сияқты білдей үш шетелдік компания сот арқылы білдіріп отырған көрінеді. «Олар акционерлік қоғамдар және ұлттандыру заңдарына сүйеніп өтемақы төлете алады. Егер Қырғызстанның бас прокуратурасы компанияның құрылтайшылары мен иелерінің заңсыз ауысқандығы жөнінде қылмыстық іс қозғаса, оның негізінде мүлік және байланыс компаниясының брендісінің ақылары өтелсе, «Мегаком» мемлекеттің қара­мағына өтуі мүмкін», – деп айтты үкімет басшысы. Бірақ мұның өзі де оңай шаруа емес сияқты. Экономика және монополияға қарсы саясат министрі Темір Сариев осы жиналыста: «Мәселе халықаралық сотта қаралатын болса, бізге үлкен сомада айып салынуы мүмкін, тіпті Қырғыз Үкіметіне тиесілі мүлік қамаққа алынуын да күтуге болады», – деген қаупін жасырмады.

«Мегакомның» бұдан арғы тағ­дырын шешуге белсеніп отырған Жоғарғы Кеңештің депутаттары да бұл мәселе бойынша түрлі пікірде. Мысалы депутат Асия Сасықбаева «Біз компанияның қалған 51 пайыз акциясын да мемлекет меншігіне алуымыз керек. Бұл әккі инвесторлорға сабақ болар еді. Содан кейін ғана оның 49 пайызын сатуға қоюға болады» деп есептесе, оппозицияшыл «Атажұрт» фракциясының депутаттары Дастан Жұмабеков және Садыр Жапаров компанияның үлесін сатуға мүлде қарсы. «Егер компанияны 100 пайыз мемлекет меншігіне алсақ, онда жыл сайын мемлекеттік бюджетке керекті қаражаттың 30 пайызын осы кәсіпорынның пайдасымен жауып тұрар едік. Әлдекімдер компанияны бұрынғы иелеріне қайтарып беруді көздеп отыр», – дейді Садыр Жапаров.

Осындай жағдайға қарамастан, иті шөп жеп тұрған (ісі алға бас­қанды – қырғыздар осылай дейді) «Мегакомның» өз ішіндегі жағдайы мәз емес. Осы жылдың 30 қаңтарынан бері кәсіпорынның бас директоры Азамат Мурзалиев, оның кеңесшісі Алмазбек Абеков және еншілес «Новострой плюс» ЖШС-нің директоры Кенжебек Аманұлы қамауға алынып, тергеу жүргізілуде. Оларға сыбайластық жолмен мемлекеттің 142 миллион 95 мың сомын жымқыр­ған деген айып тағылған. Бұған қосымша, Қырғызстанның ұлттық қауіп­сіздігінің мемлекеттік қызметіне (ҰҚМҚ) қарасты сыбайластықпен күрес қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, 2011 жылы компанияның бас директорының міндетін уақытша атқарған кезінде Алмазбек Абеков «Мегакомға» жаңа жабдықтар сатып алу үшін қытайлық ZTE компаниясы­мен 31 миллион долларға келісім түзген. Ол жабдықтарға асырып баға қойып, үстіндегі 6 миллион долларды өзі алған. Ақша Абековтың атындағы шетелдік компанияға аударылған.

Сот процестерінде Абековты қорғап жүрген адвокат Икрамидин Айтқұлов 6 миллион доллар туралы «бұл ZTE компаниясының менің клиентіме өнертапқыштығы үшін берген сыйақысы, ол арқылы ZTE 300 миллион доллар пайда табатын болады» деп соққан.

ҰҚМҚ-ының сыбайластықпен күрес қызметінің төрағасы Бектен Сыдығалиев тергеудегі Алмазбек Абековтың артында кім бар екенін дәл анықтасақ, елге жариялаймыз деп отыр. «Егер оның артында кім тұрып, кімнің басқарғанын анықтасақ, олардың аттарын атағаннан жасқанбаймыз. Оған саяси еркіміз жетеді. Шындықты айтып, қызметімнен айрыламын деп қорықпаймын. Бірақ тергеу кезінде толық анықталмаған нәрсені айту дұрыс емес. Айып дәлелденбей қалса, адамдардың қадіріне шек келтіріп қоямыз», – деді сыбайластықпен күрес қызметінің төрағасы.

Назарбек

БАЙЖIГIТОВ,

«Түркiстанның» Қырғызстандағы тiлшiсi