КӨЗДІҢ ЖАУЫ – КОМПЬЮТЕР

КӨЗДІҢ ЖАУЫ – КОМПЬЮТЕР

КӨЗДІҢ ЖАУЫ – КОМПЬЮТЕР
ашық дереккөзі

Бүгiнде балалар арасында көз ауруына шалдыққандар көп. Бұл көрсеткiш әсiресе компьютер пайда болғалы ерекше өсiп отыр. Күн ұзаққа компьютерлiк ойындарға телмiрiп, уақытын өткiзетiн балғындардың көзiнiң көргiштiгi бiрте-бiрте нашарлай бастайды. Баланы дер кезiнде көз дәрiгерiне қаратып, сондай-ақ сапалы көзiлдiрiк алмаса, көру қабiлетi де жылдан-жылға әлсiреп кететiнi белгiлi.

Ресми мәліметке сүйенсек, республикадағы әрбір оныншы жасөспірімнің көзі нашар көреді. Ал нақты көрсеткіш бұдан үш есеге көп. Ең бастысы, баланың көз ауруына байланысты диагнозын дұрыс тауып, уақытында ем алса, болғаны. Әрине ойын баласы көзілдірік киюден қашады. Өзін емін-еркін сезінбейді. Кейде ойынның қызығына еніп кетіп, көзілдірігін сындырып қоюы да мүмкін. Бірақ та көзілдірікті үзбей тағып жүру – ерте жазылып кетуге деген кепіл. Ал жайлы, ыңғайлы, қауіпсіз көзілдірікті арнайы кәсіби мамандар дайындайтын орталықтан алу қажет. Дәл сондай сапалы көзілдірікті Қазақстаннан тұңғыш рет ашылған «МедОптика» салонындағы «Балапан» балалар оптикасы бөлімінің кәсіби мамандары жасай алатыны сөзсіз.

«МедОптика» орталығының бөлім басшысы Ақмарал Ниязбаеваның айтуынша, компания әртүрлі қиын­дықтарға арналған көзәйнектер жасайды. «Елімізде бұл зауыт 1985 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұндай зауыт ТМД бойынша үш мемлекет – Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанда болған. Қазір зауыт көрші екі елде шикізаттың жоқтығынан жабылып қалды. Ал біз бұрын кішкентай ғана оптика орталығын арнайы мамандандырылған лабораториялық орталыққа айналдырдық. Немістің «Satisloh» және Кореяның «CLEX 9» және Францияның «CORNING» деген компанияларының жартылай дайын өнімдерін пайдаланамыз», – дейді.

Бір айта кетерлігі, қазір іштен көзінің көру қабілеті нашар болып туылатын сәбилер көбейіп кеткен. Одан бөлек көзі қыли балалар қаншама. «Балапан» медоптикасының кез келген баланың көзін емдеуге мүмкіндігі мол. Мұнда еліміздің түкпір-түкпіріндегі 6 айлық сәбиден бастап 16 жасқа дейінгі балалар қаралады. Олар шетелде білімін жетілдіріп келген көз дәрігерінің жіті қадағалауында болып, тіркеуге алынады. Ал призматикалық көзәйнектер арқылы балалардың қылилығы емделіп, қарашықтарының қисайғаны кәдімгідей түзеледі екен. Ең бастысы, бұл көзілдірік пен көзәйнектерді қарапайым халықтың қалтасы көтереді.

«МедОптика» орталығының дәрігер-офтальмологы Әсел Бекбасова: «Менің дәрігер ретінде айтар кеңесім 6 жасқа дейінгі балаларды мүлде компьютердің маңайына жолатпау керек. Балалардың көзіне ауыртпалық көп түседі. Кез келген ата-ана баласы бір жасқа, үш және алты жасқа толғанда тексеруден өткізгені дұрыс. Осы кезде баланың көз көру қабілеті айқындалады. Қазір бізге қыли көзді балалар көп келеді. Статистика бойынша, бір жылда 3 мың бала қаралады. Ал 45-50 пайыз қыли көз балаларды операциясыз жолмен емдей аламыз. Призматикалық көзілдіріктерді солар үшін жасаймыз», – дейді.

Бүгінде ұстаз қауымы да көзәйнек киетін жасөспірімдер санының жыл сайын артып отырғанына алаңдаулы. Мәселен олар мың баланың үш жүзінің көзі нашар көретіндігін айтады. Бір сәтке ата-ананың назарынан мүлт кеткен бала қалайда компьютерге жайғасып, ойын ойнауды көздейді. Бәлкім, бұл ойын кем дегенде екі сағатқа жалғасуы мүмкін. Есесіне, көздің көргіштік қабілеті нашарласа, бала кітап оқудан қағылады. Ал шын мәнінде, біз қоғамдағы жаңалықтың 95 пайызын көру арқылы санаға сіңірмейміз бе?

Динара ДҮРМӘН