КӨШПЕНДІЛЕРДЕН — КӨШЕЛІ ТАҒЫЛЫМ

КӨШПЕНДІЛЕРДЕН — КӨШЕЛІ ТАҒЫЛЫМ

КӨШПЕНДІЛЕРДЕН — КӨШЕЛІ ТАҒЫЛЫМ
ашық дереккөзі

«Көшпендiлер атамұрасы» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткiзiлген «Осы шақта тұр, келер шақты ойла, тарихыңды ұмытпа» тақырыбындағы құрылтайы аталған қордың бiр жылдық мерейтойына арналды.

«Көшпендiлер атамұрасы» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткiзiлген «Осы шақта тұр, келер шақты ойла, тарихыңды ұмытпа» тақырыбындағы құрылтайы аталған қордың бiр жылдық мерейтойына арналды.

Құрылтайдың ашылу салтанатында «Көшпенділер атамұрасы» халықаралық қорының мақсаты мен міндетіне тоқталған Қордың қағаны Батыржан Сейдомар: «Басты мақсатымыз – қазақ халқының мәдениеті мен тілін дамыту, еліміздегі өзге ұлттардың мәдениетін игере отырып, өзге ұлт пен ұлыс өкілдеріне қазақы мәдениетті насихаттау. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысу; көшпенділер мен ұлы дала өркениеті мұрагерлерінің тарихын, салт-дәстүрін, және этномәдениетін дамыту; түркі халықтары мен мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты арттыруға ықпал ету; этнотуризм ұйымдастыру. Бүгінгі ұрпақтың бойына көшпенділердің өршіл рухын бойға сіңіруде жұмыла еңбек етуіміз керек» деді. Құрылтайда «Көшпенділер рухы: тарихи таным» тақырында баяндама жасаған философ Берік Имаш түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесін салмақтады. Ғалымның ойын жалғастырған «Көшпенділердің дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесі» тақырыбындағы баяндамасында Абылай Хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлемдік тілдер университетінің проректоры, заң ғылымдарының докторы Сағади Бөлекбай көшпенділердің саясатта, ғылымда, экономика мен әлеуметтік мәселелерде қол жеткізген табыстарына тоқталды. Мәселен, ауа райын болжауда бірнеше жылды тап басып болжаған көшпенділердің шаруаларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндігі болған. Мүшел жасқа қатысты қалыптасқан қағиданы қазір америкалық ғалымдар да мойындаған. Әрбір он екі жылда адам ағзасы жаңарып отыратынын, мүшелге өтер кезеңнің өте қауіпті екенін, өйткені ағза әлсірейтіндіктен, адам өміріне қатер төнетінін дәлелдеген америкалықтар мүшел жасқа байланысты мәселелерді өзгелерге үлгі ретінде ұсынуда. Генетикада 7 атаға дейін қыз алысуға болмайтыны да ендігі басқаларға жұмбақ емес. «Толеранттық – қазақтардың қанында бар қасиет. Ал қонақжайлық – құқықтық негізі бар дәстүр» деген Сағади Бөлекбай мырза үш ұлы бар ақсақалдың балаларымен бақұлдасар алдында қолындағы дүние-мүлкін төртке бөлгенін, үшеуін – үш ұлына, төртінші бөлікті келетін Құдайы қонаққа қалдырғанын айтады: «Егер Құдайы қонақты көңілден шығатындай етіп күте алмаса, ат-тон айыбын өтейтін болған». Сонымен қатар «Қазақтың Атазаңы – көшпенділер өркениетінің ұлы мұрасы» тақырыбында сөз қозғаған профессор Қабдұлсамих Айтхажин көшпенділер тұрмысындағы заңдық, құқықтық негіздегі мәселелердің қалай жүзеге асырылғанын тілге тиек етті.

Құрылтайда ұлттық дәстүрге құрылған қазақы тәрбие де әңгімеге арқау болды. «Ұлтымыздың бай фольклорлық астары бар музыка өнерінің бүгінгі орны» тақырыбына жасаған баяндамасында «Көшпенділер атамұрасы» ҚҚ вице-президенті Абзал Арықбай түбі бір түркі арасындағы алауыздық, ұлы даланың ұлдарын ұлтқа бөліп алып, өзара таласушылық, діни адасушылықтың кесірінен секталардың шырмауына түскен бүгінгі жастар, фольклордың бағаланбайтыны, есесіне, фонограммамен «ән айтатындардың» дәурені жүріп тұрғаны, мәдениетке шөліркеген қазақ қоғамы туралы ойымен бөлісті: «Кеудесі мен көкірегі ашық, кіндігі мен саны жалтыраған шолақ көйлек киген қыздарға алғашқыда үрке қарасақ, қазір қалыпты жағдай сияқты қабылдаймыз». Бүгінде көшпенділердің жүректі тербейтін сазды әуені де көзден бал-бұл ұшып барады. Қазақы ұлт аспаптардың қатары сиреп қалуы – соның айғағы. Ал би кештерінде ұлттық фольклор емес, діні де, ділі де жат шетелдік даңғаза билік құрады. Кәрістерде ұлттық аспапта ойнауды балалар мектеп қабырғасында жүріп үйренеді екен. Мұндайда қазақтың қайран домбырасын қарадомалақтарға бастауыш сыныптарда жүргенде үйретсе деген ой туады.

Көшпенділердің салт-дәстүрі дегенде құсбегілік өнерді айтпау мүмкін емес. Жас құсбегі Руслан Абылдың «Ұлы дала өркениетінің құсбегілігі» тақырыбындағы баяндамасы да танымы мен тағлымы жағынан тиімді болды. Мәселен, Жер шарының 77 мемлекетінде кеңінен таралған құсбегілікті UNESCO әлемдік мұралар тізіміне енгізген көрінеді. Руслан Абыл дәл осы бастаманы Қазақстан да қолдаса, «Мәдени мұра» бағдарламасына қосса деген ұсыныс айтады. Ал бүркіттердің таралу аумағы Мексикадан Канадаға дейін, Жапониядан Еуропаға дейінгі қашықтыққа созылып жатыр.

Сайын далада көшіп-қонып жүрген көшпенділердің ұлттық аспаптарының ішінде, қобыздың жөні бөлек. Кеңестік империя кезінде «бақсының жын-шайтанды шақыратын құралы» деп айыпталған аспабы жоғалып кете жаздады. «Нарқобыз аспапты дамыту» тақырыбындағы баяндамасында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының мұғалімі Мақсат Медеубек нарқобыз туралы жиналғандарға құнды деректер берді.

Қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл мен ділді дамыта отырып, түбірі бір халықтардың жақындасуына ықпал етуді мақсат етеміз. 2012 жылдың 18 мамырында «Мәдени мұра» шеңберінде Алматыда «Көшпенділер өркениеті» тақырыбына шеру өткіздік. Шараға Моңғол Ұлысының консулдығы, Мажар консулдығы, Түркі Халықтарының Мәдениеті қоры, «Озан» Әзірбайжан қоғамы, «Тұран» Әзірбайжан конгресі» РҚБ, «Мұрас» Қырғыз мәдени орталығы, Татар этномәдени бірлестігі, «Тұран дунияси» қоғамдық қоры, «Қадырғали би Қосымұлы Жалаири Халықаралық қоғамдық қоры, «Ел бірлігі» Одағы, Қалмақ этномәдени бірлестігі, «Ватандаш» Қырым татар этномәдени бірлестігі, «Тахсыл» Хакас этномәдени бірлестігі, «КазКор Elite» көлік үйрену мектебі, Түрікмен мәдени орталығы атсалысты. Сонымен қатар ел мен елді, халық пен халықты жақындастыру үшін әлемнің түрлі елдерімен бірлескен құрылтай жиындарын өткізбекпіз. Бұл шараны жақында ең алдымен Түркия елінен бастамақпыз», — деп мәлімдеген Қордың қағаны Батыржан Сейдомар үстіміздегі жылы Қазақстанда түркітілдес елдердің мәдени қорларының халықаралық конфедерациясы құрылатынын жеткізді: «Түбі бір халықтар тарихтағы ақтаңдақтарды бірлесіп қалпына келтіруге мүдделі. Оны білім ошақтарынан бастаған абзал. Мәселен, бастауыш мектеп оқулықтарында Отырар қазақ хандығының дамыған қаласы деген сөздер бар. Он екінші ғасырда қазақ хандығы болған жоқ қой. Оны неге өз атымен атамаймыз? Мұндай жәйттар бауырлас халықтардың бәріне тән. Сондықтан Ұлы дала өркениетінің тарихын қайта жазуға бәріміз бірлесіп атсалысуымыз керек».

«Көшпенділер атамұрасы» халықаралық қоғамдық қорының Құрылтайына қонақ ретінде қатысқан Венгрияның Қазақстандағы Бас консулы Силард Телеки мырза аталған шарадан өз еліне, ұлтына және арғы аталары – көшпенділер жайлы көптеген қызықты да құнды тарихи айғақтарға қанық болғанын көлденең тартты. Ал Буряттар жерінен келген қонақ қыз қазақтардағы секілді жеті ата мен елін білу, жеті атаға дейін қыз алыспау сияқты салт-дәстүрдің өздерінде де бар екенін, түбі бір көшпенділер ұрпағынан саналатындықтарын айтты. Шара шеңберінде ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға «Тұран» этнографиялық-фольклорлық ансаблімен бірге Қазақстандағы әзірбайжандардың «Тұран» конгресінің мүшесі Фарман Мамедов өнер көрсетті. Құрылғалы бір жылдың ішінде біраз мәселенің басын қайырып, қоғамдық өмірге белсенді араласқан «Көшпенділер атамұрасы» қоғамдық қорына табыс пен жетістік тілеген жұртшылық Құрылтайдан риза көңілмен тарқасты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ