ТАҢНЫҢ АТУЫН КҮТПЕГЕНДЕР

ТАҢНЫҢ АТУЫН КҮТПЕГЕНДЕР

ТАҢНЫҢ АТУЫН КҮТПЕГЕНДЕР
ашық дереккөзі

Мәлiк Отарбаевтың қазақ тiлiне аударуымен бiздiң қолымызға Харун Токактың бiрнеше әңгiмесi түсiп едi. Сол әңгiмелердi оқыған соң, түрiк жазушысының шығармалары туралы бiр-екi ауыз сөз айтуды жөн көрдiк.

«Олар таңның атуын күте алмады» әңгімесіне негізінен Жайық өзенінің иірімдері жұтқан түрік баласы Иасиннің тағдыры арқау болған. Жазушы келесі таңның атуын күте алмаған Иасин өмірінің қысқа болуын әңгімеге тақырып етіп алыпты. Сонымен бірге жекелеген эпизодтар арқылы әңгіме тақырыбын және бір қырынан ашқан. Ол – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанын естіген Түркияның бұрынғы Президенті Тұрғыт Өзалдың таңның атуын күтпей: «Бауырым, қуаныштан таңның атуын күте алмадым», – деп түн ортасында Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон соғуы. Түн ортасында кез-келген адам телефон соқпайды. Ең жақын, өзімсінген адамдар ғана беймезгіл уақытта мазалап, телефон соғатынын ескеретін болсақ, Президенттер арасындағы осындай сыйластық екі ел ортасындағы бауырластықты ашуға қызмет етеді. Жазушы бір-бірінің жетістігіне сүйініп, бірін-бірі қолдайтын бір ата балаларының мұндай өнегелі тірлігін Иасиннің әрекеті арқылы толықтырған. Орта мектепті бітірген соң, Орта Азияға барып жоғары білім алуды көздеген Иасин ата жұртқа келеді. Он сегіз жасында Атырауға келіп, қазақ-түрік лицейінде білім алып, әрі қазақ-түрік лицейінде оқып жүрген балаларға тәрбиеші болып істейді. Суға кетіп бара жатқан баланы құтқарған Иасинді Жайық өзенінің иірімі алып кетеді. Оның әке-шешесі баласынан ұзап кете алмай, Қазақстанға келіп қоныс тебеді. Үлкен ұлын Жайыққа берген ананың өзенге қарап тұрып, оны қарғап-сілеудің орнына «Раббым қандай керемет жаратқан» деген сөзі арқылы кейіпкерлерінің жандүниесін ашуға тырысқан. Осы бір ауыз сөздің өзі Иасин анасының имандылығын байқатады. Себебі ол – болған іске болаттай, Алланың бұйрығына қарсы келе алмайтын пенде. Иасиннің әке-шешесі Алматыға қоныс теуіп, әкесі сүт тағамдарын сатып, анасы ыдыс-аяқ жуып күнелтеді. Қазақ қыздары үлкен шара ұйымдастырып, оған «Жыл анасы» атағын беріп, ыдыс-аяқ жуатын машина сыйлауы, ол кісінің артық сыйлықтан бас тартуы түркі тектес бауырлардың арасындағы әдемі сыйластықтың бір көрінісі. «Мәңгіліктің Мәлігіне жетсем деймін» әңгімесіне Түркиядағы азаттық, бостандық күрес жолында қаза болған күрескердің өмірі негіз болған. Жазушы бұл әңгімеде дүниеден өткен күрескердің істерін еске алу арқылы ол туралы толық мәлімет береді. Бас кейіпкер Мухсиннің бейнесін «Еліме қырғи қабақ қарағанға қабағымды бермеймін», «Жан-жаққа шашылып кетпеңдер, тік тұрыңдар, достарыңды сатып кетпеңдер», «Тау ғана түсінеді мені, тау ғана жанымның теңі! Тауларым менің, мені тастап кетпеңдер! Мен тарғыл таулардың тағысымын. Қия тауда қиылсам ғана жарасады», – деген сөздері толықтырады. Автор негізгі оқиғаны Мухсиннің ұлы Фұрқан, қызы Фируза, анасының жоқтауы, кейіпкерлер монологы мен диалогы арқылы көркем бейнелеген. Еркіндіктің қыран құсы тәрізді азаттық іздеп, көтеріліске шыққаны үшін Мамак абақтысына түскен Мұхсин жабырқап жылаған анасын: «Тоңбаймын, анашым, бұдан былай тоңбаймын. Мен Мамак абақтысында тоңғанымша тоңдым. Қыстың қақаған күнінде құжыраның жалаңаш тасында жатып тоңып болғам. Енді тоңбаймын, анашым», – деп жұбатады. Тау шыңдарында еркін өскен қырандар ауылдан қалаға келген соң, қаладағы адам айтқысыз дүниелерге кезігеді. Кейіпкердің «Содан сол бала күнімізде сен мені қалаға жолдадың. Қалаға өркениет іздеп келіп едік. Алайда тас қалада бауырлардың бір-бірін бауыздап, өлтіріп жатқанын көрдік. Төбелесіп, алысып-жұлысамыз деп ойламадық, бірақ біздерді төбелестіріп қойды. Осылайша бес мыңға жуық бауырларымыз қырылды. Кім, не үшін өліп жатқанын түсінбедік. Неге өлтіргенін де ұқпадық. Анадолының кең даласына сыймаған біздер тар абақтыға сыя білдік. Сыртта бір-бірімізді жарақаттаған біздер құжырада иықтасып жатып, жарамызға дәру басып, таңып байладық», – деген монологы көп сырды аңғартады. Анадолының кең даласына сыймаған қырандар тар абақтыға қамалып, Мамак абақтысында дар ағашқа асылды. Халил мен Селжүк те бостандық, азаттық жолында шаһид болған күрескерлер екені белгілі. Жазушы ана мен бала арасындағы тылсым күш пен ұлы байланысты олардың екі дүниеде жатып сырласуымен нанымды бейнелеген. Ол екі дүниедегі ана мен баланы тілдестіру арқылы о дүниенің бар екендігіне сендіреді. Және онда бұ дүниедегідей былықтардың болмайтындығы туралы хабар береді. Әңгімені «Мәңгіліктің Мәлігі – Шексіз әлемнің, Шексіздіктің Иесі Ұлы Құдірет» деп аяқтаған жазушы адам баласының барлығына Мәңгіліктің Мәлігіне жетуін тілейді. «Әже туралы әңгіме» Ыстамбұлдың ызғарлы суық күніндегі бойды мұздататын оқиғаға құрылған. Бұл әңгіменің де негізгі кейіпкері – Ұлы Азиядағы қазақ еліне қызмет етіп, тілі мен діні бір бауырларының жүрегіне үміт отын сыйлаған мұғалім жігіт Селман. Жазушы: «Ұзақ жылдар бойы қазақтың шалқар даласында қызмет еткен алғашқы күндерін еске алғанда көзі еріксіз жасаурап отыратын. Қазақтың кең пейілдігін, қазақ әжесінің әлгі қиын-қыстау кезеңдерде қол ұшын беріп, аналық мейір-шапағатын төккенін көз алдына елестеткенде отыра қалып қыстығып жылайтын», – деген жолдар арқылы оқырманға бауырлас қазақ халқы туралы мәлімет беруді көздеген. Туған Отанына оралған кейіпкердің жат жерден алған әсері қонақжай халықтың ұлттық болмысын ашуға қызмет етеді. Босфор бұғазының Үскідар жағасындағы «Михримах Сұлтан мешіті жаңбырдың астында баласын күткен қария ана іспетті «Қош келдіңіздер!», – деп келген қонақтарды өзіне шақырып тұрса, онымен жарыса түсетін дауыстардың да өзіндік ерекшелігі бар. Қолындағы затын өткізу үшін жолаушыларды еріксіз өзіне қарататындардың ішіндегі ерекше «Дауыс иесінің бүкіл өмірдің азап жүгін арқалап жүргені белгілі еді». Он үш жыл отасқан қосағынан бір күнде тірідей айрылып, мүсәпірлік көрген жанның бір күнде баспанасы өртеніп, далада қалуы – қазіргі өзіміз өмір сүріп отырған заманда өмірде кездесетін көптеген жандардың басында бар аянышты өмір, аянышты тағдыр. Жазушы дүниенің соңына түсіп, тек Құдай болуды (бұл туралы «Кедей – бай, бай – Құдай болсам дейді» деген қазақ мақалы бар) ғана көксейтін алпауыттарға осындай ұсақ адамдар бойындағы тәубашылдықты үлгі етеді. «Ойбай-ау, балам! Бұл көп қой. Маған артығың керек емес, сен бет орамалдың ақшасын бер, жетеді. Құдайдан ұят емес пе?», – дейтін жанның бір нанға жетерлік ақшадан басқаны қажетсінбейтіндігі екі түрлі ойға жетелейді. Біріншісі – кейіпкер бойындағы тәубашылдық, барға қанағатшылдық, үнемшілдік. Екіншісі – өз азаматын осындай мүсәпір күйге жеткізген қоғам мен бүгінгі ынсапсыз ысырапшылдар. Олар – төрткүл дүниені иемденгісі келетін алпауыттар мен сасық байлар. «Аш жүргенім түк емес, Құранымды оқып отыратын бір шаршы метр орным болса, дәретімді алып, намазымды уақытылы оқысам, бәріне тоба», «Иәсин сүресін оқыған ауызды Алла күйдірмейді ғой», – дейтін кейіпкердің Аллаға деген адалдығы оның ақ жолды дұрыс ұстанғандығын байқататыны рас. Осы тұрғыда алғанда жазушы күллі түркі баласын имандылыққа шақырған және оны әдемі мысалдармен қиюын тауып қиыстырған. «Жаны жомарт ханзада» әңгімесіне Құрбан айттың арапа күнгі оқиғасы негіз болған. Ораза кезінде жағдайы нашар отбасыларға көмек көрсетуді көздеген кейіпкер қызы Сүмейраны тұрмысы нашар үйлерге жұмсайды. Ол қызының көргендерін естігенде еріксіз жылайды. Айт күні қызын ертіп сол үйлерге айттап барады. Жазушы әңгімеге «Жаны жомарт ханзада» туралы аңызды кіргізу арқылы бүгінгі ханзадаларға яғни жоқ пен бардың парқын түсінбейтін қарынбайларға ой салады. «Ал қазір мына ауданның кедей үйлерінен шыққан мұң-зарды естіп отырмын, бірақ жылаудан басқа қолымнан ештеңе келмейді. Мынау үйде сәби ауырып қалыпты. Тоқтаусыз шырқырап жылайды. Анасы болса шарасыз. Ал анау үйде сіңірі шыққан кедей бала тоңғаннан қалтырап, сабағын оқып отыр…», – деп жылайтын Жомарт ханзаданың тірі кезінде мұң-зардың не екенін білмегенін, енді қолынан келер шара болмай, екі көзіне ерік беріп отырғанын жақсы келтірген. Ол әлді-қуатты жандарға аңыздағы ханзада тәрізді ертең өмірден өткен соң өкінбес үшін, бүгін өздері өмір сүріп отырған қоғамда төңірегіндегілерге қайырымдылық жасау керектігін түсіндіреді. Сондықтан да автор оқиғаны алыстан іздемей, Үскідар, Үмрание, Кадыкөй, Ичеренкөй сынды өзі өмір сүріп отырған қалалардың тіршілігінен алған. Әңгіме тірі жанға мұңын шаға алмаған кейіпкердің қабір басына келуімен аяқталған. Мазардан шыққан: «Мен сенімен бара алмаймын ғой!», – деген мазасыз үн тірі жүрген пенделердің бәріне ой салуы анық. Аталған шағын да шымыр әңгімелерге тән ерекшелік – қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді көтеруі, қазақ пен түрік арасындағы бауырластықты ұқтыру және оны күшейту, азаттық пен бостандық үшін күресте елі мен жері үшін шаһид болғандарға тағзым ету, оқырманды имандылыққа тәрбиелеу, бүгініміз бен кешегіміз арқылы адамзат баласына ой салу. Бұл әңгімелер жазушы стилінің қарапайым да жатық екендігін байқатады. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамнан алынған оқиғалар мен заманауи кейіпкерлер шынайылығымен баурайды. Өскелең ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, отаншылдыққа тәрбиелейтін мұндай шығармалардың көптеп аударылғаны дұрыс.
Гүлжаһан ОРДА, филология ғылымдарының докторы