СЫР ЕЛІНІҢ БІР САҢЛАҒЫ – ҚАЛЖАН АХУН

СЫР ЕЛІНІҢ БІР САҢЛАҒЫ – ҚАЛЖАН АХУН

СЫР ЕЛІНІҢ БІР САҢЛАҒЫ – ҚАЛЖАН АХУН
ашық дереккөзі
378

Ахун – заңгер, сөз шебері деген мағынаны білдіреді. Бұрынғы кездері ишан атағына қосымша заң факультетін бітіргендерге ахун лауазымы қосымша беріліп отырған. Кеңес өкіметі тұсында халқымыздың басынан не бір зұлматтардың өткеніне көне тарих куә, елдің көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым өкілдері, әсіресе дінді уағыздаушылар қудалауға түсті. Бірсыпырасы атылып кетті, біразы жан сауғалап шетел асуға мәжбүр болды.

Солардың бірі – Қалжан Ахун еді. Қалжанның ата-бабалары Ақтөбе өңірінен. Ал Қалжанның өзі Хиуа хандығында Үргеніш қаласына жақын маңда 1862 жылы өмірге келген. Оның шын есімі – Қалмұхамед. Білегінде туа біткен қалы болғандықтан осылай аталған. Ал ата-анасы еркелетіп Қалжан деп атап кеткен. Осы есімі тарихта қалып қойған.

Ол Хиуа мен Бұхарада оқыған. 1890 жылы Көкелташ медресесін бітіріп, Тереңөзек мешітінде қызмет еткен. Медреседе дәріс берген. Ауыл балаларын оқытқан. Алғашқылардың бірі болып жер өңдеудің жаңа үлгілерін көрсеткен. Ол жерді гүл баққа айналдырған. Шабдалы, жүзім, өрік жеміс ағаштарын өсірген. Өлең де жазған. Жай ғана ақын емес, ғұлама ғалым болған. Сергелдеңге түскен жылдары қолжазбалары түгелдей жоғалып кеткен. 1916 жылы қайтыс болған.

***

Тарихқа жүгінер болсақ, Әмудария­ның төменгі алабына орналасқан ұзын саны отыздан асатын қалалардың ішінде Хиуа ғана мыңдаған жылдардан бері сақталып келе жатқан қала. Ол Хорезм тарихында ерекше орын алады.

Хиуаның дихандары суармалы егін шаруашылығымен айналысқан. Олардың өздері жасап алған шығыры, бау-бақшалары, егіс алқаптары болған. Бұл қаладан небір атақты ғалымдар, тарихшылар шыққан. Хорезм әміршілерінің бірі Әбілғазы Баһадүрхан (1603-1664 жылдар) «Түрік шежіресі» және «Түркімен шежіресі» атты аса құнды тарихи еңбектер жазған.

Шермұхамед тарихта Мунис Хорезми бүркеншік атымен белгілі болған. Ол «Пейіш бағы» атты еңбегінде Хорезмнің тарихын жазған.

Міне, Қалжан Ахунның жастық шағы осы қалада өткен.

Атақты Базар Жырау, Балқы Базар Қалжан ақынның замандастары ретінде оған жыр арнаған. Базар Жыраудың Қалжан Ахунға арнаған екі өлеңі бар. Оның бірі Жыраудың 1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан шығармалар жинағында басылған. Екіншісі 1989 жылы жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды» кітабының екінші томында жарияланған.

«Ақжарылқап күн туып,

Күнде қызық болсын» – дер.

«Келін түсіп, ұл туып,

Үйге бала толсын» – дер.

«Азаматы елдің аман боп,

Басына бақыт қонсын» – дер.

«Ойын ойнап, той тойлап,

Мерекеге жан-жақтан

Жұрт жиналып келсін» – дер.

Бұл арада Базар жырау өзі құр­мет тұтатын, кісілігін, ізгілігін, ісін ардақ тұтатын Қалжан Ахун се­кілді ел ардақтаған азаматқа өзінің шын көңілін, ілтифатын білдіре отырып, оны «жаны ардақты жақсы» жандардың бірі деп бағалайды.

***

Бұл кітапта сондай-ақ атамекеніне оралған қандастарымыздың, олардың ішінде Қалжан Ахун сынды ғұламаның да ұрпақтарының алғашқы кездері басынан өткен оқиғалары, көрген қиыншылықтары жайында айтылады. Оралмандар орыс тілін білмегендіктен көп қиыншылықтарға тап болған. «Неге Қазақстанда барлығы орыс тілінде болуы тиіс? Басқа елдерде мұндай әдет жоқ. Иранда иран тілінде, Түркияда түрік тілінде сөйлесе, ал Қазақстанда қазақша емес, орысша сөйлейді, онысы несі?» – деп таңданады оралман ағайындар.

Кітапта Қалжан Ахунның ұлдары Уамық пен Мағұмардың өз заманының көзі ашық, білімді адамдары болғаны, мұның өзі олардың әкесінің еңбегі екендігі сөз болады. Олар да әкесі оқыған Бұхарадағы жоғары дін оқу орны – Көкелташ медресесінде білім алған. Екеуі де араб, парсы, орыс тілдерін жақсы білген. Бірақ та Октябрь революциясынан кейін большевиктер дін өкілдерін сотсыз, тергеусіз ату жазасына бұйырып отырғандықтан. ағайынды жігіттер тағдырдың тәлкегімен Өзбекстанда, Тәжікстанда, Ауғанстанда тұруға мәжбүр болған.

Ал олардың ұрпақтары қазір кең байтақ Қазақстанда оқып, білім алып, туған еліне қызмет етуде. «Қалжан Ахун» кітабының авторы Шәмсия Уамыққызы Қалжанова – Қалжан Ахунның немересі. 1929 жылы Қызылорда облысының қазіргі «Қалжан Ахун ауылы» аталатын елді мекенде дүниеге келген. Балалық және жастық шағы Тәжікстанда өткен. 1953 жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология факуль­тетінің орыс бөлімін бітірген. Халыққа білім беру ісінің үздігі. Еңбек ардагері. Атақты атасының еңбегін мұрағат деректерінен жинастырып, халыққа жеткізген аяулы Шәмсия Уамыққызы Қалжанова 2009 жылы дүниеден озды.

Міне, осы кісінің елге қажетті кітабын оның қыздары: медицина ғылымдарының докторы Жанат Бақытқызы Испаева мен заң ғылымдарының докторы Гүлнар Ба­қытқызы Испаевалар жарыққа шығарып отыр.

Ғазизбек ТӘШIМБАЙ,

Қазақстанның Құрметтi журналисi

Серіктес жаңалықтары