ҚҰРАН СЫРЫ

ҚҰРАН СЫРЫ

ҚҰРАН СЫРЫ
ашық дереккөзі

Құран сөзiнiң мағынасы жайында ғалымдар арасында әртүрлi көзқарастар бар.

Құрандағы: «Расында, оны жинау, оқу Бiзге мiндет. Ал оны Бiз оқығанда, оның оқылуына iлес» (Қиямет с. 17–18 аятта) аятында Құран сөзi оқу мағынасында берiлген. Осы дәлелге қарай Құран сөзi «оқу» етiстiгiнен шығып хазiретi Мұхаммедке (саллалаһу алейһи уа саллам) түскен Илаһи сөздiң есiмi болған. Бұл – Ислам ғалымдары арасындағы басым болған көзқарас. Құранның ерекшелiктерi мен сипаттарын негiзге ала отырып анықтамалар берiлген. Ғалымдардың аса мән берiп келген анықтамасы мынадай:

«Құран» сөзiнiң мағынасы

«Құран Хазiретi Мұхаммедке (с.а.с) Жебрейiл (а.с) Перiште арқылы түсiрiлiп, мұсхафтарда жазылған, бұлтартпас хабарлар «Тәуәтүр» жолымен жеткен, оқылуы ғибадат саналатын және «Фатиха» сүресiмен басталып, «Нас» сүресiмен аяқталатын ұлы Аллаһтың сөзi». Құран – iшкi мәнi, мазмұны, тiлi және мақсаты жағынан теңдесi жоқ кiтап. Кез-келген уақытта және кез-келген жерде Аллаһ Тағала сөзiнiң адам өмiрiне толықтай сәйкес келуi. Себебi ол иләһи (Аллаһқа тән) сөз бүкiл адамзат атаулыға жiберiлген бiр кiтап. Қай ғасырдың болмасын мұқтаждары мен қажеттiлiктерiне жауап бере алатын Аллаһ Тағаланың ең мығым арқаны.

Ақырғы қасиеттi кiтаптың «Құран» есiмiнен басқа да есiмдерi бар. Құранның басқа атауларының кейбiрi есiм болса, кейбiрi сипаттары.

Мәселен Әл-Китаб есiмi Құранда 230 жерде өткен. Әл-Фурқан, Ақиқат пен жалғанды айырушы, бұл сөз 6 мәрте кездеседi. Құранда һикметтер, қиссалар және насихаттар қайталанып келгендiктен әл-мәсәни есiмi берiлген. Кәләм, Нұр, Рахмәт, Зикр, Уахи, Хикмет, Шифа, Муһәймин, Тәнзил, Уммул-Китаб. Тарихтың қайсы бiр дәуiрiнде яки қандай қоғамда болса да Құран өзiнен, ортаға қойған нұрынан, бағыт-бағдар беру ерекшелiгiнен адамның пайдалануын қалайды. Ол өмiрдегi тепе-теңдiктiң сақталуының негiзi болып саналатын этикалық (ахлақи) өлшемдерге сай өмiр сүрудiң үстемдiк құруына жетелейдi. Осы қалаулары орындалып жатса, Аллаһ Тағаланың адам баласына ең үлкен сыйы және мейiрiмдiлiгi болған Құран жер бетiнде көрiнiс табады. Мiне, Құранның мағынасы осы.

Құранның жазылуы

және сақталуы

Құранның алғаш түскеннен бас­тап жазыла бастағаны Уахиды жазу арқылы нықтау қажеттiлiгiнен болған. Алғаш Уахи етiлген аяттарда қалам жайлы айтып, ондағы мақсат жазудың адамдардың ең маңызды ерекшелiгi Бiлiм үйрену мен үйретудiң ролiн бiлдiрген. «Алақ» сүресiнiң төртiншi аятында: «Сондай-ақ қаламмен (жазуды) үйреткен», деп Раббымыз осы иләһи жарлықтың қаламмен жазылуын тұспалдап бұйыруда.

Аллаһ Тағаланың Құранға берген екiншi есiмi «Кiтап» – мағынасы «Жазулы мәтiн».

Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) «Менен Құраннан тыс нәрсенi жазбаңдар!» (Муслим. Зуһд 16) деген хадисiнен келген уахиларда жазудың ертеректе басталғанын көремiз. Құран мүшрiктердiң қарсылықтарын былай баяндайды: «Және олар: «Ол Құран бұрынғылардың аңызы. Оны, бұл жаздырып алады да, ертелi-кеш өзiне оқылады» – дедi.» (Фурқан. 5.) Мүшрiктердiң «Құранның басқа бiреу тарапынан жаздырылғанын» – айтуы. Құранның жазумен анық­тал­ғанына жанама дәлел. Хазiретi Омар қарындасының мұсылман бол­ған­дығына ашуланып, оны жауапқа тар­туға барғанда бiр нәрсе оқып жат­қан­дығын көредi. Табандылықпен оны сұрап алады. Ол Таһа сүресiнiң аяттары жазылған бiр бет болатын. Оның мұсылман болуы Мекке дәуiрiнiң бесiншi жылына сәйкес келедi. Демек, алғашқы уақыттан бастап уахи жазылды. Абдуллаһ бин Омардың мына сөзi Мәдина дәуiрiне қатысты болса керек. «Бiз өзiмiзбен Құран нұсқасын алып жүрген кезiмiзде дұшпан мемлекеттерге баруымызға тыйым салынған едi. Мұның себебi, ол нұсқалардың дұшпандардың қолына өтiп кету қаупi болатын.» (Ибн Мәжә Әл – Жиһад. 45: Ахмед бин Ханбал. Муснад. II. 6,10,55,63,76.)

Хазiретi: Абу Бәкiрдiң уақтысында Құран жинақталып, әрқайсысынан қолындағы уахи жазылған заттарды алып келулерiн сұранған едi. Яғни бiр адамда ғана емес, бiрнеше адамның қолында аят не болмаса сүрелер жазылған құжаттар бар болатын. Түскен аяттардың жазылу уақтысы ең басынан басталсын, яки кейiннен басталсын, оның толықтай Хазiретi Мұхамед (с.а.с.) өмiрден өтпес бұрын жазылғандығында күмән жоқ.

Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) түс­кен аяттардың қай жерлерге қой­ы­ла­тындығын да айтқан едi. Хазiретi Осман: «Аллаһ елшiсiне Құранға қатысты бiр нәрсе түсетiн болса, Уахи жазушыларының бiрiн шақырып, оған: «Мына аяттарды жазып, пәлен аят­тарды қамтитын сүреге қой» — дейтiн». (Ахмед бин Ханбал, Муснад. 1,57). Бәрә бин Азибтен келген риуаятта: «Мүмiндерден себепсiз (соғысқа шықпай) отырушылармен Алла жолында малдары және жандарымен соғысушылар тең емес. Алла (Т.) малдарымен, жандарымен соғысушыларды дәрежеде арттырады. Сондай-ақ барлығына да игiлiк уәде еттi. Және соғысушыларды отырушылардан үстем кеңшiлiкке бөлеп, iрi сыйлық бердi.» (Ниса сүресi, 95 аят) аяты түскен уақытта Расулуллаһ (с.а.с.) «Маған пәленшенi шақырыңдар!» – дедi. Шақырылған кiсi (Зайд бин Сабит) сиясын, қаламын және жазу жазатын затын алып келген сәтте Аллаһ елшiсi (с.а.с.) оған: «… аятын жаз!» – дедi. (Бұхари, Тәфсир, Сүре 4.).

Уахидың жазылуын Зайд бин Сабит былайша түсiндiредi: «Расулуллаһ маған уахиды жаздырып болған соң, жазған уахиды оқыттыратын. Егер қандай да бiр қателiк яки кемшiлiк байқаса, оны дереу түзететiн едiм».Осыдан кейiн барып уахиды адамдарға жеткiзетiн едiм».

Уахи жазушылары тарапынан жазылған әрбiр мәтiн түзетуден өткен соң Хазiретi Пайғамбардың (с.а.с.) үйiнде не болмаса уахи жазушыларының жанында сақталатын. Егер әлдебiр кiсi Құранның аят-сүрелерiнiң кейбiреуiн жазғысы келсе, тек қана түзетiлген нұсқадан ғана жазып алуына рұхсат етiлетiн. Сол себептi уахи жазушыларының жазған мәтiндерiнен көшiрiлiп алынған аят-сүрелер көбейтiп алған кiсiлердiң үйлерiнде де сақталатын. Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) дүниеден өткен соң, Хз. Абубәкiр Құранның жинақталуы кезiнде Расулуллаһтың үйiнен тапқан барлық мәтiндердi жинақтап, уахи жазушыларына тапсырды.

Хз. Абу Бәкiр жиналған беттердiң Құранның түгелiн қамтымағандығы яки бұған толық сенiмi болмағаны үшiн алқалы топ құрып, толық әрi нақты мұсхафты қарастыруға бел буды. Мұстаф деп – Құранның жазумен қуатталған және екi мұқабаның арасында жинақталған түрiне айтылады. Осы кезде сахабалардың қолдарында болған барлық мәтiндер ортаға қойылды. Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) аят-сүрелердi жинақтап, кiтап халiне келтiрместен өмiрден өткен едi. Себебi өмiрiнiң ақырына дейiн Уахи келген едi. Ислами әдебиеттерде Құран Уахиы басталған сәтте Меккеде оқу-жазу бiлетiн жиырма шақты ерлер мен әйелдердiң есiмдерi берiлген. Бұлардың кейбiреуi тек қана оқуды бiлетiн. Аттары белгiсiз яки әдебиеттерде аты жазылмаған басқа да кiсiлер болуы мүмкiн. Бұдан шығатын қорытынды, Құранның жазылуы мәселесiнде көп қиыншылық туындамаған. Бәлкiм, жазу жазатын заттарда қиналған болуы мүмкiн. Қалай болғанда да Хазiретi Мұхаммед (с.а.с.) уахидың алғашқы кезiнен бастап уахи жазушыларын тағайындаған едi. Меккеде алғашқы уахи жазушысы Абдуллаһ ибн Сад ибн Әби Сарх, ал Мадинада алғашқы уахи жазушысы Убей ибн Каб болатын. Кейiннен Зайд ибн Сабит үнемi Уахи жазушысы болған. Мекке мен Мадинада уахи жазушыларының саны шарттарға қарай өзгеретiн. Жиырма үш жылдық уахи тарихы бойынша жазушылардың жалпы саны қырыққа жуық. (Уахи жазатын).

Уахи жазылған заттар жайында да мәлiметтер бар. Бұған қарағанда уахи жазушылары аяттарды беттерге жазатын едi. Бұл жердегi «Сұхуф» сөзi, жазу жазуға жарамды кез-келген зат дегенге саяды. Шүбәсiз, ол уақытта жазуға жарамды қағаз жоқ едi яки өте аз болатын. Сондықтан жазу жазылған заттар пергамент (жарғақ), бөлшек маталар, құрма жапырақтары мен қабықтары, ағаштан жасалған маңдайшалар, жұмсақ ақ тастар, керамика бөлшектерi, түйелердiң тегiс, жалпақ жауырын сүйектерi, терi бөлшектерi және осыған ұқсас нәрселер едi.

Құран Хазiретi Пайғамбардың (с.а.с.) уақтысында тек жазылып сақталу жолымен ғана қорғалмады. Басқа да сақталу жолдары бар едi. Хазiретi Пайғамбардың (с.а.с.) рамазан айында сол уақытқа дейiн түскен уахиларды жатқа Жебiрейiлге (а.с.) оқып беретiн. Риуаяттар бойынша Аллаһ елшiсi (с.а.с.) рамазан айында Жебiрейiлмен (а.с.) жолығып, оған Құранды оқып тапсыратын. Өмiрден өтерiнен бұрын соңғы Рамазан айында бұл оқиға екi рет қайталанды. Кейбiр Риуаяттарда Жебiрейiл (а.с.) мен Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) Құранды өзара бiр-бiрлерiне оқып тапсыратындығы айтылады. Демек, Уахи соңғы рет және бастан-аяқ өзара тексеруден өткен болатын. Қалай болғанда да жаттау арқылы Құранның қорғалғандығын және оның тексерiлгендiгiн байқаймыз.

Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) Құранның келешек ұрпаққа жетуiн және оның сақталуын шүбәсiз ойлаған едi. Сол себептi ол бiр жағынан Исламды адамдарға жаткiзу (таблиғ) мiндетiн орындаумен қатар, екiншi жағынан сахабаларды Құран оқуға және оны жаттауға ынталандыратын. Сахаба да терең толқыныспен әрi толық иманмен Құран мәтiнiн жаттап, оны күндiз-түнi оқитын. Сол дәуiрдiң өмiр сүру салты күрделi пiкiрлерден ұзақ, адамдардың сана-сезiмдерi мөп-мөлдiр таза болатын. Сол себептен адамдардың есте сақтау қабiлеттерi күштi едi. Осы нәрсенiң аяттардың жатталып әрi есте сақталып қалуында үлкен септiгi тиген болатын. Шүбәсiз, аяттардың жатталуында ең маңызды себептiң әуелi намаздан бастап барлық ғибадаттарда оқылуы. Сахабалардың жазу бiлетiндерiнiң кейбiрi тек жаттаумен ғана шектелмей, өздерi үшiн жазып алған да болатын. Көпшiлiгi бiрнеше аят немесе сүрелердi жазса, ал кейбiреуi» түгелдей жазуға тырысқан едi. Мәселен Хазiретi Әли, ибн Масғұд, Убей ибн Каб секiлдi бастан аяқ түпнұсқалары бар Құранды жатқа бiлетiн қадiрмендi сахабалар да бар едi. Айрықша, сахабалардың арасында түскен уахиларды алғашқы күннен бастап жаттаушылар «әл-қари» деп аталатын. Бұлардың отыз шақтысының аттары кiтаптарда жазылған. Хазiретi Пайғамбардың (с.а.с.) уақтысында бұл сөз естiген аяттарын жаттап алушы мағынасында қолданылса, кейiнiрек құранды толықтай жатқа бiлетiн және ондағы қырағаттарды бiлушi мағынасында қолданылған. Құранды жатқа бiлетiн (хафыз) кiсiлер кейде, оны жинақтаушы мағынасында «Жәмиъ» деп те аталатын.

Мiне , жоғарыда айтылған үш жол арқылы (жазылу, Жебiрейiлге (а.с.) оқып тапсыру, сахабалардың жаттап алуы) құран Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) дүниеден өткенше ең мықты түрде қорғалған болатын. Бiз бұған Құранның мәусуқияты яғни, ең мықты түрде қорғалуы деймiз. Бұған қосымша қорғауды бұл жолдарына Хазiретi Пайғамбардың (с.а.с.) дүниеден өткенiнен кейiн, жаңа әрi аса қуатты жол қосылған едi. Ол Құранның екi мұқабаның арасына жинақталуы.

Құранның кiтап (мұсхаф) болып жарық көруi

Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) дүние­ден өткен соң, орындалуы қажет болған ең бiрiншi мәселе, әр жерде шашырап жатқан уахиға қатысты материалдардың жинақталуы болатын. Жеке дара сахабалардың кейбiрi Құранды жинақтауды ойлаған. Бiрақ ресми түрде қолға алынбаған.

Алайда күн өткен сайын Құран жайлы мағлұматтары көп болған сахабалардың дүниеден өтуi яки олардың Мекке-Мадинадан басқа жерге кетуi бұл нәрсенiң қажеттiлiгiн күн тәртiбiне қойды. Онсыз да оқу-жазуды бiлетiндер өте аз болатын. Сондықтан Құранның сол уақытта болмаса да, келешегi үшiн қаупi бар едi. Бұл жайтты алғаш сезген Хазiретi Омар болатын. Алғашқы халифа Абу Бәкiрдiң дәуiрiнде кейбiр мұсылман тайпалары дiннен шығып, оның халифалығын мойындамаған едi. Оған халифалығының алғашқы күндерiнде осылармен күресуге тура келдi. Сол уақытта кейбiр қақтығыстар да орын алды. Мiне, осы кезде кейбiр сахабалар шейiт болғандықтан, шамамен хазiретi Абу Бәкiрдiң халифа болғанынан алты айдан кейiн Хазiретi Омар Құранның жинақталу мәселесiн көтердi. Бұл оқиғаны Зайд ибн Сабит былайша түсiндiредi: «Хазiретi Абу Бәкiр Ямамә соғысынан кейiн менi шақыртты. Хазiретi Омар да оның жанында болатын. Абу Бәкiр маған былай дедi: «Омар маған келiп, Ямамә күнiнде көптеген құран қариларының шейiт болғандығын, басқа жерде де шейiт болатын болса, Құранның бiрнеше бөлiгiнiң жоғалып кетуiнен қауiптенемiн. Құранның жинақталуын әмiр етуiң қажет», – деп Құранды жинақтауымды бұйырды. Мен оған, «Аллаһ елшiсiнiң жасамаған нәрсесiн мен қалай жасаймын!» – дедiм. Омар, «Аллаһқа ант етейiн бұл қайырлы iс» – деп, айтқанынан бас тартпады. Соңында Аллаһ Тағала жүрегiмдi осы iстiң жасалуына разы етiп, Омардың пiкiрiн қабыл еттiм.» Осы әңгiме кезiнде Омар да сол жерде отырған едi. Бiрақ еш үн қатпады. Абу Бәкiр маған қарап былай дедi: «Сен ақылды баласың, сенi айыптай алмаймыз. Себебi сен Расулуллаһтың уахи жазушысы болған едiң. Құранды жинақта!» (Ахмен бин Ханбал. Әл – Муснад. 1. 10.)

Зайд ибн Сабит басында Хазiретi Абу Бәкiрдiң тапсырған мiндетiн қабыл етпесе де соңында бұл iстiң ең маңызды екенiн түсiнiп, Құран нұсқаларын жинай бастады. Бұған қоса қарилардың сандарының азаюынан басқа Құранның жинақталып кiтап (Мұсхаф) халiне келтiруiн қажет еткен басқа да себептер бар. Бiрiншiден Хазiретi Пайғамбардың (с.а.с.) уақтысында мұсхафқа қа­жет­тi­лiк туындамаған болатын. Себебi Құранның жоғалып кету қаупi жоқ едi яки мұндай түсiнiк те қалыптаспаған болатын. Екiншiсi, Құран толықтай түспей, әр түрлi себептерге байланысты әр алуан уақыттарда бөлек-бөлек түсетiн. Айрықша уахи Хазiретi Пайғамбардың дүние салуына жақын бiр уақытқа дейiн жалғасты.

Бұл мiндеттiң Зайд ибн Сабитке жүк­телуiнiң себебi, ол әрi уахи жазушысы әрi хафыз (қари) және де Хазiретi Пайғамбардың (с.а.с.) Жебiрейiлге (а.с.) Құранды оқып тапсырғандығына куә болған адам. Ол жинақтау кезiнде екi жұмысты атқарған едi. Бiрiншiсi, Хазiретi Пайғамбардың (с.а.с.) алдында жазылған бiрақ, әр жерде шашырап жатқан Құран аяттарын iздестiрiп табу; кейiнгiсi жиналған аяттарды бiр кiтапқа жинақтау. Мынандай шар қосылған болатын: Әрбiр аят Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) тарапынан айтып жаздырылғандай анықталып, мұны да екi куәгер растауы керек. Осы шешiм қабылдаған соң Хазiретi Омар мынандай мәлiмдеме жасады: «Аллаһ елшiсiнен тiкелей бiр нәрсе алған кiсi, оны бiзге алып келсiн». Сахабаларға қолдарында яки естерiнде уахиға жататын нәрселердi алып келулерiн айтудың мәнi, Құранға тиiстi қандай да бiр бөлiктiң далада қалып кетуiнiң және бiреудiң «менде мына аят бар едi бiрақ, алынбады» – деудiң алдын алу болатын.

Осыған орай сахабалар беттерге және түрлi маңдайшаларға жазылған аяттарды Хазiретi Пайғамбардан (с.а.с.) алынғандығын дәлелдейтiн екi куәгермен алып келетiн едi. Ал екi куәгер алып келе алмағанның мәтiнi қабылданбайтын. Зайд келген кiсiлерге ант бергiзгеннен кейiн аяттарды алатын. Осылайша, құрма ағаштары, жұқа тастар мен матаның бөлшектерiне жазылған және хафыздар (қари) жатқа бiлетiн Құран аяттарын iздестiрiп жинақтады. Хазiретi Абу Бәкiрдiң уақтысында орындалған iс Хазiретi Пайғамбар (с.а.с.) дәуiрiнде шашырап жатқан Құран кәрiмдi жинақтау болатын. Сондықтан бiр ғана нұсқа құралған едi. Осылайша, қазiргi тiлмен айтқанда мемлекеттiң меншiгiнде ресми мұсхаф болған едi. Және де бұрынғы иләһи кiтаптарға нәсiп болмаған нәрсе, яғни уахиды түскен сәттен бастап жазумен түскеннен кейiн артынша мұсхаф халiне келтiру мәселесi Құранға нәсiп болды.

Құранның кiтап (мұсхаф) халiне келтiрiлуiмен әрi оның тарихының ең маңызды сатысы аяқталып әрi негiзгi мәтiн түрiне келтiру iсi бiткен едi. Бұдан кейiнгi онымен байланыс­ты және мәтiн төңiрегiнде жасалған еңбектер, оның көшiрмесi және эстетикалық туындылары болып саналады.

Зайд ибн Сабит аса мұқият­ты­лық­пен жинақтаған Құран Кәрiмнiң толық мәтiнiн қамтитын бұл кiтапты Хазiретi Абу Бәкiрге тапсырды. Одан кейiн екiншi халифа Хазiретi Омарға, ол қызы әрi Хазiретi Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайы Хафсаға тапсырды. Бұл нұсқа үшiншi Халифа Хазiретi Осман дәуiрiнде Құранның көшiрiлiп көбейтiлуiнде негiзгi нұсқа болған. Хазiретi Осман бұл мұсхафты Хафсадан қайтарып беру шартымен алып, көбейтiлiп алған соң Хафсаға қайтарған. Риуаят бойынша бұл мұсхафты Хафса дүниеден өткен соң, Мәдина қаласының әкiмi Мәруан, Хафсаның бауыры Абдуллаһ бин Омардан сұраған. Ол Мұсхафты әкiмге берiп жiберген. Ал, Мәруан да Хз. Осман тарапынан көбейтiлген мұсхафтарға қайшы келуiнен қорқып, жағып жiберiлген.

Құранның көбейтiлуi

Хз. Осман дәуiрi Құран тарихы тұрғысынан ең маңызды кезеңдердiң бiрi болып табылады. Себебi қазiр қолымыздағы мұсхафтардың бәрi оның дәуiрiнде көбейтiлген мұсхафтардан тарау алады. Тарихи мәлiметтер бойынша Хз. Омардың халифалығы кезiнде Құранға байланысты көзге көрiнетiн iстер жасалмаған. Тек қана қолдағы бар нұсқаны сақтап қалумен ғана шектелген. Бiрақ оның уақтысында Ислам мемлекетiнiң шекарасы барынша ұлғайып, сахабалар Мекке-Мадинадан тыс жақтарға шыға бастаған болатын. Мұсылмандардың саны артқан сайын араб тiлiнен басқа тiлдер де мұсылман қоғамының тiлiне айналды. Ислам дiнi шартарапқа жайылып, әртүрлi ұлттардан құралған мұсылмандардың саны артқан сайын жаңа дiни мәселелер туындады. Осыларды шешу үшiн барлығы бағытынан беделдi дiни бiр мәтiн қажет болатын. Ең алдымен аймақтың қазылары осындай мәтiндi күткен едi. Оларға да Құран Кәрiмнiң бiр нұсқасы керек болатын. Шүбәсiз, оның көбейтiлуi бiр ғана себепке қатысты емес. Мәселен Исламды жаңа қабылдағандар Құранды көбiнесе сахабалардың шәкiрттерiнен үйрене бастаған едi. Себебi сахабалардың саны күн өткен сайын азайғандықтан, олардың барлығына ұстаздық ету мүмкiн емес болатын. Олар екiншi, үшiншi тұлғадан үйренгендiктен немесе негiзгi тiлдерi арабша болмағандықтан хз. Пайғамбардың (с.а.с.) уақтысындағы оқу түрi өзгерiске ұшырады. Кейбiреулерi сахабадан қалай естiген болса, солай иман еткен едi. Тiптi осы себептi адамдар бiрiн-бiрi кiналауға дейiн баратын. «Әзiрбайжан мен Армения жорығына қатысқан ирактық және Сириялық әскерлер арасында кейбiр қырағат өзгешелiктерi байқалып, әрқайсысы өздерiнiң қырағаттарының дұрыс екендiгiн айтты. Оқиғаның мәнiн түсiнген қолбасшы Хузәйфа бин Әл-Ямән осы шиеленiскен мәселенi тоқтату үшiн халифа Хз. Османға келiп, мұсылмандардың бұрынғы үмметтер сияқты кiтаптар жайлы келiспеушiлiкке түспес үшiн алдын алу керектiгiн айтты. Осыған байланысты Хз. Осман Хафсаға хабар салып, қолындағы мұсхафтан нұсқалар шығарылатындығын және бұл iс аяқталған соң мұсхафты қайтiп өзiне қайтаратындығын айтып, түпнұсқаны сұрайды. Хафса мұсхафты Хз. Османға берiп жiбердi. Халифа Зайд бин Сабит, Абдуллаһ бин Зубәйр, Сайд бин Ас және Абдурахман бин Харис бин Хишамнан құралған алқалы топ құрып, Құранды көшiрiп көбейтуге әмiр еттi. Алқа құрамына басқа кiсiлердiң де кiргендiгi жайлы түрлi риуаяттар бар. Көбейтiп, көшiру кезiнде қандай да бiр мәселеде келiспеушiлiк туындаса, оны құрайш диалектiсiмен жазуларын негiз етiп алды. Себебi, Құран құрайш диалектiсiнде түскен болатын. Көбейтiлiп жазылған нұсқаларды шығарған соң, Хз. Осман түпнұсқаны Хафсаға қайтарып бердi. Жаңа нұсқаның бiреуiн Мәдинада қалдырып, қалған нұсқаларды орталық саналатын қалаларға жiбердi. Түрлi аймақтарда болған және адамдарды түсiнiспеушiлiкке итермелейтiн бұрынғы Құран нұсқаларын жағып, жоюға әмiр еттi.

Хз. Абу Бәкiр жинақтатқан мұсхаф пен көбейтiлген мұсхафтар арасында ешқандай айырмашылық жоқ болатын. Өйткенi Хз. Осман басқа қарағаттарды жою үшiн Хафсадағы мұсхафты алдырып, алқа мүшелерi еш айнытпай оның көшiрмесiн алған едi. Нәтижеде мақсат орындалып, Құранның оқылуы Хз. Пайғамбардың (с.а.с.) қалдырғанындай сақталған едi.

Мұсхафтардың саны жайында әр түрлi мәлiмет бар. Бiр риуаят бойынша төртеу болғандығы айтылады. Бiреуi Мәдинада қалдырылып, ол Имам Мұсхафы (әл-Мұсхафул – Имам) деп аталады. Қалған нұсқалар Куфа, Басра және Шам қалаларында жiберiлген. Басқа риуаят бойынша нұсқалардың санын жетiге шығарып, жоғарыда аты аталған қалалардан тыс Мекке, Иемен және Бахрейнге жiберiлген. Зайд бин Сабит Құранды жинақтау iсiнде барлығының көңiлiнен шыққан болатын. Зайд Құранды толықтай жаттаған едi. Меккенiң сыртындағы бiр тайпадан болып, оны мұсылмандармен жақындастырған сенiм байланысы болатын. Бұдан да маңыздысы Зайд басынан бастап уахи жазушысы мiндетiн ең ұзақ уақыт атқарған кiсi болатын. Сахабаларда оның бұл ерекшелiгiн қабыл еткен болса керек. Осылайша Хз. Пайғамбардың (с.а.с.) дүние салуынан жиырма жыл өтпей жатып, арнайы қызмет арқылы ресми мұсхафтар сахнаға шықты. Бұл, Құранның сақталуы тұрғысында жасалған негiзгi қызметтердiң соңғысы. Және де осы қызмет, мұсхафқа қатысты сахабалардың атқарған ең соңғы қызметi болса керек. Қарсы алдымызда сахабалардың бiр келiсiмге келiп қабыл еткен мұсхаф пен сол мұсхафтың жарыққа қалай шыққандығы жайлы нақты дәлелдер бар. Күмәнсiз, Құранның тарихы тереңде жатыр. Бiрақ бұған байланысты риуаяттардың барлығы тарих кiтаптарында жазылмағандығын бiлуiмiз керек. Хз. Пайғамбардың (с.а.с.) дәуiрiнен мұсхафтың көбейтiлуiне дейiн Құран мәтiнiне байланысты келiспеушiлiктердiң барлығы оның оқылуына қатысты болып, Құранның сақталғандығына күмән келтiретiн қуатты бiр риуаят жоқ.

Құранның көбейтiлу iсi, қырағат бiрлiгiн құрап, дiни үкiм қоюшы мәтiн (Құран Кәрiм) мұқтаждығын қамтамасыз еткен. Әр түрлi аймақтарға жiберiлген нұсқаларда мұсылмандар құштарлыққпен күттi. Шамамен қолдарына жеткен нұсқалардан көп кешiкпей оның көшiрмелерi жасалып, жаңа нұсқалар пайда болды. Осылайша, Құран Кәрiм көпшiлiк адамның қолына жеттi.

Еркiн КҮЗЕМБАЕВ,

«Бақалы» мешiтiнiң имамы

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Бақалы ауылы