ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ҚҰРУҒА ЖАҢА ҚАДАМ

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ҚҰРУҒА ЖАҢА ҚАДАМ

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ҚҰРУҒА ЖАҢА ҚАДАМ
ашық дереккөзі

Өткен аптаның аяғынан бастап, ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттерi басшыларымен кездесу өткiздi. 10 мамырда Қазақстан Президентi Астанадағы өз резиденциясында Қырғызстан президентi Алмазбек Атамбаевты қабылдады. Бұдан кейiн Белоруссия астанасы Минскiге сапар шеккен Елбасы Лукашенконың Вискулидегi (Беловежье орманы) резиденциясында әуелi бейресми, сосын ресми кездесу өткiздi. Бұдан соң Мемлекет басшысы Мәскеуге сапар шектi.

Апта аяғында Белоруссияға сапар шеккен Елбасы 12-13 мамырда Вискулидегі Беларусь президентінің резиденциясында бейресми кездесу өткізді. Бұдан кейін 14 мамырда түске дейін ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел басшылары БЭК (Біртұтас экономикалық кеңістік) құрудағы екі елдің көзқарастарында қайшылық жоқ екендігін мәлімдеді. Екі ел президенттері БЭК-ті Ресей территориясы арқылы Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа шығар ашық дәліз ретінде қарастыратындығын жасырмады. Бұл Қазақстан үшін Еуропаға барар жол болса, Беларусь үшін Азия нарығына шығу. Екі ел осы арқылы транзиттен әжептәуір пайда табуды көздейді.

«Бүгін БЭК-тің, ал болашақта – Еуразиялық экономикалық одақ­тың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды. Бұл біздің қарым қатынастарымызды жоғары, сапалы және жаңа қарқынға көте­руге мүмкіндік береді. Бұл тауар­лардың, капиталдың, еңбек ресурстарының еркін айналымы, демек Белоруссияның да, Қазақстанның да мүмкіндігін барынша пайдалануына жол ашады», – деді кездесу барысында Александр Лукашенко.

«Біз декларацияда 2013 жыл­ға қарай Ресей темір жол та­рифтерінің мәселесін шешу мүмкіндігіне жа­қындайды, ал 2015 жылға қарай газ құбыры, құбыр өткізгіш көліктері бойын­ша монополистермен мәселені шешетін болады деген ойдамыз. Біз сол кезеңде Еуразиялық экономикалық одақ құруға жақындаймыз» деді Қазақстан президенті Н. Назарбаев. Сондай-ақ, кездесу барысында Назарбаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін құру қажеттігін баса айтты.

«Біз бұл көлік дәлізі арқылы Еуропадан Қытайға, Қытайдан Еуропаға тасымалданатын тауардың жолын да, уақытын да үнемдей аламыз», – деп құптады бұл идеяны Лукашенко.

Ресей арқылы өтетін еркін транзит әрине еш күмәнсіз инвестициялық тартымдылықты арттыратын болады.

Белоруссиядағы сапарын сәтті аяқтаған Елбасы Кремльге жол тартты. Бұнда ол Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 10 жылдығына қатысты. Әрі Мәскеуде ТМД басшыларының бейресми саммиті болып өтті. Қазақстан Президенті Ресейдің қайта сайланған президенті В. Путинді Қазақстанға ресми сапармен келіп қайтуға шақырды. Екі ел арасындағы достық және ынтымақтастық жөніндегі базалық келісім шартқа 20 жыл толып отыр. Бұл келісім шарттың кейбір баптары ескірген.

«Біз Кедендік одақ құру арқылы кейбір баптарын басып оздық. Ме­ніңше, біз оны көз жұмып өткізіп жібермеуіміз керек. Оған қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, тағы он жылға созу керек. Мен сізді сол үшін бізге келуге шақырамын» деді, – Назарбаев екіжақты кездесу барысында.

Қазақстан Президентінің ұсы­нысын қабыл алған РФ пре­зи­ден­ті Владимир Путин Ресей мен Қазақ­станның ортақ идеялары сөзден іске асса, екі мемлекетте ары қарай жү­руге болатын жақсы соқпақ бар дегенді атап өтті.

Есенгүл Кәпқызы