«МЫҢ БАЛА» ҚАЗАҚТЫ БІР МАРҚАЙТЫП ТАСТАДЫ

«МЫҢ БАЛА» ҚАЗАҚТЫ БІР МАРҚАЙТЫП ТАСТАДЫ

«МЫҢ БАЛА» ҚАЗАҚТЫ БІР МАРҚАЙТЫП ТАСТАДЫ
ашық дереккөзі
306

Осыдан біраз бұрын «Қазақфильм» киностудиясы «Мың бала» деген фильм түсіруді қолға алыпты деген хабарды естігенде бір жағынан қуандық, бір жағынан көңілімізге қалай болар екен деген күдік көбірек ұялағаны рас. Қуанған себебіміз, тарихта болған, ата-бабамыздың туған елін жасанған жаудан қорғаған ерлігі ақыры экранда көрсетілетін болғаны. Күдігіміз режиссерлердің, сценарий авторларының көп ретте тарихтан, оқиға шындығынан мүлде алыс­тап, тіпті мүлде басқа бір жағдаяттарды жағалап кететінін білетіндіктен еді. Қуаны­шымыз да алдамаған екен, күдігіміз де расқа шықты. «Жаужүрек мың бала» бүгінгі қазақ киносын тұмшалап алған оспадарсыздық, ұятсыздық, ұлттық намыс­ты таптаудың шырқау шегіне жеткенін көріп, көңілін кір шалған көрерменнің еңсесін бір көтеріп, марқайтып-ақ тастады. «Жаужүрек мың бала» нағыз қазақ отаншылдығын, ұлтшылдығын, ерлігін, қарақан басына қандай қаралы күн туса да елім деп ет-бауыры елжіреп өтуге даяр ержүректігін көрсететін шарайнасы – десек асыра айтпағанымыз. Фильм қазақтың сан жылдар отаршылдық ойранына түсіп, өз ұлтынан жеріп, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, рухынан айрыла бастаған кейбір аға буынның да, бодандық бұғауының ащы дәмін татып көрмей, азаттықтың балмағыз шағында дүниеге келген жас ұрпақтың да санасын сергітіп, санасына самаладай бір сәуле түсірері хақ. Сартай батырдың жауға шапқанда «қазақтар» деп ұран тастауының өзінде оның жүрегінде күллі қазақ жұртына деген зор сүйіспеншілік пен намысқойлық жатқанын көрсеткендей. ХVІІІ ғасырдың басында қазақ атаулыда Сартай батырдың, Сартай бидің рухы бар еді. Ресей отаршылдығына түскеннен кейін қазақ сол ерлік, намысқойлық рухынан айрылып, ездік, құлдық рухқа түсіп кетті. Біз сол құлдық рухтан, құлмінезден әлі арыла алмай жүрміз. «Мың бала» бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа сол ержүрек бабаларымыздың рухын егетініне сөз жоқ. Сөйте тұра, фильмді көріп болған соң, әттеген-ай, тарихтағы Сартайдың ажалы басқаша еді ғой –

Сартайды бекер өлтірді-ау, қазақ кино түсірсе, осылайша бір кемшіліктің шеті шошаяды да тұрады-ау дегендей көңілді бір кірбің шалды да тұрды. Иә, тарих-ақсақалға жүгінсек, бұл былай еді. Сартай батыр – Әйтеке бидің сыралғы досы Байжан бидің баласы. Ол туралы Ресей архивтерінде едәуір деректер бар. Ол алты ата Әлім тайпасының Жақайым руынан. Сартайдың бейіті қазір Арал өңірінде.

Міне, сол Байжан бидің баласы, кейін Сартай батыр, Сартай би атанған баба­мыз 1725-26 жылдары әкесі Байжаннан бата алып, жасы 15-16-лардағы мыңға тарта жасөспірімнен жасақ құрып, Әбілхайыр ханның әскеріне келіп қосылады. Сол мың жасөспірім жасақтың ішінде Жылқаман, Жылқайдар, Тайғожа, Арғынбай батырлар болған. Әлгі Арғынбай, Тайғожалар қазір көзі тірі ақсақал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің арғы аталары. Жылқаманның бейіті Арал мен Шалқар қалаларының ортасындағы Ақбасты деген мекенге таяу жерде. Оның да ұрпақтары сол бабасы қорғап қалған аймақта ғұмыр кешіп жатыр. Өте мерген, шапшаң адам екен. Шапшаңдығы сондай, мылтықтың түтіні сейілмей жатып, екінші рет оқтап, атып үлгереді екен. Артында: «Мылтықтың түтініне түтін қостым, әттең оғына оқ қоса алмадым-ау» деген сөзі қалған. Сартай батыр жоңғар соғысында қаза тапқан жоқ. Ол кейін елге басшы, би болған. Сол заманда қазақ даласының үстімен Өзбекстан жаққа өтіп бара жатқан орыс әскерлерімен де талай шайқасқан. Ол туралы Ресей архивтерінде деректер де бар. Осы мың бала туралы Нұрмағамбет Қосжанұлы деген ақынның «Сартай батыр» деген дастаны бар. Нұрмағамбет осы дастанды жазғаны үшін 1937 жылы атылып кетті. Артында Орынша деген жалғыз қызы қалған. Дастан 1996 жылы «Санат» баспасынан қайта басылып шыққан еді. Жалпы, осындай өрімдей мың бала жасақ құрып, ұлтын, жерін қорғағаны басқа бірде-бір елде, бірде-бір халықта болған емес. Фадеевтің «Молодая гвардиясы» көркем шығарма ғана. Грузия патшасының сарайын Иранның Нәдір шахының қалың қолынан қорғап қаза тапқан кілең 25 жастағы жүз грузин жігіті болыпты. Соларға жүз құлпытас қойылған екен. Ал қазақтың мына мың баласының атында сонау жылдары Алматыда қор құрылып, Сартай батыр атындағы жас өскіндер отряды болды. Кейін Сартай да, мың бала да бұл өңірдің батырлары емес екен деп олар да жойылды. Бұның бәрін айтып отырған себебіміз «Жаужүрек мың бала» фильмінде Сартай батырды қыршынынан қияды.

Әрине, бейненаманы (сценарийді) жазушы да, режиссер де көп ретте көр­кем шығарманың желісінен ауытқуы үйреншікті нәрсе. Алайда

«Күнде жасып жүргенше,

Көздегі шерлі жас кепсін,

Құлдықпен өмір сүргенше,

Қанжығада бас кетсін»,– деп осы өңірдің адуын мінез ақыны Саршолақ айтқандай, өмір бойы қазақ ұлтының, қазақ жерінің азаттығы үшін алысып, кейін Алланың берген аманат жанын туған жерінде тапсырып, қартайып өлген Сартайдың тағдырын бұлайша бұрмалау ата-баба рухына, тарихқа қиянат сияқты. Тарихты бұлайша бұрмалау ұрпақты тарихи шындықтан адастырудың бір түрі.

Фильмде Сартайдың рөлін сомдаған Асылхан Төлеповтің, Таймас – Аян Өтеп­бер­геннің, Қорлан – Құралай Анарбеко­ваның актерлік шеберлігіне қылдай кінәрат қоя алмадық. Керемет өнерпаздар! Және бұлардың бәрі қазақтілді, жаны да, жүрегі де ұлтым деп ұрандап тұрған жастар екен. Актердің шеберлігі дегеніміз кейіпкердің ішкі сезімін сыртқа шығара білуі. Осы шеберлікті әсіресе Асылхан – Сартай, Аян – Таймас, Құралай – Қорланнан көргенде қандай қуандық десеңізші.

Кинодағы дыбыс – актер жүрегінің кардиограммасы десек, үш актер бұл тарапта да шеберлігін дәлелдеп берді. Әсіресе жауға шапқан сәттегі Сартайдың «қазақтар!» деп ұрандаған үні қандай.

Біле білген адамға фильмдегі музы­каның атқарар рөлі, алар орны ерекше. Ол да адам жанының әр сәтіне, күйзелісіне күйзеліп, мұңымен мұңдасып, ләззатын бірге татып тұратын жанды нәрсе, тіршілік иесі іспетті.

Біздің қай тарихи фильмімізді қарап отырсаңыз да, көбіне «Елім-ай» деген халық әні қатыстырылады. Рас, бұл ән халықтың, елдің басына қаралы күн туып, тағдыр таразысына түскен зұлматты кезеңді жүрекке жеткізе білген керемет ән. Ол тұнып тұрған зар мен мұң, уайым мен қайғы-қасірет, азалы жоқтау. Міне, осы бір зарлы әнді қазақ киносында ретті-ретсіз пайдалану әбден орнығып алды. Кино атау­лыда осы әнді тыңдап, әбден құлағына сіңірген адам боркемік, жасық болуы да ықтимал. Осы «Мың бала» фильмінде де сол «Елім-ай»-дың сазы орындалады. Орындалмасын демейміз, бірақ фильмде батыс өңірінің ерлікке, өрлікке шақырып ұрандап тұрған рухы биік әндері мен күйлерін күтіп тұрған сәттер көп. Сондай сәттерде сол жаугерлік әндер мен күйлер демеп, сүйемелдеп тұрғанда ғой шіркін дедік кейін. Ал Құрманғазының «Кішкентайы» мұнда мүлде басқаша, ұғымға ауыр түрмен орындалады. Жалпы, фильмнің музыкасы өте ауыр, соны көп жерінде даңғыр-дұңғыр емес жеке күй ретінде орындаса да одан фильм ақсай қоймас еді. Бұл ескертуіміз, әрине біткен іске сыншы көптің кері болуы да мүмкін. Дегенмен қазақ киносының қай қырынан да ұлттық дәстүрдің мен мұндалап тұрғаны артық болмас еді-ау. Осыны ұдайы есте ұстап отыратын көршілес өзбек, әзірбайжан, тәжік фильмдері ешбір көштің соңында қалып көрген емес.

Иә, «Біткен іске сыншы көп!» екені рас. Сын айтылмаса, ескерту ескерусіз қалса, тіршілік ілгері баспақ түгіл тоқтап қалады. «Мың балаға» біз айтып отырған сын-ескертудің бәрі «Жақсының нұры тасыған үстіне таси берсін» деген пиғылмен айтылған нәрсе. Ал «Жаужүрек мың бала» қалай дегенде де қазақтың ұлттық рухына рух қосып, ата-бабаның ел намысы – ер намысы деп білген ерлік, өрлік дәстүрін ұрпаққа үлгі қып көрсеткен бірегей туынды екенінде дау жоқ. «Мың бала» бүгінгі қазақ қыз-жігіттерінің үлкен бір ұранына айналса да артық болмас!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары