ИСПАНИЯДАҒЫ ДАҒДАРЫС

Әлемдiк қаржы дағдарысы уақыт өткен сайын күш алып барады. Еуропалық одақтың белдi мүшесi Грекия тұралағаны соншалық, еңсесiн көтере алар емес. Ендi мiне, Испанияға да тықыр таянды. Мұнда жұмыссыздар саны 24 пайызға жетiп, үкiмет тығырықтан шығар жол iздеп жанталасуда.

Испания Корольдігі Еуропаның батыс бөлігіне орналасқан мемлекет. Корольдікке Пиреней түбегінің көп бөлігі және Жерорта теңізіндегі Балеар, Питиус аралдары мен Атлант мұхитындағы Канар аралдары қарайды. Жер көлемі – 505,9 мың шаршы километр. Халқы – 39,2 млн. адам. Халқының 5 миллионы каталондар, қалғандары галисилер, басклер. Ресми тілі – испан тілі. Ел 17 автономиялық құрылымдардан тұрады. Оларда каталон, баск, галиси тілдері қолданылады. Ел астанасы Мадридте 5 млн. адам тұрады.

Испания қаржы дағдарысының ал­ғаш­қы ұшқындарын 2009 жылдан сезіне бас­таған. Содан бері ел экономикасы құл­дырау үстінде. Міне, енді жұмыссыздар са­ны жағынан Еуропада алдыңғы қатарға шы­қты.

Өткен сәуір айында­ рес­пуб­ли­каның Қаржы ведо­м­с­тво­сы­ның басшысы Кристобаль Монторо парламент депутаттары алдында сөз сөйлеп, 2012 жылға арналған мемлекеттік бюджеттің көңілсіз әрі жұтаң жобасымен таныстырды. «Біздің еліміз қазір мейлінше әлсіз жағдайда күн кешуде»,– деп хабарлама жасады. Бұл Испания тарихындағы ең көңіл көншітпейтін бюджет жобасы болып тұр. Өйткені ішкі жалпы өнімнің 8,5 пайызын құрап отырған мемлекет тапшылығын ағымдағы жылдың соңына қарай 5,3 пайызға дейін, сондай-ақ 2013 жылдың соңына қарай 3 пайызға дейін қысқартуды ұйғарған. Солардың есебінен үкімет 27 миллиард еуро үнемдеуді мақсат етуде.

Үкімет бұл қаржыны қалай үнем­демек? Үкімет әуелі денсаулық сақтау мен білім беру жүйелеріне бұрын бөлініп келген шығындарды тағы да 10 миллиард еуроға қысқартуды және тұралаған экономиканы құтқару шараларының қосымша пакетін қолдап отыр.

– Испания үкіметінің вице-премьері Сорайа Саэнс де Сантамария: «Біздің табыстарымыз, сонымен бірге резервтеріміз де қысқарғандықтан бізге тапшылықты қысқарту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға жағдай жасайтын реформалар жүргізу қажет»,– дейді. Өткен жылды ел бюджеті 8,5 пайыз тапшылықпен аяқтаған болаты. Ал биыл үкімет оны 5,3 пайызға дейін азайту жөнінде алдарына міндет қоюда. Алғашқы кезекте медициналық қызметтер шығынын сақтандыру арқылы жабу көлемі қысқармақ. Биылғы жылдан бастап зейнеткерлерге бұрынғыдай тегін дәрі-дәрмек берілмейтін болады. Олар енді өз қалталарынан дәрі-дәрмек құнының 10 пайызын төлеп алады. Қаржы дағдарысы білім беру саласын да айналып өткен жоқ. Орта мектептерде әр сынып оқушыларының саны 20 пайызға көбейіп, де университеттерде оқу үшін төлемақы бір жарым есеге көтерілмек.

Елде жұмыссыздар санының өсе­ түсуі ахуалды бұрынғыдан да­ бетер қиындатып жіберді. Қазір ірі қалалардың көшелерінде тұр­ғын­дардың жаппай наразылық шерулері өтуде. Испания жас­та­ры­ның дағдарысқа дейінгі айлық жалақылары екі мың еуроға жуық болса, соңғы екі жылдан бері мың еуроны құрайтын. Қазір соның өзі жеті жүздей еуроға түсіп отыр. Қала берді сондай көлемде жалақы төлейтін жұмыс орнын табудың өзі мұңға айналуда. Бір сөзбен айтсақ, испан жастарының да жаппай көшелерге шығатын себептері жеткілікті.

Көлбай Адырбекұлы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button