МАСКҮНЕМДІК ПЕН МЕШЕУЛІК

МАСКҮНЕМДІК ПЕН МЕШЕУЛІК

МАСКҮНЕМДІК ПЕН МЕШЕУЛІК
ашық дереккөзі
668

Ресей билiгi халқына төнiп тұрған үлкен қауiптен қорқады. Олар қанша жерден мойындағысы келмесе де, арақтан уланатын орыстардың саны жылдан-жылға артып келе жатқаны жасырын емес. Тiптi адамдарды iшiмдiкке тәуелдiлiктен құтқарудың жолын қарастырған Ресей үкiметi айықтырғыш мекемелерiн жауып тастауға дейiн барған.

Бірақ одан өзгерген дәнеңе жоқ сияқты. Керісінше, мұнда жұмыссыздарға қарағанда, маскүнемдердің саны көбейіп кеткен. Ресми дерекке сенсек, Ресейдің 2,2 млн. халқы ішімдікке тәуелді. Ал шын мәнінде, медицина қызметкерлері бұл көрсеткішті бес-алты есеге көбейткенде ғана нақты санына қол жеткізуге болатындығын айтады. Бұған қарағанда, Ресейдің әрбір он үшінші азаматын – маскүнем деуге келеді. Жергілікті мамандар айықтырғыш мекемелерін жабу спиртті ішімдікке жаны құмарлардың жолын кеспейтінін айтып, дабыл қағуда. Мәселен Еуропа елдері ішімдікке қарсы күресті айық­тырғыш орындарын жаппай түрде кеңейту арқылы жүргізіп жатқан көрінеді. Мәселені айықтырғыш мекемелерін жабу арқылы шешем деген Ресей қазірдің өзінде тығырыққа тіреліп отыр. Маскүнемдік билеген орыс қоғамы күн санап мешеуліктің шыңырауына құлдырап бара жатқаны байқалады.

Жаңа тәртіп бойынша, бұдан былай кө­­шеде мас күйінде жатқан ішкіштерді қадағалау полиция мен медицина қыз­мет­керлеріне тапсырылды. Бұрын дереу айық­тыр­ғыш орындарына жеткізіліп, өзінің «сыба­ға­сын» алатын олар енді көшені паналап жүре бермек. Ал дәрігерлер жаңа талапқа мүл­дем келіскісі келмейді. «Бізде онсыз да же­дел-жәрдем көлігі жеткіліксіз. Енді біздің көше­дегі алқаштарды жинап жүруіміз қалды ма?! Біз көмек береміз деп құрақ ұшып жүргенде, олар не тереземізді шағады, не есігімізді майыстырады. Оларды ауруханаға әкелеміз. Мұнда онсыз да орын жетіспейді. Сондықтан да оларды арнайы мекемеге апару керек», – дейді ашынған дәрігерлер. Бұнымен құқық қорғау мекемелері де сөзсіз келісуде. Ресми дерек Ресейдегі әрбір бесінші қылмыстық оқиға ішімдік ішкен адамның қолымен жасалатынын растайды. Қолына пышақ не балта ала жүгіретін әрбір екінші қылмыскер ішімдік ішкен болып шығады.

Ежелден орыс қоғамының маскүнем­дік­пен атағы әлемге жайылған. Петр І патшаның өзі арақтың кесірінен уланып өлді делінеді кей­бір деректерде. Одан бөлек, небір жақсы мен жайсаңдар өмірінің соңында ішімдікке салынып, жалғаннан баз кешіп өткені белгілі. Міне, сол заманнан бері алып империя мас­кү­немдікпен күресті бір тоқтатқан емес. Бірақ нәтиже жоқтың қасы.

Шын мәнінде, Горбачев бата берген қайта құру неден басталды? Ашығын айтсақ, бұл ішімдікке қарсы күрестен туындаған еді. Ал халықтың негізгі бөлігі арақтың ке­зе­гін­де сағаттап тұра бастағаннан-ақ, оны алып­са­тардың қолынан анағұрлым қымбатқа сатып ала бастағаннан-ақ ол шаруаны қолға алған Горбачевқа, сол арқылы қайта құруға іштей қарсы шыға бастады. Әрине, маскүнемдікпен күресу қажет. Бірақ ол жұмысты нақты жағдаймен есептесіп, реалистік тұрғыдан жүргізу керек еді. Мұны есепке алмағандықтан да, сол кезде спирт­ті ішімдіктерді сатудан бюджетке түсетін кірістің бір жылдың ішінде екі есеге азайып кетуі, сыра өндірісінің төрт есе құлдырауы, жүзім плантацияларының жойылуы, ұйымдасқан қылмыстың алғашқы белгілері – арақ мафиясының пайда болуы, спирт контрабандасының шығуы, бәрінен де бұрын халық биліктің жүзеге асыруды көздеген бастамалардың берекесіздігінен түңілуі – қайта құрудың бастапқы белесте-ақ сүрінуіне соқтырды. Соған қарағанда, бұл күрес жемісін бермеген сияқты.

Біздің де мақтанатын жеріміз жоқ. Елі­мізде есірткіге тәуелділердің саны азай­ға­нымен, керісінше ішімдікке жаны әуес жан­дардың саны артып барады. 2011 жылға дейін «жынды суды» пайдалану мөлшері жан басына шаққанда 12 литрге жетіпті. Нақ­тылай айтсақ, ішпесе тұра алмайтындар, яғни диспансерлік есепте тұратындар 304 108 адамға жетіпті. Ішкі істер министрлігінің ақпары бойынша, елімізде ішімдікке құмар 126 мыңға жуық адам ресми есепке алынған. Ал соңғы үш жылда арақтың кесірінен 55962 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 1138 адам көз жұмыпты. Алты жылда ел аумағында 4833 жол-көлік апаты болып, одан 977 адам қаза тауып, 7027 адам жарақаттанған. Міне бір ғана «ащы судың» кесірі қаншама жанның көз жасына айналып отыр.

Сонау 1838 жылы АҚШ-та да ел тари­хын­да спиртті ішімдіктерді сатуға тыйым салатын Заң қабылданды. Тіпті Вашингтон уни­верситетінің докторы Анн Стрейгснуз 700 сәбиге жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бір шыны сыра ана құрсағындағы баланың миына әсерін тигізеді деген қорытындыға келген. Ал француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің: «Қартайғанда да хай­уан сүйкімді кейпін сақтайды. Ал адам жа­ратылған қасиетті топырақ неліктен осын­ша­ма былғанышқа айналды?», – деп аң-таң қал­ғаны мәлім. Расында, тумысынан күнәдан пәк, таза болып жаратылған пенде неліктен ащы арақ пен есірткінің құлына айналды? Адамзатты тек жақсылыққа үндеп, зиянды нәр­седен сақтануға шақыратын Ислам ді­нін­де анық айтылғандай: «Ішкілік (яғни, адам баласын ақыл-есінен айыратын нәрсе) бү­кіл жамандықтың көзі» екенін неге естен шы­ға­ра­мыз?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары