АЛЬФРЕД НОБЕЛЬ

АЛЬФРЕД НОБЕЛЬ

АЛЬФРЕД НОБЕЛЬ
ашық дереккөзі
1442

Альфред Нобель 1983 жылы 21 қыр­күй­екте Стокгольмдегі Эммануил мен Ан­дри­етта Нобельдің отбасында өмірге кел­ді. Олардың сегіз баласы болды. Алайда со­лардан Альфредтен басқа Роберт, Людвиг және Эмиль ғана тірі қалған. Әкесі талантты сәулетші еді. Құмар ойынды жақсы көретін. Жасы ұлғайған шағында өнертапқыштық іспен де шұғылданған. Бірақ ол тапқан жаңалықтар нақты істе қолданылған жоқ. Оған қаражат табу оңайға түспеді. Ақыры банкротқа ұшырап, отбасын тастап, Ресейге кетуге мәжбүр болған. Ал Альфред сол кезде небәрі төрт жаста ғана еді. Анасы Андриетта Нобель кішігірім дүкен ашып, сүт пен көкөніс сатумен айналысты. Балалары мектептен келген соң көмектесіп отырды. Кішкентай Альфредтің денсаулығы нашар болатын. Оны үнемі бас ауруы мен ауық-ауық жөтел мазалап жүрді. Денсаулығы әлсіз бола тұра Альфред бастауыш сыныпты өте жақсы деген бағалармен бітірген.

1842 жылы күзде Ресейге кеткен әкесінен хат алған. Сол хатпен бірге үлкен сомада ақша да салып жіберіпті. Көп кешікпей отбасы Ресей астанасы Санкт-Петербургке қоныс аударып, бірге өмір сүре бастайды. Нобель мұнда өзінің Швецияда ойлап тап­қан минасын Ресей үкіметіне сатудың ар­қа­сында біраз табысқа қол жеткізеді. Ресей әс­кери мекемесі оның миналарын қару ре­тінде қолдануды жөн көрген. Сатудан түс­кен қаражатты Нобель өндірістік тауар шығаратын фабрикаға салады. Ол өн­діріс орнында әртүрлі жарылғыш заттарды тәжірибеден өткізумен болды. Бұл тәжірибелер бала Альфредті де өте қатты қызықтырған. Ол әкесінен өндірістік құралдар мен оқ дәрінің химиялық құрамы жөніндегі білімін бойына сіңіреді. Әкесі саяжайда көршілес тұратын Дәрігерлік-хирургиялық академияның профессоры Николай Зининге баласына химия пәнінен сабақ беруін өтініш жасайды. Альфред орыс тілін, сонымен бірге француз және басқа бірнеше шетел тілдерін тез меңгереді. Химия негіздерін де аз уақыттың ішінде игеріп, осы сала бойынша өнертапқыштыққа біржола бет бұрған. 1849 жылы Нобель Зининнің ұсынысы бой­ынша Альфредті Еуропа мен Америкаға оқу­ға жіберген. Дегенмен сондағы уни­вер­си­тет­тердің біріне түсіру ойында болған жоқ. Он жеті жасар Альфред ірі ғалымдар мен өнертапқыштардың зертханаларына барып, солардан тікелей сабақ алуы керек. Анасы бес шетел тілін еркін меңгерген ұлына осы жол­ды тиімді көрді. Сол кезде Альфред өлең жазумен де айналысып жүрген. Алай­да әкесі оның ақша табу өнерімен ай­налысуын жөн көрді. Көктемде ол Пе­тер­бургтен шығып, Данияға, Германияға, Ита­лия­ға, Францияға одан әрі Америкаға жол тарт­ты. Бұл қалалардағы ғалымдар мен өнер­тапқыштармен кездесіп, технология мен ғылым жөнінде көптеген мағлұматтар алады. Әсіресе француз ғалымы Теофил Жюля Пелузаның зертханасында аз уақыт жұмыс істей жүріп, ғылыми жаңалықтарға қаныққан. Сондай-ақ неміс ғалымы Христиан Шенбейннің 1846 жылы тапқан жа­рылғышынан айтарлықтай ой түйген. Аме­риканың Нью-Йорк қаласында Нобель швед ғалымы Ян Эрикссонмен кездесіп, бу машинасымен танысты. Әкесі ұлына осы ғалымнан тыңғылықты сабақ алуын тапсырды. Бірақ жас жігітке Америка аса ұнай қоймаса керек. Сондықтан ба екен Эрикссонның өнертапқыштығынан көп үй­ренудің сәті түспейді. Сонда да Альфред ше­тел сапарларынан көп жайды санасына түй­іп қайтты. Ол әдебиетші болудан бас тартып, кәсіпкерлікпен айналысуға біржолата бел буады. Альфред Нобель екі жылдан соң Ресейге оралды. Ол орыс армиясы тапсырыстарын орындау үшін отбасылық фабрика ісін жалғастыруға кірісті. Николай I патша Батыс еуропалық елдерден қалып қоймас үшін қарулы күштерін қайта жабдықтап жатқан кез. Кәсіпорын иелері оның тапсырыстарын орындау үшін жанталаса бастаған. Солардың бірі Эммануил Нобель еді. Оның фабрикасы уақыт өткен сайын іріленіп, жұмысшылар саны мың адамға дейін өскен. Ол «Нобель және балалары» атты бақылау пакет акциясын сатып алды. Үш ұлы компания меңгерушісі. Солардың ішінен ортаншысы Людвиг талантты ұйымдастырушы кәсіпкер ретінде танылды. 1853 жылы басталған Қырым соғысы компанияның табысын бұрынғысынан бірнеше еселей түсті. Содан бастап орыс әскери мекемесі өз тапсырыстарын жиілете ататын зеңбіректер мен жүзу жылдамдығы арттырылған әскери флотқа көбейткен. Сол соғыста Эммануил Нобельдің ойлап тапқан миналары жақсы танылды. Бұл миналар ағылшын мен француз әскери кемелерінің Фин шығанағына кіріп, орыс астанасын атқылауға көп кедергі келтіреді. Бірақ соншалық сәтті басталған Эммануил Нобельдің бизнесі күтпеген жерден күйреп сала берді. Нобельдің отбасылық компаниясының жүзеге асыратын зор бағдарламасы бар еді. Бірақ Қырым соғысының созылып кетуі мен сол жылдың соңында орыс армиясының жеңіліске ұшырайтыны белгілі болды. 1855 жылы наурызда Николай I патша қайтыс болып, 1856 жылы Ресейдің халықаралық беделін түсірген Париж келісім-шартына қол қойылды. Соғыстан соң Нобель компаниясының жағдайы күрт төмендеп кетті. Ресей әскери мекемесі компанияға тапсырыстарын мүлдем кемітіп, тауар бағасын да төмендетуге мәжбүр етті. Нобель оған қаншама рет наразылығын білдірсе де, Ресей патшасының сөзі заңды күшке ие еді. Кірісі азайып, компанияны сақтап қалу әрекеттерінен ештеңе шықпады. Өзінің барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдаланған Эммануил 1859 жылы банкротқа ұшыраған. Содан кейін оның бизнеске деген талабы қайтып, әйелі екеуі Стокгольмге оралады. Ал балалары Ресейде қалып, Людвиг банкрот болған компания жұмысын тоқтатумен айналысып, қалған екеуі химиялық сынақтар жасаумен шұғылданады. Әкесінің бизнесі өрлеп тұрған кезінде Аль­фред Нобель көп уақытын химия зерт­ханасында өткізген. 1852 жылы профес­сор Николай Зинин сол кәсіпорынға арнайы соққан еді. Ол зертханадағы Аль­фред­ке өзі көп рет сынақ жасаған нитро­гли­церинді таныстырады. Сол кезде-ақ Альфред Нобель нитроглицериннің бола­ша­ғын іштей жете түсініп, өз өміріне үл­кен өзгерістер әкелетінін сезді. Бұл ита­льян­дық химик Асканио Собреро ойлап тап­­қан синтетикалық ұнтақтың бұзып-жар­ғыш жойқын күшін игеру жағын ғалымдар әлі толық шеше қоймаған шақ. Орыс ғалымдары жарылыс болатын қызу мөлшерін алғаш тапқан болатын. Ресейде нитроглицеринмен жұмыс Василий Фомич Петрушевскийдің жетекшілігімен аса құпия жағдайда жүргізілді. Альфред Нобель бұл затты Ресейде зерттей алмайтынын біліп, Стокгольмдегі әкесінің шағын зертханасына барып айналысуды жөн көрген. Ең бастысы нитроглицерин күшін қо­пар­ғыш зат ретінде қолдану керек болды. Орыстар оның жарылу температурасын иге­ру тәсілімен айналысса, Альфред Нобель бас­қа жолмен зерттеуді қолға алды. Алайда ол зор жетістікке бірден қол жеткізген жоқ. Өнертапқыш әуелі Зинин мен Петрушевский секілді нитроглицеринді қара оқ дәрімен арластырып, жаға отырып, оны қажетті температураға дейін қыздыруға әрекеттенді. Солай үздіксіз ізденудің арқасында ол нитроглицеринді жойқын жарылысқа алып баратын детонаторды ойлап тапты. Альфред Нобельдің бұл детонаторы алғаш рет Стокгольмдегі құрылыс алаңында сынақтан өтті. Детонатор көмегімен басқарылатын нитроглицерин жарылғанда жерден ауаға шаң-тозаң көтеріліп, үлкен шұқыр пайда болған. Ол оны өндірісте қолдану патентін алды. Жаңалығын жарнамалау үшін жаңа жарылғыш затын басқаларға іс жүзінде көрсете отырып, оның қалай жұмыс істейтіні жөнінде дәрістер оқыды. Нәтижесінде оның жаңалығына қызығушылар күн сайын көбейе түсті. Нобельдің бұл тамаша жаңалығы туралы ғылыми журналдар мен газеттер бірнеше рет материалдар жариялаған болатын. Содан бастап оны жан-жақтан шақырушылар көбейіп, жаңалығымен таныстыруды өтініп жатты. Бірақ күтпеген оқиға тап болып, отбасы қайғы-қасірет шекті. 1864 жылы 3 қыркүйекте олар­дың зертханасында жарылыс болды. Жарылыстың күштілігі соншалық, қираған жайдың үйіндісі ғана қалған. Эммануил Нобельдің Ресейде 1844 жылы туған кіші ұлы Эмиль құрбан болды. Содан кейін полицейлер жарылғыш затты тұрғын үйлер маңындағы зауыттар мен фабрикаларда қолдану аясын тарылтып жіберді. Адамдар да жарылыстан шошынып, Нобельге басқаша қарай бастаса керек. Кіші ұлының өліміне қатты қайғырған Эммануил Нобельдің миына қан құйылып, төсек тартып жатып қалады. Алайда Альфред алған бетінен қайтпай жұмысын жалғастыра береді. Күтпеген жарылыстан бір ай өткенде Альфред ісі қайта жақсылық жағына қарай бет алған. Ғалымның қызметін швед ұлттық темір жол компаниясы пайдалануға шешім шығарады. Альфредке зауыт қуатының жетімсіздігінен соншалық көп тапсырысты дер кезінде орындауға қиындықтар туғызған. Дегенмен ол бұл тұйықтан да әупірімдеп шығады. Ол Стокольмге жақын маңдағы көлде баржадан уақытша фабрика тұрғызып, бір ай уақыт ішінде өндірісін қайта жандандырған. 1864 жылы қарашада Онтүстік Америкада тұратын швед капиталисі Йохан Вильгельм Смит осында келген бір сапарында Альфредке қаржы жағынан көмектесуге уәде береді. Сол қаржының арқасында ол нитроглицерин өндірісі бойынша әлемде бірінші компания болып жұмысын бастайды. Өндіріске нитроглицерин қанша көлемде қажет болса, соншасын тұрақты түрде шығаруды жолға қойды. Альфредтің жарылғыш затына әлемнің барлық елдерінен тапсырыстар түсіп жатты. Оның аты бүкіл әлемге мәшһүр болды. Солай болғанның өзінде шешімін таппай жатқан мәселелер де бар еді. Жаппай өндірілген нитроглицерин жаңа жарылғышымен барлық әлемге тарап жатты. Сондай кездердің бірінде Сібірде тағы да адам шығынын әкелген жарылыс болып, Альфредті кіналаушылар табылды. Австралиядағы жарылғыш заттар тұрған қойма жарылып, жұмысшылардың өліміне әкелді. Панама жағалауындағы кемеде де нитроглицерин жарылып, 74 адам өлім-жітімге ұшыраған. Жер шарының басқа да елдерінде әрқалай жарылыстар орын алған. Әрине осылардың бәрі Альфредке қатты әсер етті. Мұндай трагедиялардан құтылу үшін детонациядағы жарылғыш қуатын азайту керек болды. Ол үшін оны басқа бір затпен араластырып, жаңа қоспаның жарылғыш күші нитроглицериннен кем болмағанын қадағалайды. Бірқатар зерттеулерден соң ол өз дегеніне жетті. Альфред кептірілген кизельгурді нитроглицеринмен қабыстыру арқылы жаңа жарылғыш түрін шығарған. Ол бұл жарғыш динамитін Германия, Англия, Швеция және Солтүстік Америкада патенттеді. Осыдан соң ол динамит өндіруге деген сұранысты толық орындау үшін жаңа зауыт салды. Сол жарғыш динамиттердің күшімен бұрын аяқ жете бермейтін тау қияларынан жаңа жолдар салынып, жартастарды тесіп, еңбек өнімділігін бірден жоғары көтерді. Алайда одан әрі жағдай мүлдем күт­пе­ген өріс алды. 1870 жылы Франко-Пру­ссия соғысы кезінде прустардың ар­миясы француздарға қарсы динамит бомбасын пайдалана бастады. Бізге атақты өнертапқыштың бұл жөнінде не ойлағаны белгісіз. Бірақ бір жай айқын. Оның ойлап тапқан жарылғышы адамдарды жойып жіберуге де қолданылады екен. Бұл оның атағына өз көлеңкесін де түсірмей қойған жоқ. Альфред динамитін қажетті жерде ғана қолданылуына барын салды. Өзінің зауытын тұрғызып, өнімдерін сату үшін әр елдерде компанияларын ашуды қолға алды. Ол өзінің бұл ойға алған ісін жүзеге асырса, кірістерінің шексіз мөлшерде болатынын сезді. Өзінің бірінші шетелдік кәсіпорнын Франциядан ашты. Ол үш жыл бұрын болат шығаратын компания иесі Полем Борбемен алдын-ала келіссөз жүргізген болатын. Бұл кәсіпкер жаңа жарғыштың құндылығын жоғары бағалай білді. Альфредпен іскерлік байланыс жасау жөнінде ұсыныс жасады. Олардың іскерлік байланысы 23 жылға созылып, Альфредтің іскерлік өміріне серпіліс берді. Компаньондар 1871 жылы Америка мен Еуропа елдеріне іскерлік сапарларға шығып, тоғыз елден он компания мен фабрика ашты. Бұл компаниялардың жетістіктері негізін салушылардың күткен табыстарынан әлдеқайда асып түскен. Альфред Нобель басты құрылтайшы ретінде сол кәсіпорындардан түскен кірістің қомақты бөлігіне иелік етті. Сол табыстың бір бөлігін ол бауырлары Роберт пен Людвигтің бірлескен компаниясына құйды. Ағалары Баку маңынан мұнай өндірумен айналысып жүрген. Өндіріске жаңа технологияны пайдалану мен өңдеу мұнай өнімдерінің сапасын арттырды. Жарғыш динамиті оған атақ пен байлық алып келсе де, Альфред бойдақ еді. 1872 жылы әкесі Эммануил Нобель қай­тыс болды. Әкесін жерлеп болған соң Аль­фред Парижден қымбат үй сатып алды. Сырт қа­рағанда ол ақсүйектер секілді өмір сүрді, ал іштей өз өміріне онша риза емес болатын. Альфред 1876 жылы 43 жасында өміріне өзгеріс ендіретін екі әйелмен танысады. Соның алғашқысы 33 жасар Берта Кински. Ол әдебиетті жақсы талдай білетін, музыка және тарихпен айналысқанды жаны сүйетін бі­лімді әйел еді. Жарнама бойынша жұмысқа кел­ген. Алғашқыда Альфредтің оған көңілі бол­ған. Алайда Бертаның граф Артур фон Зуттнермен байланысы бар еді. Арада бірнеше апта өткенде Альфред үйленуге сөз салған. Берта оның ұсынысын қабылдай алмай, жұмыстан кеткенді жөн көреді. Альфредтің танысқан екінші әйелі гүл дү­кені­нің сатушысы, жас қыз Софя Гесс. Оның бұл қызбен байланысы 18 жылға созылған. 1886 жылы Альфред өзінің кеңге жайылған бизнесін «Альфред Нобельдің тобы» деп атап, жаңа құрылым жасайды. Оның штаб-пәтері Париж бен Лондоннан орын тебеді. Ұйымдастыру жұмыстарын техникалық директорға тапсырып, өзі түтінсіз оқ дәрі жасау үшін уақытының көп бөлігін зертханада өткізумен болды. Соғыс кезінде ауыр зеңбіректің оқпанынан шыққан түтін қарсыластарына артиллерия бекінісінің қай жерге орналасқанын байқатып қалатын. Жалпы, сол уақытта түтінсіз оқ дәрі ойлап табумен көптеген химиктер айналысып жүрді. Нобель күн ұзаққа зертханасында отырып, әр түрлі қоспаларды араластырып, нәтижелерін салыстырумен болды. Бір жылдан соң «баллистит» атты жаңа түтінсіз оқ дәрі жасап шығарды. Бұл әскер басшыларының ойынан шыққан. Өкінішке қарай, Альфредті тосын соққы есеңгіретіп тастайды. Бір жолы күнделікті газеттің бірінші бетінен: «Альфред­ Нобель шпион ретінде күмәнді!» деген тақырыптағы мақаланы оқиды. Онда Альфредтің түтінсіз оқ дәрі жасау кезінде фран­цуз фирмаларының бірінен құпия рецепті ұрлағаны жазылған екен. 1884 жылы Францияда «ақ оқ дәрі» жасалынған болатын. Оны ойлап тапқан Поль Вьель өзінің үкіметпен байланыс­тарын пайдалана отырып, бәсекелес болған Альфредтен осындай жаламен құтылуға әрекеттенген. Өйткені Альфред тапқан «баллистит» оның «ақ оқ дәрісіне» қарағанда әлдеқайда күшті еді. Оның үстіне Альфредтің Италия үкіметімен жарғышын сатуға ке­лі­сіп қойғанын білген француз үкіметі сенімсіздік танытып жүрген. Газет мақаласынан кейін Альфредтің мұндағы жағ­дайы нашарлап кетті. Үкімет зертханасына тексеру жүргізіп, жауып тас­тайды. 1890 жылы Альфред Францияны тастап кетуге мәжбүр болған. Дегенмен Альфред «баллистит» үшін Англия­дан патент алып қойған еді. Альфред Нобель 1891 жылы Ита­лия­ның Сан-Ремо қаласы маңынан үлкен үй және жер сатып алады. Ол осында да өзінің сүйікті ісі – зерттеу жұмысымен айналысқан. Осы қалада «Жойылсын қару!» романының авторы, бейбітшілік ісімен айналысып жүрген өзі­нің байырғы танысы Берта Кинскимен кез­деседі. Альфред бейбітшілік күрес­кер­лері қорына көп қаражат бөледі. 1894 жылы Альфред зерттеу жұмыстарын Сан-Ремодан өз Отаны Швецияға ауыстырады. 1896 жылы 7 желтоқсанда ин­сульт алып, үш күннен соң өмірден озған. Альфред Нобельдің алдын ала жаз­ған өсиет-хаты бойынша оның бір ком­­паниясының меңгерушісі Рудольф Лиллеквист Нобель атындағы сыйлық тағ­айындайтын қор құрды.

Серіктес жаңалықтары