БЕЛГІЛІ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БЕЙМӘЛІМ ҚЫРЛАРЫ...

БЕЛГІЛІ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БЕЙМӘЛІМ ҚЫРЛАРЫ...

БЕЛГІЛІ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БЕЙМӘЛІМ ҚЫРЛАРЫ...
ашық дереккөзі

Белгілі шайыр, әрі діни оқымысты Тұрмағамбет Ізтілеуұлының (Ізтілеуов) өмірбаян-дерегінде ақынның кедей отбасынан шыққандығы әрдайым жазылып жүр. Бұл турасында ғалым, жырау Берік Жүсіпов: «Ел арасының қария сөздеріне құлақ түрер болсақ, Тұрмағамбеттің әкесі Ізтілеу бұрындары жазылып, жалпақ жұртқа танылып келгеніндей тым өрескел «сіңірі шыққан жалшы» болмағанға ұқсайды» деп жазғанындай Ізтілеу Қызылбайұлы онша кедей болмаса керек.

Егін егуге, жайлауға шығуға жа­рағынан-ақ Ізтілеудің аса тақыр кедей емес, өзіндік шаруашылығы болғанына көз жетеді. Өйткені Орталық мұрағаттағы 1891 жылдың 10 қарашасындағы құжатта Ізтілеу Қызылбаевтың осы жылы 3 пұт бидай, 1 пұт тары, 3 пұт арпаны 2 десятина жеріне егіп, одан 30-40 пұт өнім алғанын тайға таңба басқандай жазған. Екіншіден, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Бұхара қаласындағы ірі медресеге оқуға түсіп, бітіруі оның кедей отбасыдан шықпағанын дәлелдей түссе керек.

***

Қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек (Темірші) Қараұлы Жүрге­новтің өмір жолы мен шығармашылығын 1965 жылдан зерттеп, кітап шығарған едім. Оның өмір жолынан осы кезге дейін ешбір зерттеуші мен ғалым назар аудармаған деректі оқырмандармен бөліспекпін.

Т.Жүргенов өзінің өмірбаяндық бар­лық анкетасында 1920 жылы Ырғызда большевиктер партиясының мүшелігіне өткенін жазған. Т.Жүргенов 1922 жыл­дың мамыр-шілде айлары арасында «Еңбекші қазақ» газетінде жауапты қызметкер болған, алқа мүшесі қызметін атқарған. Мұрағатта оның орнына жұмысқа Сүгіровті қабылдау жөніндегі қаулы да бар. Алайда ол кісінің 1922 жылы партия қатарынан өз еркімен шыққаны әлі күнге жұмбақ. Белгілі тұлғаның белгісіз жақтарының бірі осы партия мүшелігінен шығуы.

1922 жылы өңірге белгілі әрі жақсы ұйымдастырушы ретінде облыстық партия комитеті Ә.Жангелдин мен бір­ге Т.Жүргеновті Адай округындағы НКВД қарамағына қызметке жіберуге шешім қабылдаған. Алайда большевик Жүргенов өзінің денсаулығының нашар екенін айтып қана қоймай, осы жылдың 13 қарашасында дәрігер Александр Васильевич Райбштейннің берген дәрігерлік қорытындысын ұсынады. Дәрігер анықтамасында Т.Жүргеновтің екі өкпесінің ауыратынын, бұл ауруының оның өміріне қауіпті екенін жаза отырып, бұған қоса екі аяғының буыны ауыратынын да көрсетіп қолын қойып, мөрін басқан.

Облыстық партия комитеті мен партиялық комиссия басында отыр­ғандар ауызша айтқанына және дәрі­гердің қорытындысына қарамастан одан Адай округына баруды талап етеді. Т.Жүргенов өтінішіне құлақ асалмай, дұрыс шешім қабылданбағаннан кейін 1922 жылдың 16 қарашасында және 4 желтоқсандағы арызымен өзін партия қатарынан шыққан деп есептеуін сұраған.

1922 жылдың 8 желтоқсанында Орынбор қаласында «Т.Жүргеновтің партиялық қылмыстық ісі» арнайы қаралады. «РКП(б)-ның мүшесі Т.Жүргеновтің партия мүшелігінен шығу туралы арызына сәйкес оны өзінен-өзі шыққан деп есептелсін», – деп қаулы қабылдайды…

Бұл әрекетінен қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің батылдығын, большевиктер партиясына деген көңіл селкеулігін аңғарамыз.

***

Бұқарбай батыр Естекбайұлы жайлы мұрағаттарда құнды деректер баршылық. Орынбор шекаралық комиссияның бас­тығына жазған мәлімдемесінде титуларний-советник Жуковский ертедегі қазақ халқының қару-жарағы туралы айта отырып, бүгінде Орынбор губернаторлығында кездесе бермейтін темір қалқан (күміспен көмкерілген) және қаттаудың тек қана Сырдария қазақтары арасында сақталғанын және ол көне қару-жарақтың батыр Бұқарбайда бар екенін 1857 жылдың 28 қарашасында атап көрсеткен.

Іздей білсек, белгілі тұлғалардың жал­пы жұртшылық біле бермейтін өмір шындығына көз жеткіземіз, елең еткізерлік деректерін кездестіреміз.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, этногроф