ӨТКЕН КҮННЕН БІР БЕЛГІ

ӨТКЕН КҮННЕН БІР БЕЛГІ

ӨТКЕН КҮННЕН БІР БЕЛГІ
ашық дереккөзі

Биыл Қазақстанның көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi Хасан Бектұрғановтың туғанына 90 жыл толып отыр. Хасан Шаяхметұлының есiмi кеңестiк Қазақстанның барша маңызды дерлiк тарихи кезеңiмен байланыстырылады. Мәселен соғыс, халық шаруашылығын қайта қалпына келтiру жұмыстары, тың игеру, агроөндiрiстiк секторды көтеру, химия саласын қолға алу, индустриализация. Осы атаулы күнге орай Қазақстан Республикасы Президентiнiң Мұрағаты бастама көтерiп, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстелдiң құрметтi қонақтары ретiнде Хасан Шаяхметұлының ұл-қыздарымен қатар, ол кiсiнi жақсы танитын, аралас-құралас болған әрiптестерi, дәм-тұздас құрдастары шақырылыпты.

Дөңгелек үстелде өрбіген әңгімелерден аңғарғанымыз – Хасан Шаяхметұлының жаны таза, қарапайым халықтың тұрмысына шынайы қызығушылық танытатын, кішіпейіл бола тұра нағыз басшыға тән мінезге ие өз заманының дара тұлғасы болғаны. «Хасан сыртта қатал басшы болса, үйде қамқор әке болды. Бірде қызмет бабымен үйіне бара қалсам, немерелерін өз қолымен жуындырып жатыр екен, соны көріп бір таңдай қаққаным бар», – деп еске алады жазушы. «Химпром» өндірістік бірлестігінің (1979-1991ж.ж) бас директоры М.Ж. Атабаев Х.Бектұрғановтың 80-жылдығына арналып жазылған естелік кітабында былай деп жазған: «Мен өмірімде көп адаммен кездесіппін, бірақ Хасан Шаяхметұлының басқалардан ерекшелігі – оның кез келген мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарап, мемлекеттік деңгейде ойлауы. Мұндай қасиетті қазіргі басшылықта жүрген жас ұрпақтан іздесең де, таба алмайсың. Ең бастысы, сол көңіл-күйді, қабілетті өз айналасындағы адамдардың бойына сіңіре білетін». Дінмұхамед Қонаевпен үзеңгілес болған Хасан Бектұрғанов партиялық қызметіне аса жауапты азамат болды. Негізінде, Димаш Ахметұлының қанатының астында тәрбиеленген кадрлардың басым бөлігі соғыста шыныққан, кеңестік билік пен өздеріне сеніп тапсырылған іске шексіз берілген адамдар еді. Олардың жетекшілігімен республиканың халық шаруашылығы дамып, жаңа мектептер мен ауруханалардың, институттардың есігі ашылып, құрылыс индустриясы қалыптасты, ауылшаруашылығы жанданды. Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов тек ақтөбеліктердің ғана жадында емес, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қызылорда және Жамбыл халқының есінде партия жетекшісі, жақсы адам қалпында қалып қойды. Саяси шешімдер институтының бас директоры, саясаттанушы, Қазақстан саясаттанушылары мен әлеуметтанушылары ассоциациясының президенті. Бақытжамал Бектұрғанова немере ағасының шексіз мейірімі мен көрсеткен қамқорлығын өз сөзіне арқау ете келе, жалпы, Хасан Шаяхметұлының ғана емес Кеңес үкіметі тұсындағы ел тізгінін ұстаған азаматтарымыздың атқарған істерін зерттеуді бір жолға қою қажеттілігі туралы баса айтты. «Ол кезең Қазақстан экономикасының бір жүйеге келіп, дамудың даңғыл жолына түскен жылдары екенін ешкім жоққа шығармайды. Тарихымыздың Кеңес Одағы тұсындағы парақтары әлі де зерттелуді талап етеді. Бұл мәселе тарихшы-ғалымдарды алаңдатуы тиіс» – деді Бақытжамал ханым дөңгелек үстел барысында. ҚР Президенті Мұрағатының басшысы Владимир Шепель, Халықаралық Қонаев қорының басқарма мүшесі Жаннет Асқарова, өз тараптарынан Қазақстанның тарихындағы осынау бос кеңістікті толтыруға үлес қосуға даяр екендерін жеткізді. Өткенін ұмыту – өсер елдің тірлігі емес. Қазақ жұрты жақсысын есінен ешқашан шығармаған емес. Ел тарихында терең із қалдырған тұлғаларды халық арасында насихаттап, оған сәйкесінше баға бергеніміз – өткенге құрмет, тарихқа тағылым еткеніміз.
Эльмира АСҚАРҚЫЗЫ