ҚАЛАДАҒЫ киіз үй

ҚАЛАДАҒЫ киіз үй

ҚАЛАДАҒЫ киіз үй
ашық дереккөзі
311

Тағы бiр жыл артта қалды. Тағы бiр жыл табалдырық аттады. Жылдың басы Наурыз келдi. Әз-Наурызбен бiрге кiретiн құт-берекенi күтедi көшпелi ұлттың ұрпағы. Жаңарған, жасарған, нұрланған Наурыз көктемдi елдiң ерекше күтетiнi бекер емес. Әсiресе, биылғы қоянның қысы көптi есеңгiретiп-ақ тастады. Үлкендер бұрын-соңды мұншалықты қардың көп түспегенiн айтады.

Қалың қар мен үскіріктен, суық аяздан бүрсең қаққан жұмысшы мен шаруаның биылғы көктемді ерекше күткені рас. Қыстың аязының беті қайтқанымен, наурызшаның тоңы жібір емес. Наурызшаның қарының ақтығы, ақша қардан мүл­дем бөлек. Сондықтан да болар, «Ер Тарғын» жырында Ақжүністің «Қарды көр де бетім көр» дейтіні. Қалай десек те, қаңтардың ызғары мен ақпанның үскірігінің қасында шаруаға Наурызшаның жүгі жеңілдеу. Сондықтан да қарапайым шаруаға тіршілікті түрлентіп көктеммен бірге кіретін Наурыздың орны ерекше.

Рас, қазақтың Наурызы да басталды! Біздің көшпелі қазақ Григориан күнтізбесіне дейін «Амал» – бүгінгі «Наурызды» наурыздың 14-і күні атап өткен екен. Оның да өзіндік себебі бар. Дәл осы күні Амал жұлдызы Күнмен бір сызықтың бойына шығады. Ұлы Даланы мекендеген көшпелі түркі халықтары бұл астрологиялық құбылысты «Амал мен Күннің көрісуі» деп білген. Осыдан бастап, көшпелі халықта көктем шығысымен «Көрісу» деген жақсы дәстүр дүниеге келген.

Көктемді күткен көпшілік Наурызды қалай қарсы алады? Григориандық күн тізбемен келетін жаңа жыл, 1 қаңтарды асыға күтетін, түнгі 12-ні соғарда, аққайнар ашып, тілек тілейтін, үлкенінен кішісіне дейін құрмет көрсетілетін, сый-сияпат жасалатын ол мерекеден бұл мерекенің айырмашылығы бар ма? Бар болса қандай? Біз осыған келейік!

«Наурыз» мерекесін қарсы алудың өзіндік салт-дәстүрі бар. Наурыздың наурызкөжесі тағы бар. Қыз-жігіті алтыбақан теуіп, ән мен жырын салудан өзге әрбір отбасында наурызда қалыптасқан өзіндік дәстүр бар ма? Есімізде, Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезінде Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов өз отбасында наурызда қалыптасқан дәстүрдің бірі – ағаш отырғызу екенін айтқан. Өзімен бірге, жыл сайын ұлының да бір түп ағаш отырғызатынын, «атадан мал қалғанша тал қалғанын» жақсы көретінін жеткізген еді әкім өз сөзінде.

Белгілі әнші, «МузАРТ» тобының мүшесі Сәкен Майғазиевтің отбасы үшін Наурыз мерекесі ерекше мейрам. Ол күні Майғазиевтер отбасының тірегі аналарының туған күні. Бұл күні қара шаңырақта наурыз көже пісіріліп, бүкіл бауырлар бір шаңырақтың астына жиналатын көрінеді. «Жыл сайын бұл күнді анамның жанында өткізуге тырысам. Анамызға ерекше сыйлық жасаймыз осы күні. Сонымен бірге, өзімнің жарыма, балаларыма, бауырларыма да сый-сияпат жасауға тырысамыз», – дейді әнші. Барша жұртшылық Наурызды да ерекше күтіп, бір-бірімен көрісіп, сыйын әзірлеп, бір-біріне ақ тілектерін жаудырса деген әншінің тілегі де жоқ емес.

Ал Ғабит Мүсірепов атындағы жас­тар мен балалар театрының әртістері ерлі-зайыпты актерлер Сағат Жылкелдиев пен Жібек Леубаеваның есігінің алдында киіз үйдің құрулы тұрғанына да он шақты жылдан асыпты. Он шақты жылдан бері құрулы тұрған бұл киіз үйден дәм татқандар өте көп. Жыл сайын наурыз айында наурызкөжесін әзірлеп, ұжымына алып келуден де жалықпайды екен Жібек апа. Бүгінде үш бала, тоғыз немере тәрбиелеп отырған ата мен әженің де ортақ тілегі – ұрпағының ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрден алыстап кетпегені ғана. Жібек апай Қызылорда облысына келін болып түскеніне 40 жыл толғанын айтады. Келін боп түскен алғашқы күндерден бастап, енесінен үйренгенін көңілге тоқыған Жібек апа елдің әдет-ғұрпынан алыстамай, киіз үйді шаңырағының алдына тігіп қояды. Содан бері Сағат аға мен Жібек апай киіз үйін жықпаған екен. Көшпелі қазақтың мәдениетінен хабар беретін киіз үйдің құрулы тұрғанына көршілер де еш таңданбайды. Бұл – әрқашан болуға тиісті дүние! Жібек апай қазаққа қатысты дүниенің бәрінен қазақ баласы алыстамау қажеттігін айтады. «Киіз үйіңнен дәм татып, наурыз көжеңді ішіп, барыңды киініп, асылыңды тағынып, бір-біріңмен сағынысып көріскенге не жетсін?!» – дейді Жібек апа.

Ал еліміздің батыс өңірінде наурыз-көктем 14 наурыздан басталады. Оралдық ақын Меңдолла Шамұратов 14 наурыз жыл басы, көрісу айы дегенді айтады. Батыстықтар бұл күнді үлкен мереке ретінде атап өтеді екен. Ерте бастан ерекше күтімге алынған марқа сойылып, қазан асылады. Оған соғымның сүрленген қазысы, барлық қазақы технология бойынша сақталған соғымның дәмді еті қоса салынады. Күн ілгері қаладан арнайы алдырып қойған тәтті дәмдерден, айран, қымыз, шұбаттан дастарқан майысып тұрады. Бесаспап жеңгейлердің бар өнерін салып пісірген бауырсақ, шелпектері де аса дәмді болып, бірнеше күн аузыңнан дәмі кетпес еді. «Наурыздың 14-і күні таң атысымен ауылдың үлкендеріне тайлы-таяғымыз қалмай көрісуге аттанамыз. Әуелі үй-ішіндегілер. Әке-шеше, бала-шаға, келін-кепшік, бәрі бір-бірімен көріседі. Көріскенде жасы кішілер үлкендерге «Бір жасыңызбен!» деп амандасады. Үлкендер «Жасың қайырлы болсын, шырағым!» деп жауап қайтарады. Жаңа жылға ілігу – бұл бір жасқа шығу деген сөз. Көпті көрген, көп жасаған, беделі бар үлкендердің қолын ұстап, батасын алу бізге бір үлкен мәртебе. Қаншалықты дәрежеде иіліп, ізет көрсетіп, ынта-ықыласыңмен қолын алсаң, сондай дәрежеде саған жаныңа жағатын бата береді. Баяғының көреген қарттары мен ел анасы атанған әжейлер сенің сол көріскен кездегі қимылдарыңнан-ақ қаншалықты дәрежеде тәрбиелі екеніңді, білім-білігің мен парасат-пайымыңның өлшемін бірден байқаушы еді. Көрісу бір күнмен шектелмейді. Егер әлдебір ағайының немесе жақсы сыйлас танысың сапарда болып, көрісудің сәті түспесе, сіздің мойыныңыздан ол міндет түспейді. Кейін оны жазда көресіз бе, күзде көрессіз бе, ойда жоқта қыстың күні жолығып қаласыз ба, міндетті түрде қолын алып, көрісуге тиіссіз», – дейді Меңдолла Шамұратов.

14 наурызда болатын көрісудің батыс өңірде ғана сақталғаны қалай? Өзге облыстарда көрісу дәстүрі бар ма? Оның да өзіндік сыры бар сияқты. Батыс өңірінде қыс қатты. 14 наурызда ғана қыстың кәрі сынып, көктемнің лебі сезіле бас­тайды. Сол уақытта алыс-жақындағы ауылдағы ағайындар күннің ұзарғанын пайдаланып, көрісуге шығады екен. Жалпы, наурыз-көктемді күтпейтін адам кемде-кем. Наурыздан бұрын, көктемді күтетін жұртшылық көп. Үш ай қыстың ызғарынан үсіген, суығынан тоңған, жаураған жанның көктемді ерекше күтерін түсінуге болар. Ал Наурыз мерекесін күтетіндер ше?

Наурыз мерекесін 1 наурыздан бас­тап неге жарнамаламаймыз? Көшелерде ілінетін билбордтарда наурыздың келе жатқандығын білдіретіндері кемде-кем?! 1 желтоқсаннан бастап, шыршалар жағылып, көшелердің бәрі жарқырап, жаңа жылдың келе жатқанынан хабардар ететініне кө­зіміз үйренген. Бұл үрдістің Наурызда жалғасын таппай қалатыны неліктен?! Әлде көктеммен бірге келетін жаңа жылды ерекше күту қанымызға сіңбеген әдет пе? Наурыз – баршаға ортақ мереке. Керек десеңіз, Наурыздың тарихында қазақтың тағдыры жатыр. Қазақ халқы өзінің тарихынан, өзінің тағдырынан безіп кете алмайды. Оны қанға сіңдіру, әдетке айналдыру өзіміздің қолымызда!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары