КӨКТӨБЕ ЕТЕГІНДЕГІ КЕЗДЕСУ

КӨКТӨБЕ ЕТЕГІНДЕГІ КЕЗДЕСУ

КӨКТӨБЕ ЕТЕГІНДЕГІ КЕЗДЕСУ
ашық дереккөзі
252

Өткен аптада Алматыдағы Достық үйiнде Мәдениет және ақпарат министрi Дархан Мыңбай бiрқатар шығармашылық одақ басшыларымен дидарласты. Жиынға Қазақстан театр қайраткерлерi одағы, Жазушылар одағы, Композиторлар одағы, Сәулетшiлер, Суретшiлер және т.б. одақ басшылары қатысып, бүгiнгi шығармашылық одақтарын толғандырған түйткiлдi мәселелердi ортаға салған.

Елбасы бастамасымен қолған алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы бұл күндері де жүзеге асып келеді. Соның аясында қазақтың тарихы жаңғырып, ұмыт қалған мұралары табылып, келер ұрпаққа өшпес қазына ретінде жетіп отыр. Елдің рухы жаңарып, санасы тәуелділіктен арылуына қазақ зиялылары да хал-қадірінше е ңбек сіңіріп келеді.

Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай бұл кездесуде мәдениет пен өнердің даму барысы туралы осы саламен біте қайнасып, бірге қатынасып жүрген тұлғалардың пікірін тыңдады. Бүгінде қазақ мәдениетінде тың жаңалықтар аз емес. Мәдениетке бөлініп жатқан қаржы да қомақты. Еліміздің әр аймағында жаңа театрлардың да көптеп бой көтеріп жатқаны белгілі. Кітапханалар мен кітап дүкендері де көптеп ашылуда. Ал ел мәдениетінде бұдан өзге қандай өзекті мәселе бар? Министрдің де білгісі келгені осы. Мәдениетті ары қарай жетілдіру қажеттігін Елбасы биылғы жолдауында да тілге тиек еткен болатын. Бүгінгі шығармашылық одақтарының мұңы не, проблемасы қандай?

«Бүгінгі кездесудің міндеті де, мақ­саты да – біздің шығармашылық ұйымдардың алдында, шығармашылық бірлестіктердің алдында тұрған мақсат қандай болмақ, Жолдауды қалай жүзеге асырамыз, біз үкімет пен мемлекет бізге не береді деп емес, біз мемлекетке не береміз деген тұрғыдан – осындай мәселелерді ақылдасып, кеңінен пікірлесу», – деді жиында министр.

Шын мәнінде бүгінгі күні шығармашылық одақтарының басында қандай проблема бар? Мәселен Жазушылар одағын алайық. Қолына қалам ұстаған жандардың көбінің әуресі – кітабының жайы екені белгілі. Кітап шығару ісі бүгінде дұрыс жолға қойылған. Кеңес кезіндегідей он мыңдаған таралыммен шықпаса да, жыл сайын қаламгерлердің кітабы там-тұмдап болса да басылуда. Жақсы шығарма жарияланбай, архивте шаң басып қалып жатқан жоқ. Ақшасы бар да, ақшасы жоқ та кітап шығаруға ұмтылады бүгінде. Жазушы үшін ең мәселенің бірі – қаламақы екені белгілі. Осы орайда, Нұрлан Оразалин мырза кітап шығару ісі шешілгенімен, қаламақы мәселесінің әлі де оң шешім таппай жатқандығын жеткізді. Өз кезегінде министр бүгінде аударма мәселесінің дұрыс жолға қойылмай отырғандығын, жақсы аудармашылардың жоқтың қасы екендігін айтады. Министрдің сөзінің де жаны бар. Жоғары оқу орындарының көбінде «Аударма ісі» мамандығы оқытылып келеді. Ол мамандықты бітірген балалар қайда кетіп жатыр? Бұл мамандықты бітірген жастардың арасында шеберлігі жоғары мамандар болса, неге тәрбиелемейміз дегенді айтады министр. «Білімді, білікті аудармашы мамандар табылса, біз оған шамамыз жеткенше, көмек берер едік. Сіздер соны табыңыздаршы», – деді министр.

Өнер мен мәдениетке қатысты мәселелер мүлдем жоқ деуге болмайды. Мәселен суретшілер қауымын еліміздің қазіргі заманғы қоғамдық-әлеуметтік өмірінен сыр шертетін үлкен туындылардың аздығы толғантады. «Бұл үшін олар қылқалам шеберлеріне де басқа өнер иелері сынды мемлекеттік тапсырыс қарастырылса» дегенді айтады. Жыл сайын суретшілердің туындыларын көрсететін көрмелер жиі өтіп отырса деген тілек те жоқ емес. Суретшілер одағында қаншама мүше бар. Ал елдің аузында жүргені санаулы ғана. Қалған суретшілердің туындылары қайда? Есімдері неге белгісіз?

Киногерлер қауымын өнер мен мәдениет саласындағы заңдардың қабылданбауы мазалайды екен. Олар шығармашылық бірлестіктер өнер мен мәдениет саласындағы заңдарды жазуға атсалысса деген ұсыныстарын жеткізді. Қазақ киносында мәселе шаш-етектен. Киногерлер көбінде прокаттың жоқтығын алға тартады. Қазақ киносы сапалы түсірілсе, көрерменнің көңілінен шығар болса, прокаттың да жүгі жеңіл болатынын киногерлер қауымы ұмытып кете беретін сияқты. Голливудтың фильмдеріне миллиондап қаржы құйып жатқан көрермен қазақ киносына бармайды дегенге сену де қиын. Жақсы фильм болса, сапалы дүние шығарылса, көрермен қашанда көруге әзір.

«Қазір біз шетелдермен, халықаралық деңгейде байланыстар жасап отырмыз», – дейді Театр қайраткерлері одағының басшысы Тұңғышбай Жаманқұлов. – Біз сол жағынан Мәдениет министрлігінің қолдауын сұрап отырмыз. Өткен жылы Қытайға барып, Азия елдерінің театрлары альянсына қатыстық. Еуропа елдерінің театрларының ІТІ деген үлкен одағына мүше болуға талпынып жатырмыз. Одан кейін қуыршақ театрларының Асситеж деген халықаралық ұйымы бар. Қазақтың театр өнерін халықаралық деңгейге шығарғымыз келеді», – деген Тұңғышбай Жаманқұловтың бұл бастамасын министрлік қолдауға әзір. Бүгінде елімізде заманауи техникалармен жабдықталған театрлар да бой көтерген. 20 жылда жеткен жетістігімізді көрсететін жаңа шығармалар да бар. Ең бас­тысы, сол шығармаларды театр сахнасында көрсете білуде.

Композиторлар одағының өкілдері «Тәуелсіздік толғауы» байқауында былтырғы жылы қазылық ететін композитордың болмағанын жеткізді. «Уақыттың тығыз­дығынан жаңа шығарманы жазып үлгер­мейміз» дегенді айтады композиторлар. «Биылғы жылы байқаудың шартына сай, лайықты дүние болмаса, қатысты екен деп, міндетті түрде сыйлық берудің қажеті жоқ», – деді министр.

Сондай-ақ, жиында балет пен операның жайы да сөз болды. Опера мен балетте ұлттық дүниелердің аздығы да тілге тиек етілді. Ұлттық дүниелердің аздығынан әлемдік опера мен балеттің жиі қойылып жүргенін айтады мамандар. Алдағы уақытта театрларымыз ұлттық дүниелермен толысса деген тілек те жоқ емес.

Мәдениет және ақпарат министрі зиялы қауымның тілегін естіді, мұңына құлақ түрді. Жай-күйіне қанықты. Қазақтың мәдениеті мен өнері жаңалықсыз емес. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген тың дүниелер жасалып жатыр. Бұл да қазақтың мәдениетіне қосылып жатқан өлшеусіз үлес.

Ал шығармашылық бірлестіктердің жетекшілерінің мәдениет саласының басшыларымен кездесулер жүйелі жолға қойылса деген тілегі бар. Олар мұндай басқосулар мәдениет пен өнерді жаңа белес­терге көтеруге көмектесер еді деген пікірде.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары