ҚАРТТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

ҚАРТТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

ҚАРТТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ
ашық дереккөзі

Табиғи ресурстарға бай Қазақстанда тер төгетiн, пайда табатын iрiлi-ұсақты отандық және шетелдiк кәсiпорындар корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiк шеңберiнде игi iстерге жұмылуға мүдделi болуы тиiс. Өкiнiшке қарай, бұған компаниялардың барлығы бiрдей ұмтылмайды. Оларға Үкiмет тарапынан жиi ескерту жасалуы да сондықтан. Бiрақ үлгi болар iстiң басынан табылатын компаниялар да бар.

Адамзатты аңсатып жететін әз Наурызда пенде біткен жақсылық жасауға асығады. Сондай игілікті істердің бірі – «Қазақмыс» тобының қайырымдылық шараларын жасау мақсатында қол астына алған 11 жетімдер үйінің балаларын Наурыз мерекесімен құттықтауы. Сонымен қатар азық-түлік пен естелік заттар салынған кәрзеңкелер компанияның бөлімшелері бар барлық аймақтағы өндіріс мүгедектерінің балалары мен қарттар үйіндегі жалғызбасты зейнеткерлерге де табыс етілді. Мерекелік сыйлықтарды сатып алу мақсатында компания бюджетінен 3,3 млн. теңге бөлінген көрінеді. Негізі «Қазақмыс корпорациясының жастар одағы» Қоғамдық қорының өкілдері компания қарамағына алған балалар мен зейнеткерлерге көңіл бөліп, түрлі мейрамдарда құттықтауды әдетке айналдырған. «Біз балалар мен қарт адамдар үнемі назар аударуды қажет етеді деп есептейміз. Еліміздегі ең ірі де ауқымды әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асыра отырып, «Қазақмыс» ұсақ істермен де айналысады. Әсіресе қоғамның әлеуметтік ахуалы төмен бөлігіне көмектеседі» деп мәлімдеген «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры Сергей Ершов мұндай көмектердің әсіресе мереке күндері маңызы зор екендігін көлденең тартты.

Қазақстанда мыс өндірумен шұғылданатын «Қазақмыс» корпорациясы әлемдік мыс нарығында жетекші орында. Еліміздегі 18 кен орнын игеретін және 10 тау-кен байыту фабрикасы мен 2 мыс балқыту өндірістік кешеніне ие «Қазақмыс» 2011 жылы 299 мың тонна тотыққан мыс шығарыпты. Сонымен қатар мұнда алтын, күміс, мырыш та өндіріледі. Өндіріс ішкі электр қуатымен және теміржол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген. «Қазақмыс» Лондондық биржаға қатысатын компаниялардан құралған FTSE-100 тізімінде бар. Сондай-ақ Қазақстан мен Гонконгтық биржаға да қатысады. 60 мың адам қызмет ететін алпауыт корпорацияның 2010 жылы тапқан табысы 3,2 млрд. долларға тең болған.

Нәзия

ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ