ҚҰР ҰНТАҚТАН ЕЗГЕН СҮТ

ҚҰР ҰНТАҚТАН ЕЗГЕН СҮТ

ҚҰР ҰНТАҚТАН ЕЗГЕН СҮТ
ашық дереккөзі
318

Бiр кездерi елiмiздiң өрiсi отар-отар малға толы едi. Тiптi ауылдағы қарапайым шаруаның қорасы төрт түлiгiмен берекелi болатын. Атам қазақ iлкiден төрт түлiктi «iшсең ас, мiнсең көлiк» деп ерекше бағалап келген.

Төрт түлік басы кемігелі қасиетті мекеннен де сән кете бастаған. Бұрынғыдай қалта-қалта құрт, шелек-шелек сүт те жоқ қазір. Содан ба, бүгінгі ішіп отырған сүтіміздің көбі сырттан келеді. Құрғақ ұнтақтан жасалатын сүтте не құнар болсын?!

Былтыр елімізге шетелден 355 млн. доллар сүт өнімі импортталыпты. Мамандар бұл көрсеткіштің бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір азайғанын айтып мақтануда. Тіпті жаңа жылдан бері еліміздегі сиыр малының саны 2 млн. 778, 8 мыңға жетіп, былтырғыға қарағанда 2,3 пайызға артыпты. Олардан сауылған сүт те 1,4 пайызға көбейген.

Міне, ауылшаруашылығы мамандары осы бір жетістікке бөркін аспанға атып қуанған. Бұған соңғы жылдары шетелден сатып алынып жатқан ірі қараның да септігі тиіп жатқаны белгілі. Ал есесіне биылғы қатал қыс ауылды аймақтағы халыққа өте ауыр тиді. Бір жағынан ызғарлы қыс қыспаққа алса, екінші жағынан аусыл дерті әбігерге түсірді. Осы індет тіркелген Жамбыл, Батыс Қазақстан, Алматы облысы тұрғындарының біразы айдың, күннің аманында қорасындағы азын-аулақ ірі қара малынан айрылып қалды. Тіпті сол кезде ауыл тұрғындарының «Мамандар қорамыздағы ірі қараның аусыл дертімен ауырған не ауырмағанын тексермей жатып, көзін жоюға бұйрық берді. Бұл дұрыс емес қой…» деп шағым айтқандарын да естідік. Шын мәнінде, оларға өтемақы беріледі делінген еді. Алайда жергілікті әкімдік өртеген ірі қараның орнына өтемақы берсе, халық та бекерден-бекер қапаланбас еді-ау. Олар сол ірі қараны күнкөріс, бала-шағаның қамы үшін өсіріп отырған жоқ па?!

Әлбетте, бұдан кейін елімізде сиыр малының саны азаймаса, көбеймейтіні белгілі. Соның салдарынан да біз Қырғызстан мен Белоруссияның сүтіне тәуелді болып отырған жайымыз бар. Жақында Ауылшаруашылығы министрлігі сүт саласындағы кейбір мәселеге қатысты басқосуда отандық сүт өнімдерінің сапасын жақсарту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдарын қарастырған болатын. Алайда сүт өнімдерін өндіретін компания жетекшілері кәдуілгі сиыр сүтінің тапшы екендігін айтып, жыларман күйде тарқасқан-ды.

Қайта өңдеу өнеркәсібі және аг­рар­лық азық-түлік нарығын дамыту депар­та­менті директорының міндетін ат­қа­ру­шы Рүстем Құрмановтың айтуынша, 2010 жылы әрбір қазақстандық 300 келі сүт пен сүт өнімдерін пайдаланған. Алай­да бұл сұранысты отандық өнім­де­рі­міз толықтай өтей алмай отыр. Оның негізгі себептерінің бірі – сүт шикізатының күзгі және қысқы мезгілдерде жетіспеуі. Яғни сиыр суалған кезде еліміздегі сүт өндірісінің де тасы өрге домалаудан қалатын көрінеді. Отан­дық ком­па­ния­ларымыздың көбі бұл кезде Ресей, Қырғызстан және Белоруссиядан келе­тін құрғақ сүтті езіп, сұйық сүт қылады. Бұл отандық өндірістің импортқа тәуелді екенін екі бастан дәлелдеп отыр. Ал Қазақстан сүт ода­ғы­ның атқарушы директоры Владимир Кожев­ников: «Сүт фермаларында және фер­мерлік ша­руа­шы­лықтарда өндірілетін сүт­тің үлесі өспей жатыр. Қазіргі кезде сүттің 90 пайы­зға жуығы жеке шаруа­шы­лық­тар­дан жи­на­лады», – дейді.

Әсіресе, еліміз Кедендік одаққа мүше болғалы бері отандық сүт өндірісінің басына қара бұлт үйіріле бастаған. Қазіргі сүт өнімдерінің үштен бір бөлігін қайта өңдеуге жіберілген сүт өнімдері құрайды екен. Ол ол ма, отандық және шекара асып келген сүт өнімдерінің тұтынушыға, оның ішінде кішкентай бүлдіршіндерге зияны тию­де. Соңғы кезде медицина елімізде сүттен созылмалы аллергиялық дертке шалдыққан балалар санының артып отырғанын растайды. Мысалы жыл сайын баласын сүт аллергиясынан емдеп жүрген ананың бірі Анар анализ нәтижесі сүт өнімдерін тұтынуға тыйым салғанын айтады. «Қызым балабақшаға барады. Әрине, балабақшадағы балаларға сүттен дайындалатын өнімдерді беретіні белгілі. Күн сайын қызымның беті қызарып, бөртіп келетінді шығарды. Сөйтсем, сүт өнімдерінен аллергия пайда болыпты» деген еді. Шын мәнінде, аллергия көбінесе құрғақ ұнтақтан жасалған сүт өнімдерінен пайда болады екен. Ал сорақысы сол, бізде сүт сапасын тексеретін арнайы зертхана да жоқ көрінеді. Мұны аз десеңіз, санитарлық қауіпсіздік сақталмайтын орындарда саудаланатын сүт өнімдері бруцеллез ауруына әкеп соғуда. Статистикалық көрсеткіштер осы ауруға шалдыққандардың жыл сайын 4000 адамға көбейіп отырғанын растайды. Ал бұл ауру түрі бірден жүрекке, буындарға, қан құ­рамына әсер етеді екен.

Қазақстанның сүт одағының атқарушы директоры В.Кожевников соңғы уақытта жиі айтылатын «құрғақ сүт» туралы: «Құрғақ сүт кәдімгі сүттің суын буға айналдырғанда пайда болған таза өнім болып саналады. Біздің елімізде сүт өндіру маусымдық сипатқа ие – жазғы уақытта сүт көп болады. Қыста сүт жетіспейді, сол себепті жазғы құрғақ сүт кәдімгі сүтке қосылады. Құрғақ сүттің өзіндік құны жоғары, сол себепті оның орнына табиғи сүтті пайдаланған тиімді. Соған байланысты отандық сүт өңдеуші өнеркәсіптердің барлығы да шаруадан барынша көп сүт алуға мүдделі», – деді. Жылына орта есеппен алғанда құрғақ сүттің үлесі құтыға құйылған сүтпен салыстырғанда 8 пайыздан аспайтын көрінеді.

СҮТ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ СОҢҒЫ ТҰЯҚ СЕРПУІ

Елімізде тұтынушыға сүт пен сүт өнім­дерін жеткізуде кедергілер көп. Сүт өнімдерінің бөлшектік бағасы тұтыну­шыларды алаңдатпай қоймайды. Нарықта шетелдік өнімдердің үлесі басым. Тұтыну­шылар бағасы арзан болғандықтан да сырттан келген сүт өнімдеріне бет бұрады. Ал импорттық сүт бағасының арзан болуына кедендік баж салығының төмендігі сеп. Естеріңізде болса, былтырғы жылы сүт бағасын қолдан көтеру фактілері тіркелген болатын. ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша инспекциясының тексерісі нәтижесінде Қазақстан сүт нарығындағы компаниялар сүт бағасын белгілеуге байланысты заңнаманы бұзғандығын анықтады. Олардың қатарында «АПК «Адал» АҚ, «ФудМастер» АҚ, «Компания ФудМас­тер Трейд» ЖШС, «Агропродукт Азия» ЖШС, «Вимм-Билль-Данн ЦА-Алматы» ЖШС, «Danone Berkut» ЖШС, «Raimbek Agro RG Brands Kazakhstan» ЖШС-лары бар. Олар ҚР Әкімшілік қылмыс кодексінің 147-бабының 2-тарауы бойынша жауапқа тартылған болатын. Отандық сүт өнімінің бағасын тұрақ­тандыру ең алдымен сырттан тасымалданатын арзан өнімдер үлесінің кемуімен тікелей байланысты. Алайда дәл қазір отандық сүт өндірісінің Қазақстанның барлық аймағын сүтпен қамтамасыз етуге қауқары жетпей отыр. Оған салықтық жеңілдіктің қарастырылмай жатқандығы және субсидияның аз бөлінуі айтарлықтай кедергі келтіруде.

Ал «ФудМастер» ЖШС бас директоры Аида Сапарғазинова ханым бүгінде сүт қорының азайып кеткендігін алға тартты. Тіпті соның салдарынан құрғақ сүтті кәдімгі сүтке айналдыратын жағдайлар да жоқ емес көрінеді. Сондықтан да елді мекендерде сүт қабылдау пункттерін ашу керектігі кезек күттірмейтін мәселе. Біз еліміздегі сүт өнімдерін өндіретін «ФудМастер» компаниясының бас директоры Аида Сапарғазинова ханымды аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Басты мәселе – бұл сүт өні­мін алатын негізгі шикізаттың жет­кіліксіздігі. Қазір шикізат өте тапшы. Ал сүт өңдеушілер шикізат үшін көп ақша төлеуде. Әсіресе қыс мезгілінде фермерлерде сүт өндірісі төмендейтіні құпия емес. Сол себептен де өңдеушілер шикі сүтті қымбатқа сатып алуға немесе құрғақ сүт сатып алып, қалпына келтіруге мәжбүр болады. Тағы бір мәселе – кәсіпорынға түсетін сүттің 90 пайызы жекеменшік шаруа қожалықтарынан түседі. Бір жағынан оны игеріп әкету де оңай емес. Ал жекеменшік иелері өнімнің артуына мүдделі де емес. Себебі олар ірі шаруа қожалықтары сияқты мемлекеттен дотация алмайды. Сондықтан да біз сүттің көп бөлшегі ірі шаруа қожалықтарынан келсе дейміз. Дәл қазіргі кезде біздің аймақта бұл 5-7 па­йыз ғана. Сондықтан да компанияның өзі сүт қабылдау желілерін дамытумен айналысып келеді. Біз өндіріске шикі сүттің түсуін арттырғымыз келеді.

– Біз көбінесе Белоруссиядан, Қырғызстаннан келетін сүтті тұтынып келеміз ғой…

– Белоруссияда қайта өңдеу кезінде өндірілген 100 пайыз өнімнің 10 пайызын өздері тұтынса, 90 пайызын шетелге экспорттайды. Белоруссия Кедендік одаққа кіргелі өз өнімдерін еш қиындықсыз әкеліп жатыр. Өйткені олар қайта өңдеу жұмысын өте белсенді түрде жүзеге асырады. Әрине, өнімнің өз бағасы да бізге қарағанда төмен. Біздің нарыққа келгенде бұл өнім отандық өндірушілердің өнімін сырып тастайды. Демек, бұл отандық сүт өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Біздің үкімет жақын арада бір шара қолданбаса, мәселе бұдан әрі шиеленісе түсуі мүмкін.

– Соңғы кезде халық арасында «ФудМастер» компаниясының өнімдеріне байланысты гу-гу әңгіменің айтылып жүргені бар. Неге?

– Бәлкім, сүт алыпсатарларының арасында болған дауды айтып жатқан боларсыз. Біз алыпсатарлардың қымбат бағамен сатылатын сүтінен қашып, тікелей сүт сатушыларға шыққан болатынбыз. Әрине, олар мұндай кезде шулап қоя береді. Өзіңіз де түсінетін шығарсыз, олар сүтті қымбат бағамен сатады. Ал біз тұтынушыларға бағаны көтермеу үшін олардан сүтті өз бағасымен беруін сұрадық. Әрине, олардың күреске шығуы заңды да.

– Қазіргі кезде сүт қабылдау пункттеріңіз қанша?

– Біздің Қазақстан бойынша 200-ден астам сүт қабылдау пунктіміз бар. Біз оларды өзіміз қараймыз, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, көлікпен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етеміз. Сүт пункттері ауылдарда, елді мекендерде бар.

P.S.Сонымен, бiздiң нарықтағы сүт және сүт өнiмдерiнiң 65 пайызы шетелден әкелiнедi екен. Әрине, елiмiз импортқа тыйым сала алмайды. Бiрақ та iшкi нарықты өзгенiң өнiмi тұтастай жаулап алмасын десек, сүт және сүт өнiмдерiнiң өндiрiсiне салықтық жеңiлдiктер қарастырып, мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет-ақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары