ЖОЛ АҚЫСЫ ТАҒЫ ҚЫМБАТТАДЫ
ЖОЛ АҚЫСЫ ТАҒЫ ҚЫМБАТТАДЫ
Сәуiрдiң басында электр қуатының бағасы қымбаттады. Коммуналдық төлемдер өстi. Дүкендер мен базарларда азық-түлiк бағасы өсiп барады. Ендi мiне, айтып ауыз жиғанша, темiржолдың жүк пен жолаушылар тасымалдау тарифi де 10 пайызға көтерiлiп отыр. Жарайды, жүк тасымалына пәлен деу орынсыз шығар. Бiздi жолаушылар тасымалы көбiрек ойлантады. Иә, бұл қалталы азаматтарға түк емес. Ал жалақысы төмен қалың көпшiлiктiң тiршiлiктерiне көп қиыншылықтар туғызары сөзсiз.
Монополистердің сыныққа сылтаулары жетіп жатыр. Энергетика министрлігіндегілер әдеттегідей: «Электр стансаларындағы қондырғылар тозған, жаңамен ауыстыру керек»,– десе, «Ұлттық теміржол компаниясына» қарасты «Жолаушылар тасымалы» Акционерлік қоғамы: «Жолаушыларға қызмет сапасын жақсартамыз. Сол үшін тарифті көтеруге мәжбүрміз»,– деп отыр. Жыл сайын айтатын уәждері осы. Ал қызмет көрсету сапасының жақсарып жатқаны шамалы. Олар көз қылып, ананы-мынаны істегенсіп қояды. «Ау, бұларың қалай? Жол ақысын алдыңғы жылы ғана қымбаттатқан жоқсыңдар ма?» дегендерге олар: «Вагон паркінің 70 пайызы әбден тозығы жетіп ескірген. Салада шығын шаш-етектен» деп шыға келеді. Мұның қаншалықты шындыққа саятынын кім білсін. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті Александр Кировичтің интернеттегі әлеуметтік желіден «Бір вагонды толығымен жөндеп шығу үшін шамамен 35 миллион теңге қажет. Паркте 2 мың вагон бар десек, сонда санай беріңіз. Вагондарды жолаушыларға жайлы қылып жасақтауымыз керек. Өйткені жолаушылардан шағым өте көп түседі. Жазда 140 жаңа вагон сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан тарифті өсіруге мәжбүрміз»,– деп жазғанын оқыдық. Әрине, жаңа вагондар сатып алған дұрыс. Әрбір адам – жолаушы десек, еліміздегі еңбекке жарамды әрбір азамат ай сайын, жыл сайын түрлі салық түрінде бюджетке орасан зор қаржы құюда емес пе? Біз бюджеттің пайдасын неге көрмейміз? Оның үстіне түрлі хоккей, футбол командаларына үйіп-төгіп ақша беретін қуатты ұлттық компанияның вагон алуға ақшасы жоқ дегенге кім сенер?!.
Біздің білуімізше, жолаушылардан билеттерді қымбаттауға байланысты шағымдар көп түседі. Олар да «Ел экономикасына деп халықтан жиналған бюджеттегі қаражат қайда?» деген сұрақты жиі қояды. Оның үстіне жыл сайын бюджеттің орасан зор қаржысы игерілмей қалатынына көзіміз де үйренді. Жыл басында Үкімет қаражатты неге қажетті жеріне тиімді жұмсамайды? Олар қандай уәж айтса да теміржол ақысының қымбаттауы көкейге қонар емес. Неге? Өйткені еліміздегі ең әлеуетті үлкен ұйым осы – «Ұлттық теміржол компаниясы».
Осыдан үш-төрт жыл бұрын компанияның бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевке қатысты сот жұрттың әлі есінде. Сол сотта Құлекеев теміржолдағы бармақ басты, көз қысты болған талай былықтардың бетін ашқан болатын. Тойымсыз жемқорлардың қитұрқы әрекеттерінен тонналаған жанар-жағар май, аса қажетті қосалқы бөлшектер, құрал-саймандар және тағы басқа да бағалы заттар қоймалардан зым-зия жоқ болып кететінін естігенде, жұрт жағаларын ұстаған. Сондай-ақ ол теміржолда дұрыс пайдалана білгенге қаншама ішкі резервтердің көздері бар екенін сол сотта ашып, көрсетіп те берді ғой. Ал қазір ше? Сол дәніккендер құныққанын қойды ма? Әй, қайдам! Компанияның жаңа басшысы Асқар Мәми қызметке келгелі ақпарат құралдарынан теміржол бойындағы жемқорларды тыйыпты деген хабарды естіп, көрген де емеспіз.
Сонымен жұрт үміт артқан монополияға қарсы комитет теміржолда жолаушылар тасымалы тарифінің көтерілуін тежей алмады. Сенген серкесі қауқарсыздық танытып жатса, көпшіліктің көнбеске амалы бар ма?
Көлбай Адырбекұлы