ӨЗІҢСІЗ ӨТКЕН ТУҒАН КҮН

ӨЗІҢСІЗ ӨТКЕН ТУҒАН КҮН

ӨЗІҢСІЗ ӨТКЕН ТУҒАН КҮН
ашық дереккөзі

Зымырап өтiп жатқан зымыран уақыт-ай! Кеше ғана жанымызда жарқырап, үлкенге де, кiшiге де өзiнiң сүйкiмдi ерке қылығымен сыйлы болған қазақтың бұлбұл көмей әншiсi Роза Тәжiбайқызын еске алып, тыңдаушыларын ойға батырған әдемi бiр өнер кешi өттi. Менiң «ақ мамамның»…

Иә, ол кісі маған ана орнында ана, құрбы орнында құрбы, сырлас та сыйласым болған. Биылғы жылдың қаңтар айының 1 жұлдызында туған күнің де өзіңсіз өтті. Жылдағыдай, өзің бардағыдай жақындарыңның бәрі жиналды. Тек жан-жағыңа шуақ шашып, арасында сыңғырлай күліп, әніңді айтып отыратын өзің жоқсың! Жылдағыдай жақсы тілектердің орнына өзіңмен бірге жүрген қимас сәттерді еске алу, бір қылығыңа күлсек, енді бірде көңіл босап, жылап та алдық. Еске алуға келген Ескендір ағамыз Хасанғалиев сіз орындайтын «Аяулым асылым ең» әнін өзіңіздің әппақ күйсандығыңызда әуелете шырқады, қалған қонақтар қайырмасына қосыла отырып керемет бір күйде болдық. Басқаны қайдам, өз басым төбемнен өзің бақылап тұрғандай, әуенге қосылып, тербеліп тұрғандай күй кештім.

Міне, биылғы көктем өзіңнің 90 жыл­ды­ғыңды тойлаумен басталды. Астанадан бастау алған мерейтой кеше Алматыда жалғасын тапты. Республикамыздың басқа өңірлерінде де дайындық жүріп жатқан болар. Жаратқан ием шамалы уақыт бергенде қарқарадай болып төрде отырар едің… Бірақ, өзің жиі айтпақшы, « жаман ғұмыр кешкен жоқсың, бақытты болдың», ел-жұртың жанындай жақсы көрді. Өзің де жайлы, ақкөңіл, адам жатырқамайтын көпшіл едің ғой. Әсіресе мені жаныңа тартқан, ана болып, әпке болып құшағыңа қысқан күндерің мен түндерің есімде мәңгі қалып қойды. Түн дегенім, талай жолсапарларда қасыңда болдым, сонда керемет жағдай жасап қойса да, небір қонақүйлерде бір төсекте бас қойып, әңгіме-дүкен құрған кештер қалай ұмытылсын?! Сондағы өмір жайлы, ана мен қыз арасындағы, ене мен келін арасындағы, тіпті күнделікті тұрмыс жайында айтқан сөздерің әлі құлағымның түбінде тұр. Өмірбақи өнерді сүйіп өткен, бар болмысымен өнерге берілген Сіздей әншінің осындай құнды, баға жетпес пікірлері мен тілектері мені де қалай өмір сүруге тәрбиеледі, әйел-әншінің сахнадан да қымбат тұратын өз оты, ошағын ұстаудағы, ер азаматын сыйлаудағы айтқан ақыл-кеңестеріңіз көп пайдама жарады. Әдемі әзілмен сын айтып, мінімізді түзейтін сәттеріңіз ше?!

Осыдан он жыл бұрын 80 жылдық мерейтойыңызда өзіңізге арнап жазылған «Әппақ тәтем» әнімен сахнаға шықтым. Ал бүгінде әспеттеп есіміңізді берген кішкентай немерем «Ах, Самара городок» әнімен бізді жұбатып жүр. Сіз жүріп өткен жерден иісі бұрқырап біраз уақыт ауада қалып қоятын әдемі иіссуыңыз бүгінде көзімнің қарашығына айналды. Әдемі еске алу мерейтойыңнан осылай әдемі де жабырқау күй кешіп қайттым.

Қолымда сіз 89-ға толған күні бірге түскен суретіміз…

«Ақ келiнiңiз» –

ЗӘУРЕ