АСТАНАНЫҢ ДАМУЫ — АЛАШТЫҢ ДАМУЫ

АСТАНАНЫҢ ДАМУЫ — АЛАШТЫҢ ДАМУЫ

АСТАНАНЫҢ  ДАМУЫ — АЛАШТЫҢ ДАМУЫ
ашық дереккөзі
192

Өткен аптада Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуiмен, Елордамызды дамыту жөнiнде арнайы жиналыс өттi. Аталмыш жиында елдi елең еткiзетiн жаңалықтың бiрi – «Хазiрет Сұлтан» мешiтiнiң ашылуы. Биылғы жылы қазақтың астанасының туған күнi, яғни 6 шiлде жұма күнiне сәйкес келетiндiктен, Елбасымыз қасиеттi жұма күнi елордадағы «Хазiрет Сұлтан» мешiтiнiң ашылуын қалайтынын жеткiздi.

Елбасы өз сөзiнде мешiттi ашу керектiгiн, жамағаттың күтiп отырғандығын айтады. Сонымен бiрге, жиын кезiнде өзге де мәселелер назардан тыс қалмады. Кеңесте басталған әңгiме әуелi Тәуелсiздiк сарайында басталған болатын. Президент Үкiмет басшысы мен Астана қаласының әкiмiмен бiрге, Тәуелсiздiк сарайына келiп, арнайы жасалған көрменi тамашалаған едi.

Тәуелсiздiк сарайында Елба­сыға 110 жобаның нұсқасы көрсе­тiлдi. Олардың арасында «Ботани­калық бақта», қаланың көлiк инфра­құрылымын реттейiн арнайы бағдарламалар да бар.

– Астана – тек Қазақстанның елордасы ғана емес, дүниежүзіне мәшһүр шаһарға айналды, – деген еді Елбасы жиындағы сөйлеген сөзінде. – Халықаралық сарапшылар Астананы болашақтың қала­сына балауда. Ендеше, елордамыз – баршамыздың лайықты мақтаны­шымыз. Астана күн санап өсіп келеді. Ол еліміздің қарқынды көр­кеюінің көрінісі. Дағдарыс тұ­сын­да да бір күн де Астананың құры­лысын тоқтатқан жоқпыз. Осылайша, Сарыарқа төсінде сәулетті шаһар тұрғыздық, – деді.

Астананың бүгінде әлемдегі ең үдемелі дамушы, перспективті қалалардың қатарына кіретінін, өткен жылы Сапа менеджментінің еуропалық қоры Астанаға «Танылған кемелдік» сертификатын бергенін де тілге тиек етті Мемлекет басшысы.

– Атақты «National Geographic» журналы біздің Астананы «Болашақ жері» және «Табыстар іздестіруге тартымды қала» деп бағалады. Бұл бағалауды мына жайт растайды: Астанада әлемнің 77 елінен жүз мың адам тұрып жатыр. Шетелдік беделді агенттіктердің бірі, «Экономикс» британиялық журналының рейтинг агенттігі әлемнің 140 қаласының арасында Астанаға «Өмір сүрудің қолайлы деңгейі» мәртебесін берген, – деді Президент өз сөзінде. Астананың көрікті қала болып түр­леніп келе жатқандығын, санау­лы жылдар ішінде осындай көл-көсір табысқа жеткендігін әлем жұртшылығы да мойындап отыр.

Келелі кеңесте Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасма­ғам­бетов те арнайы баяндама жасады. Қала әкімі өз баяндамасында қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуына, инфрақұрылымына, құ­ры­лыс және әлеуметтік салада жүзеге асырылып жатқан ірі жоба­ларға тоқталды. Өткен жылдың қоры­тындысына қарасақ, елорданың жалпы өңірлік өнімі 1 трлн. 900 млрд. теңгені құраған екен, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артық деген сөз. Астананың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 163,7 млрд. теңгені құрапты. 2010 жылмен салыстырғанда, өсім – 21,4%. Жергілікті бюджет кірістері 2011 жылы 95,7 млрд. теңгеге жетіпті. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 570,2 млрд. теңгені құрады, бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда – 135,7%.

Сонымен бірге, жиында Астанадағы кейбір мәселелер төңірегінде де сөз қозғалды. Астана қаласында түйткілді мәселелер де жоқ емес. Әрбір мәселені жеке-жеке қозғаған Елбасымыз оған жауапты шенеуніктерді де орындарынан тұрғызып, қадап-қадап айтып отырды. Астанадағы ең үлкен түйткілді мәселенің бірі – жер мәселесі екені белгілі. Бір кездері қалтасында қомы бар, билігі бар жандар Астананың айналасындағы жерлерді өздері бөліп алған еді. Енді әлгі жерлерге жаңа нысандар салынайын десе, жердің иесі құнын екі есеге бағалайды. Бұл астаналықтар үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл турасында Президент құзырлы органдарға арнайы тапсырма берді. «Тексер! Үлкен шенеуніктерге шығыңдар да, олардың аттарын маған атаңдар! Міндетті түрде!» – деген Елбасы бұл мәселенің басын бүгін ашып алмасақ, ертең елорданың ары қарай қанат жаюына бұлардың орасан зор кедергі келтіретінін де тілге тиек етті.

Өткен жылы елімізде қысқы Азиа­даның өткені белгілі. Қысқы Азиа­даның қандай биік деңгейде өткенін де көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Азиада қарсаңында елордада ел қаржысынан миллиардтаған қаржылар бөлініп, жаңа спорт кешендерінің бой көтергені де белгілі. Жастардың игілігі үшін салынған спорт сарайларының бүгінде бос тұратыны да Елбасыны алаңдатады екен. «Олар халықаралық стандарттарға сай салынған, Азиада сынды халықаралық дәрежеде «тұсауы кесілген» бұл нысандарды туристердің де игілігіне айналдыру қажет. Халықаралық жарыстар өткізіңдер. Осының бәрімен айналысуларың керек. Олар бос тұрмауы қажет!» – деді Елбасы.

Астанадағы мәдени нысандардың хал-ахуалы туралы да сөз қозғалды. «Мен мемлекеттік мекемелерді мемлекет есебінен салуға қарсымын. Бі­рақ қайтеміз, Астанаға бұл қажет. Бірақ ертең музейді тұрғызамыз, ол бос тұрады. Опера театрын іске қо­самыз, бос тұрады. «Қазақстан» Ор­талық концерттік залы тұр, әне, бос. Іс-шаралар ұйымдастыру керек, өмір қыз-қыз қайнап жатуы керек!» – деп ойын ары қарай сабақтады. «Бүкіл дүниежүзі білетін, құндылыққа жататын, әлемнің назарын аудартатын картинаның бірерін Қазақстан иеленуі қажет! Әлемдік маңыздағы бір-екі картинаға қол жеткізу керек. Бізде оларды орналастыратын залдар, сарайлар бар. Жарайды, Лувр бермес, Лондон бермес. Мәскеу бере алады. Біз Петербордың Эрмитажымен келісе аламыз. Астаналықтардың дәрежесін көтеру керек. Сондай картинаны қойыңдар, адамдарымыз кел­сін, тамашалап жүрсін. Египетпен мәмілелесуге болар еді», – деді өз сөзінде Елбасы. Бұл мәселелердің бәрін Үкімет басшысының орынбасары Е.Орынбаевқа тапсырып, бос тұрған спорт және мәдени нысандардың мәсе­лесін шешу қажеттігін қадап айтты.

Келелі кеңес кезінде Мемлекет бас­шысы әлемдегі алып қалалардың да қалыптасу тарихы мен тәжірибесін қарап шыққанын айтады. «Кезінде Нью-Йорк – Құрама Штаттардағы ең қылмыс жайлаған қала болыпты, – деп бастаған Елбасы қалаға жаңа мэрдің келгенін, полиция басшылығын да жаңа тұлғаның қолға алғанын мысалға келтірді. Елбасының айтуы бойынша, Нью-Йоркке келген жаңа басшы қаланы тәртіпке келтіруді ұсақ қылмыстардан бастаған екен. Ең әуелі метрода ақысыз жүріп үйренгендерді құрықтай бастайды. Метроға кірер жолдағы тоспадан секіріп өтетіндердің күніне 800-ін темір торға тоғытады екен. Осы орайда Мемлекет басшысы «сынған терезе» деген жүйенің барлығын да айта кетті. Егер тұрғын үй алабында бір терезе бұзылған күйде тұрса, өтіп бара жатқандар тағы біреуін сындырады екен, одан әрі басқа терезелер сындырылады, солай кете береді. Яғни ұсақ қылмыстарға тұсау салынғанда адамдар барлығы үшін жауап беруге тура келетіндігін түсінген. Осылайша, ірі қылмыстар тыйылған. Осы тәжірибені қолдану қажеттігін айтады Елбасы.

Жиын соңында, Елбасы «аста­налық тұрғынды», «астаналық мәдениетті» қалыптастыру тақы­рыбына ойыс­ты. Мемлекет басшы­сының ойынша, барлық қызметтерге үлкен тәрбие жұ­мысын жүргізуі керек. «Зиялы қауым, ғылыми орта қала реңкін қалыптастыруы керек!» дейді Пре­зидент. Халықтың көшін бас­тайтын зиялы қауым екені белгілі. Зиялы қауым қаланың, яғни Елорданың көшін бастап қана қоймай, оның ғылыми реңкін қалыптастыруға үлес қосуы қажет. Елбасының айтар түйінді ойы осы.

Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев Астана басшылығы мен өкілетті мемлекеттік органдар алдында елорданы өркендету үшін жаңа басымдықтар мен міндет­темелер де қойды. Әрі Елбасы бар­лық инфрақұрылымды толық ауқымда қаржыландыру мәселесін де тапсырды. Сонымен бірге, Елбасы елордалық кәсіпорындардың өндірістік қуатының жеткілікті түрде пайдаланылмайтындығын, шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстарының нашар жүргі­зіле­тіндігін, Астананың азық-түлік белдеуінің дамымай отырғанын да баса айтты.

Астананың дамуы, болашағы тек әкімдіктің ғана міндеті емес екенін айтқан Мемлекет басшысы, бұл мәселеден Үкіметтің де, ұлттық холдингтердің де тыс қалмауы керектігін ескертті. «Астананың дамуына өзім де айрықша көңіл бөліп, жеке қолдап отырмын. Бұл мемлекеттік міндет. Астана тек өсім лидері ғана емес, Қазақстанның барлық қалаларына экономиканы, қала шаруашылығын тиімді басқарудың, сапаны жақсартудың, халыққа жайлы өмір шартын туғызудың, мемқызметтер көр­сетудің, бизнеске жағдай жасау­дың үлгісі болуға тиіс», – деп қорытты сөзін Елбасы.

Астананың дамуы – барша қа­зақ халқының дамуы. Әлемнің үздік астаналарының қатарында Қа­зақ­станның Астанасы да қалыс­пай, бірге дамитын болса, елдің, халықтың абыройы емес пе? Көр­кіне көрік қосып, жыл сайын түр­леніп келе жатқан Астананың әсем келбеті бұдан ары нұрлана түссе, құба құп! Бұл Елбасының ғана ті­леуі емес, барша халықтың да тілеуі осында!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары