БIЗ ҰЛТ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСТЫҚ ПА?

Жазушы, журналист Дидахмет Әшiмханұлы бүгiнгi рухани және әлеуметтiк өмiрiмiздегi кейбiр өзектi мәселелер бойынша ашық ой қозғау мақсатында «Сiз не дейсiз?» атты авторлық бағдарлама ашып отыр.Бағдарламаның бүгiнгi қонағы – белгiлi публицист қаламгер Мырзан Кенжебай.

Д.Ә. – Мырзан, бiз екеумiз жасымыз бiразға келiп қалған, жұрттың көпшiлiгi әрi журналист, әрi жазушы ретiнде бiлетiн адамдармыз ғой деп ойлаймын. Сондықтан да ұлтымыздың, елiмiздiң қазiргi жағдайына байланысты кейбiр ойларымызды ортаға салсақ. Мысалы өзiм кеңестiк кезеңдегi әр- түрлi оқиғаларды, жағдайларды, мәселелердi еске алмай-ақ қояйын, соңғы Тәуелсiздiк алған 20 жылдан бергi әртүрлi жағдайлар мен кейбiр оқиғаларға билiк басындағылар мен зиялы қауымның ұстанымдарына, мiнез-құлық, iс-әрекеттерiне қарап отырып және қазiргi дiннiң, тiлдiң жағдайын таразылай келiп, «Осы бiз ұлт боп қалыптастық па, жоқ па?» деген ой туатын болды. Расында, осы бiз ұлт болып қалыптастық па? Екiншiден, осы ұлт дегенiмiз не, этнос дегенiмiз не? Мемлекет дегенiмiз не? Қазiргi уақытта бiз ресми түрде кейбiр мекемелердi ұлттық деп алып отырмыз. Мысалы Ұлттық кiтапхана, Ұлттық банк. Бұл жерде мемлекеттiк деген мағынаны бiлдiредi. Сонда жалпы, ұлттық дегендi қалай түсiнуге болады?

М.К. – Қазақта «күйiнген адам Құдайға да тiл тигiзедi» деген сөз бар. Оны жөн-жосықсыз қолдана беруге болмайды. Мұны ағаларымыз қатты ашуланған кезде айтып жатады. Абайдың да өз ұлтына ренжiген кездерi көп болған. Осы күнгi «ұлтым», «қазағым» деп жүрген жазушыларымыз кейде қатты ашуланғанда: «Әй, осы бiз ұлт боп қалыптаспаған екенбiз» деп айтып қалады. Д.Ә. – Мен бұл сөздi 80-жылдары да естiгем…

М.К. – Құдай Тағала қазақты жаратқанда ешбiр ұлттан кем қылып жаратқан жоқ. Оның ақыл-есi ешкiмнен кем болған жоқ. Iлiм-бiлiмдi, ғылымды қабылдауы, өмiрге деген көзқарасы еш ұлттан, тiптi өзiн «великий русский народ» деп жүргендер мен басқа да ұлт өкiлдерiнен кем емес. Қазақ керiсiнше, бiлiмге, өнерге, Отан қорғауға, намысқа келгенде, талайдан төбесi биiк көрiнер едi. Кейiн әртүрлi талапайға түстi. Бұны мен мына бiр мысалмен айтып көрейiн. Далада киiк деген жануар бар. Ол бiр жылдары мүлдем жойылып кетедi де, бiраздан кейiн қайта қарасы көбейе түседi. Қазақтың да тағдыры осындай. Жұбан айтпақшы, «Мың өлiп, мың тiрiлген халық» қой. Кезiнде Қазақ хандығы, Алтын орда, Ақ орда, Көк орда, Ноғай ордасы болды. Бiз солардың тiкелей ұрпағымыз. Мемлекетiмiз, әскерiмiз, өнерiмiз, ауыз әдебиетi, жазба әдебиетiмiз де болды. Бiрақ кейiннен ұлт ретiнде әлсiрей бастағанымыз рас.

Д.Ә. – Шамасы, қай жылдардан басталды деп ойлайсың?

М.К. – Қазақ халқы туралы айтсақ, екi сөзiмiздiң бiрiнде Жоңғар шапқыншылығы дейтiн болдық. Қазақтың көрнектi жазушысы Мұхтар Мағауиннiң: «Жоңғар шапқыншылығы деймiз, бiрақ онда Ұлы Отан соғысы сияқты қанды қырғын болған жоқ…» дейтiн сөзi есiмнен кетпейдi. Бiз тарихты бұрмаладық. Ең алдымен патшалық Ресейдiң үлкен ықпалы болды. Тiптi сонау ХVI ғасырдан бастап олар қазақ жерiне Сiбiр жағынан ендеп кiре бастады. Соның көбi казачество дегеннен бастау алған. Осы казачество алдымен Қазақстанның батыс өлкелерiн, Едiл мен Жайық маңайын жаулады.

Д.Ә. – Сiбiр жақтан Ермак бар… Ол барлық iсiн Көшiм ханды күйретуден бас­тай­ды ғой. Қазiргi Солтүстiк, Шығыс Қазақстан облыстарындағы орыстың бiразы солардың тұқымдары ма деймiн. М.К. – Иә. Соны айтпаймыз. Бiрақ оны кезiнде Халел Досмұхамедов айтты. Батыс қазақтарының, Кiшi жүз қазақтарының 250 жылдық тарихы елдi, жердi қорғаумен қанмен жазылғанын айтты. Мектеп оқулықтары, жоғары оқу орны оқулықтарына қарасаң, қазаққа жоңғардан басқа жау болмаған сияқты. Бұл бiздiң тарихымызға бiржақты қарау, екiншi жағынан ұрпақ санасын адас­тыру. Бұл ұлт санасын әлсiрететiн фактор. Өз ұлтының кiмнен қорлық, кiмнен зәбiр көргенiн бiлмеген ұрпақ ертең кiммен күресетiнiн, кiмге қарсы уәж айтарын бiлмейдi. Негiзiнен, қазақтар о баста ұлт болып қалыптасқан ұлт едi. Бiрақ Кеңес заманында қатты күйзелiске ұшырады. Ол кезде бiртұтас кеңес халқы деген ұран жүргiзiлдi. Интернационализм деген болды. Оның ар жағында орыстандыру саясаты жатты. Ол түгiлi, сол кезде Қазақстанның әнұранының өзiнде «зор алғыс айтамыз ұлы орыс халқына» деген сөз болды ғой. Қайым Мұхамедхановтар тап солай жазған жоқ едi.

Д.Ә. – Әу баста әнұранда «ер қазақ ежелден еркiндiк аңсаған» деген сөз болған. Оны кейiн «бiз қазақ» деп өзгертiп жiбердi. Бұл жерде жеке адамдардың кiнәсi жоқ. Бiртұтас коммунистiк идеологиялық саясат болды. Ол идеологияның кiмнiң сойылын соққаны белгiлi.

М.К. – Иә, ұлтсыздандыру саясаты сол Кеңес заманында жүргiзiлдi. Бiртұтас кеңес халқы деген жәй боялған нәрсе. Ал қазiргi кейбiр ағаларымыздың «Бiз ұлт боп қалыптаспадық» деп күйiнiп айтатын себебi бар. Көп уақыт бойы қазақты санасыздандыру, ұлттық намысынан, дәстүрлi әдебиетi мен мәдениетiнен айыру саясаты жүргiзiлдi. Өзiм бiр сөзiмде «қазақ халқына үнемi үй қоянына жасалынғандай тәжiрибе жасалумен келе жатыр» деп едiм. Интернационализмнiң өзi қазақтың мойнына жүктелiп қойылған сияқты. Ол «орысша бiлуiң керек, басқа ұлттарды сыйлауың керек» деген тәжiрибе.

Тәуелсiздiк алдық. Бөркiмiздi аспанға атып қуандық. Бәрi қалпына келедi деп ойладық. Бiрақ солай болып отыр ма? Осы күнгi жүргiзiлiп отырған саясат осылай кете берсе, мың өлiп, мың тiрiлген қазақ мың бiрiншi рет тiрiлмейдi. Жойылып кетуi мүмкiн. Қазiр бiзде не жүргiзiлмей жатыр? «Казахстан – наш общий дом» деген ұран шықты. Одан «Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады» деп шығарды. Сонда қазақтың мемлекетi қайда? Бүкiл дүниежүзiнде қандай халық тұрса, Ресейде сондай халық тұрады. Бiрақ олар «Россия только для русских» дейдi ғой үнемi. 20 жыл болды, тiлдiң жағдайы анау. Ұлттың ұлттық бейнесiн, ұлттығын сақтап қалатын – тiлi. Мысалы орыстар Ресейде орысша сөйлемесең, сенi адам екен-ау деп есептемейдi.

Кейде қазақты бөлшектеу саясаты жүргiзiлiп жатыр ма деп қорқамын. Себебi Тәуелсiздiк алғанда үш бидiң суретiн салдық. Менiңше, оның өзi дұрыс болмады. Оның ар жағында бiреулердiң жымысқы саясаты жатқан болу керек. Ұлтты бөлу бұл. Мысалы Кiшi жүздiң бiреуi: «Менiң бабам – Әйтеке», – дейдi, Орта жүздiң адамы: «Қазыбек би бiздiң бабамыз», ендi бiрi: Менiң биiм – «Ұлы жүздiң бас биi Төле би» дейдi. Сөйтiп, үнемi бiреудiң қай жүзден екенi еске салынып отырады. Тiптi, мектептегi бастауыш сынып оқулықтарында да: «Бұл жер мына жүздiң мекенi» деген сияқты карта бар. Бұл не? Бұл ұлтқа жасалып отырған зиянкестiк! Ол – бiр. Тiл туралы Дэвид Кристалл: «Бiр ұлт жойылу үшiн оған қостiлдiлiктi кiргiзсе, болды» дейдi. Ғұлама шайыр Әбубәкiр: «Тiлi екеудiң дiнi екеу» дейдi. Орыс мектебiнде оқыған балалардың ар жағында өзiн қазақпын дегенiмен оның санасында «орыс қазаққа қарағанда мәдениеттi, бiлiмдi» деген бiр ой тұрады. Мiне, көрдiңiз бе?! Қостiлдiлiк аз болғандай ендi үштiлдiлiктi тықпалап жатыр. Яки, қазақты тiл арқылы бөлшектеуде. Бұдан бөлек «нағыз қазақ», «шала қазақ», «жаңа қазақ» деп бөлетiн болды. Әсiресе, мұны орыс және орыстiлдi басылымдар iлiп әкетiп, бiздiң орыстiлдi қазақтарды әдейi сөйлетiп арандатуда. Орыс басылымдары қазақты қазақтың аузымен осылай ұрғызуды әдетке айналдырды.

Д.Ә. – Бұл саясатты телеарналардың iшiнде әсiресе КТК телеарнасы жүргiзiп отырған сияқты. «Наша KZаша» соның дәлелi емес пе?!

М.К. – Мұндай сорақылық өзге еш елде жоқ шығар. Осы бағдарламаның авторы кiм, жобасын кiм жасағанын бiлмеймiн. Бұл қазақ халқын ашық қорлау, мазақтау. Сорақысы сол, қазақтың оқыған, ғылыми дәрежесi бар жiгiтi келедi де, 40-50 қойды жинап алып, малмен сөйлесiп тұрады. Нұртас Адамбаев деген жiгiт бiздiң ата-бабамыздың жаңадан шаңырақ көтерiп, отау құрып жатқан жастарына берген батасын мазаққа айналдырады. Егер басқа бiр мемлекетте ұлтын дәл осылай қорласа, КТК сияқты телеарнаны жауып тастар едi.

Д.Ә.: – Сенiң айтып отырғаныңның бәрi қазақ халқы ұлт ретiнде жойылып кетпесе екен деген қауiп. Менiң айтайын дегенiм, бiз жалпы ұлт боп қалыптастық па, жоқ па деген мәселе. Ұлттың ұлттығы ең алдымен оның отансүйгiштiгiнен бiлiнедi. Бүкiл ұлттың әрбiр өкiлi ұлттың сөзiн сөйлейдi. Бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарады. Бiзде ұлттық бiрлiк жоқ. Содан кейiн де iштей үш жүзге бөлiнiп, тұтас бiр ұлттың мақсатын ойлаудан гөрi аты елге белгiлi азаматтар қазақтың сөзiн сөйлеп отырады да, ыңғайы келсе рудың сөзiн сөйлеп кетедi. Сонда бiз қай жағынан ұлт болып қалыптастық? Орыста да, өзбекте де ондай жоқ. Бiр қызығы, жүз деген әрi-берiден соң туыстық байланыс емес – әкiмшiлiк, аймақтық жүйе. Ендi қараңыз, кiмдер қай жүздiң адамы болса, соның барлығы туыс болып шығады. Бұл қарапайым адамдар арасында онша байқала бермейдi, ал қолында кiшкене билiгi барлар өзiнiң мақсаты үшiн руластарын, жүздестерiн, қандастарын тарта бастайды. Сөйтiп, бiр қазақты қаншаға бөлiп жiбердi. Егер бiз ұлт болып қалыптассақ, бiр қазақтың мақсаты үшiн жұмыс iстеуiмiз керек қой. Бiз, зиялы қауым, бiр қазақтың мақсаты үшiн жұмыс iстеп отырмыз ба?

М.К. – Соны айтып отырмын ғой. Бiз ұлт ретiнде қалыптасуын қалыптастық. Бiрақ Тәуелсiздiк заманында да ұлттығымыздан айрылу жалғасып отыр. Билiк басында нағыз ұлттың қамын ойлайтын ұлтжанды азаматтардың аздығынан да шығар.

Д.Ә. – Мәселе – билiктегi азаматтардың көпшiлiгi орыстiлдiлер болуында ма деймiн. Олардағы ең жаман дүние – халықтың қамынан гөрi, қалтаның қамын күйттеуi. Мысалы кiшкентай бала көшеде қымбат көлiк кетiп бара жатса, соны мiнсем дейдi. Ол да – идеология. Санаға не сiңсе, сол идеология. Ал атқамiнерлердiң көбiнiң санасында – ұрлау, қымқыру, сосын шетелге тайып тұру. М.К. – Баяғыда Мағжан Жұмабаев: «Мен жастарға сенемiн» деп айтып кеттi. «Жастар – бiздiң болашағымыз» деймiз бiз де. Алайда қазақтың ұл-қыздарында «мынау қазақтың жерi, бұл Қазақ мемлекетi. Осы жердiң иесi – бiзбiз» деген ой аз көбiнде. Олардың миына «Қазақстан тек қана қазақтың мемлекетi емес» деген сiңiп алған.

Д.Ә. – Неге осының бәрiн билiкке арта саламыз. Егер бiз ұлт болып қалыптассақ, саналы деген ұлттың зиялылары өз үйiндегi тәрбиеге неге солай қарамайды? Дәлiрегiнде, неге балаларын ұлттық санаға тәрбиелемейдi?

М.К. – Зиялылар арасында баласын ұлттық санаға тәрбиелеп отырғандары бар. Бiрақ та солардың балалары отбасында ұлттық тәрбие, ана тiлiн бiлгенмен, көшеге шыққаннан кейiн бұған сұраныс болмай тұр.

Д.Ә. – Сұраныс дегенiң дұрыс. Бiрақ баланы кiшкентайынан ұлтқа жанашыр, өзiнiң Отанын, жерiн, елiн сүйетiн етiп тәрбиелеу керек. Ең алдымен, бала ата-ана үшiн керек. Бiр өкiнiштiсi, қазiргi балалардың денi ата-анасы үшiн өмiр сүрмейдi ғой…

М.К. – Бiзде материалдық байлықты насихаттау басталып кеттi. «Ең алдымен экономика, одан кейiн рухани дүние» дейдi. Руханият жоқ жерде экономика деген болмайды. Экономиканың өзi тiршiлiктегi рухани дүниенiң бiр бөлшегi ғана. Ал бiзде бұл бiрiншi орынға қойылып отыр.

Д.Ә. – «Ораза, намаз – тоқтықта» дейдi. Егер сенiң үстiңде киiмiң жоқ, қарның аш болса, ел, мемлекет туралы ойлай аласың ба? Маркстiң «Сананы тұрмыс билейдi» дегенi бар емес пе? Кейде мен базардағы қарапайым адамдармен сөйлесемiн. Балаларын қазақшаға бередi. Бiрақ байқасам, күнделiктi күнкөрiспен әңгiмелерi шектелiп қалған. Оларға қазағым, ұлтым деген мәселе жәй ғана сөз. Оны ойлауға мұршасы да жоқ. Күнделiктi телеарналардың өзi қорлау-зорлау, ұрлық-қарлықты насихаттайды. Жұрт осыларды миға сiңiрiп келедi.

М.К. – Айтпаңыз, жаңалық тыңдайын десең, «бәлен жерде төрт жасар қызды зорлап кетiптi», «әке-шешесiн өлтiрiп кетiптi» дегендi естисiң үнемi. Бұл бiздiң iшiмiзге кiрген бүлдiргi әрекет пе деп қорқамын.

Д.Ә. – Бұл қауiптен мен де қорқамын. 1949 жылы АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы болған Аллен Даллестiң КСРО туралы «Бұл елдi қарумен жеңе алмаймыз, бұларды рухани тоздырамыз» дегенi бар. Мiне, рухани азғындатудың идеологиясы! Қарасаңыз, бiзде тiптi таза өнер де қалған жоқ. Өкiнiштiсi сол, шетелге шақырту алса, алдымен эстрада әншiлерiн апарады. Дәстүрлi өнерiмiз қайда қалды?

М.К. – Елбасының бiр кеңесшiсi әр сөзiнде: «Бiз еуропаланған халықпыз» деп айтады. Өздерi ашықтан-ашық Еуропаның жолымен, стандартымен жүремiз деп отыр.

Д.Ә. – Еуропада деградация кезеңi отбасылық тәрбиеден басталған. Әйелге бүкiл еркiндiктi бердi. Әйелдiң табиғат берген өз орны бар. Олар әйелдiң орнын ауыс­тырып жiбердi. Бiзде де солай болып кеттi.

М.К. – Қазақтың әжептәуiр азамат­та­рының айтатыны – Еуропа мәдениетi. Мысалы мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың мақаласын оқысам, «Еуропа сияқты қазақ та көпмәдениеттiлiктi қабылдау керек» дептi. Бiле бiлсек, Еуропаның өзi бұдан зардап шегуде. Әйелдерi бала туудан және еркектi сыйлаудан қалған. Соны бiлген Германия, Франция, т.б. мемлекеттер қазiр көпмәдениеттiлiкке басқаша қарауда. Ендi оны Қазақстанға насихаттаушылар шығып жатыр. Бiзге қазiр «азаматтық қоғам», «ана құқығын қорғау», «бала құқығын қорғау» дегендер келдi. Арнайы форумдар өткiзедi. Тiптi айтуға да ұят, азаматтық қоғам бойын­ша, үйiне қонбаған әйелi таңата келiп күйеуiне: «Кеше мен ана жiгiтiммен кездесiп келдiм» десе, әйелiңдi ұруға құқың жоқ екен. Мұның бәрi азғындату үшiн жасалуда.

Д.Ә. – Отанды құрту отбасын құртудан басталады ғой.

М.К. – Дұрыс айтасың. Бiрақ бұл – бiр мәселе. Ендi бiр мезет дiн туралы ойлап көрейiкшi. Ұлтты жоюдың тағы бiр жолы – дiндi бөлшектеу. Мәселен Қазақстанның өзiнде дiни ағымдар көп. Ұлттың бiр зиялы азаматтары «Тәңiр дiнiн таңдайық» дейдi. Тәңiр дiнi деген дiн жоқ. Оның түскен кiтабы болу керек. Тәңiр – Құдай деген сөздiң синонимi. Шаманизм де дiн емес. Жақында телеарнадан Құранның ортасын ойып, iшiне тас салып қойған көрiнiстi көрсеттi. Ақтөбеде арақтың қақпағынан «Алла» деген жазу шықты. Ата-бабасының ұстанған дiнiн қорлау Қазақстаннан басқа қайда бар? Жоғарыдағылар не қарап отыр? Айта берсек, сөз көп. Осыдан екi-үш жыл бұрын «қазақстандық ұлт» дегендi шығарды. Бұл нағыз сорақылық. Ұлтты жасау – Алланың ғана қолынан келедi. Оған тойтарыс берген болып едi. Бiрақ сол доктрина қазiр де жәймен жүрiп жатқан сияқты. Телеарна сұхбат жүргiзсе: «Сен тәңiршiл қазақсың ба, мұсылман қазақсың ба?» деп сұрақ қояды. Ұлтты бөлшектеу осы. Бiз унитарлы мемлекетпiз. Халықаралық қауымдастыққа шағым түсiруiмiзге болады.

Д.Ә. – Оған халқың, ұлтың дайын емес қой. Қазақ тiлiн бiлетiн қазақ үшiн жұмыс iстеп жүрген мына бiз руымыздың, жүзiмiздiң сөзiн сөйлеймiз ғой.

М.К. – Жүздi, руды еске салуды да негiзiнен қолында билiгi барлар жасап жатыр. Кезiнде қазақтың бiр ханы балаларына: «Қазақтардың арасындағы дау-дамай, жанжалды түбiне дейiн шешпеңдер» деп өсиет айтыпты. Осыны бiреулер пайдаланып отыр ма деймiн. Өйткенi халықтың басы бiрiксе соларға қауiп төнедi.

Д.Ә. – Өзiмiздi Өзбекстанмен салыс­тыр­сақ, екi елдiң жағдайы мүлдем бөлек. Оларда тiл жағынан проблема жоқ. Хрущев кезiнде патшалық Ресей екi ғасырда iстей алмаған дүниенi екi-ақ жылда iстедi. Бiздiң елiмiзге орыстарды қоныстандырды. 700-ден астам мектеп жабылып қалды. Мұндай Өзбекстанда болған жоқ қой.

М.К. – Қазiр өз сөзiңе өзiң қарсы келiп отырсың. Иә, Өзбекстанда бұл жағдай болған жоқ. Не себептi? Сол кезде Өзбекстанның басында өзбек ұлтына жаны ашитын, жазушы Шараф Рашидов отырды.

Д.Ә. – Ол халқына сендi. Халықтың 80-90 пайызы өзбектер болды. Мұндай тығыз жерге басқа бiреу басын сұға алмайды. Алақандай жерде 30 млн. халық отыр. Ал бiзде кең байтақ жерiмiзде 16 млн. ғана халық бар…

М.К. – Оның 70 пайызы қазақтар. Сонда тiлiмiздi құрметтемейтiндей бiзге не көрiндi? Д.Ә. – Бәрi бiр күнде болмайды ғой.

М.К. – Неге бiр күнде болмайды? Малайзия тәуелсiздiгiн алғанда малай деген халық 35-37 пайыз ғана болатын. Солай болса да малай т iлiн – мемлекеттiк тiл деп жариялап, бүкiл iс-қағаздарын малай тiлiнде жүргiздi.

Д.Ә. – Малайдың бiр жағында Ресей сияқты аю, екiншi жағында Қытай сияқты айдаһар отырған жоқ…

М.К. – Неге? Малай ұлты да пәленбай жыл отар болып келдi. Әрине, ол жақта да 60 пайыздан астам басқа ұлттар көтерiлiс ұйымдастырып едi, тыңдаған жоқ.

Д.Ә. – Қазiр Ислам Кәрiмов қай жағынан да өзiне сенiмдi сияқты. Неге? Өйткенi жерiне, халқының санына сүйенiп отыр. Ал бiз қай жағынан күшейе аламыз?

М.К. – Бiзде 700-ден астам қазақ мектептерi жабылып жатқан кезде Өзбекстаннан көшiп келгендер: «Сендерде 700-ден астам қазақ мектептерi жабылып жатса, бiзде Қарақалпақстанды қоса есептегенде 700-ден астам қазақ мектебi болды» дедi.

Д.Ә. – Менiң сөзiмдi бiреу ұнатар, бiреу ұнатпас, Өзбекстанда қазақ мектептерiнiң жабылып жатқанына өз басым басқаша қараймын. Әр мемлекет өз саясатын жасауы керек. М.К. – Тағы да айтамын, Қазақстанда 70 пайыз қазақ тұрады. Бiз неден қорқамыз? Елiмiзде тұратын өзбектер, ұйғырлар, татарлар, әзiрбайжандар қазақша сөйлейдi. Бiз қалған 15-20 пайыз басқалардан қорқамыз ба? Екiншiден, орыс тiлi қазақ тiлiмен қатар қолданылатын ресми тiл болатындай, өзбек тiлiнен, басқа тiлден артық па?

Д.Ә. – Бiз дәл осылай iстесек, орыс­тар екiншi жақтан қаншама арандату жұмыстарын жүргiзбесiне кiм кепiл. Солтүстiк аймақтарда тұтасқан орыстар отыр. Бiз не нәрседен бiр-ақ күнде нәтиже шығарғымыз келедi. Қазақтандыруды бiртiндеп жүргiзiлгенiн дұрыс көрем.

М.К. – Бiртiндеп болғанда, осыдан 21 жыл бұрын туған бала ендi қашан қазақша үйренедi? Сол кезде айттық, үш-төрт жыл өтсiн, бiрден iстеуге болмайды дедiк. Он жыл өттi, жиырма бiр жыл өттi. Неден қорқамыз? Бiздiң портфель ұстағандардың солқылдақтығы бұл. Себебi олардың көбi орысша оқығандар. Жасыратыны жоқ, олардың көбi кешегi коммунистердiң балалары. Қалай дегенмен, құлдық психология қалып қойған.

Д.Ә. – Қазiр балаларымызды шетелге оқуға жiберiп отырмыз. Бұған қалай қарайсың? «Болашақ» бағдарламасымен 3 мыңдай жасты шет елдерге жiберемiз дедiк кезiнде. Олар отаншыл болып орала ма? Алған бiлiмiн халықтың, мемлекеттiң пайдасына асыра ма?

М.К. – Шетелде оқып келiп, керемет қайраткер болып жүргендердi өз басым көргем жоқ. Олар шетелде оқып қана қоймай, сол елдiң идеологиясын, салт-дәстүрiн миына сiңiредi. Ол түгiлi, елiмiздегi орыс мектептерiнде оқитын балалардың санасында жартылай орыстық сана болады. Ал «Наша KZашада» «Мен қазақпын. Мен Окс­форд­та оқып келген емес, өзiмiзде оқыған маманды жұмысқа аламын» деп мазақ етiп тұр. Обалы не керек, ғалымдарымыз «шетелдiң университеттерiнiң бiзден техникасы ғана артық. Әйтпесе, оқу-бiлiм жағынан асып бара жатқан ештеңесi жоқ» дейдi.

Д.Ә. – Бұл жағынан келiсемiн. Германияда пәленбай жыл тұрып келген азамат: бiздiң мектептегi алгебра мен геометрияның қарапайым теоремасын сол жақтағы арнаулы мектептердiң өзi дұрыс бiлмейдi деген едi.

М.К. – Ал әнебiр жылы Америкада мектеп бiтiргендердiң бiразы өзiнiң аты-жөнiн дұрыс жаза алмайды деген ақпаратты естiдiм. Гарвард, Кембридж, Окс­форд университеттерi шетелдегi мықты ғалымдарды ақшамен шақырып алып, бiлiм беретiнi рас. Ал өздерiнiң бiлiмi бiзден артық болмас.

Д.Ә. – Елбасы мұны түсiнiп, уни­вер­си­те­тiн, зияткерлiк мектебiн ашты. Онда болдым. Балалары өте бiлiмдi. Сол мектепке шенеунiктер де балаларын берiп жатыр. Менiңше, бұл жақсылықтың басы.

М.К. – Иншалла, солай болғай. Бiрақ елiмiзде әлi де орыстiлдi, аралас мектептер көп. Бiздiң телеарналардың көбiн Ресей сатып алған. Телеарна – ХХI ғасырдың ең күштi, ең қауiптi қаруы. Бiрден миға әсер етедi. Екi тiлде сөйлейтiн адамдардың ұлтжандылығының қандай деңгейде екендiгiне бiр-ақ мысал келтiрейiн. Елдiң байлығын жеп, банкiнi тонап, шетелге қашып кеткен 1600 адамның барлығы дерлiк орысша оқығандар.

Д.Ә. – Демек, адам қай тiлде оқыса, сол елдiң адамы ғой. Қазақ зиялы отбасыларында: «Орыс мектебiнде бiлiм жоғары, қазақ мектебiнде төмен» деген түсiнiк бар. Бiрақ мемлекеттiң басында жүргендердiң арасында қазақша оқыған мықтылар да көп.

М.К. – Көбi ауылдан шыққан. Кейбiреулер: «Қазақстанды мемлекет қылатын орыстiлдiлер» дейдi. Ал қазақ мектебiнде бiлiм нашар деген бос сөз. Қазақ мектебiндегi балалардың тәрбиесi жақсы. Иманды.

Д.Ә. – Жапония мемлекетi керемет дамыды. Оларға жөн көрсеткен ешкiм жоқ. Мектептерiн өздерiнiң әдiсiмен оқытады. Баяғыда Смағұл Сәдуақасов: «Бiз балаларды Жапонияның тәсiлiмен оқытуымыз керек» дептi. Жапондар баласы 10-12 жасқа келгенше негiзiнен өз тiлiнде тәрбиелейдi дейдi. Бiздiң балабақшаларда ағылшын тiлiн оқытып жатыр. Баланың тiлi қай тiлде шықса, ойласа, сол негiз болады екен. Қай елде моноұлтты халық болса, сол жерде даму бар. Екiншiден, сырттан «сен олай iсте, былай iсте» деген ақылдан ада елдерде де солай… М.К. – Бiзде ұлттық деген сөздi бұрмалап жүр. Бұрын Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрi дейтiн едi, қазiр Құрманғазы атындағы халық аспаптары деп өзгертiп жiберiптi. Д.Ә. – Әңгiмемiздi қорытындыласақ. Ұлт боп қалыптасу үшiн не iстеуiмiз керек? Қалыптастық па, әлде жинала алмай отырмыз ба? Ұлттық сана, ұлттық бiрлiк кемшiн кеттi ғой…

М.К. – Адамның құлмiнезiнiң белгiсi – өзiнiң елiн, жерiн пәленбай жыл отарлаған ұлттың тiлiнде сөйлеу. ХХ ғасырға дейiн ұлт болып келдiк. Одан кейiн ұлттығымыздан айыра бастаған қай мемлекет? Ол Қытай да, Жоңғар да емес, ол – көршiлес Ресей мемлекетi. Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын тойлады. Бiрақ «Ресейден азаттық алдық» дегендi айтпайды ешкiм. Д.Ә. – Осы айтылып отырған ойдың көбiн Алаш зиялылары айтып кеттi. Олар сол үшiн күрестi. Бiрақ сол кездiң өзiнде де рушылдық, жүзшiлдiк болды ғой. Рысқұловщина, Сейфуллинщина, Сәдуақасщина деп бөлiп, оны Голощекин да керемет пайдаланды емес пе?!

М.К. – Патшалық Ресейдiң де, КСРО-ның да саясатын былай қоя тұрайық, менi қинайтыны – 21 жыл iшiнде ұлттық идеологияны, қазақ ұлтын қалпына келтiрейiк деген жүйелi сөз айтылмай келедi. Жан-Жак Руссоның: «Орыс халқы ешқашан өркениеттi, алдыңғы қатарлы озық ел болмайды. Себебi Петр I-дiң iстеген жақсы iстерi көп, бiрақ ол Ресей мемлекетiн құрған кезде орыс халқын қалпына келтiрудiң орнына, ағылшынды, немiстi орысқа тықпалады», – дептi. Сол сияқты жағдай бiзде де болды. Ұлттық идеология жасалмағаннан кейiн алдағы уақытта не болатынын бiлмеймiн. Мына саясатпен қазақ ұлтын қалпына келтiре алуымыз қиындау болар. Д.Ә. – Демек, ұлттық идеология болу керек. Оған зиялы қауым, өзiмiз баскөз болуымыз керек. Әрқайсымыз өз орнымызда осы мақсатта жұмыс iстеуiмiз қажет. Сосын бiзде патриотизм жоқтың қасы. Әрбiр саналы қазақтың азаматы қазақтық биiктен қарау керек. Қазақтың «Бөрiнi көргенде ауыл итi бiрiгiп кетедi» деген әдемi сөзi бар. Бiз де осы бiрлiк, тұтастық, ынтымақ жағына баса көңiл аударуымыз керек. Әңгiмеңе рахмет, Мырзан!

Әңгiменi жазып алған

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Back to top button