ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТЫН ҚҰПТАЙМЫЗ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТЫН ҚҰПТАЙМЫЗ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТЫН ҚҰПТАЙМЫЗ
ашық дереккөзі
214

Әлемдiк нарыққа көмiрсутегi тасымалдауда тұтынушылық сұраныс көлемi Америкада жоғары. Батыста одан қалыспайды, әрине. Мұнай мен газ жолындағы күресте кейде бiр-бiрiне қайшы келетiн мүдделер қақтығысы «қара алтын» мен «көгiлдiр отынға» бай Қазақстанға сырт пiкiрдiң ықпалы қандай? Орталықазиялық аймақтағы бәсекеде бiздiң елдiң ұтары не? Экономиканы және көмiрсутегi тасымалы жолдарын дербестендiруге АҚШ қандай көмек бере алады? Осы және басқа да сауалдарға АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Кеннет Фейрфакс мырза жауап бередi.

– Фейрфакс мырза, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обаманың Сеулдегі Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит барысында кездесуі мүмкін. Ресми жүздесу барысында қандай мәселелер талқыланбақ?

– Дәл қазір мұны ресми түрде растай алмаймын.

– Қазақстан қазір энергетикалық қорды тасымалдау жолдарын дербес­тендіруге күш салуда. Мұнай мен газды әсіресе Ресейдің ықпалынан тыс жолдар арқылы жеткізуді көздейді. Көмірсутегілерді тасымалдау мәселесінде Қазақстан мен АҚШ арасында қандай жоба, жоспар бар?

– Америка Құрама Штаттары Қазақ­станның энергетика саласындағы дамуға нарықтық тұрғыдан қараған ұстанымын толық қолдайды, біздің ойымызша бұл ұстаным Қазақстан мен оның халқына ұзақ мерзімдік табыс әкеледі және Қазақстанды күшті әрі сенімді энергетикалық әріптес деңгейіне көтереді. Энергетикалық дамуға нарықтық көзқараспен қараудың бір амалы – тасымал жолдары мен нарықтарды әртараптандыру екені рас. Бұл Қазақстанның халықаралық энергетика нарығындағы бәсекеге қабілетін арттырып қана қоймай, энергияны өндіретін және тұтынатын мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге жәрдемдеседі.

Қазақстанның көмірсутегін тасымалдау жолдарын әртараптандыру ісіне көмектесу мақсатында АҚШ-тың Сауда және даму жөніндегі агенттігі (USTDA) теңіз саудасының көлемін арттыру және айлақтан жедел жөнелтуді қамтамасыз ету арқылы кемелерді тексеруден өткізу уақытын қысқарту, сөйтіп теңіз саудасы барысында кететін шығынды азайтып, оның тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан компанияларына теңіз саудасы бойынша заңдық және техникалық көмек көрсетті. АҚШ-тың Сауда және даму жөніндегі агенттігі, сондай-ақ, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі кеме қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында теңіздегі үйлестіруге, қауіпсіздік және кеме қозғалысын басқару ықтималдығын зерттеуге қаржылай көмек көрсетті. Бұл жобалар Қазақстан Каспий тасымалдау жүйесінің Транскаспий жобасына қолдау көрсетуді мақсат тұтады. – Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің Кеден­дік Одағы Америка мен Қазақ­стан арасындағы екіжақты саяси, эконо­микалық т.б. қарым-қатынасқа қалай әсер етуде?

– АҚШ Қазақстанның көрші елдермен экономикалық интеграциясын табиғи әрі көреген шешім деп бағалайды. Сондықтан Ресей, Қазақстан және Беларусь елдері құрған Кеден одағы мен Еуразия Экономикалық аймағы біздің екіжақты саяси қарым-қаты­насымызға ешқандай кері әсер еткен жоқ. Кеден одағындағы тарифтердің жоғарылауы АҚШ-тың кейбір өнімдерінің саудасына әсер етті, әдетте компаниялардың Кеден одағы сияқты ұйымдардың құрылуы немесе басқа да экономикалық өзгерістерге бейімделуі біраз уақытты алады. Уақыт өте келе Қазақ­стан инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Кеден одағына және басқа да аймақтық экономикалық ұйымдарға кіру бастамасының сәтті болғанын түсінеді деп үміттенеміз.

Көршілермен жақсы қарым-қатынас өте маңызды екені белгілі, дегенмен 2020 жылға қарай әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіру мақсатына жету үшін Қазақстан сауда және инвестиция мәселелеріне «жабық» түрде емес, «ашық­тық» тұрғысынан қарауды жалғасыра беруі қажет деп санаймыз. Бір жақсысы – бір мезетте көршілермен жақсы қарым-қатынас ұстап, ашық экономика саясатын жүргізуге әбден болады. Мәселен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі оған деген халықаралық қызығушылықты арттыра түспек. Бұған қоса Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының негізгі принциптерін ерікті түрде орындау шешімі Қазақстан экономикасының болашағына үлес қосып қана қоймай, АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық байланысты арттыра түседі.

– Бүгінде Еуропалық Одақ, АҚШ, Қытай мен Ресей секілді алпауыттардың КСРО құрамында болған мемлекеттерге, әсіресе табиғи ресурстарға бай Орталық Азия елдеріне үстемдік жүргізуді қалайтыны белгілі. Әркімнің көздеген мүддесі, діттеген мақсаты бар. Мұндай саяси күрес орталықазиялықтармен берік ынтымақтастық орнатуда кері әсер етпей ме?

– Сұрақтың артында тұрған тұспалмен келіспеймін. Сұрақта Қазақстан Қытаймен немесе Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатса, онда АҚШ-пен тығыз байланыста бола алмай қалады деген тұжырым айтылып тұрған сияқты. Халықаралық қатынастар – экономистер айтатындай «нөлдік есеппен жеңу не жеңілу ойыны емес». Басқаша айтсақ, Қазақстан бір мезгілде АҚШ-пен де, Қытаймен де, Ресеймен де және басқа кез келген елмен тығыз қарым-қатынас орната алады. Америка Құрама Штаттары Қазақстанның көпвекторлы саясат дипломатиясына құрметпен қарайды және оны жақсы түсінеді. АҚШ Қазақстанмен, Еуроодақпен, Қытаймен, Ресеймен және басқа да мемлекеттермен көптеген мәселелер бойынша ынтымақтастық орнатқан. Ауған­стан – соның жарқын мысалы. Көрші елдермен бірге Қазақстан біздің ондағы шараларымызға қолғабыс тигізіп келеді. Қазақстан сияқты елдердің стратегиялық әріптестігі – АҚШ-тың Ауғанстанда қолға алып жатқан шаралары үшін өмірлік маңызы бар көмек. Таяу болашақта АҚШ Қазақстанмен және оның көршілерімен түрлі мәселелер бойынша әріптестікті жалғастыра береді деп сенеміз.

– Әзірбайжан мен Түркияның жаңа жоба – TANAP (Trans-Anatolia Gaz Pipeline) газ құбырын жүзеге асыруға шешім қабылдады. Бұл шешім АҚШ пен Еуропалық Одақтың ортақ жобасы – NABUCCO газ құбырының жүзеге асырылуына кедергі болмай ма?

– Дәл қазір бұл сұраққа беретін нақты жауабым жоқ. Бар айтарым – кез келген жоба тиімді болуы үшін ол коммерциялық тұрғыдан орынды болуы керек. Бұл дегеніміз – бәсекеге қабілетті баға негізінде энергия өндірушілер мен тұтынушылардың мүддесіне қызмет етіп, оларға қолжетімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуі қажет. Энергия өндіруші және тасымалдаушы компаниялардың үнемі өзгеріп отыратын энергия нарығының динамикасына бейімделе алатынына аздаған сенімім бар.

– 1993 жылдан бері америкалық қалталылардан Қазақстан экономикасына инвестиция ретінде тартылған қаражат көлемі 15 млрд. доллардан асқан. Бүгінде Қазақстандағы мұнай мен газ, яғни кен орындарынан басқа салаларға инвестиция салуға америкалықтар мүдделі ме? Олар үшін қай сала тартымды саналады?

– Көп жағдайда Америка жекеменшік секторының Қазақстанға салған инвестициясы Қазақстан экономикасының 20 жылдық дамуының айнасы бола алады. Табиғи ресурстар, әсіресе энергия ресурстары Қазақстанның экономикалық дамуына үлес қосып, ел экономикасының ауқымды бөлігін құрап отырғаны тәрізді Американың инвестициясы да энергетика секторына жаппай шоғырланды. Уақыт өте келе ол инвестицияның бағыты өзгеріп, аймақтардағы қызмет көрсету компанияларына, басқа да энергетикамен байланысы бар мекемелерге ойыса бастады. Алға жылжыған сайын Американың компаниялары ауыл шаруашылығынан бастап автокөлік өнер­кәсібі саласына дейінгі түрлі салаларды байқап көре бастады. Елде инвестициялық климатты жақсарту үшін реформалар жүріп жатқандықтан, Қазақстанның жалпы экономикасы да, соның әсерінен АҚШ компанияларының мұндағы бизнесі де әртараптандырылады деп үміттенеміз.

Көптеген трансұлттық корпорациялар, соның ішінде америкалық фирмалар, Қазақ­станға инвестиция салуға мүдделі. Бұлардың көпшілігі үкіметтің тартымды инвестициялық климат қалыптастыру шараларына ілесіп қана қоймай, жоғарыдағы басшыларға шынайы көзқарастарын жеткізу арқылы көмектесіп отыр. АҚШ үкіметі де экономикалық өсімді ұлғайту және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру жолында Қазақстан үкіметімен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр. Бұл шаралар логистика, табиғатты қорғау, салық ережелері, ДСҰ-ға кіру және басқа да мәселелерді қамтиды. Қазақстан экономикасында оның ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретін салалар жетіп-артылады, атап айтсақ, агробизнес, көмір өндірісі, электр энергиясын өндіру, құрылыс саласы. Инвестициялық климатты жақсартуға бағыт­талған реформалар жүзеге асқан сайын АҚШ-тың жекеменшік инвесторлары да, сондай-ақ Қазақстанның және басқа елдердің инвесторлары мұндағы жұмыс ауқымын арттыра беретініне шүбәм жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары