«ӨЗ ҮЙІМ – ӨЛЕҢ ТӨСЕГІМ»

«ӨЗ ҮЙІМ – ӨЛЕҢ ТӨСЕГІМ»

«ӨЗ ҮЙІМ – ӨЛЕҢ ТӨСЕГІМ»
ашық дереккөзі
419

Президенттің пәрменіне сәйкес, Үкімет қаражаты аздардың қалтасы көтеретін арзан үй салуды жалғастыра береді. Бұл еліміздегі баспанасыз жүргендер санын азайтуға сеп.

ҚР Президентінің қаңтардағы халыққа Жолдауында еліміздегі әлеуметтік ахуалы төмен немесе орташа азаматтарға арнап қаражаттық тұрғыда тиімді баспана салу және 2012 жылдың 1 шілдесіне дейін арнайы бағдарлама қабылдау туралы Үкіметке нұсқау берген болатын. Өткен апта соңындағы үкіметтік отырыста Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин Үкімет мүшелеріне қолжетімді тұрғын үйдің жаңа бағдарламасын ұсынды. Құжатты таныстыру барысында: «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасын әзірлеу және 1 шілдеге дейін оны қабылдау тапсырылды. Осы тапсырманы орындау үшін агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп тұрғын үй құрылысының негізгі бағыттарын анықтады. Қаржы ресурстарына қажеттіліктің есебін жүргізіп, 2020 жылға дейінгі құрылыстың болжанған көлемін есептеді» деп мәлімдеген Нокин мырза аталған бағдарламаның жобасында тұрғын үй құрылысының алты бағыты бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылып отырғанын көлденең тартты. Мәселен, бірінші бағыт бойынша жергілікті атқару органдарының тұрғын үй салуы, оны «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы сатуы қамтамасыз етілсе, екінші бағытта баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін жалға берілетін тұрғынүй салу, ал үшінші бағытта жеке тұрғынүй құрылысы қарастырылған.

Сонымен қатар инженерлік-коммуни­ка­циялық инфрақұрылымдарды тарту – төртінші бағыт болса, бесіншісінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жас отбасылар үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғынүй салу мүмкіндігі бар. «СамұрықҚазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның жалға берілетін тұрғын үйлерінің құрылыстары алтыншы бағыт болып табылады. Агенттіктің жос­­парына сүйенсек, «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» жаңа бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысы бағытында жыл сайын 3 млн. шаршы метрден астам тұрғынүй салу жоспарланып отырған көрінеді. Бұл орайда «Жаңа бағдарламада жеке тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылыстары қамтылып отыр» деген Нокин былтыр Қазақстандағы жеке тұрғынүй құрылысының үлесі жалпы құрылыс көлемінің 55 пайызына тең болғанын айтты. Биыл да осы қарқыннан танбас үшін отандық инженерлік желілердің құрылыстарын қаржыландыруды арттыру қажет екен: «Республикалық бюджеттік комиссиямен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қаржыландыруды 11 млрд. теңгеге арттыру ұсынысы қолдау тапты. Осы арқылы инфрақұрылымды қаржыландыру 51 млрд. теңгеге дейін жеткізілмек». Осының нәтижесінде 2013 жылдан бастап жыл сайынғы қаржыландыру 60 млрд. теңгеден кем түспейді. Негізі 2012-2020 жылдар аралығында инженерлік инфрақұрылымдарға қажет қаражат көлемі 531 млрд. теңгеге жуық. «Есесіне, бағдарлама аяқталған кезде 29 млн. шаршыметр жеке тұрғынүй салынатын болады. Атап айтқанда жыл сайын 3,2 млн. шаршы метрлік баспана бой көтереді» (С. Нокин).

«Қолжетімді тұрғынүй – 2020» жаңа бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2014 жылдан бастап жыл сайын 35 млрд. теңгеден қаржы бөлу қарастырылған. Бағдарламаның бірінші бағытында жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй салып, оны «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы сатады. Бұл тәсіл 2011 жылдан бері іске асырылып жатыр. Онда жергілікті атқарушы орган республикалық бюджеттің несиелері арқылы тұрғынүй құрылысын ұйымдастырады. Бұдан кейін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» еліміздегі салымшылар тізімін қалыптастырып, әкімдік салған үйлерді алуға ниет білдірген салымшыларды несиелендіреді. Банк салымшылары жергілікті атқарушы органмен алып-сату туралы келісімді бекітеді. Осыдан кейін аталған банк салымшы акті бойынша пәтерді алғаннан кейін қаржыны жергілікті атқарушы органына аударады. Алынған несиені жергілікті атқарушы орган республикалық бюджеттен жабады.

«Алғашқы жылға жасалған талдауға тоқталсақ, аталған тұрғын үй халық арасында үлкен сұранысқа ие болды. Егер де, 2011 жылдың басында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде» 17 мың салымшы болса, ал бүгінде тұрғын үй алуға ниет білдірген осындай салымшылар 86 мыңға жетті» деп мәлімдеген С.Нокин тұрғынүй құрылысының қазіргі кездегі бағдарламасында жылына 2,5 мың пәтер салуға көзделген 80,8 млрд. теңге қарастырылып отырғанын жеткізді: «Құрылыс деңгейін жылына 4 мың пәтерге дейін жеткізу үшін жаңа бағдарламада қаржыландыруды арттыру көзделіп отыр». Агенттік басшысының хабарлауынша, 2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін бұл бағытты қаржыландыру жыл сайын 35 млрд. теңгеге жуықтамақ. Аталған бағдарламаны талқылау барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкіметтің «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасын үстіміздегі жылдың сәуірінде қабылдауды жоспарлап отырғанын айта келе, Серік Ахметовке: «Сізге бағдарламаның жетекшісі ретінде бүгінгі талқылаудағы пікірлерді ескере отырып, наурыздың ішінде осы мәселеге арналған экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырыс ын өткізуді тапсырамын», – деді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары