«АСТАНА» ЖУРНАЛЫ.
«АСТАНА» ЖУРНАЛЫ.
Тұрақты оқырман журналдың алғашқы бетінен-ақ биылғы беташар нөмірдің қалыбы бөлек, пішіні басқа екендігін бірден байқайды. Жаңарған елге сай жаңа басылым болмаққа ұмтылған журналдағы алғашқы мақала «Болашақ мектебіндегі бір күн» – «Smart Astana» жобасының жай-жапсарын түсіндіруге арналып отыр.
Журналдың басты жаңалығы – «А-клуб» жобасы. Жоба аясында етекбасты ескіліктен құтылып, жаңаша ойлауға үндейтін клуб мүшелері – өнер иелері Болат Мажағұлов пен Лейла Ахмет Османның, экономист Сұңғат Есімханның, ғалым Әбдіуақап Қараның сұхбат-пікірлері жарияланды.
Генетикалық зерттеулер арқылы анықталған Әбілқайыр ханның сүйегі, Хазірет Сұлтан мешітінің сәулет ерекшелігі, осы төңіректегі тағы басқа тақырыптарға «екі қарас – бір таласты» журнал ішіндегі журнал «ТаңдауKZ» блогынан оқи аласыздар.
«Қазақстанда дағдарыс жоқ, болса, ақыл-ес, ұят дағдарысы ғана..» . Дағдарыста да даңғазалығын қоймаған қоғам турасында Әсия Бағдәулетқызының «Қазақ тойы. Дағдарыс жоқ!» атты мақаласының айтар ойы осы.
«Хостелсіз Астана» мақаласында елордада шағын бюджетті қонақ үйлердің жоқтығы сөз болса, «Жеті нотаның жанжалы» қазақ эстрадасындағы «жиендікке» етіміз өліп бара жатқанын сынға алады. Рахымжан Отарбаевтың «Аяқталмаған хикая» әңгімесі де боямасыз болмыстың қарапайым шындығын көркем суреттеуімен құнды.
Ал эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың «Айдың таса беті» деректі жобасы аясында, архивтік құжаттар негізінде жарияланған «Үзілген үзеңгі» мақала-зерттеуінде Амангелді Имановтың құпия қазасы өзгеше қырынан зерттелген. Тоқсан жыл тұмшаланған шындықтың ашылуына жасалған алғашқы талпыныс іспетті дүние оқырманға тың дерек, тосын болжамдар ұсынады.
«Жәдігернама» айдары биыл мерейлі 100 жасқа толған жазушы Зейін Шашкиннің өмірхаяты мен соңында қалған мұрасына арналып отыр.
«АСТАНА» ЖУРНАЛЫ. № 2. 2012 ЖЫЛ
«Smart Astana» жобасы туралы арнаулы блоктың алғашқы көтерген тақырыбы – қаланы тегіс қамтитын Wi-Fi Интернет желісі. «Таза қолдар» айдарымен «Нұр Отан» ХДП-ның Астана қалалық филиалындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Дәулеткерей Рахматуллинмен сұхбат беріліп отыр.
Журналдың биылғы жаңалығы – креативті, озық жандарды біріктіретін «А-клуб» жобасы аясында әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы, полиция подполковнигі Серік Нұрғалиев, ақын, режиссер Бақыт Қайырбеков, иммунолог-ғалым Кен Әлібек оқшау ойларын ортаға салған.
«Альтернатива KZ» атты журнал ішіндегі журналда блогер Тимур Жансұлтанов «Астана адамзат тарихындағы құпия қоғам саналатын масондар қаласы ма?» деген сұраққа жауап іздейді. Ал биыл 100-ге келетін әйгілі ғалым Лев Гумилевтің әбден саясаттың қолжаулығына айналып кеткен еңбектерінде «еуразиялық идея» айқын көріне ме? Ол жөнінде «Лев Евразийский?» мақаласында қаузалады.
«Маргиналдар немесе «төртінші жүз», қазақшадан жұрдай «Шалақазақ», қазақшаға судай «Тазақазақ» ….. Олардың ой-өресімен, өмір мақсатымен «На грани» айдарынан таныса аласыздар.
«Криобанк» мақаласының көтерген мәселесі – репродуктологиялық технологиядағы ескерілмей жатқан елдік, ұлттық мүдде. Экрандағы елес өмірге неге елітеміз? Бұл – «Телесериал не судьба твоя…» мақаласы көтеріп отырған тақырып. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековке өз ғұмырының ғажайып сәттері, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тұлғалары жайлы ақтарыла шерткен сыры «Курсив мой» рубрикасымен беріліп отыр.