БИСЕР ӘЛЕМІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

БИСЕР ӘЛЕМІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

БИСЕР ӘЛЕМІНІҢ ҚҰПИЯСЫ
ашық дереккөзі

Бисер – өте майда дөңгелек, қырлы, төрт бұрышты, ұзынды-қысқалы моншақтар. Бисер әлемі – сенің өзің, ішкі жан дүниең, қоршаған ортаң. Оның шашыраңқы сәулеленіп жұлдыздай әрі алтындай күн, қызыл пла­нетадай, көгілдір аспандай болатыны айдан анық. Ол – раушан гүліндегі бір тамшы. Ал қармақ бауы – моншаққа толы ағынды өзен емес пе? Қармақ бауына жеткен адам өзінің де, өзгенің де өмірін айшықтап бере алады. Ұсақ моншақтардан әшекей бұйымдарды, басқа да көптеген заттарды қолдан жасап шығару өнері – ғажайып өнер. Бисер қолөнері – ең қызықты, әрі жұмбақ және көпқырлы әрі сан ғасырлы дәстүр. Шығармашылықтың бұл түріне қызығушылық бірде жоғалып, бірде қайта жанданып отырды. Сөйтіп ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бисер өте танымал болып үлгерді. Бұл ерекше сәулелі моншақ ХХ ғасырдың ортасында мүлдем жоғалып кеткендей болған. Алайда 70 жылдардан бастап бисер өнері қайта жандана түсті. Ал ХХ ғасырдаң 90 жылдары бисер – танымал әрі сүйікті де сүйкімді қолөнері болып халыққа жетті. Жалпы, бүгінгі таңда көптеген ел үшін бисердің маңыздылығы сонша, ол өмір мәні, сәні, әні болып табылады екен.

Өмірде әрбір әйел затында бисерден жасалған әшекей бұйымдар болуы керек. Әлемде бұл заттар бірден-бір дара болғаны шарт. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, қол бастаса жаның қиял әлеміне бөленеді.

Бисер қолөнері басқа да көркем өнер шығармашылығының түрі сияқты әрдайым жылдан-жылға халыққа тез тарап отырады. Туындылар жылдан-жылға шыңдала түсіп, күрделі әрі қиындап, түрленіп дамып жатыр. Қазіргі заманға сай жаңа, қызықты, көз тартарлық түпнұсқалы алқалар пайда болды. Қарапайым алқа – басқа да көптеген әшекей бұйымдардың негізі. Алқалар жай және күрделі, бір қатарлы және алуан қатарлы болып бөлінеді. Сондай-ақ, ені және қалыңдығы жағынан да бөліп қарастырылады. Олардың құрылымы шыны, металл, фарфор және т.б. болып келеді. Сонымен қатар, айтып өтетін маңызды мәселе, әр бисерде ине сұғатын арнайы тесіктері болады.

Бұл қолөнер түрімен айналысу барысында адам рухани нәр алады.

Жұмысқа қажетті құралдар: бисер – ұсақ дөңгелек, стеклярус (ұзын, қысқа), ұзын және қысқа моншақтар, үлкенді-кішілі моншақтар, арнайы ең жіңішке инелер және қармақ бауы (леска), қайшы (жақсы ұшталған қайшы) және т.б.

Бисерді қолға алып, жай алқа жасау үшін қолымызға ұзындығы 120-150 см болатын қармақ бауын алып(леска), түйшек жасаймыз. Қармақ баудың ұзындығы өзімізге жұмыс істеуімізге жеңіл болу үшін алынады. Алдымен 4 бисер аламыз.Одан соң 1-ші бисерден инемізді өткіземіз. Тағы да 2 бисер тереміз де инені 3-ші бисер арқылы өткіземіз. Сөйтіп, тағы 2 бисер тереміз де инемізді 6-шы бисерден өткіземіз. Міне, осы жол арқылы 2 бисер қоса отырып, өздеріңізге қажетті ұзындыққа жеткіземіз. Алқа дайын болды.

Әсел ҚАНАТҚЫЗЫ