Мұрат КҮБЕКОВ: МЕНI ЕМЕС, ҰЛТ МАМАНДАРЫН КӨТЕРУ КЕРЕК
Мұрат КҮБЕКОВ: МЕНI ЕМЕС, ҰЛТ МАМАНДАРЫН КӨТЕРУ КЕРЕК
– Мұрат аға, фортепиано, пианино жөндеуді қайдан меңгердіңіз?
– Өзім Қостанай облысының тумасымын. 7 жасымнан музыкамен шұғылдандым. Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық училищенi тәмамдап, туған жеріме жұмыс істеуге келдім. Менің мақсатым әнші, дирижер болу емес, шебер болу еді. Қостанай облыстық мәдениет бөлімінің бастығы Светлана Петровна менің музыкалық аспаптарды шұқылап, жөндеп жүргенімді аңғарса керек. Бірде мені шақырып алып: «Мәскеуде фортепиано мектебі бар. Соған барып оқисың ба? Біз сенің барлық шығыныңды, барып-келу жолыңды төлеп береміз», – деді. Жалпы, өзім мектеп қабырғасында жүргенде-ақ домбыра, гитараларды сындырып, қайта жасай беретін едім. Бірақ дәл жөндеуді үйрететін оқу орны болмағандықтан, соған жақын музыкалық білім алғым келді. Содан не керек, бастығымның арқасында 1992 жылы Мәскеудің «Заря» деген фабрикасынан жарты жыл тәжірибеден өттім. Жөндеуді 22-23 жасымнан бастадым. Әуелгіде пианиноның құлақтарын, вирбелін жөндеуден бастадым. Мәселен домбырада екі-ақ құлақ болса, пианинода 700-дей құлақ бар. Одан соң струна қоюды, оны қалпына келтіруді үйрендім. Қостанайға қайта келіп, жұмысымды жалғастырдым.
– Әрі қарай біліміңіз бен біліктілігіңізді жетілдіре түспедіңіз бе?
– Мәскеуден келген соң, бұл кәсіпті жанымдай жақсы көре түстім. Бірақ Қазақстанда музыкалық аспап шығаратын, оны жөндейтін бірде-бір зауыт болған жоқ қой. Тіпті, мұндай мектеп Грузияда, Арменияда, Грозныйда, Ресейде, Белоруссия мен Украинада да болды. Сол себептен де өсуіме, үйренуіме мүмкіндік аз еді. Кейде пианиноны, фортепианоны, басқа да аспаптарды өзге ұлт өкілдерінің жөндеп жүргенін көргенде, намысым қайнап кетеді. Бастаған ісімді жалғастыру үшін Алматыға қайта келдім. Қазір консерваторияда фортепианоны жөндейтін шебер болып жүргеніме 13 жылдың жүзі.
– Сіздің көмегіңізге кімдер жүгінеді? Еңбегіңіз қалай бағаланады?
– Мақтанғаным емес, қазір мені еліміздің түкпір-түкпірінен шақырып жатады. Көбінесе облыстық, қалалық мәдениет мекемелерінен ұсыныс келеді. Әрине, уақыт тауып баруға тырысамын. Кейде тұрақты жұмысымнан мойын бұруға мұрша болмайды. Сондай кезде қатты ішім ашып, «Шіркін-ай, әр өңірде бір жөндеуші шебері болса ғой» дейсің еріксіз. Бірақ ол менің ұлтымнан – қазақтан болу керек. Ана жерде Мұхтар, мына жерде Ерлан істеп жүр дегенді есту қуаныш емес пе? Бірақ әзірге бұл арман ғана болып тұр. Оның үстіне бізде еңбекті бағалау өте төмен. Мәселен шетелде мамандар фортепианоны немесе пианиноны жөндеген бір сағаттық жұмысына 40 еуро алады екен. Ал Германиядағы білікті маман бір сағаттық жұмысына 65 еуро алса, бес сағат істесе шамамен 300 еуро алады. Ал бізде 5 мың теңгені жылап әрең береді. Мәселе ақшада да емес, еңбегіңнің нақты бағалануында.
– Сөзіңізге қарағанда, біраз шетелге барып, тәжірибелерін сіңіріп келген сияқтысыз…
– Әрине, осы уақытқа дейін қаншама елге барып қайттым. Германияда, Чехияда бірнеше рет тәжірибеден өттім. Германияда жөндеушілердің жоғары мектебі бар. Әрине, біз олардың шаңына да ілеспейміз. Немістер сирек кездесетін мамандарды өте жоғары бағалайды, құрмет тұтады. Сол себептен де үнемі фортепиано, пианино, рояль жөндейтін мамандардың басын қосып отырады. Ал Ресейдің әлемдік деңгейдегі «Еуро форте» деген бөлімінде тіркелгем. Осы бөлімнің бастығы Владимир Карпов деген кісі шақырып, көп көмек жасады. Мәскеуге тәжірибеге 20-30 рет барған шығармын. Өз ақшама барам. Маған мұндай шарадан қалмау керек. Жұрт жиған ақшасына үй, көлік алып жатса, ал мен білімімді жетілдірумен келемін.
– Елімізде сізден басқа бұл мамандықты меңгерген қазақ жоқ па?
– Менің жанымда Қайыр Жақабаев деген азамат бар. Өзім 50-ге кеп қалсам, Қайыр 60-қа таяп қалған. Оның өзі ешқайда бармай-ақ бар білгенімен істеп жүр. Көп нәрсені үйреніп, бір-біріміздің кем-кетігімізді толықтырып отырамыз. Біз талантты ұлтпыз. Тек қолдау жоқ. Қазақ ұлтының жігіттерінің бәрі шебер. Бірақ көбі ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүреді. Бұрын мені де басқа ұлттың адамдары менсінбейтін. «Өй, мынау қазақтың қолынан не келеді?» деп кекететін. Бірақ өзімді дәлелдедім. Ендігі арманым – мектеп ашу. Өз ұлтымнан шыққан мамандар болса деймін. Біздің өзбектен қай жеріміз кем? Олар да отандық көлігін жинап жатыр ғой.
– Мектеп ашу үшін не кедергі?
– Бізде цех, станоктар жоқ. Жалпы, бізге көп ақша да керек емес. Бір цех ашып, станоктар алуға болады. Бастапқы бір-екі жылда қиналсақ, бірте-бірте аяғымызды нық басып кететін бе едік, кім білсін?!
– Мемлекет тарапынан көмек керек дейсіз ғой…
– Әрине, мемлекет қарасса деймін. Бұл жұмыс өте пайдалы. Қазір қайда барсаң да, пианино, фортепиано жөндейтіндер жоқтың қасы. Әр облыс орталығы арнайы мектепке бір адамнан жіберсе, 15 адамның өзі елімізге жетіп артылады. Тіпті, шетелдің өзінде әр елден 10 адам ғана оқиды. Оған қаржы керек. Ресей де осы іске қан жүгіртуді ойластырып жүр. Егер мектеп ашсам, Германияның тәжірибесін енгізсем деймін.
– Мектепке қажетті оқу-құралдарын қайдан аласыз?
– Менде методика жағынан ақпарат жетерлік. Қазір қолымда Норвегияның, Францияның, Германияның методикасы бар. Ал Ресейдің методикасының керегі жоқ. Өйткені бұл қалып қойды. Ескірген. Деңгейі төмен. Ресейліктердің өзі де Германияға барып оқып жатыр. Яғни мектеп ашсақ, біздің оларды басып оза алатын қауқарымыз бар. Жиған-терген теориялық һәм тәжірибелік материалдарды жазуды қолға алсам деймін. Әрине, оған уақыт керек. Жалғыз өзім үлгере алмаймын. Не оқулық жазу керек, не жөндеу керек. Аспаптағы атаулардың бәрі неміс пен орыстың тілінде. Пианиноның 7 мың бөлшегі бар. Соның атын қазақшалау керек. Вирьбель, молоток, дека, шпрейци деп кете береді. Әрине, оның бәрін аударуға болады. Ол үшін теориялық білімді көрсететін оқу құралдары керек. Ал шын мәнінде орыстың көбі немістерден үйренді. Бірақ олар мұндағы атауларды өздерінің тіліне келтіріп, икемдеп алды.
– Шетелге кетіп қаламын деп міндетситіндер көп қазір. Сіз ше?..
– Жоқ. Кетіп қалсам, шаруа бітеді ғой. Әлбетте, менің де білмейтінім көп. Осы уақытқа дейін білген-түйгенімді басқа да жастарға бергім келеді. Ол үшін маған жағдай жасалса деймін. Арнайы бір кабинет берсе болды. Жақында Жапониядан келген маман семинар өткізді. Оларға да ұнап қалдым. Дереу жұмыс істеуге шақырып жатыр. Мәскеуден де талай ұсыныс келіп түсті. Қазір Қазақстандағы «Yamaha» компаниясының шақыртуымен өкіл болып қосымша жұмыс істеймін.
– Білуімізше, сіз фортепиано жөндеу жөніндегі байқаудан жүлдегер де атаныпсыз…
– Немістің комиссиясы көп шеберлердің білімі мен тәжірибесін тексеру үшін еуротехникадан сынақ тапсыруға шақырды. Бағымды сынап көрейін деп бардым. Әуелгіде 20 адамның 19-ы өтті. Олардың көшбасында Грекия, Армения, Украина, Германия, Эстония, Ресей өкілдері және Қазақстаннан мен бармын. Одан жетеуі іріктеліп, балл бойынша бесінші, ал теориялық жағынан бірінші орын алдым. Сөйтсем, 90 сұрақтың 88-іне жауап беріппін. Бұл сынақтың тарихында 67 адам ғана емтихан тапсырса, соның ішінде алғаш рет 88 сұраққа жауап берген екенмін. Ал бұған дейін ең жоғары дегені 81 балл ғана жинапты. Осыдан екі аптадай бұрын Германияға барғанда, басқа мемлекеттерге таңқалдым. Тәжірибеден өтуге Үндістаннан 10 делегат, Италиядан да соншалықты адам келді. Қазақтан 5-6 адамнан жинап Германияға неге апармаймыз? Бір өкініштісі, біздегілер ақша жоқ деп жылайды. Өзіме бірдеңе ғып ақша таба аламын. Ал басқаларда мүмкіндік бола бермейді. Чехияда «Петров» зауыты бар. Ол жаққа да Ресейден 9 адам, Қазақстаннан өзім ғана бардым. Екі топ болып сынақ тапсырдық. Жоғары нәтиже көрсеттім. 2010 жылы Санкт-Петербургта өткен байқауда «Евротехник» деген кәсіби дәрежесі берілді. Бұл біліктілігіме берілген ең үлкен баға.
– Сонда сіздің мұндай шараға барып, қатысып, жетістікке қол жеткізіп жүргеніңізді шенеуніктер білмей ме?
– Кім білсін? Бірақ «бара жатсың ба, келдің бе?» деп ешкім сұраған емес. Кәсіби біліктілігімді өсіру үшін, білімімді молайту үшін бәріне дайынмын. Бір айта кетерлігі, орыстардың барлық шығынын үкіметі көтереді екен. Тіпті, Камчаткадан – Мәскеуге, Мәскеуден – Франкфуртқа, Франкфурттан – Людвисбургке дейінгі ұшақ шығынының бәріне 6 мың АҚШ долларын беріпті. Жетпей жатса, тағы да қосымша аударамыз дейтін көрінеді. Ал маған 100 доллар да бермейді. Орыстар: «Қазақстан саған ақша тауып бере алмады ма?» деп кекетеді. Мырс-мырс күледі. Сондай кезде күйіп кетемін. Мені емес, ұлтты көтеру керек. Әрбірден соң білгенімді өзіммен алып кетпеймін. Оны кейінгі жастарға үйретуім керек.
Әрі немістің саймандары мен жөндеу құралдарын да сатып алуыма тура келеді. Бір кілттің өзі 60 еуродан бастап 1000 еуроға дейін тұрады. Мәскеуден барған мамандар қымбатын сатып алады. Ал мен ең арзанын 100 еуроға сатып алдым.
– Өзіңіз қандай аспаптарда ойнайсыз?
– Домбыра, гитара, баян, аккардеонда жақсы ойнаймын. Кәсіби пианист болмасам да, даусының кемшілігін білуім үшін пианино ойнаймын. Сол кезде ерекше бір ләззат аламын, көңілім көтеріліп қалады. Бізде музыканттар көп, бірақ музыка аспабын жөндейтіндер аз. Қазақстанда үш-ақ электронды домбыра бар екен. Содан кейін «Алдаспан» тобы ән салып жүрген электронды домбыраны жасадым. Алдағы уақытта да қаншама іссапар күтіп тұр. Жақында ғана Австрияда шілдеде өтетін шараға шақырту алдым.
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы