МИССИОНЕРЛIК САЯСАТ ЖӘНЕ АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ АЗАТТЫҚ МӘНІ

МИССИОНЕРЛIК САЯСАТ ЖӘНЕ АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ АЗАТТЫҚ МӘНІ

МИССИОНЕРЛIК САЯСАТ ЖӘНЕ АБАЙ МҰРАСЫНЫҢ АЗАТТЫҚ МӘНІ
ашық дереккөзі
275

Орта Азия халықтарын шоқын­дыруды Ресей империясы 1731 жылы “Новокрещенская контора” ашудан бастап, ХІХ ғасыр аяғында ашық түрде қолға алғанға дейiн, бұл бағытта түрлi айла-шаралар iстеп бақты. Соның бiрi – ислам дiнiнiң таралу аясына еркiндiк берген болып, араб, парсы, татар сөздерi араласқан кiтаби тiлдегi жазба әдебиеттi қолдауы. Өйткенi кiтаби тiлде сол кезеңдегi халық iшiнде ең көп таралған адамды таным тереңiне тартып, отарлық езгi сырын ашудан жырақ, дiни-мистикалық ертегi түрiндегi қиссалар мен өктемшiл өкiметтiң ресми бұйрық-жарлықтары, iс қағаздары басылып тұрды. Ал бұлар өз кезегiнде қазақ тiлiнiң шұбарланып, бийук мартабалу (высокостепенный), қудратлу (всемогущий), рағайатлiк (подданство) сияқты ұғымдар қаптаған құлдық психология насихатталып, сол арқылы елдi мәңгүрттендiруге қызмет еттi. Сондықтан тiл тазалығы мен аталар мұрасындағы азаттық рухының өшпеуiне ерекше мән берген дана Абай:

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның бiлiмсiз бейшарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбi надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бiр парасы.

Өлеңi бар өнерлi iнiм, сiзге

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бiзге.

Өзге түгiл, өзiңе пайдасы жоқ,

Есiл өнер қор болып, кетер түзге, – деген.

Өз заманына дейiнгi исi көшпелiлер әлемiнiң дүниетаным, рухани болмыс, парасат пен көркем ойының мөлдiр бұлағын терең меңгерген ақын Жүсiп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Сайф Сарай, Құтб, З.М.Бабыр сынды кемеңгерлердiң тiл тазалығы, халық санасын ояту жолындағы еңбектерiн ұлт рухын отарлық түнек құрсаулаған заманда қайта жаңғыртты.

Ескi көшпендi өмiрдi отаршыл жаңа отырықшы заман билеген кезеңге дейiн бiр тiлмен сөйлеп, бiр тiлектi мәдениет құрған қазақ халқының бiрыңғай дәстүрлi рухани әлемі қалыптасты. Жеке адамның бас пайдасы шаруашылық тұтастығына орай ұлт пайдасымен ұштасып, әрбiр азамат санасы ұлт мүддесiн көздеген сана болды. Көшпелi мал шаруашылығы негiзiнде бiр-бiрiмен тығыз қатынаста, араласта болғандықтан, ниет бiр, мақсат ортақ едi. Сондықтан, отаршылдар елдiң ұлттық санасын жою үшiн, халықты отырықшылық тұрмысқа бейiмдеуге күш салды. Соның кесiрiнен аймақтарға бөлiнiп, шаруашылық қалпы бұзылған жұрттың қамы өз шаңырағының пайдасы мен бiрер бас малының амандығын күйттеу болды да, ұлттық бiрлiк тамырына балта шабылды. Бұл орайда да өктем өкiмет ислам дiнiн өз саясатының соқасына жектi. Сөйтiп дүмше молдалар арқылы қазақ арасына ислам дінін таратуды қолдаған сыңай танытып, халықты отырықшылық тұрмысқа ерiксiз көндiру негiзiнде малынан айырып, құнарсыз жерде кедейшiлiкке ұшыратты. Мұндай озбырлық салдарын ақын:

Басыңды дауға

Малыңды жауға,

Қор қылма, қорға, татулас.

Өтiрiк, ұрлық,

Өкiмет зорлық

Құрысын, көзiң ашылмас.

Ұятың, арың оянсын,

Бұл сөзiмдi ойлансын, –

деп ашына суреттеген.

Ислам дiнiн отарлық езгi саясатына ыңғайластыра қолданған осы iстердiң бәрiнде де патша өкiметi дiн тiзгiнiн өз уысында ұстады. Мәселен, 1868 жылғы Ережедегi “Қазақтың құқы”, “Қазақтың дiни iстерiн басқару” бөлiмдерiнде: “қазақтар дiн iсi бойынша Орынбордағы дiн ислам мұфтиiне қарайды. Қазақтардың жергiлiктi жердегi дiни iстерiн указной молла жүргiзедi, ол азаматтық басқармаға, сол арқылы Iшкi iстер министрлiгiне бағынады. Қазақтардың арасында бiр болысқа бiр указной молла бекiтiледi. Молланың сайланғаны туралы ақпаратты уезд бастығына жолдайды, ол мұны бекiту үшiн облыстық басқармаға жiбередi. Моллалар Облыстық басқарма мен Әскери губернаторлардың шешiмiмен бекiтiледi не босатылады. Мешiттер тек қана генерал-губернатордың рұқсатымен салынады. Мешiттiң жанынан жергiлiктi балаларды оқыту үшiн мектеп ашуға молла мiндеттi түрде уезд бастығының рұқсатын алуы керек”, – деп жазылған. Сырт қарағанда мұнан мұсылмандыққа жол берiлгендей еркiндiк танылғанмен, осы iстiң өзiн зорлықшыл империя қасақана халық мүддесiне қарсы бағытта жүргiздi. Бұл жайлы Семей облысының Аякөз болысында тұрған Қ.Халид “Тауарих хамса” атты еңбегiнде: “Орынбор муфтиi өкiмет жиынында патша бұйрығымен әр болыста указной молла тағайындатты. Сөйтiп, округ ахуны, облыс ахуны, Мухтасиб (есепшi) және указной молла болып әскерден қашқан татарлар мен дiн бұзған дүмше моллалар өкiметпен бiрге елге жемтiктес болды. Указной молла ғана жаназа оқуға, оның қызмет ақысын белгiлеуге, неке қиюға, талақ iсiн шешуге құқы болды. Халық бұған наразы болып, Орынбор муфтиiне, өкiметке шағымданып, әдiлет ала алмады. Өкiмет болса, халықтың муфтиден, моллалардан әбден безер болғанын көрiп отырып, рухани iске үкiмет мекемесi араласпайды. Низамда (бұйрық) бұл жоқ деп, указной моллаларына дұрыстығын айту былай тұрсын, астынан от қойып, үстiнен үрлеп, олардың iстеген кәсiбiне өздерi мәз болып, рахаттанып отырушы едi”,– деп жазған.

Сонау Орта ғасырлардан басталған ислам дiнiнiң схоластикалық қадiмдiк бағытына қарсы тәңiрiлiк дүниетаным мен сол мұсылмандықтың гуманистiк сипатын, сопылық рухани тазалықты күрес құралы еткен Ж.Баласағұн, А.Иассауи iспеттi Абай да өз заманындағы дiн бұзар осындай дүмше молдаларды:

Кiтапты молда терiс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесi.

Малқұмар көңiлi – бек соқыр,

Бүркiттен кем бе жем жесi ? –

деп сын семсерiне алған.

Сонымен, осы айтылған алуан түрлi әдiс-айланы қолдану арқылы қазақ елiн толықтай құлдық көнбiстiкке жегiп алған соң, Ресей империясы ХІХ ғасырдың аяғын ала ислам дiнiне тыйым салып, мемлекеттiк деңгейде ашықтан ашық миссионерлiк саясат жүргiзудi қолға алды. “Миссионер” – латын сөзi, мағынасы – мемлекет тарапынан қолдау тапқан шiркеудiң бөтен дiндегi адамдарға өз дiнiн уағыздаушысы. “Миссионерлiк қызмет” – бодан елдердi християн дiнiне енгiзу арқылы отарлық езгiнi жүзеге асырушы деген сөз. Ал осы миссионерлiк саясаттың түп мақсаты Т.Шонанұлының “Жер тағдыры – ел тағдыры” кiтабында: “Үкiметтiң көптен көкейiн кесiп келе жатқан ескi мүддесiнiң бiрi қазақ сияқты “шала мәжуси” бұратаналарды “православие” дiнiне кiргiзiп, ол дүниеде ұжмақ төрiнен сыйлы орын алып берiп, сауапқа бату едi. “Бұратаналарға” бұл дүниенiң игiлiгiн көрсетiп болды. Ендi ақыреттiң де жақсылығын өлерде алдарына салып айдатып жiберу керек. Үкiметтiң бұл ойына Ильминский жан берiп, Победоносцев әлпештеп өсiрiп, Алекторов тәрiздi миссионерлер шылауында болып едi. Бұл ойға жетсе, мемлекет iшiнде “ала қойлар” болмай, ұлықтар тынышырақ ұйықтар едi. Орыс поптарына намаз оқитын жамағатының қалтасына түсетiн садақасына басқа дiндегілер дастарқандас болмас едi деген тәттi қиялды өкiмет мәпелеушi едi. 1890 жылдардағы Соколов сықылды “батюшкалардың” Қостанайдың аш қазақтарын тойындырамын деп алдап шоқындырғаны бұл сөзiмiзге дәлел”– деп жазғанындай, арамтамақтықпен қарын қампитып, басқаның есебiнен күн көру болды. Әлдилеген арманына жету жолында миссионерлiк саясатты қазақ халқының рухани өмiрiнiң барлық саласын толық қамтитындай ауқымды көлемде жүргiзуге кiрiстi. Бұл бағыттағы ең басты жұмыс, халықты орыс жазуына енгiзу арқылы, араб жазуын өмiрден аластатып, сол арқылы ұлттық таным, ислам дiнiнен ажырату болды. Осы мақсатта орыс алфавитiн ешқандай өзгерiссiз қазақ жазуына қолдануды жақтаған Н.Ильминский нұсқасы бiрнеше жылғы талқылаудан соң, шовинистiк пиғылдағы Петербург университетiнiң оқымыстыларының қолдауымен мақұлданып, 1876 жылы патша жарлығымен бекiтiлдi. Бiрақ, Жарлықтың шығуы бар да, оны нақты iске асыру бар. Сондықтан орыс жазуына көшу туралы мәселе көтерiле бастаған кездiң өзiнде-ақ, 1870 жылы Ресей империясының Ағарту министрлiгiнiң “О мерах к образованию населяющих Россию инородцев” атты заңы қабылданып, онда бұратаналар мектептерiндегi оқу жүйесiнiң үш түрлi категориясы белгiленедi. Бұларда орыс әлiппесiмен өз тiлiнде оқыту, орыс жазуымен, iшiнара ана тiлiнде оқыту, жазу да, оқу да орыс тiлiнде жүргiзiлу сатыларына бөлiнiп, бiрте-бiрте жас ұрпақтың жазуды айтпағанның өзiнде, ана тiлiнен мақұрым қалу жайы басты нысанаға айналған болатын. Миссионерлiк саясаттың қолшоқпарларын даярлайтын мұндай оқу орындарының залалды жағын: “Қазiрде орыстан оқыған балалардан артық жақсы кiсi шыға алмай да тұр. Себебi, ата-анасы, ағайын-туғаны, бiр жағынан, бұзып жатыр. Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесiн, ағайын жұртын, дiнiн, адамшылығын жауырыннан бiр қаққанға сатады. “Тек майордың күлгенi керек”,– деп, көтi ашылса да, қам жемейдi”– деп сынай келе, өз заманындағы орыс оқуын ұсули жәдидтiк мәнде меңгерудi жақтаған Абай: “Балаларды оқытқан да жақсы, бiрақ құлшылық қыларлық қана, түркi танырлық қана таза оқытса, болады. Оның үшiн бұл жер дәрiлхарап, мұнда әуелi мал табу керек, онан соң ғараб, парсы керек”,–деп халықтың рухани сана көзiнен қол үзбеуге шақырған. Абайдың жәдидтiк көзқарасына түрткi салған Ш.Маржанидiң: “Өзiнiң дiнiн, тiлiн, елiн бiлгендер ғана орысша оқыса, ол жақсы. Оны бiлмей орысша оқыса, онан қайыр жоқ”, – деуiнiң терең мәнi де осында тұр.

Миссионерлiк мерездi қоздырудың келесi бiр тәсiлi – орыс шаруаларын қазақ iшiне араластыра қоныстандыру болды. Осыған байланысты 1868 жылы “Переселенческий комитет” құрылып, оның халықты шоқындыру iсiмен арнайы “Обрусительная палатасы” айналысқан. Бұлардың жұмыстарының жемiстi жүргiзiлуiне 1868 жылғы “Далалық облыстарды басқару туралы” уақытша Ереженiң 247, 248 баптарында жазылған жайлар оңтайлы жағдай туғызды. Мәселен онда: “Христиан дiнiн қабылдаған қазақтар өзiнiң ауылында тұра бередi немесе қырдағы орыс тұрғындарының арасына көшiп келуiне де болады, ол орыстарға тиiстi құқықтардың бәрiн де пайдалана алады. Христиан дiнiн қабылдаған қазақтар қауымдастарының рұқсатынсыз-ақ қалаға немесе селолық жерге емiн-еркiн орналаса алады”,– деп жазылған. Сөйтiп, христиан дiнiне кiргендерге өкiмет оң қабақ танытқан болады.

Миссионерлiк саясатты патша өкiметi оқу және қоныстандыру жолымен ғана емес, баспасөз iсi арқылы да пәрмендi түрде қолға алған болатын. Сөйтiп, 1865 жылы көкек айында “Баспасөз жөнiндегi Бас Басқарма” атты цензура аппараты құрылып, ол бiрнеше бөлiмдерден тұрды. Бас басқарманың 1883 жылы патша бекiткен Ережесiне орай, кiтаптарға “басуға болады” деген белгi соғылатын болған. Сондай басқарманың белгi соғушы цензоры В.Д.Смирновтың ерекше белсендiлiк танытуымен қазақ баспа iсiн шектеу мәселесi Баспасөз жөнiндегi Бас Басқармада арнайы талқыланып, онда төмендегiдей ұсыныстар бекiтiлген:

а) қазақ кiтаптарын қымбаттату;

ә) кiтаптарға цензор штемпелiн басқаны үшiн көлденең салық салу;

б) ислам дiнiн насихаттайтын кiтаптарға цензуралық рұқсат бермеу;

в) қазақ кiтаптарының тиражын қысқарту;

г) қазақ елiне кiтаптардың таралуына шектеу қою;

ғ) қазаққа түсiнiксiз араб сөзде­рiмен басылған кiтаптарды шығару;

д) “Құран-кәрiмдi” орыс графикасымен басу;

е) християн дiнiн насихаттайтын кiтаптарды орыс графикасымен қазақ тiлінде мол тиражбен шығару.

Осының бәрiн жеткiлiксiз деп есептеген империя “Далалық облыстарды басқару туралы Ережеде”: “Егерде мемлекеттiң мүддесi қажет ететiн болса, онда қазақтарды құрбандыққа шалуға ешкiм де қарсы болмайды” – деп жазғанындай, қазақ елiне қарсы “крест жорығын” дайындай бастады. Бұл жайлы материалдар 1950 жылы мұрағаттанушы Ф.Н.Кереев тапқан дала генерал-губернаторы Канцеляриясы қорындағы 298 парақтан тұратын “Списки лиц занимающихся противоправительственной агитацией и другие” атты мұрағат iсi мен Е.Бекмаханов “Новые материалы к творческой биографии Абая” деген мақаласында пайдаланған Семей облыстық басқармасында сақталған “Дело реакционного движения мусульманского духовенство 1903-1905 г.” атты мұрағат iсiнде бар.

Тәуекел мен батыр ой

Өткiр тiлдi найза етiп,

Сайысып-ақ бақты ғой,

Неше түрлi айла етiп, –

деген ақын сөзi, халық басына төнген осы зұлматтың уытын қайтару жолындағы күреске бел шеше кiрiскен “жарлы емес, зарлы” дананың хакiмдiк әрекетiнен хабар бередi. Бұл кезең халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыстық, мәдени, танымдық, рухани өмiрiнiң негiзi болған көшпелi ғұмырды, миссионерлiк мақсатта зорлықтың шоқпарымен отырықшылыққа аударып, “бiр заманды екiншi заман илемек болып” жатқан тұс болатын. Сондықтан, “Қуаты оттай бұрқыраған” қаһарлы сөздi, жұрттың “бар тамырын қуалайтындай” етiп айту қажет едi. Абайдың осындай шығармалары өлең айшығы жағынан да, өлеңнiң идеялық мазмұны жағынан да түрiктiк ата мұра бесiгiнен өсiп, өндi. Мысалы, сөз зергерiнiң:

Берекелi болса ел –

Жағасы жайлау ол бiр көл.

Жапырағы жайқалып,

Бұлғақтайды соқса жел.

Жан-жағынан күркiреп,

Құйып жатса аққан сел.

Оның малы өзгеден

Өзгеше боп өсер тел.

Берекесi кеткен ел –

Суы ашыған батпақ көл.

Құс қаңқылдап, жағалап,

Сулай алмас жазғы төл.

Оның суын iшкен мал

Тышқақ тиiп, аспас бел.

Көл деп оны кiм жайлар,

Суы құрсын, ол – бiр шөл, —

деген өлең жолдарындағы әр шоғыр (тирада) бiр-бiр шағын идеяны бiлдiрсе де, өлең тұтаса келе желiлi ұйқасқа құрылып, алауыздыққа сын, ақылға бiрлiк жайын насихаттауды мақсат еткен.

Марат БЕКБОСЫНОВ,

филология ғылымдарының

кандидаты

Серіктес жаңалықтары