Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА: ӘЙЕЛ – ҚОҒАМДЫ ІЗГІЛІККЕ БАСТАУШЫ
Нұржан МҰХАМЕДЖАНОВА: ӘЙЕЛ – ҚОҒАМДЫ ІЗГІЛІККЕ БАСТАУШЫ
– Нұржан Жалауқызы, бүгінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстаған нәзікжандылар қатары көбейіп келеді. Сіздіңше, БАҚ-тағы қыз-келіншек басшылардың ерлерден айырмашылығы неде?
– Бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін қыз-келіншектерге көбірек тапсырудан ешкім де ұтылмайды. Өйткені өзіңіз айтқан «нәзікжанды» басшылар жер бетінде, Қазақстанда, әрбір отбасында тыныштық пен татулық, жарасым болғанын қалайды. Соған ұмтылады, соған қызмет етеді. Өздері басқаратын эфирде, газет пен журнал беттерінде дөрекі, тіпті анайы материалдар шығуына жол бермейді. Осылайша, қоғамды ізгілікке, сыйластыққа бастайды. Ежелгі халықтық дәстүрлерді орнықтыра отырып, ғаламдық пайдалы жаңалықтарға талпындырады.
– Соңғы кездері Қазақстанда «гендерлік саясат» тақырыбы жиі көтерілетін болып жүр. Қазақы ұғым, ұлттық менталитет пен гендерлік саясат қаншалықты үйлеседі?
– Гендерлік саясаттан қорқатын ештеңе жоқ. Ол біздің ұлттық дәстүрімізбен ежелден үйлесіп келеді. Қазақта ел басқарған аналар, қол бастаған қыздар аз болмаған. Арыдағы Тұмар ханшадан берідегі Бопай ханшаға дейін қаншама қыз-келіншектер ерлік даңқын асырған. Қазақтың Қызай, Мұрын сынды тұтас рулары аналардың аттарымен аталады. Олар бір қауым елді ақылмен басқарғанын осыдан-ақ білуге болады. Демек, «гендерлік» деген сөз сырттан келгенмен, бұл бізде ықылым заманнан бері қолданылып келе жатқан саясат. Осы жақында «Назарбаев университетіне» барғанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басшылық қызметте әйелдер көп болуын қадап тұрып айтты. Мемлекет басшысы қай салада болсын көреген саясат ұстанатынын жиырма жылдық жолымыз айқын көрсетіп отыр. Демек, басшылық қызметке әйелдердің көптеп келуі – уақыт талабы. Және одан ешкім кем болып, қорланып қалмайды.
– Сіз басқарып отырған телеарнада ұлттық мәселелер, әсіресе бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтар қалай насихатталуда?
– Біздің «Балапан» атты арнамыз тұтасымен балаларды тәрбиелеуге арналған. Онда бүкіл жер бетіндегі жақсылық пен ұлттың тамаша дәстүрлері жас ұрпаққа түсінікті тілмен баяндалады. Әдемі көріністермен бейнеленеді. Бұдан басқа ұлттық арнамыз «Қазақстандағы» таңғы «Таңшолпан» бағдарламасы отбасының құндылықтарын күнделікті насихаттап отыр. «Жан жылуы», «Сөнбес сәуле» бағдарламалары да адам бойына ізгілік, қайырымдылық қасиеттерін сіңіруге арналған. «Мәдениет» телеарнасының да бүкіл қызметі осы отбасылық құндылықтарға құрылған. Мұның сыртында корпорация құрамындағы «Қазақ радиосы», «Шалқар» және «Астана» радиосы тәулік бойы қазақ әндері мен күйлерін береді, бірнеше бағдарламаларда берік отбасылық дәстүр басты назарда екені де рас. Оған енді 14 филиалдың телеэфирлері мен радиоларын қоссаңыз, ұлттық құндылықтарды, бала тәрбиесін насихаттауда Қазақстанда біздің алдымызға түсетін ақпарат құралы жоқ деп сеніммен айта аламын.
– Қаржылық тапшылық кәсіби тұрғыда жұмыс істеу мәселесінде отандық телеарналардың қолын байлап отыр. Осының салдарынан шетелдік БАҚ-тың белсенділігі артып барады. Ақпараттық кеңістікте шетелдіктер ықпалының күшеюі жалпы қоғамға, оның болашағына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Қазақстандық ақпарат құралдары қаржылық тапшылыққа ұшырады деп айта алмаймын. Мемлекеттік саясатты жүргізетін ақпарат құралдары жеткілікті мөлшерде қаржыландырылған. Ал жекеменшіктегі ақпарат құралдарына жарнамадан қаржы табуына кедергі қойылмаған. Тек ізденулері, талпынулары керек. Демек, «Қазақстан телеарналарында қаржы жоқтығынан шетелдік ақпарат құралдарының өктемдігі орнады» деу – ұшқары пікір. Шетелдік өнімдер ақпараттық кеңістіктің аз ғана бөлігіне ие екендігін білесіздер. Әлемдік ТВ нарыққа танымал шоу бағдарламалар мен ресейлік және түрік сериалдары көрермендердің сұранысына ие болғандықтан осы өнімдер эфирден жиі орын алуда екені де жасырын емес. Әйтсе де соңғы жылдарда мемлекеттік қаржылай қолдаудың негізінде отандық сериалдық өнімдерді өндіру қолға алына бастады.
– Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестік мәселесінде жатжұрттықтарға төтеп берер қауқары қаншалықты? Қазақстандық БАҚ халықаралық деңгейде жұмыс істеуге дайын ба?
– Жаһандану уақытында бәсекелестіктен гөрі әріптестік маңызды. Біздің ақпарат құралдарымызды АҚШ-тың, Қытайдың, Ресейдің ақпарат құралдарымен бәсекелес деп қарауға болмайды. Ал сол ресейлік, кәрістік, немістік, түріктік телеарналармен әріптес болу арқылы жаңа мүмкіндіктерге ие боламыз, сандық технологияны игерудегі жаңа өрістерді ашамыз. Халықаралық деңгейде жұмыс істеу үшін әлемдік ТВ және радио саласындағы өзгерістерді зерделеп білмей алдыға ұмтылу мүмкін емес. Журналистік және техникалық мамандарды тәжірибелік өндірістік оқу арқылы жетілдіруді де естен шығармауға тырысудамыз.
– КСРО кезінде БАҚ коммунистік идеология құралы болды. Қазіргі таңда мемлекет тұтастығы, ұлттық қауіпсіздік, ұрпақ келешегі секілді маңызды мәселелерде отандық БАҚ-тың атқаратын рөлі қандай?
– Мемлекет тұтастығы, ұлттық қауіпсіздік, жаһандық терроризм қатеріне қарсы тұру – біздің күнделікті тақырыбымыз. Әлбетте, біз мемлекеттік арна болған соң осы мүддені қарастырып эфирді бастаймыз, эфирді қорытындылаймыз. Меніңше, мемлекеттік емес арналардың өзі осы тақырыптарды қозғап, қорғап отыруы керек.
– Сіздің ұғымыңыздағы қазіргі қазақ әйелінің портреті қандай? Оларды көз алдыңызға қалай елестетесіз?
– Қазіргі қазақ әйелі – іскер. Ұжымның ұйытқысы. Басшы болып жүрген әдемі қыз-келіншектер баршылық. Әлемдегі әдемі әйелдердің алдыңғы сапында десем де артық емес. Ең бастысы – біздің әйелдер отбасының сақтаушысы. Ана тілінің қамқоршылары.
– Қызын ары мен намысы санаған, алақанына салып аялаған Қазақ оларға қырық үйден тыйым салған. Қазіргі Қазақ қоғамындағы қыздардың тәрбиесі қалай жүруде? Сіңлілеріңізге көңіліңіз тола ма?
– Қыздардың тәрбиесі бұрын тыйым жолымен жүзеге асса, енді ашық қоғамда басқаша тәрбие құралдарына жүгінеміз. Оның ішінде теледидардың жөні бөлек. Жалпы алғанда, қазақ қоғамы осыдан он-он бес жыл бұрынғы экономикалық-тұрмыстық қыспақтан құтылды. Сол қыспақ кезінде бұралаң жолға түскендер болған шығар, олардың өзі заманға қарап түзелу жолында деп ойлаймын. Ал қазіргі сіңлілерімізге қарап мақтанамыз. Олар білімді, тәрбиелі, тек жақсы армандардың аясында өмір сүруде.
– Көңілдерге көктем сыйлайтын 8 наурызда қыз-келіншектерге, Аналарға айтар тілегіңіз қандай?
– Әрқашан көтеріңкі көңіл-күйде болыңыздар дегім келеді. Отбасының ұйытқысы, болашақтың бағдары, ана тілінің тіреуі – сіздерсіздер! Қазақ қызы, қазақ әйелі, міне, осындай үлгілі, әдемі, сұлу, ақылды деп үнемі ер азаматтарымыз мақтанатын болсын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ