ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНЫҢ ҚЫР-СЫРЫ

ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНЫҢ ҚЫР-СЫРЫ

ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНЫҢ ҚЫР-СЫРЫ
ашық дереккөзі
130

Ақордада Елбасының төрағалығымен Қауiпсiздiк Кеңесiнiң биылғы алғашқы отырысы өттi. Негiзiнен күн тәртiбiнде екi мәселе қарастырылды. Олар елiмiздiң су қауiпсiздiгiнiң жағдайы мен Қазақстан күш құрылымдарының әскери-экономикалық және әскери-техникалық қызметi.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев су қауіпсіздігі әлемнің көптеген мемлекеттері үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де маңызды түйткілге айналғанын атап өтіп, бұл саладағы басты қиыншылықтар ретінде су көздерінің ластануы, суды пайдалану тәсілдерінің ескіруі және трансшекаралық өзендердегі суды бөлісу жайын тілге тиек етті. Сондай-ақ ауыз судың сапасын жақсарту, энергетика, металлургия, машина жасау, ауылшаруашылығы және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығы секілді салалардағы кәсіпорындарға суды пайдалану мен сақтаудың заманауи әдіс-тәсілдерін енгізу жайына айрықша назар аударылды. Мәселені талқылау барысында президент су шаруашылығы саласының қызметін жетілдіруді, су ресурстарын азайтып алмауды, сондай-ақ, «Ақбұлақ» бағдарламасын тиімді жүзеге асыруды және гидротехникалық құрылғылардың қауіпсіздігі мен жағдайын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ­стан суға тапшы мемлекет болып саналады. Бұл проблемалар көпшілігімізге мәлім, су көздерінің ластануы, өнеркәсіпте суды үнемдеудің төмендігі, жалпы эконо­микадағы суды пайдаланудың тиім­сіз­дігі, түптеп келгенде, стратегиялық тұрғыдан келгенде мемлекетімізге үлкен қиыншылықтар туғызуы мүмкін. Оның үстіне біздің Қазақстанға келетін судың 40 пайызы сырттан келетін су болып саналады. Жер асты суын, жердің үстіндегі суды үнемдеу, ауылшаруашылығына тиімді қолдану, өнеркәсіпте, жалпы халық­тың шаруашылығында суды үнемді қол­дану мәселесі еліміздің стратегиялық қауіпсіздігіне әсерін тигізетін болып са­нала­ды», – деді.

Бүгінде 80-ге жуық ел ауыз судың жетіспеушілігін сезінуде. Әлем­дегі су қоры да жыл сайын азая түсуде. Сондықтан ауыз суды орынды пайдалану, өзімізде бар байлыққа ұқыпты қарау маңызды эко­но­ми­калық және саяси міндетке айналды. Сонымен қатар ҚХР-мен және Ресеймен шекаралас аймақта су мәселесі өте ма­ңыз­ды. «Тиісті министрлік – Сыртқы істер министрлігі, Үкімет бұл туралы тек сөй­лесіп, одан соң ұмытып кетуге тиісті емес. Қазір осының бәрі аяғына дейін жеткізілген жоқ. Бұл мәселеге бұлай қарауға болмайды, су – стратегиялық ресурс және ол елдің орнықты дамуы үшін өте маңызды», – деді Елбасы.

Екінші – қауіпсіздік мәселесі. Соңғы жылдары мемлекеттің қорғаныс саласындағы тапсырыстары біршама өскен. Әрине, бұл Қазақстанның күш құрылымдарының материалдық-техникалық базасын жетілдіріп дамытуға қажетті жағдай туғызды. Былтыр жаңа Әскери доктрина бекітілген болатын. Мұнда ең басым бағыттардың бірі ретінде әскери-экономикалық қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты қарастырылған. Мемлекет басшысы еліміздің күш құрылымдарының техникалық жабдықтары заманауи қауіп-қатерлерге лайықты тойтарыс бере алатындай жағдайда болуы керектігін атап өтті. Тек қорғаныс саласындағы сұраныс пен мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерінің тепе-теңдігін сақтауды ұмытпау керек әрі қорғанысқа қажетті тапсырыстарда отандық өндірістердің үлесін арттыру қаперде болуы шарт.

«Төңірегімізде, дүниежүзінде болып жатқан жағдайларға байланысты әскери саясатқа, әскери техникалық саясатқа мемлекет аса жауапты болу керек. Қажет болса, бұдан қаражатты аямай елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Біздің әскери күштерімізді қамтамасыз ету, техникалық жағынан жабдықтау, оның әр уақытта дайын болуы, қазіргі заманның талабына сай болуы, өзіміздің мемлекеттің ішінде жасалуы көпшілігі, сырттан келетіндердің сапасы жоғары болуы, мемлекеттің бөлетін қыруар қаржысын тиімді пайдалану мәселесі осының барлығын біз бүгін қарауымыз керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыстың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке, өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берді. Олардың орындалуына бақылау жасау Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығына жүктелді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары