СҮЙIКТI ҚАЛА «СҮЙЕКТI» БОЛДЫ

СҮЙIКТI ҚАЛА «СҮЙЕКТI» БОЛДЫ

СҮЙIКТI ҚАЛА «СҮЙЕКТI» БОЛДЫ
ашық дереккөзі
147

Жарнама – әркiмнiң өз тауарын тиiмдi өткiзудiң, кәсiбiн iлгерi жылжытудың бiрден-бiр кепiлi. Заман ағымына қарай оның түрлерi де көбейiп, таратылу тәсiлдерi де сан құбылып келедi. Жарнама жариялаудағы барған сайын жарысқа түскен жаңалықтарға қазiр таңғалмайтын да болдық.

Әйткенмен бiздiң бүгiнгi әңгiмемiз туған, тұрған елдi мекенiмiздiң сәулетiне сән үстейтiн күнделiктi тұрмысымызға қажеттi жарнаманың талапқа сай жеткiзiлуiне байланысты болып тұр. Яғни, жарнама мәдениетi туралы мәселе қозғалмақ.

Жалпы, бұл саладағы ереже облыстың бас қаласында өкiнiшке қарай, ойдағыдай орындалып жатыр деп әсте мақтана алмас едiк. Қайта-қайта жазылған жауыр тақырып десек те, Шымкенттегi коммерциялық нысандар маңдайшалары мен қабырғалары бiр ғана шетел тiлiндегi (ағылшын, қытай, араб, түрiк, т.б.) атаудан арылар емес. Баяғы жартас сол жартас қалпымен қасарысады. Тiптi, бұл келеңсiз көрiнiс жаңа бой көтерген бизнес жайлардың да өзге тiлдегi аттарға құмарлығымен өршiп барады. Бұған қарап, олардың қасына қазақшасын да қос деп талап ететiндерге пысқырмайтындай көрiнедi.

Бұл ендi жұртшылық онша түсiне қоймайтын жазулар. Ал көпшiлiктiң барлығына таныс ресми және мемлекеттiк тiлдердегi жарнамаларда жосылып жүрген қателерге не деуге болады? Мысал келтiрелiк. Д.Қонаев гүлзары мен Желтоқсан көшесiнiң қиылысындағы бильбордта “улица Б.Конаева” деп жазылғанын көргенде әуелде “Дiнмұхамед Ахметұлынан өзге тағы қандай Қонаев бар едi?” деп ойланып қаласың. Артынша-ақ мұның қып-қызыл сауатсыздық пен жауапсыздық екенiн екшейсiң.

Дәл сол бильбордтан үш-төрт метр тұста, жүргiншi жолының бойында салынып жатқан құрылыс алаңын қоршаған қаңылтыр шарбаққа шаһардың әсем көрiнiстерiн бейнелеген баннерлерде “Менiң сүйектi қалам” деген сөйлемнен жаңа теңеу таптық. Бұл “сүйектi” сөз тағы бiраз жерге дейiн жаныңа қабаттасып қалмайды. Жалпы мұндай жаңылтпаш жарнамалар Шымкенттiң қай көшесiнен де ұшырастыру оңай.

Былтыр республика­ даң­ғы­лын­да­ғы бiр шағын мейрамхананың ал­дынан “Балық пен сыра – бiр­лi­гi жарасқан” деген жарнама құрыл­ғы­сын көзiмiз шалып едi. Жақында осы маңнан өтiп бара жатып, сол жазуды iздеп едiк, абырой болғанда ғимарат қожайыны оны алып тастапты.

Қазiр Д.Қонаев гүлзарының, А.Байтұрсынов көшесiнiң бойларында, тағы басқа бiрқатар аумақтарында азаматтардың туған күнiне орай оларды бейнелеген бильбордтар пайда бола бас­тады. Жергiлiктi телеарналардан туған күнге арналған құттықтауларды ұзақ уақыт беретiнiн көрiп жүрсек, ендi бұл тiлек бiлдiру рәсiмi көшеге шығыпты. Онда да жырақтан менмұндалайтын көлемдi көрнекi құралдарда. Жалпы, туған күн әркiмнiң жеке мерекесi. Ал оны жалпақ жұртқа жария ету тым әсiрешiлдiк емес пе? Кейбiр жандардың осындай марапатқа әуестiгiнен базбiр кәсiпкерлер қыруар ақша жасайды. Мерейтой иесiн мадақтап жатса бiрсәрi. ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасы жарнама бөлiмiнiң маманы Әлiмжан Лесбековтен жеке адамды туған күнiмен бильбордқа суретiн салып, құттықтаудың қаншалықты жөнi бар екендiгiн сұрадық.– Негiзiнен жарнаманың мақсаты – жеке және заңды тұлғаның өз қызметтерiн дамытуды көздейдi. Бiреудiң туған күнiмен құттықтауды бильбордтарда жарнамалауға рұқсат берiлмейдi. Бұл туралы бiздiң қолдағы ережеде жоқ, – дедi ол.

Демек, құттықтау бильбордының иесi – “APRIL” жарнама агенттiгiнiң бұл тiрлiгi заңнамаларға кереғар.

Осы бильбордқа жақын, Д.Қонаев гүлзары мен Т.Рысқұлов даңғылы қиылысында қазақшалаған сыңаймен “Өзiңе фигураңды сыйға тарт” деп iрi әрiптермен жазылған келесiсi де көңiл жабырқатады. Мейлi-ақ, әлдебiр фирма бильборд арқылы қызметiн андағайлатып ұсынғаны өзiне де, тұтынушыға да керек делiк. Бiрақ “Сымбатты болғың келсе…” деп мәтiнiн жұрттың назарына дұрыстап берсе болмас па едi?! Кейбiр мемлекеттiк мекеменiң өзi ғимарат маңдайшасындағы атаудың қазақша мәтiнiн заң талабына сәйкес жазбайтыны өкiнiштi-ақ. Ашылғанына көп уақыт өтсе де “Облыстық қуғын-сүргiн музейi” – деп әлi күнге дейiн тұрғанын көрiп жүрмiз.

Жамыраған жарнамалардың небiр “қызықтарын” бiрiншi санаттағы көше саналатын Д.Қонаев гүлзары бойынан жиi көретiнiмiздi несiне жасырамыз. Былтыр аталған гүлзардың Ғ.Iляев көшесiнiң қиылысында “Алкогольсiз сусын” деп сыраны жарнамалаған бильбордтың жыл бойы тұрғанын ұмыта қойған жоқпыз.

Жалпы, тәртiп бойынша ең бiрiншi кезекте көшедегi жарнаманың қай түрiнiң болсын мәтiнi қалалық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң жазбаша келiсiмiнен кейiн ғана жазылуы керек. Ал оның қайда орналасатынына, безендiрiлуiне, көлемiне құжат беретiн жоғарыда аталған мекеме қызметкерiнiң айтуына қарағанда, Шымкентте заңсыз көрнекi құралдар, яғни жарнамалар есепсiз. Тiптi Ә.Жанкелдин, Т.Айбергенов көшелерiнiң бойында жалға пәтер саудалап, автокөлiк жолына дейiн шығып тұратындар да жылжымалы жарнама түрiне жатады екен. Шын мәнiнде, Шымкентте бей-берекет, талғамсыз орналасқан, қаланың көркiн көлегейлеген жаңылдырғыш, жаңсақ жарнамалар қисапсыз. Бұған қарап қызметiн жұртқа паш етудi қалайтын бiздегi кәсiпкерлер ҚР “Жарнама туралы” Заң талаптарын ысырып қойған ба деген ойға қаласың. Коммерциялық нысанның атын ғимаратының маңдайшасына жарқыратып әлемiштенгенiн мiсе тұтпай, оны қосымша құрылғыларға жазып, көше жиегiне де қоятын қожайындар бар. Бұған да жарнама тәртiбi тыйым салады.

Мемлекеттiк тiлдегi мәтiндерi жаңылтпаштай жарнамалардың жиiлiгiн әлгiнде айтып өттiк. “Бiр жоқты бiр жоқ табады” деген құп рас. Iздеген бiр мәселе екiншiсiн түртпектейдi. Жарнама ережесiндегi мына теңсiздiк те ойға қалдырады. Енi мен ұзындығы салақұлаш биiк бильбордтардың орысша мәтiнi алыстан айқарадай көзге түседi де, қазақшасы бiр бұрышына ұсақ әрiптермен жазылғандықтан, оқуға қиын. Онда да мәтiнi толық емес. Қаланың жарнама қыз­ме­тiн­дегi коммерциялық нысандар қожайындарының сыртқы көрнекi құралын құзырлы орынға тiр­кет­пейтiнi, оған салық төлеуден жалтаратыны, өз беттерiнше қалай болса солай орната беретiнi, жалпы осы саладағы үйлесiмсiздiктер жөнiнде бiз сөзге тартқан Еңбекшi аудандық салық басқармасының бас маманы Ерлан Асқаров та, Еңбекшi аудандық әкiмдiгiнiң халықты әлеуметтiк қорғауға қолдау көрсету бөлiмiнiң меңгерушiсi Ерлан Күзембаев та қынжыла айтты. Ал, ендi жарнамадағы оралымсыздықтар осы күнге дейiн неге жойылмай келедi? Қайта олқылықтар уақыт озған сайын көбейiп бара жатқаны ешкімді толғандырмай ма?

Сөйтсек, бұл мәселе тап қазiр тығырыққа тiрелiп тұрған өте күрделi мәселе болып шықты. Жарнама туралы заң бола тұрып, жеке-дара бұл саладағы қызметтi тексеруге құзiрет берiлмептi. Тiптен әр деңгейдегi әкiмшiлiктiң де бұған араласуға құқы жоқ. Себебi, кәсiпкерлiктi тексеруге мораторий жарияланғаны алға тартылады. Сонда не iстеу керек? Қойыртпақ, жарымжан жарнамалар шаһарымыздың шырайын шiркейлеуiн жалғастыра бермек пе?

Дегенмен қиындықтан шығар жол бар екен. Шынтуайтында ше­шi­мiн таппайтын мәселе жоқ. Жар­на­мад­ағы тәртiптi реттеу үшiн ең әуелi жер­гiлiктi әкiмшiлiктен құзiреттi ор­ган­дарға, атап айтқанда ОҚО салық де­партаментiне, қаржы полициясына, прокуратураға ұсыныс-хат жазылуы тиiс. Соның негiзiнде аталмыш мекемелер өзiнiң төменгi буындарына мән-жайды анықтауға нұсқама бередi. Тағы бiр айта кетерлiгi, бұл құзырлы органдар тексерудi бiр өзi өткiзе алмайды. Осы мекемелердiң өкiлдерiнен комиссия немесе жұмысшы тобы құрылуы керек. Бұл шараның құжаты құқықтық статистикалық және ақпараттық есепке алу орталығында мiндеттi түрде тiркелуi тиiс. Тек, осы рәсiмдер орындалғанда ғана жарнама қызметiн (жалпы кәсiпкерлiк бойынша да) тексеру заңды болып табылады.

Мiне, әрекет айқын. Ендеше, жаңсақ жарнамалардан арылуға әбден болады. Қалай дегенде де, бұл iсте жергiлiктi әкiмшiлiктердiң белсендiлiгi мен талапшылдығы темiрдей қажет-ақ. Ал, бiздiң газет ортақ мақсатқа қатысуға қашанда әзiр.

Жеңiс БАҺАДҮР

Шымкент

Серіктес жаңалықтары