ҚАЗАҚ ЖҰЛДЫЗНАМАСЫ

ҚАЗАҚ ЖҰЛДЫЗНАМАСЫ

ҚАЗАҚ ЖҰЛДЫЗНАМАСЫ
ашық дереккөзі
1384

АЛТЫ АЙДЫ БОЛЖАҒАН

АЛТЫ КҮН Бүкіл өмірі табиғат аясында өтетін, табиғаттың төл баласындай көшпенді ел көк аспанның жымыңдаған сансыз жұлдызына ат қоя білсе, сол тұңғиық көкті қай күні бұлт торларын, не қар борап, не жаңбыр сіркірерін дәл айта білген. Ауа райын болжар көріпкелдерге қарсы емеспін, оларда да бір иелік күш бар, дегенмен табиғаттың өз ықпалындағы кей күндер елге ертеден белгілі болған. Қазақ жұлдызшы-есепшілері әсіресе қысылтаяңы көп қыс айын болжауға аса күш салған екен. Сол алты ай қыстың қаһарлы бораны мен қатты аязын Ақырап айының алты күнінде болжаған. Бұл жөнінде кезінде біраз ой қосқан Зекен Бәкірұлын, Жұмабай, Төкен сияқты ақсақалдардың есімін атап өткен жөн шығар. Туа білген ешкім жоқ, тек осылай зерделі жандардың сөзіне зерде салу бар. Сонымен Ақырап айын есепшілер болжам үшін қатты ұстанған. Ақырап айының тууы қазіргіше Қазан-Октябрь айының 14 жұлдызы.Міне, бұл күн Ақыраптың бірінші күні. Сол күні таңсәріден бастап жұлдызшы-есепшілер әр сағатты қатты бақылауға алған. Сағат сайын күні бұрын дайындалған күлді ұшырып көріп, желдің бағытын, жылдамдығын есепке алған. Сол сияқты сол тәуліктің қай сағатында күннің ерекше құбылысы, суытуы, не жылынуы, не жауын-шашын болуы қатты ескерілген екен. Бұл болжам алты күн бойы кезек-кезек күн-түнді күзеткен есепшілермен жүргізілген. Сол алты күнде алты айлық қыраулы қыстың қас-қабағын анықтаған. Үлкендерден бізге жеткен Ақыраптың алты күні осы екен. Атақты Түлкен Сарының боран соғып тұрғанда «ертең түстен кейін қар кетеді» дегені, есімі бізге жетпей Есейдің есепшісі атанған кісінің Қарқаралыға мал айдап бармақ болғандарға ақпанның (бұрын декабрьді осылай атаған К.Ж.) пәлені күні ат құлағы көрінбес боран болады деуі, соған қарамай жолға шыққандардың бар малының қырылып қалуы осындай есепке негізделсе керек. Мал баққан қазақ ақсақалдарына белгілі күндердің бірі – Қызыл жұмыртқа. Бала кезімізде үлкендер аузынан естіп қалатын осы бір атау елуінші жылдардың аяғында сирексіп, кейінгі жетпісінші, сексенінші жылдарда ел есінен мүлде шығып кеткен еді. Елдің үлкен ақсақалы Тұңғышбек Дәлмағанбетұлының «орыста бар Қызыл жұмыртқа күні қазақта жоқ деп пе едің» дегенін естіген едік. Сол күнді нақтылап берген Қайрақты кенішінде тұратын Жаманқұл ақсақал болды. Мамыр айының 8-нен 9 күні суық болатыны белгілі. Осының қазақша атауы бар ма екен деп бүгінде таусылуға айналған ақсақалдардан сұрау салып жүргендей едік. Бұл күннің «Қызыл жұмыртқа» деп аталатынын Жәмекең ұмытылмастай есте қалдырды.Сәуірдің 18-19 күндері Қыдыр қамшысы деп аталады. Сол күні адал құстар ұя басады екен. Құстардың балапан шығаруы мамырдың сегізі мен тоғызы күндеріне дәл келеді. Міне, осы күнді қазақ Қызыл жұмыртқа деп атапты. Қит етсе әулиесініп құдайдың күндерінің талайына орыс көршілеріміз қаптап жатқан, өздері де жаңылып қалатын святойлардың атын тағып келсе, табиғатпен біте қайнасып өсіп, өмір сүрген дала перзенті. Қазақ белгілі күндердің бәріне табиғаттың өзінен туындайтын атаулар берген. Мұның өзі қазақ халқының дүниетанымының «біз кереметпіз» деп жүрген талай елден көшілгері екенінің белгісі емес пе. Қазақ жұлдызшылары айдың тууын, оның аспан әлеміндегі орнын үнемі бақылап, айдың тоғысуы туралы жүйені қалыптастырған. Ай жылдың әр мезгілінде әр түрлі күнде үркермен қиылысып, жанасып өткендей болады. Мұны қазақ «тоғысу» деп атаған. Үркер есепшілердің болжауында ерекше орында. Оның жерге кіруімен 40 күндік шілде басталып, қайта көтерілуімен шілде аяқталып отырған. Бұл күндер қыс шілдесі – Сары аязға да дөп келеді. Қаңтардың аяғында Үркердің тас төбеден аууымен аяздың шарықтауы да бітеді. Орыс жұртының бірін Иван Купале, бірін Ильин деп табиғаттың талай күніне айдар таққанына тамсана қарап, шіркін «бізде күн атаулары неге жоқ» дегендердің сөзі қабырғамызға батып жыл он екі айда өтетін амалдарды біраз зерттеп жазып, зердесіне жеткізуге себепші болғандай едік.Қазақы жыл санауда жыл басы – нау­рыз. Қыстан қысыла шыққан ел қардың жуықта кетер-кетпесін наурыздың бірі күні (қазіргіше 14 наурыз) қар үстінде жатқан қойдың құмалағының қарға батары не батпасына да қарап болжаған. «Қардың басын қар алады» деген ел «Құс қанаты» атты жапалақтап жауар қарды асыға күткен. Бұл наурыздың 26-28 жұлдызына дәл келеді.Келесі ай отамалы – Сәуір деп те аталады. Айдың басы осы күнгі 14 апрельге келеді.Бөлек-бөлек жаз бұлты шығады. Осы айдың 17-19 шамасында күн суытып, жаңбырлатып өтеді. Ел ертеден бұл күнді Қыдыр қамшысы деп атаған екен. Осы айдың 25-27 шамасында тобылғы бүршіктенер Тобылғы жарған атты суық өтеді. Көкек айының 8-9 күндері Қызыл жұмыртқа салқыны, 17-25 арасында атақты Құралай өтеді.Шілде Үркердің жерге кіруімен басталып, қырық күннен соң Үркер қайта көтеріліп, Сарша айында Үркердің толғағы атты жаңбырлы күн туады. Қыркүйек айында Сүмбіленің суы жүрмек. Сүмбіле жаңбырлы өткен жердің көдесінің түбі көк, малға қыстай жақсы от болады.Жылқыны сондай жерге салатынын саяси лагерде 33 жыл отырған Құнанбай Бейсенұлы ертеректе ұғындырған еді. Ол кісінің өзінде екі жарым мың жылқы болғанын кезінде жазған едім. Сүмбіле туа су суыса, келесі айда Таразы туып, таң суыған. Қыркүйек айының 20-21 шамасындағы салқын да белгілі болған. ВОДОЛЕЙ-КӨНЕК БОЛСА,ҮШ АРҚАР-ШАЯН ЕМЕС Филология ғылымының докторы А.Шә­ріп­тің аспан әлемінің шырағдандары туралы біраз қазақты ойландыратын ізденісімен таныспыз. Құптарлық ізденіс. Құптайтынымыз да,қуанатынымыз да әйтеуір қазақтың бір азаматының «қазағымның атауы осылай болса екен» деген ақ үміт тілегі. Аспан әлемі туралы біз де біраз қалам тартқан едік. Енді өз пікірімізді ортаға салайық.Ауылда жатқан бұл қазақтың қай пікірі деген сөз тумасын. Тағдыр айдап, халық жауы болып ел шетінен тысқары шығып кеткен сонау 1962-66 жылдары саяси лагерьдің төрін бермес қонағына айналған (лагерьде 33 жыл отырған) Құнанбай Бейсенұлымен дәмдес болуға тура келген. Құнекең ақсақал жиырмадан жаңа асқан бізге өзі білетін аспан сырын ұқтырып бақты. Қалғанын елге оралған соң көнекөз қариялардан көңілге тоқыдық. Сонымен А.Шәріп жазғандай «орысша шоқжұлдыз» аттарының «көнелігі көзге басылады… … Ежелгі славян дәуірлерінен тамыр тартқызады» дегендей таңдай қағатындай ештеме де жоқ, қайта сол мұжығыңыз Алтын Орда заманында ғаламның талай сырларын бізден алғанына еш күмән жоқ. Алтайдан Карпатқа дейінгі Ұлы Даланы ендікпен де, байлықпен де кезген көшпендінің ұлы сан ғасырлар бойы мыңғырған мал өсіріп, байлықпен ғұмыр кешкен. Мыңғырған мал өсіру үшін де аспан әлемінің бар сырын, жұлдыздардың атауын, солардың тууы мен ауысуына орай болатын ауа райының құбылысын жете білген. Сол көне қазағыңыз орманнан шыға алмай, аспан әлеміне қарамақ түгілі биік ағаш арасынан басы айналып, әр жерге түртінектеп егін салғаннан аса алмаған мұжықтан гөрі еркін де болған, самал желмен тербеліп, бар әлемді әнге қоса білген. М.Исқақовтың да, Ж.Баласағұнның да, Әл Фарабидің де аспан әлемі туралы еңбектері маған да таныс. Ал, енді А.Шәріп ұсынған Зодиак жұлдыздарының тізбесін саралап көрейік. Ол Қозы (Овен), Үді (Телец), Ерентұз (Близнецы), Қушық ( Рак), Арыстан (Лев), Бидай басы (Дева), Өлкі (Весы), Шаян (Скорпион), Сұрмерген (Стрелец), Ұғылақ ( Козерог), Көнек (Водолей), Балық (Рыбы) деген тізбені ұсынған. Қозы (арабша хамал) атауына ешкімнің жоқ таласы. «Үд» қалай болар екен. Қазақ ұғымында осы күнгі еуропа февраль деп атап жүрген ай аты «үт». Қазақта екінші атауы бар, ол «сүт». Ал, осы февраль айында терезеден түсетін сәуледе аппақ шаң сияқты тозаң ақ сәуле болып жарқырап жүреді. Мұны қазақ сүттен айырып «үт» дейді. Ана «Балықтар» деп жүрген шашыранды жұлдыздар да ел ұғымында сол «үт» «Близнецы» деген жұлдыз шоғырын мал баққан қазақ «қосақ» дейді. Кәдімгі қойларды қарама-қарсы қойып матаған қосақ. Бұл жұлдыздың екі қатар болып қарсы тұру кейпі де қосақтан аумайды. Міне, осы тұста С.Қожановтың «Ай» меңді қара қой атауы ұғымға дұрыс келген. Солай десек те жұлдыз атауы «Қосақ» екені дала қазағына аян. Мақалада ұсынылған «Ерентұз» атауы еш жобаға келе қоймайды. Европаның «Рак» дегенін «Қушық» деп берген екен. Нағыз «Шаян» осы жұлдыз. «Қушық» ел ұғымына жаттау екені көрініп тұр. Арыстанға ешкім дауласа қоймас. Ал,орыс «Дева» деген жұлдызды біздің асфальтта өскен журналист қауым «Бикеш» деп елді күлкіге батырып жүр. Бұдан сорақы атау бола қоймас. Бұл жұлдызды Ж.Баласағұн «Бидай басы» атағанмен жалпақ қазақ «Үркер» дейді. «Жеті қарақшы Үркердің қызын ұрлапты» дегендегі Үркер осы. Үркердің «қызы» жеті қарақшының екінші жұлдызының үстінде тұр. Қазақта «бөлек туып бірге батқан үш жұлдыз» деген тіркес бар. Ол осы Үркер, Таразы, Үш Арқар шоқ жұлдыздары. Үшеуі де жылдың әр мезгілінде туғанымен мамыр айының жиырма тоғыз, отызы шамасында бір күнде жерге кіріп, қырық күн бойы көрінбейді. Сонан соң Үркер Сарша айында (июль), Таразы тамызда туады.Таразыны Өлкі деудің де қисыны жоқ. Таразы сөзі қазаққа ғасырлар бойы сіңісті ұғым. «Өлкі» деп тағы бір күлкіге ұшырау ретсіз болар. Ал, орыс «Скорпион» дегенді А.Шәріп орыс­тан дәл аударып «Шаян» депті. Қазақ қай заманнан бұл шоғырды Үш Арқар атап келген. Осы жұлдыздың соңындағы бір жұлдызды «Көгалдай мергеннің шақпақ тасы» дейді. Ал, онан арғы жалғыз жұлдызды «Сүмбіле» атаған. Ел ішінде «Сүмбіленің суы жүріп пе екен» деген ұғым бар. Ол Қыркүйек айының 23-25 шамасына келеді. Сүмбіленің суы жүрсе көде түбі көк болады, малға от мол болады дескен. Ендігі шоқ жұлдызды Сұрмерген (Стрелец) депті. Бұл да жасанды. Ел «Садақ» дес­кен жұлдызды Әл Фараби де «Садақ» деп жазыпты. Аспанға қанша үңілгенмен Петр Первыйдың Стрелецін көре алмаймыз. Керісінше үңіле білгенге аспанда Керулі Садақ тұр. Жасанды атау таққаннан гөрі сол жұлдыздың аспандағы кейпіне де бір үңіліп қараған жөн сияқты. Орыс «Козерог» деген жұлдызды «Ешкі мүйіз», «Тау теке» деп сан құбылттық. А.Шәріп «Ұғылақ» депті. Сөйтіп, А.Шәріп те ешкі ұғымынан әрі кете алмапты. Көкте «Лақ сүмбіле» деген жұлдыз бар. Лақ сүмбіле туды, лақ пісті, жеуге келеді дейді ел. Ол жұлдыз Үркер мен Таразының арасындағы кішірек жалғыз жұлдыз екенін де білген дұрыс. Мал баққан көшпенді аталарымыз бұл шоғырды «Қамбар» атаған. «Қамбар» жылқының пірі. Бұл шоғыр қараша айының ортасында туады. Осы уаққа дейін жылқының ішіндегі төл көлденең түсуі керек. Кей жылдары осы жұлдыз туа жаңбыр жауып, шөп басына мұздан сырға тағады. Оны жеген жылқының ішіндегі төлі көлденең түспесе, мал іш тастайды. Міне, бұл жұлдыздың «Қамбар» атануы осы себептен. Сонымен бұл жұлдыздың атауы Козерог та, Ешкімүйізде емес, «Қамбар». Көнек (Водолей) дұрыс атауын тауыпты. Аспанға үңілсеңіз көнектің аузын көресіз. Ал, Балық біздіңше атауы «Үт» екенін жаздық. Сонымен Зодиак жұлдыздарының тізбесі былай болу керек. Қозы, Тана, Қосақ, Шаян, Арыстан, Үркер, Таразы, Үш Арқар, Садақ, Қамбар, Көнек, Үт. Мақалада жазғандай, «қазіргі қазақ тілін байытатынымызды былай қойғанда, біз көне мәдениетті ел болып» көрінеміз деп, жасандылыққа барудың қажеті жоқ. Біз қазақтың өзінде барын өзіне, адасып қалған ендігі ұрпаққа береміз. Біздің көне мәдениетімізді дұшпандар ғана көре алмайды. Мақала авторының осындай проблеманы көтерген ізгі ниеті қуантады. Оның мектептерге арналған «Астрономия» оқулығына Зодиак жұлдыздарының қазақша атауларын енгізейік деуі құптарлық ұсыныс.
Кәмел ЖҮНIСТЕГI, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткерi

Серіктес жаңалықтары