АҚМЫРЗА ИШАН

АҚМЫРЗА ИШАН

АҚМЫРЗА ИШАН
ашық дереккөзі
1089

Өзінің саңлақ перзенттерін қадір тұтпайтын бірде де бір халық жоқ. Өкінішке қарай, Кеңестік идеология 70 жыл бойы өз асылдарымызды тәрк етіп, келімсектерді дәріптеуге мәжбүрледі. Осылайша ықылым заманнан қасиетті бостандықтың символы болып келген арыс­тарымызды халық санасынан жойғысы келгені шындық. Халықты тарихи жадынан айыру – оны құлдық психологияға тәрбиелеудің, жатжұртқа қызмет етуге бейімдеп, мәңгүртке айналдырудың бірден бір жолы. Хас батырлары, қайраткерлері мен зиялылары жоғалмаған халықтың ғана ары мен намысы аяқ асты болмайды, елінің бірлігі мен тұтастығы сақталады – бұл аксиома.

Өткенімізді танып, жаңаша таразы­лауға, өшкенімізді жағып, асылдарымызды халқымен қайта табыстыруға кең жол ашылғаны 1991 жылы келген азаттықтың арқасы. Қызылорда қаласы әкімінің шешімімен Сырдың саңлақ перзенті, ғұлама, ағартушы Ақмырза ишан атына көше берілуі осы қатардағы игілікті істердің көрінісіндей. 2009 жылы 21 қыркүйекте өткізілген көше ашу рәсіміне қатысқан қала әкімінің орынбасары Абзал Мұхимов, Сыр бойының белгілі ғалымдары филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы, жырау, профессор Алмас Алматов, тарих ғылымдарының кандидаты Наурыз Байқадамов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Темірхан Әбзейітов, Айтбай мешітінің имамы Мейрамбек Есіркеп, Ақмырза ишанды көзі көрген Бекмырза ақсақал оның біздің тарихымызда алар орнын, ел қамын жеген қайраткерлігін жиналған қауымға жан-жақты ғылыми негіздеп, тартымды жеткізді. Аталған азаматтарды бабалардың әруағы қолдай жүрсін демекпін. Ақмырза Төсұлы 1881 жылы Қуаң­да­рия бойында қазіргі Т.Көмекбаев ауылында дүниеге келген. Жас кезінен өжеттігімен, зеректігімен, білімге ерекше құштарлығымен көзге түскен. Қызылтамдағы мешітте Елмұрат атты молдадан дәріс алып, әптиек құранын толық игерген Ақмырза алған білімін місе тұтпай 11 жасында керуеншілермен Бұхараға барып, ондағы білім мен ілімнің ордасы Көкілташ медресесіне оқуға түседі. Медреседе араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдарының тарихи, әдеби, діни еңбектерін зерделейді. Жас өскіннің бойындағы табиғи дарынға тәнті болған ұстаз-мүфтилері оған Түркияға барып білімін жалғастыруға кеңес береді. Стамбулда оқып, латын, ағылшын тілдерін меңгерген Ақмырза Ауғанстанның Кабул, Герат және Ресейдің Қазан, Уфа қалаларын аралап, мешіттерде ілім беру үрдісі мен дәріс беру әдістемелерімен танысады. Бұны туған халқының алдындағы перзенттік парызын оның жастайынан терең түсінгені деп бағалауымыз қажет. Сөйтіп, қолына ислам ғұламаларына берілетін ең жоғарғы лауазым «Ахун» шатырхатын алып 18 жылдан соң, яғни 1910 жылы елге оралады. Ол шағын денелі, сарғыш өңді, шоқша сақалды кісі болыпты. Үнемі ақ койлек киіп, ақ сәлде орап жүрген. Ақмырза алған білімі, тамыры терең тектілігі, қабілет-қарымы, қажыр-қайраты, ізденімпаздығы арқасында кемел биікке көтерілген діни қайраткер және ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі. Оның тұлғалық қасиет-қырларын былай топтастыруға болады: Ақмырза – ағартушы, шәкірт баулушы-ұстаз. Жаңақала ауылының маңайындағы Кеңтүп деген жерде өзіне арнап салдырған (1910 жылы Қошқаралы Уақ Баймырзаұлы салдырған) мешітте, 1915 жылдан Шыбынтай Көтібар мен Шортан Тілесовтердің мешітінде Қызылқұмдағы елдің балаларын ұл-қыз деп бөлмей арабша, латынша сауатын ашып, білім нәріне сусындатқан. Болашақты болжайтын кемеңгер ұстаз: – «Халқым, балаларды қашанғы қой соңынан салпақтатып қоясыңдар. Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығатын заманға келе жатырмыз. Елін қорғар, оған шамасы келмесе өзін қорғар білім алсын-дағы. Алла тағала иіс алмас надандықты, ұйқылы-ояу күн кешуді, құрсақ толып, құлқын тойғаннан өзге тоят іздемес қамсыздықты біздің маңдайымызға жазып қоймаған шығар» – деген жан айқайы ел жадында. Осы жерден оның алдындағы қазақ ағартушылары Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтың мұраттас ізбасары болып қалыптасып, замандастары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және т.б. озық ойлы тұлғалар сынды қазақ қоғамының алдындағы міндетті айқын түсінгенін байқаймыз. Көзі көргендердің айтуы бойынша Ақмырза қарынның қампиғанын, бетінің томпиғанын, көженің қоюын, көрпесінің қалыңын көксеген кісі емес. Мешіттің маңындағы 20-30 үй жарлы-жақыбайға Ақмырза елдің пітір, садақаға берген малынан, астығынан теңдей бөліп беріп отырғаны осының бір ғана дәлелі. Ишанның басқа да қайырымдылық істері туралы мысал өте көп. Қол жұмысынан қашпай, мешіт маңына тал егіп, Қуаңдария суына қауын өсірген де жеке өзі. Қасындағы елін: «Халқым жерді көгертіңдер, бидай, арпа, тары егіңдер. Сонау Бұхара мен Үргеніштен астық тасығанша мына тегін жатқан жерді пайдаланайық» – деп отырықшылыққа үгіттеген. Сонымен қатар ауру-сырқаудың алдын алатын тазалық екенін, ораза ұстаудың ішкі құрылыстың бірден бір еміне жататынын айтудан жалықпаған кісі. Мыңдаған шәкірттерінің арасынан көпке белгілі тұлғалар аз шықпаған. Әбдіәліұлы Әбдірахман, Бермаханұлы Жағыпар, Шабарұлы Ермұхамбет, Дәрменқұлұлы Уәли, Қуаңбайұлы Дәужан, Әбдіқапар молда, Маймақұлы Әбдіәли және т.б. шәкірттерінің есімі елге етене таныс. Ақмырза – ғұлама. Ғұлама деп ғылым мен білімнің шыңынан көрінген тұлғаларды ғана атайды, ал олардың қатары санаулы. Шығыс ойшылдарының еңбектерімен етене таныс ол өзі де ғылым тылсымын білуге, мәңгілік пәлсапалық сұрақтарға жауап табуға ұмтылады. Бүкіл ғұмырын исламның қыр-сырын оқып-үйренуге арнаған Ақмырзаның діннің аса танымал насихатшысы да болғанын біз уақыт биігінен көріп отырмыз. Сонымен қатар ол ірі ислам дінін зерттеуші, Имам Әбу Ханифа мәзһабы бойынша діни тақырыптарды қамтитын құнды еңбектердің авторы. Ақмырзаның қаламынан шыққан ғылым және дүниетанымдық кітаптар мен оқулықтар (араб тіліндегі) кезінде халық арасында кең тараған. Ғұламаның шетелге қашқан қандастарымызда сақталып, бізге жеткен Иман, Ислам, Ықлас деген бөлімдерден тұратын «Түркі иман» және «Хадис» атты кітаптары Алматыдағы мешіт-медреседе оқу үдерісіне қолданылуда. Ақмырза – қол бастаған сардар. Ол көзі ашық тұлға ретінде патшалық Ресейдің тамырын тереңнен алған отарлау саясатының мақсаты мен салдарын жақсы түсінген. 1916 жылы Ресей әскерінің тыл жұмыстарына қазақтардан адам бермеу бағытында ел ішінде болған наразылықтарды қызу қолдағаны осыдан болса керек. Кеңес үкіметі революциялық күрес, интернационализм айдарымен бүркемелеп Ресей империясының жат елдерді жаулап алуға бағытталған сұрқия, қанқұйлы істерін жалғастырғаны белгілі. «Бөліп ал да билей бер» қағидатын ұстанған большевиктер дәстүрлі қазақ қоғамына тап күресі идеология­сын күштеп таңғаны осы саясаттың жүлгесі. Большевиктердің 1928 жылдан бастап жүргізген байлар мен ортан қол шаруаларды тәркілеу, ұжымдастыру саясаты қазақ халқының мыңдаған жыл қалыптасқан қоғамдық құрылымын бұзып, күнкөріс көзі малынан айырды. Бұның 1931-1932 жылдардағы халықты ойсыратқан ашаршылыққа ұрындырғаны өзінің әділ бағалануын әлі күтіп жатқан қылмыс. Кедейлерге қайырымдылығы, кемба­ғал­дар­ға мейірімділігі, қара қылды қақ жарған әділдігі, игілікті де ізгілікті істері, жүрекке жол тапқан уағыздары Ақмырзаның өңірде қадірі ерекше болуының алғышартына айналды десек қателеспейміз. Қызылқұмда белең алған есепсіз зорлық-зомбылық пен мешіт-медреселердің қиратылғаны жанына батқан Ақмырза: «Дінімді де елімді де әділетсіз белсенділердің астына салып бере алмаймын. Біз жалпақ жатқан жұртпыз ғой. Бас көтеріп, өкіметке мына өктемдікті тиыңдар, халықтың дәстүрін, дінін сыйлаңдар, мал-мүлкін талан-таражға салмаңдар, мұның аяғы жақсылыққа соқпайды деуіміз керек», – деп халыққа үндеу тастайды. Бұл сөзді жаппай қолдаған ел азаматтары: «Сіз басшы болыңыз, біз қосшы болайық, елімізді, жерімізді қорғайық, дінімізді қорлап, мешіттерімізді қиратуға қарсы тұрайық», – деп одан өздерін басқаруды сұрайды. Ақмырзаның әуелде халықты сабырлыққа щақырып, өкімет өкілдеріне халықтың талап-тілектерді бейбіт жеткізуге ұмтылғанын айтқанымыз абзал. Бірақ ат ойнатқан белсенділер: «мешіттерді жабамыз, мал-мүлікті тәркілейміз, ишан-молдаларды қамаймыз» – деп қасарысады. Сондықтан асыра сілтеуден зардап шеккен халықтың оларды сабап, қуып жіберуі тектен тек емес. Оқиғаның белең алуынан үрейленген коммунист-белсенділер Қазалыдан әскер шақыртады. Бұдан хабардар болған бейбіт халықтың да Ақмырза мешітіне жиналып, шоқпар, сойыл, құсмылтық сынды қарулармен жарақтана бастауы, әрине заңдылық еді. 1930 жылы көктемде Ақмырзаның қол астына үш мыңдай адам топтасады. Олар екі топқа бөлінеді: «Қарақ» бөлігін Ақмырзаның өзі, ал «Кеңтүп» бөлігін інісі Таймырза (1905 жылы туған) басқарады. Бұған архив құжаттары куә. Ақмырзаның қолына қару алдырған қорғансыз халық мұңы, ел мүддесі. Өйткені байыпты зерттеулер оның азаттық жолындағы күресінде Сыр бойы халқының барлық әлеуметтік топтары болғанын көрсетіп отыр. Алғашқы шайқаста Төлеген Жекебатырұлы, Абат, Әжікерей сынды мергендердің қызыл әскерлерге тойтарыс берудегі ерліктері өз алдына үлкен тақырып. Күші мен қаруы басым жазалаушылармен (басшылары: Жалудь, Цуканов, Ж.Альшанский) бірнеше мәрте шайқасып, титықтаған көтерілісшілерге Ақмырза: «Жазалаушылардан жеңілетініме менің зейінім жетеді. Дін мен ұлттық мүддені қорғау жолында өлсем арманым жоқ. Аман-сау тұрғанда бас сауғалаңдар» – деп рұқсат береді. Жанында қалған аз ғана жақтастарымен (350 адам) бірге Қызылқұмда 1930 жылғы 26 наурызда болған соңғы шайқаста Ақмырза қоршауда қалады. Бірақ одан сытылып шығып, мешітінде құбылаға қарап дұғасын оқып отырған оны артынан келген қуғыншылар атып өлтіреді. Онымен қоймай мешіт-медресесіндегі барлық діни кітаптарды, басқа да заттарды Ақмырзаның үстіне үйіп өртеп, мешітті құлатып кетеді. Нәубет-зобалаңның куәсі-мешіттің бүгінге дейін жеткен қирандысы бізді бірлік пен татулыққа, ауызбіршілікке шақырып тұрғандай. Ғылым мен ілімнің тылсымын зерттеп, зерделеуді, халықтың сауатын ашып, ағартуды мансұқ етіп, адамгершілік пен биік парасаттылықты насихаттауға саналы өмірін арнаған Ақмырза ишанның ұлт зиялылары шоғырынан алар орны берік. Халқымыздың ардақты перзентінің шейіт болғанына 80 жылдан асты. Ел арасында оның көзін көрген, дәрісін тыңдаған, үлгі-өнеге алған кісілер қалмады деуге болады. Бірақ олардың сан мыңдаған ұрпақтары қазір арамызда жүр. Ишанның адамгершілік-парасаттылығы, жәрдем беруге іркілмейтіндігі, сақилығы, қанағатшылдығы, өтірік-өсек пен қызғаныштан аулақ болуы, адал тұрып-жүруі, бойындағы тылсым қасиеттері, суырып салма шешендігі туралы әңгіме-аңыздар халық арасында әлі өшкен жоқ. Өшпек те емес.
Қали ОМАРОВ, география ғылымдарының кандидаты, профессор
Қызылорда қаласы  

Серіктес жаңалықтары