SALAMWORLD ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІСІ ӘЛЕМДІ ҚАМТИДЫ

SALAMWORLD ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІСІ ӘЛЕМДІ ҚАМТИДЫ

SALAMWORLD ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІСІ ӘЛЕМДІ ҚАМТИДЫ
ашық дереккөзі
424

Стамбулда өткен басқосуда әлемнiң 40-тан астам елiнен келген ықпалды ислам әлемiнiң қоғам қайраткерлерi мұсылман Salamworld әлеуметтiк желiсiнiң келешектегi жоспарлары жайында талқылады.

Аталмыш мұсылман әлеуметтік желісінің алғашқы бүкіләлемдік саммиті Түркияның премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның құттықтау сөзімен басталып, Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Махатхир Мұхаммад пен Ливия уақытша кеңесінің басшысы Мұстафа Абдул Джалил баяндамаларымен жалғасты. Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік желінің болашағы, адамдарды ортақ қызығушылықтар мен құндылықтардың айналасына біріктіретін жобаларға байланысты. Саммитте қазіргі кезде мұсылмандардың ықпалды әлеуметтік медиа-қорының жоқ екенін және Salamworld күллі мұсылман қауымына ортақ құндылықтар мен мұраттар айналасына біріктіруші рөлінде қызмет ететіні және оның жетістікке жетуіне үміттің зор екендігі айтылды. Salamworld жобасының жетекшісі, Ресейлік қоғам қайраткері Абдул-Вахед Ниязов өз сөзінде мұсылмандарға арналған қоғамдық желінің құрылу себептеріне тоқталып, Salamworld-ты құру идеясы өткен жылы маусымда Астана қаласында өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының кезекті сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі кезінде туындағанын баса айтты.

Саммитте «жастардың дінге және Ислам мәдениетіне деген қызығушылығын оятатын және мұсылмандық рухани құндылықтарды кеңінен тарататын жаһандық деңгейдегі интернет-порталдың керек екені жайында кеңінен тоқталды. Бұған әсіресе, Salamworld-тың құрылуы зор септігін тигізеді деген ұтымды пікірлер болды.

Salamworld атқару комитетінің төрағасы Абдул Вахед Ниязов бұл жобаның саясатқа араласпауы және интернет қолданушылармен тікелей байланыста болып, олардың сауалдарына тұрақты жауап беру үшін жоба жетекшілерінің қолдан келгенше жұмыс істейтіндігін тілге тиек етті. Халықаралық жоба – Salamworld.com-ның мақсаты – бүкіл әлемде мұсылмандар арасындағы байланысты нығайту. Онда зиянды мағлұматтар іріктеліп беріледі. Сонымен бірге, жоба аясында Ислам Алтын динары бойынша онлайн сауда платформасы да құрылмақшы. «Бұл жобаның артында ешқандай да саяси күштер тұрған жоқ, бірақ біз түрлі елдердің басшыларынан қолдау және түсіністікпен қарауын күтеміз. Жобаны құруға 12 елден талантты жас мұсылмандар қатысуда. Біз мұны бірінші кезекте мұсылмандарға арнап құрдық», – дейді ол.

Salamworld қоғамдық желісінің жабық режимде іске қосылуы үстіміздегі жылы Рамазан айына жоспарлануда. Сарапшылар тарапынан «Мұсылмандық Фейсбук» атанып кеткен Salamworld қазіргі кездегі қоғамдық желілердің мұсылмандық баламасы ретінде көрініс тауып келеді. Орталығы Түркияда болып табылатын әлеуметтік сайт 5 жылда 500 миллион қолданушыны қамтуды жоспарлап отырған көрінеді.<

br>

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары