САРЫАРҚАНЫ САЗҒА БӨЛЕГЕН

САРЫАРҚАНЫ САЗҒА БӨЛЕГЕН

САРЫАРҚАНЫ САЗҒА БӨЛЕГЕН
ашық дереккөзі
178

Екi күн бойы Астана ән мен жырдың ордасына айналды. Бұл жолы Сарыарқаның кiндiгiне барша түркi мәдениетi көшiп келгендей. Алысы Анадолыдан, бергiсi Башқұрт жерiнен кернейлетiп, сырнайлатып жеткен түркi көшi Астанаға ат басын тiреп, қазақтың астанасын түрлi мәдениетiмен тыныстады.

Сарыарқаның төрінде басталған ән мен жыр төрінде Түркі ұлыстары ән шырқап, мың бұралып би билеген.. Бір-бірімен көріскен, бір-бірімен біліскен ұлы түркі көші бұл…

Әуелі түркі жұрты Астанадағы Бейбіт­ші­лік және келісім сарайында бас қосты. Аталмыш сарайда «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» атты рухани жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Түркі әлемі бір-біріне ортақ, бір-бірімен ажырамайтын туыс, әрі бауыр екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Біздің тарихымыз да, біздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз да ұқсас, әрі ортақ екені белгілі.

Түркі әлемінің ортақ жылына арналған кештің алғашқы шымылдығын «Наз» мемлекеттік би театры мен «Керулен» фольклорлық ансамблі ашты. Одан кейін сахнаға шыққан «Сақ» этнографиялық тобы «Ұлы бөрі» композициясын орындаған еді. «Ұлы бөрі» композициясы кезінде кең залға жиналған жұртшылық түркі мәдениетінің тарихына бойлап кеткендей әсер алды. Кештің шымылдығын Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының уақытша үйлестірушісі, Түркияның Мәдениет және туризм министрі Эртугрул Гүнай ашып, жиынға қатысушыларға құттықтау сөзін арнады. Сөз тізгінін алған министр Дархан Мыңбай өз құттықтауында: «Бүгінгі «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылуы салтанатына арналған мәдени шара барша түркітілдес мемлекеттердің рухани дамуына соны серпін беретіні сөзсіз. Осы жылдың аясында биылғы Наурыз мерекесін тойлау, суретшілер кездесуін ұйымдастыру, Қазақстандағы Әзірбайжанның мәдени күндерін өткізу сияқты жалпы түркі мәдениетін дәріптейтін бірқатар мәдени жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Біздің бүгінгі мәдени шарамыз ерекше бір жағдайда өтуде. Алтайдан Ақ теңізге, Сібірден Парсы шығанағына дейінгі ұлан байтақ Еуразия кеңістігін жайлап жатқан біздің туыстас елдеріміз, бауырлас халықтарымыз жаһандық деңгейдегі әртүрлі істерге белсене араласып, маңызды халықаралық және өңірлік ұйымдардың тізгіндерін қолға ұстап келеді» деген жүрекжарды сөзін жеткізді. Сонымен бірге, ашылу салтанатында сөйлеген Эртугрул Гүнайдың: «Астана – Еуразия кеңістігіндегі жарық жұлдыз. Ол түркі әлемінің мәдени астанасы болуға әбден лайық» деген сөзі баршамыздың көңілімізді жадыратты.

Анадолы мен Башқұрттың басын бір арнаға тоғыстырып, барша түркі әлемінің ортақтасуына негіз болып отырған ТҮРКСОЙ ұйымы екені белгілі. 1992 жылы түркітілдес елдер мәдениет министрлерінің бас қосуымен Ыстамбұлда негізі қаланған аталмыш ұйымға бүгінде 40-қа жуық ұлт пен ұлыстан құралған 200 млн. халық бас біріктіріп отыр. Арада бір жыл өткен соң, яғни 1993 жылы 12 шілдеде Алматыда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркiменстан, Түркия, және Өзбекстан мемлекеттері ТҮРКСОЙ туралы шартқа қол қойған еді. Кейінірек, 2009 жылы Нахчван қаласында түркі дүниесінің толыққанды халықаралық интеграциялық құрылымын құру туралы арнайы шешім қабылданады. Ал 2010 жылы Ыстамбұлда мемлекет басшылары жаңа халықаралық ұйымының құрылтайшылық құжаттарына құқықтық негіз берді. Сол жолы Алматыда тұңғыш рет жаңа үлгідегі ұйым көшбасшыларының кездесуі ұйымдастырылды. Бүгінде ТҮРКСОЙ-дың қызметі артып, жаңаша қарқын алып келеді. Ал, биылғы жылы Елордамыз түркі мәдениетінің астанасына айналғалы отыр. Бұл да қазақ елінің астанасына деген түркі әлемінің құрметі болса керек.Салтанатты жиында ән де шырқалды, би де биленді. Тувадан келген өнерпаз Евгений Саргылардың көмейден құйқылжыта шырқаған әні талай жүректерді тамсантты. Одан соң, башқұрт, түрік, әзірбайжан елінен келген ән-би ансамбльдері ортаға шығып, мың бұрала би биледі. Ән мен жырдан кенде емес қазақ халқы да өз өнерін аянып қалмады. «Керулен» фольклорлық ансамблі шырқаған «Қараторғай» әні мен Қарақат Әбілдина және «Қарақат» мектеп-студиясының ансамблі орындаған қазақ халық әндерінің попуриі жұртты елең еткізген. Салтанатты кешке жиналған қауым «Ұлытаудың» күйіне елтісе, Қыдырәлі Болман орындаған Сүгірдің термесі рухани күш-қайрат сыйлаған еді. Кеш шымылдығын Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева мен ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің шырқауындағы Е.Ынтықбаевтың «Ақордам – Астанам» әні жапқан еді.

Түркі мәдениеті мен өнерін асқақтатқан бұл кеш бүгінмен аяқталмайды. Қазақ жеріндегі түркі әлемін тану үрдісі енді ғана бастау алғандай. ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов өз сөзінде: «Түрік дүниесінің арасындағы ынтымақтастық барған сайын күшейіп келеді. Бауырластықтың буыны бекіп, бұғанасының қатаюына Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосуда. Тап қазір ТҮРКСОЙ-ды түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы деп атауға болады. Өйткені ол – әбден қалыптасқан әрі жетілген ұйым. Астананың түркі дүниесінің басты қаласы деп жариялануы бүкіл түркі әлеміне тың серпіліс береді. Астана басқаларға үлгі-өнеге көрсетіп, түркі мәдениетінің ең озық үлгісін дүниежүзіне паш етеді. Біз таяу болашақта ТҮРКСОЙ аясында түркі тілдес мемлекеттердің рухани қайраткерлерінің қатысуымен ірі халықаралық шаралар: музыкалық және театр фестивальдерін, бейнелеу және қолданбалы өнер көрмелерін, түрлі байқаулар, атаулы күндерге орай мерейтойлық салтанаттар өткіземіз. Бұған қоса, кітаптар мен күнтізбелер басамыз» дейді. Демек, түркі дүниесін тануымыз, өзімізге ортақ өнер пен мәдениеттен алыстамауымыздың қажеттігін түркі әлемі тағы бір дәлелдеп отыр. Жыл бойы Астананы түркі әлемінің ортақ астанасына айналдыратын айтулы жыл ән мен жырдың мерекесінен ғана тұрмайтын болады. Оны ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов те өз сөзінде тілге тиек еткен болатын. Биылғы жыл музыкалық және театр фестивальдері өтетін жыл. Биыл бейнелеу мен қолданбалы өнер көрмелерінің жылы. Сонымен бірге, түркі жұртына ортақ кітаптар мен күнтізбелер де қазақ халқына ұсынылатын тамаша сый болмақ.

Астанада басталған рухани жыл­дың­ ашылу салтанатына келген қонақтар­дың көбі Астананың көркемдігіне, Қазақ­стан­ның 20 жылда қол жеткізген табысына өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Қазақ­станға келген қонақтардың арасында өз өнерімен жұртшылықты тәнті еткен тувалық Евгений Саргылар да бар. Ол өзінің біздің елімізге деген ыстық ықыласын білдіре отырып: «Менің есімім – Евгений Саргылар. Тувалықпын. Бірақ Астананың төрінде жүріп қазақпын деп те қалдым. Тіліміз, діліміз өте ұқсас. Міне, осы мәдени кешке башқұрт, татар, түрік елінен де келіп жатыр. Жөн сұрасу, білісу аса ауыр емес. Ол қазақша сұрайды, мен тува тілінде түсіндірем. Расында, түбі бір түріктің қайта бірігетін де күні алыс емес сияқты болып кетті», – деген еді.

Қазақстанға келген қонақтардың барлығы да: «Астананы түркітілдес халықтардың ғана емес, әлемнің рухани ордасы» десіп жатты. Демек, бұл қазақтың мәртебесінің өскені, қазақтың астанасының мәртебесінің биіктегені. «Еуразия кеңістігін жайлап жатқан Ұлы даланың ұрпақтары Қазақстанда қауышып, мәре-сәре күй кешті. Осының өзі үлкен бақыт қой. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген бауырлас халықтардың бақыты ғой бұл» деген еді Қазақстанға келген қонақтардың бірі, Башқұртстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Салауат Сагитов. Демек, бұд 14 мемлекетке ортақ ұйым – ТҮРКСОЙ-дың өте маңызды ұйым екенінің дәлелі. Оның мақсаты – түркі халықтарының біртұтастығы. Келесі жылы аталмыш ұйымға 20 жыл толмақ. 20 жыл ішінде ТҮРКСОЙ аз жұмыстар жасаған жоқ. Әлі де аталмыш ұйымды жандандырған жөн. Оның себебі, бұл ұйым исі түркі халықтарына қажет ұйым дегенді айтады алыстан ат арытып жеткен меймандар. Бұл – біздің тілегіміз, біздің ортақ мақсатымыз. Қазаққа ортақ, түркіге ортақ мәдениет бір орталыққа жиналу қажет. Сонда ғана қазақ өзінің тегін, өзінің ділін, өзінің байырғы мәдениетінен алыстамайды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары