ПУТИН ЖӘНЕ ТӨРТ ҚАСҚА
ПУТИН ЖӘНЕ ТӨРТ ҚАСҚА
Мәскеу үлкен дауылдың алдындағы жым-жырт тыныштықта. Теледидардан берiлiп жатқан дебаттарды көрмеген, газет беттерiндегi сараптамалық мақалаларды оқымаған, Болотный мен Сахаровтағы шерулерге бармаған адам үшiн үш күннен соң өтетiн президенттiк сайлау елеусiз қалатындай көрiнедi. Мәскеудiң орталық көшелерiнде топ-тобымен жүрген бурят, хакас, өзбек, тәжiк, армян, әзiрбайжан, шешен, т.б. халықтардың өкiлдерi үшiн саяси даңғазаның бәрi басқа кеңiстiкте, өзге өлшемде өтiп жатқандай. Қаланың орталық көшелерiнде сайлауға шақырған үнпарақтар немесе үмiткерлердiң суреттерi, тiптi Путиннiң портреттерi көзге шалына қоймайды. Саяси дүрбелең өз алдына, ал қара халық өз алдына бөлек тiршiлiк етiп жатыр.
«ПАТША» ПУТИН НЕ ТЫНДЫРДЫ?
Ресейдегі сайлауға бес үміткер түскен: «Единая Россия» партиясының атынан қазіргі премьер-министр Владимир Путин, өзін-өзі ұсынған үміткер «ОНЭКСИМ Тобы» президенті Михаил Прохоров, Ресей Коммунистік партиясының атынан Мемлекеттік думаның депутаты Геннадий Зюганов, «Справедливая Россия» партиясының атынан Мемлекеттік думаның депутаты Сергей Миронов, ЛДПР партиясының атынан Мемлекеттік думаның депутаты Владимир Жириновский. Сайлау науқанындағы дау-дамайдың өзегі осы бес үміткердің қайсысы ел басқаруға лайық деген пікірталас емес, «Путин бұдан әрі мемлекет басшысы болып қала ма, жоқ па?» деген сұрақ. Биылғы сайлауалды науқанның тірелген тығырығы да осы.
Бір қарағанда, Конституциялық нормаларға сәйкес, Владимир Путиннің мемлекет басшылығына тағы сайлану құқығы бар. Екінші жағынан, Ресейдегі саналы азаматтарды Путиннің он екі жылдан бері ел билігін уысынан шығармай отырғаны алаңдатады. Қазіргі заңдық норма бойынша, ел президенті алты жылға сайланады. Егер Путин осы жолы жеңіске жетер болса, онда оның жоғары лауазымды биліктегі уақыты он жеті жылдан аспақшы.
Сырт қарағанда, Конституцияның талаптары өрескел бұзылған жоқ, бірақ іс жүзіне келгенде, Ресей патриархалды билік жүйесіне жақындап келеді. Мәскеудің ой қуған, сөз қуған саналы қауымы Путинді сырттай «біздің патша» деп атайды. Ирония айқын, шарасыздық басым. Сайлау науқаны тұсында бүгінде билік басында отырған азаматтар не тындырды деген сұрақтың тууы заңды. Ал билік басында отырған тұлға тағы да додаға қатысатын болса, сайлауалды науқан шідерленген аттай оның бүгінге дейінгі жүргізген саясатының айналасында ғана жүргізілмек. Ресейдегі қазіргі жағдай – осының айнасы.
WHO IS MR.PUTIN?
Сайлау үміткерлерінің танымалдығын сарапқа салу үшін соңғы 30 күн ішінде интернетте орыс және ағылшын тілінде жарияланған материалдарда олардың есімдерінің қайталану жиілігі бойынша көрсеткіштерді салыстырдық. Орыстілді сайттарда жарияланған жаңалықтарда В.Путиннің есімі басқа төрт үміткерлерге қарағанда 1,5-2 есе жиі аталады. Ал бүкіләлемдік ғаламтордағы орыстілді сайттар, блогтар, форумдар, түрлі әлеуметтік желілерде үміткерлердің аты аталу жиілігі бойынша рейтинг құрастырсақ, оның реті мынандай: В.Путин, М.Прохоров, В.Жириновский, Г.Зюганов пен С.Миронов.
Бір қызығы, ағылшын тіліндегі интернет материалдарында да Путин айқын басымдықта. Қаңтар айының соңы мен ақпан айының аяғына дейінгі аралықта Ресей туралы жазылған пікірлер мен мақалаларда басқа үміткерлермен салыстырғанда қазіргі премьер-министр аты жиірек аталса, одан кейін М.Прохоровтың, одан сирек жиілікте басқа үш үміткердің аттары кездеседі.
Белгілі бір деңгейде бұл көрсеткіштер үміткерлердің сайлауалды науқаны кезіндегі ақпараттық-насихаттық арнадағы күшін байқатады.
Айтпақшы, осы аптаның басында Лондонда В.Путиннің портреті басылған автобустар пайда болған. Бұл жергілікті баспадан шығатын В.Путиннің ағылшын тіліндегі өмірдерегін баяндайтын кітаптың жарнамасы. Әйтсе де, бұл кітаптың дәл қазір басылып шығуы мен Ресейде өтетін сайлауға бір аптадан аз уақыт қалғанда жарнамалық шараның ұйымдастырылуын кездейсоқтыққа балауға болмас.
Британдық журналистер Путиннің өмірдерегін зерттеуге аттай алты жыл жұмсапты. Алайда алты жылдық еңбекті жазып шыққан зерттеушілер де Путиннің қандай саясаткер екенін дөп басып айта алмайтынын мойындайды. Батыстың саяси саналы азаматтары үшін осыдан он екі жыл бұрынғы «WHO IS MR.PUTIN?» деген сұрақ әлі өзекті.
БЕСТІКТІҢ БӘСІ
Үміткерлердің ара салмағын сарапқа салар болсақ, олардың әрқайсысының өз қалыбына сай ролі бар сияқты. В.Путин – кей жағдайда тым қаталдық танытатын, кей жағдайда қиястау кететін, бірақ орыс мұжығының жүрегіне жақын қарабайыр бейнедегі ел билеуші. Ол тіпті сайлау науқанынсыз-ақ мемлекетті қал-қадірінше одан әрі билеуді жалғастыра берер еді, әттең, Конституцияның талабына сай сайлау додасына қатысуы тиіс. Сондықтан да Орталық сайлау комиссиясына тіркеліп, сайлауалды науқанын жүргізуді командасына артып қойып, өзі мемлекеттік істермен одан әрі айналыса береді. Саяси сарапшылар жазып берген көлемді, ойлы мақалаларға қол қойып, оны өз атынан жариялауға рұқсат берсе де, басқа үміткерлермен бірдей деңгейге түсіп, теледебаттарға қатысуға міндетті емес. Ал оның теледебатқа неге шықпайтынын саяси сарапшылар мен журналистер қара халыққа өздері түсіндіріп берсін.
Путиннен кейін БАҚ-та аты жиі аталатын үміткер – М.Прохоров екенін жоғарыда айттық. Үміткерлердің ішіндегі «ақ қарғасы» – осы. Қазақша икемдесек, «арпа ішінде бір бидай».Оның үстіне, ол – бес үміткердің ішінде өзін-өзі ұсынған жалғыз тұлға. Бір жағынан, саяси ойындарға әлі етене араласпаған соң былық-шылықтан таза сияқты көрінеді, бірақ қарапайым азаматтар оның байлықты қайдан жинағанына қатысты күдік-күмәнді жеңе алмай келеді. Сайлаушылардың Прохоровты қолдауға жаппай ұмтылмауының басты себебі де осында. Ресейдегi жалпы әлеуметтік ахуал ушығып тұрғанда, қарапайым азаматтар қалт-құлт етіп, күйбең тіршіліктің қамымен бас қатырып жүргенде, ас та төк байлықтың ортасынан келген азаматты билік басына отырғызу олардың ойында қисынға келмейді. Пролетариаттың көсемі айтатын «халықтың өз өкілі» болуы керек деген ұғымды әзірше халық санасынан ысырып тастау қиын.
Ал ЛДПР төрағасы В.Жириновскийдің бұл додаға не үшін қатысуға талап білдіргені тасқа таңба басқандай айқын. Қазіргі мемлекет басшысын сынап, «Путин биліктен кетсін!» деп қанша ұрандатқанымен, осы бестіктің ішінде Путинге ұпай жинап беретін жасырын жақтасы сияқты. Ол – Ресейдегi биылғы президенттік сайлау науқанында гректің Троя атының ролінде. Түкірігі шашырап, тұтығып, даусы қарлыққанша айғайлау арқылы ол сайлаушылардың көңілін басқа үміткерлерден өзіне аудармақшы. Әрине, «патша» Путиннің бейнесіне көлеңке түсіруге шамасы жетпес (оны мақсат тұтпайды да), ал Прохоров сияқты бәйгеге жолдан ат қосқан үміткерлерді қаралауға, тым болмаса оларды аяқтан бір шалуға таптырмас тұлға. Жириновскийге бұл роль таңсық емес. 65 жастағы саясаткер президенттік сайлауға осымен 5-ші рет қатысып отыр. Ресейде белгілі бір деңгейде саяси тоқыраудың бар екендігі Коммунистер басшысы Геннадий Зюгановтың президент болуға тағы да тілек білдірген талпынысынан-ақ аңғарылады. Осымен төртінші мәрте президент болуға ұмтылып жүріп-ақ қартайған, 67 жастағы Зюганов егер (ғайыптан тайып) жеңіске жете қалса, оның қандай президент болатынын елестетудің өзі қиын. Мұндай көріністі елестетуге ешкім тырыспайды да. Бұған дейінгі үш сайлауға қатысып, сайлау қорытындысы бойынша ұдайы екінші орынды місе тұтып келген Зюгановқа өзінің жақтастары да наразы. Кейбіреулер оны да Кремльдің қолайына жағуды көздеген тұлға көреді. Коммунистік партиясының мүшелері арасында Зюгановтың партия басшылығы орнын босатуын талап еткен ұсыныстар ара-тұра айтылып қалып жүр. Ендеше көп ұзамай Зюганов ел билігі тұрмақ, партия билігіне зар болып қалуы әбден мүмкін.
Үміткерлердің ішінде қара көбейтіп жүрген С.Мироновқа ақпарат құралдары да, саясаттанушылар да аса назар аударған емес. Өйткені қай рейтингті алсаңыз да, оның есімі бестіктің ең соңында жүреді. Бірақ ол – бес үміткердің ішінде Болотный мен Сахаровтағы наразылық шерулерінде төбе көрсетіп, оларға қолдау білдіріп жүрген бірден-бір тұлға. Әйтсе де «демократтық шекпен» де президенттік сайлауда жеңіске жетуге қажетті дауыс жинап бере алмайтын сияқты.
ҚАЗАҚСТАН – ЕКІНШІ ОРЫНДА
Ғаламтордағы соңғы бір айдың көлеміндегі материалдардың ішінде Ресейдегі сайлауалды науқанын орыс тілінде көп айтып-жазатын ел Ресейдің өзінен кейін Қазақстан екен. Тіпті Ресейдің ет жақын одақтасы Беларусь та бізден кейінгі орында. Ал Украина мен Латвияда орыс тіліндегі интернетте Путин мен басқа төрт үміткердің есімдері аталуы сирек көрінеді. Бірақ бұл елдерде Путин және басқалар туралы материалдар жергілікті мемлекеттік тілдерде жарияланатын болса керек.
ТМД аясындағы ақпараттық саясаттың бір көрінісі осындай.
P.S. Үш күннен соң өтетін сайлаудың қорытындысы қандай болатынын қазір-ақ болжауға болар. Алдын-ала жүргізілген сауалнамалар нәтижелері бойынша Путинге сайлаушылардың 66 пайызы дауыс беретіні анықталған. Путин 2000 жылы алғаш рет президенттік сайлауға түскенде 53 пайыз дауыс жинағанын ескерсек, жаман көрсеткіш емес. Ал Г.Зюганов 15 пайыз, М.Прохоров 8 пайыз шамасында дауыс жинауы мүмкін, В.Жириновский мен С.Мироновтың өз партияластарының арқасында 5-6 пайызға ие болуы ғажап емес.
Бір жағынан, Ресей элитасы саяси реформа жүргізудің қажеттігін айтып, көшеге шығып, шеру өткізуді жалғастыра беруге бекінген. Олар Путинді сынап, оның орнына басқа адам келуін қолдайды. Алайда бұл топтың заң аясынан шығып, әлдебір өрескел әрекет жасауы да екіталай. Өткен ғасырдағы төңкерістердің қандай нәтижеге әкелгені өз алдына, кеше ғана «қызыл сары» төңкерісті бастан өткерген Украина мен Қырғызстанның бүгінгі ахуалы орыстың көз алдында. Араб төңкерістерінің сабағы да бар.
Саяси реформаны тілеген топ бәрібір елде бей-берекеттің орнауын қаламайды. Кремль сайлауға дейін де, одан кейін де мемлекетте тұрақтылықтың сақталуына барын салады. Саяси ұстанымы қарама-қайшы топтың көзқарасы осы тұста ғана тоқайласады.
Путиннің билік басында қалуына наразылық шараларының саяси төңкеріске ұласуы екіталай. Әйтсе де, ішкі қарсылық бұдан әрі өршімесе, оның өшуі ендігі неғайбыл. Яғни Ресейдегі «Патша Путин» дәурені аяқталуға жақын.
Гүлбиғаш Омарова