100 ОРЫНДЫҚ ИНТЕРНАТТА – 330 МҮГЕДЕК

100 ОРЫНДЫҚ ИНТЕРНАТТА – 330 МҮГЕДЕК

100 ОРЫНДЫҚ ИНТЕРНАТТА –  330 МҮГЕДЕК
ашық дереккөзі

Жасыратыны жоқ, әлемнiң көптеген елдерiнде, соның iшiнде, Қазақстанда да мүгедектердiң жағдайы толық шешiлген жоқ. Олардың құқықтарын толықтай жүзеге асыруға кедергi келтiретiн толып жатқан инфрақұрылымдық, табиғи-құқықтық, коммуникациялық, психологиялық және басқа да кедергiлер жеткiлiктi. Көшелерде және күнделiктi өмiрде арбада отырған мүгедек пен зағипты сирек кездестiруге болады. Бұл олардың елiмiзде басқа мемлекеттерге қарағанда аз болғандығынан емес, жалпы қоғамдық инфрақұрылым, тұтастай алғанда қоғамдық көзқарас – осының бәрi салауатты адамдарға арналған және соларға есептелгендiктен.

ДЕНІ САУ АДАМҒА ЛАЙЫҚТАЛҒАН ҚОҒАМДА МҮГЕДЕКТЕР ҚАЙТПЕК?

БҰҰ Бас Ассамблеясының 2007 жылғы 61/106 қарарымен қабылданған «Мүмкіншілігі шектеулі адамдардың (мүгедектер) құқықтары туралы конвенция» осындай жандардың құқықтары мен қадір-қасиеттерін көтермелеу және қорғау, оларды кемсітпей, қоғамның тең құқылы азаматтары ретінде қарау деген принциптерді басшылыққа алады. 2008 жылы желтоқсанда Қазақстан осы конвенцияға қол қойды, сөйтіп өзінің халықаралық шартқа қосылу ниетін жария етті. Енді алдағы уақытта осы маңызды құжат ҚР Парламентінде тиісті заңмен бекітілуі тиіс. Бүгінде Конвенцияға 153 мемлекет қол қойып, 105-сі бұл құжатты ратификациялаудан өткізді.

Жоғарыда аталған мүгедектерге қатысты проблемалар біздің облысты да айналып өтпеген. Аймақта жалпы 37117 мүгедек бар. Және осынша адамның шешілмеген мәселесі де шаш-етектен. Олар ұдайы мемлекет назарында бола тұрса да, олардың мұңы азаяр емес. Ол мәселелердің шешілуі негізінен тікелей қаржыға келіп тіреліп тұр.

Мәселен әрбір әлеуметтік объектіге немесе тұрғын үйге мүгедектер өздігінен жете алмайды. Синхронды дыбыс дабылдары бар арнайы бағдаршамдар, жол белгілері мен нұсқағыштар, негізінен, орталық көшелерге орнатылған. Барлық қоғамдық орындарда жеделсаты (лифт) қондырылмаған. Қала көшелерінде бөгде адамның көмегінсіз жүрген мүгедектерді кездестіре алмайсыз. Өйткені олар қоғамдық көлік қызметтерін пайдалана алмайды, биік тротуардан өзі түсіп немесе бағдаршамдары дыбыс дабылдарымен жабдықталмаған көшені кесіп өте алмайды. Есту және көру бойынша мүгедектердің көпшілігі радио мен теледидарлардағы ақпараттық және көркем бағдарламаларға қолы жете бермейді, ал кітапханалар арнайы қаріп пайдаланылған әдебиеттермен қамтамасыз етілмейді. Көптеген тұрғын үйлерде мүгедектер арбаларын түсіру және көтеру үшін бейімделген жеделсаты мен пандустар жоқ, сол себепті қамкөңіл жандардың өз беттерімен дүкен, аурухана, дәріханаларға баруға мүмкіндігі жоқ.

САЛАДА ПРОБЛЕМА АЗ ЕМЕС

Бүгінде облысымызда зағиптар мен құлағы естімейтін мүгедектерді арнайы құралдармен қамтамасыз ету ісі алға баспауда. Үкіметтің «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» қаулысында көрсетілген сурдоқұралдар түрі бойынша бейне машинасымен мүгедектің жеке оңалту бағдарламасына сәйкес қамтамасыз ету мүмкіндігі жыл сайын орындалмай қалады. Өйткені жоғарыда аталған құралдардың құны қымбат — 1,5 миллион теңгеден бастап 6 мил­­лион­ теңгеге дейін. Биыл әлеуметтік көмектің бұл түріне 185,7 миллион теңге қарастырылыпты. Сондай-ақ мүмкіндігі шек­теу­лі азаматтарды тасымалдайтын арнайы 5 автокөлік тек Тараз қаласында ғана жұмыс атқарады. Ал, облыстағы қоғамдық көліктердің ешқайсысы тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедектерге сай жабдықталмаған (арнайы көтергіштер орнатылмаған).Тараз қаласы мен аудандық әкімдіктердің есебі бойынша, дыбыстық белгілер мен көшелерден мүгедектердің кедергісіз өтуіне жағдай жасайтын, тыйым салынатын белгісі бар турникеттер тек Тараз қаласы мен Жуалы, Қордай аудандарында ғана орнатылыпты. Емдеу, алдын алу ұйымдарында аудиологиялық скрининг жүргізу үшін заманға сай құрал жабдықтардың (отоакустикалық эмиссия аппараты, ересектердің және балалардың есту қабілетіне зерттеу жасауға арналған аудиометрлер ) болмауы күрделі проблема болып қалып отыр. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда тұтастай алғанда кәсіптік қызметке еңбекке қабілетті жастардағы мүгедектердің 3 пайызы ғана тартылған (Батыста бұл көрсеткіш – 40 пайыз). Егер бұл көрсеткіш 5 пайызға ғана ұлғайғанның өзінде мүгедектерді ықпалдастырудан жалпы ішкі өнімге түсетін жыл сайынғы салым 12 миллиард теңгені құрайды екен. Яғни елімізде бұл салада пайдаланылмай отырған әлеует жеткілікті деген сөз. Былтыр облыста 103 мүгедек жұмысқа орналасуға өтініш берсе, соның 97 пайызы еңбекпен қамтылған. Бұл да болса қуантарлық көрсеткіш.

БАЛАЛАР БІЛІМ АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ. МҮГЕДЕК БОЛСА ДА…

Дегенмен мүгедек балаларды біліммен қамту ісінде жетістіктен гөрі шешілмеген түйіндер көп. Мәселен бүгінгі күні 6365 мүмкіндігі шектеулі баланың тек 801–і (12,6 пайызы) инклюзивті біліммен қамтылып отыр. Алдағы уақытта жалпы білім беру мекемелерінде логопедиялық пункттерді, мектепке дейінгі мекемелерде көру, есту кемістігімен, қимыл-тірек аппараты бұзылған, ақыл-ойының дамуында кемістігі бар және Даун синдромы бар мектеп жасына дейінгі балалар үшін топтар, мектепке дейінгі жастағы балаларды түзеу және оларға инклюзивті білім беру кабинеттерін (ККИО) ашып, инклюзивті біліммен қамту мақсатында білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, қажетті құрал-жабдықтармен және арнайы мамандармен қамтамасыз ету аса қажет.

Өткен жылы 4853 мүгедек баланың 408-і немесе 8 пайызы ғана оңалтудан өтті. Себебі облыстағы мүгедек балаларға оңалту қызметін көрсететін медициналық ұйымдардың саны жеткіліксіз, барының өзінің материалдық-техникалық базалары, олардағы орын саны және штат құрамы көңіл көншітпейді. Сондықтан облыс көлемінде медициналық мекемелерде балаларға арналған сурдологиялық кабинеттер ашуды ұйымдастыру, мүгедектерді медициналық оңалту қызметімен кеңінен қамту үшін аудандық, қалалық емханаларда оңалту бөлімшелерін ашу, жүріп-тұруда қиындық көретін, соқыр және көзі нашар көретін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға медициналық мекемелерде стандартқа сай пандустармен, тұтқалармен, тағы басқа құрылғылармен жабдықтау, түрлі скрининг жүргізуге арналған арнайы құралдар алу, жүріп-тұруда қиындық көретін мүмкіндігі шектеулі әйел азаматтарына арнайы гинекологиялық бөлімді қажетті құралдармен жабдықтау қажет.

700-ГЕ ЖУЫҚ ЖАРЫМЖАН

КЕҢ ИНТЕРНАТТА ТҰРҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Бірақ бүгінде мүгедектердің бұдан да үлкен мұңы бар. Олигрофения, шизофрения, эпилепсия және кәрілік маразмы секілді жүйке ауруларымен сырқаттанған жандарға арналған жаңа интернат үйін ашу керек. Бізде ондай интернат бар, бірақ өте тар. Ойланып көріңізші, қазірде интернаттың 100 орындық ғимаратында 330 адам өмір сүріп жатыр! Мемлекеттік стандарт бойынша әр жан басына 5 шаршы метр аумақтан берілуі керек, ал мұндағы әр тұрғынға 2,5 шаршы метрден ғана тиесілі. Интернат тұрғындары ас ішерде үш ауысыммен бөлініп тамақтанады. Бұл дегеніңіз түскі астың өзінде дастарқан үш жайылып, үш мәрте жиналады деген сөз. Бұл мүгедектің құқығын аяққа басу емес пе? Бірақ облыстық жүйке аурулары интернат үйінің директоры Балабек Нарбаев бұл мәселені қаншама құзырлы органға айтып, арызданғанмен, жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаттарын жасатып, тұрғызуға әзірлік жұмыстарын жүргізгенімен қаржы министрлігі республикалық бюджеттен қаржы бөлуге келісім бермепті. Себеп – жобаланған ғимарат халықаралық стандарттар талабына сай келмейді-міс.

Дегенмен оны облыстық бюджеттің есебінен де салуға болады. Құны 4,5 миллиард теңге болатын жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары бүгінде мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Бірақ облыстың қазынасына 4,5 миллиард теңге деген астрономиялық сома кәдімгідей салмақ салуы мүмкін. Әйткенмен мүгедектің құқығын таптап, ауасы қат тар қапасқа жатқызып қойғанымыз да жақсы емес. Біздегі адамдық гуманизмнің жеткен жері осы болғаны ма? Оның үстіне тағы 300-ден астам мүгедек осы интернатқа орналасу үшін кезегін күтіп жүр. Соңғы жылдары ақыл-есі кем туыстарын интернатқа өткізуге тілек білдірушілердің неліктен күрт көбейіп кеткенін интернат директоры Б.Нарбаев былай түсіндіреді:

– Бәлкім бұрындары халықтың әл-ауқаты төмен болып, содан науқас туысының жәрдемақысын тұрақты түрде алып тұру үшін интернаттарға өткізгісі келмеген шығар. Алайда қазіргі күні тілек білдірушілер өте көп. Жалпы ондай науқастарды үйде ұстау мүмкін емес. Құс келетін және құс жылы жаққа ұшатын мезгілдерде олардың ұстамасы ұстайды. Ондайда түрлі шаралар қолдану арқылы тыныштандырамыз, арнайы дәрігер-мамандарымыз бар. Ал үйде дәл сондай жағдай орын алса, не болады? Жамандықтың беті аулақ, әрине бірақ, ата-анасын ұрып-соғып, туыстарын жәбірлеуі әбден мүмкін. Өйткені оның ақыл-есі орнында емес. Сондықтан кезегін күткен әрбір жанға обал-ақ дейсің іштей.

БҰДАН АСЫРЫП ЕШТЕҢЕ АЙТА АЛМАЙМЫЗ…

Сонымен бірге, облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының да өз ғимараты жоқ. Олар бүгінде облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бір қабатын паналап отыр. Өзі облыстық аталғанмен, онда көбінде Тараз қаласы мен жақын аудандардың балалары ғана тәлім алады. Өйткені орталық тәулік бойы жұмыс істемейді, балаларды тек таңертеңнен кешке дейін ғана қабылдай алады. Былтыр орталық жыл ішінде 75 балаға ғана көмек көрсете алды. Дегенмен «балаларға арналған 101 орындық жаңа ғимарат жуық арада салынады, құжаттары әзір тұр» дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары мен аталмыш орталық басшылары. Игілікті істің биылдан қалмай жүзеге асырылатынына сенейік.

16.02.2012

Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Тараз қаласы