ӨЗІ ТӘТТІ, БЕЙНЕТІ ҚАТТЫ...

ӨЗІ ТӘТТІ, БЕЙНЕТІ ҚАТТЫ...

ӨЗІ ТӘТТІ, БЕЙНЕТІ ҚАТТЫ...
ашық дереккөзі
Қант – ең қажеттi тамақ өнiмдерiнiң бiрi. Қантты өнеркәсiптiк жолмен алу елiмiзде негiзiнен өсiмдiктiң екi түрi – қант қамысы мен қант қызылшасы арқылы жүзеге асырылады. Оңтүстiк аймақтардағы табиғи жағдай жалғыз отандық шикiзат болып табылатын қант қызылшасын өсiруге мүмкiндiк бередi. Өз кезегiнде халықты қантпен қамтамасыз ету мәселесi қант өндiрiсiмен байланысты жекелеген салалар шеңберiнде, яғни қызылшаны өсiру (ауыл шаруашылығы) және оны өңдеу (қант өнеркәсiбi) арқылы шешiлуi мүмкiн емес. Естеріңізде болса, былтыр жеміс-жидек піскен уақытта қанттың бағасы аспандап кеткен еді. Қазақстан Кеден одағының құрамына кіргелі бері жеңілдіктермен қатар, кедергілерге де тап болуда. Атап айтқанда, біз Ресейге ет импорттаймыз деп едік, жағдай керісінше көрініс беруде. Сондай-ақ қазір еліміздің тауар нарығын Ресейдің қанты жаулап үлгерді. Былтырға дейін елімізге тәтті өнім Украина, Ресей, Беларусьтен кедендік баж төлемінсіз-ақ емін-еркін әкелінетін. Әрине ішкі нарықты басып алған арзан өнімге отандық өндірушілер төтеп бере алмайтыны анық. Сол себептен жарты жыл ішінде елге әкелінетін қант көлемін 47 мың тоннадан асырмайтын шектеу енгізілген болатын. Елімізде тәтті өнімге деген сұраныс жылына 550-600 мың тоннаны құрайды. Ал жұмыс істеп тұрған зауыттардың жылдық қуаты – 790 мың тонна ғана. Десек те, олар нақты осы көлемдегі өнімді өндіріп отырған жоқ. Себебі қазір қызылша шаруашылығы сын көтермейді. Одан алынған өнімді өткізу де оңай емес. Тіпті оған кейбір зауыттардың өз өнімін сырттан тасымалданатын қант шикізатынан өндіруге ұмтылатыны да зардабын тигізуде. Қазақстанның қант және қызыл­ша өндірушілері қауымдастығы прези­дентінің орынбасары Алдияр Жол­дыбековтің айтуына қарағанда, ресейлік қант өнімдерінің көптеп келуіне байланысты отандық тауар өндірушілері тығырыққа тірелген көрінеді. Қазақ рыногын арзан қанттың жаулап алуы Қазақстандағы қант қызылшасы егістігі көлемінің қысқаруына айтарлықтай ықпал етуде. Отандық қант нарығы 90 пайызға импорттық шикізат – қант таяқшасына тәуелді екен. Қауымдас­тықтың «Еліміздің қант саласын тұрақ­тандыру үшін 3 жыл мерзімге қант­қа нольдік пайыздық мөлшерлемемен ҚҚС енгізуді және екінші деңгейлі банктерде қант өндірушілерінің несиелеу мөлшерлемесін төмендету керек деп есептейміз», – деп мәлімдегені содан болса керек. Айта кету керек, былтыр отандық қант нарығы едәуір дағдарысқа ұшы­рады. Бұған көрші Ресейдің қант нарығындағы ахуал да әсер етті. Ресейде қызылшадан алынатын ақ қант 4,5-5 млн. тонна көлемінде өндірілді. Олар сол жылдың алғашқы 6 айында импортталған қант шикізатынан 2,5 млн. тонна ақ қант шығарды. Осылайша, Ресейдегі өндірістің көлемі – 7,5 млн тоннаны, ал тұтыну көлемі – 5,5 млн. тоннаны құрады. Соған байланысты сарапшылар қазақстандық қант зауыттарының «толық консервация» режиміне өтуге мәжбүр екенін жоққа шығармады. Қазіргі уақытта қант кәсібінде «тұйық шеңбер» жүйесі қалыптасты. Қант зауыттарының қант қызылшасын өсіретін жерлері жоқ, ал шаруа қожалықтарында шикізат өндірісі үшін қажетті техника мен қаржы да тапшылық тудыруда. Алайда бұл мәселеге қанық Ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері қант зауыттарын квоталауды, шикізатқа маусымдық ауыспалы баж салығын енгізуді, қант қызылшасын сатып алуды субсидиялауды, қант қызылшасынан ақ қант жасайтын шағын зауыттар салу керектігін сан мәрте айтып келсе де, бұған әзірге білек сыбанып кірісер емес. Сорақысы сол, Кеңестік дәуірде елімізде қант қызылшасын өңдейтін 8 зауыт жұмыс істесе, қазіргі кезде содан екі-ақ зауыт қалыпты. Олар – Алматы облысындағы «Көксу шекер» АҚ мен Жамбыл облысындағы «Қант» АҚ мекемесі. Айталық «Көксу шекер» зауыты жылына 80 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін көрінеді. Осы зауыттың мамандары «Егер ҚҚС 70 пайызға төмендесе, үнемделген қаржымен зауытты қайта жабдықтауға болар еді» деген ұсынысын жыл сайын айтып келеді. Бірақ құлақ асар жан жоқтың қасы. Жағдай осылай кете берсе, айналдырған екі зауыт та көп ұзамай банкротқа ұшырауы мүмкін. Біріншіден шаруа қожалықтары мен ірі ауылшаруашылығы құрылымдарын жеткілікті дәрежеде қаржыландырмау отандық қант қызылшасы саласының құрып кетуіне алып келеді. Екіншіден бұл қант зауыттарындағы жұмыс орындарының қысқаруына әкеліп соға­ды. Тіпті Алматы облысы Ескелді ауданында орналасқан «Алматы қант» АҚ Қарабұлақ ауылының 600-ден астам нысанын жылумен қамтамасыз етіп отырғанын біреу білсе, біреу білмес. Егер зауыт жұмысын тоқтатса, жергілікті халықтың жеп отырған нанынан айрылғаны бір бөлек, аурухана, мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар жылудан қағылуы ықтимал. Бүгінгі таңда мамандар қант зауыттары толық консервация режиміне көшсе, 5 мыңға жуық адамның жұмыссыз қалатынын айтып, дабыл қағуда. Яғни шаруа қожалықтары қызылша егуді біржола қойса, еліміздегі қант бағасы жылдан жылға шарықтай бермек. Ол үшін қант зауыттарына шикізат өсіретін жер телімі жалға берілу керектігі кезек күттірмейтін мәселе. Біздіңше, отандық қант өндірушілер үшін шикізат пен қантты тасымалдауға теміржол тарифтерін төмендету немесе субсидиялау мүмкіндігі де әжептәуір қолдау болар еді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 2008 жылы ел аумағында небәрі 130 мың тонна қант өндіріліп, бұл сұраныстың тек 3 пайызын ғана қамтыған. Ал 2014 жылы қант өндірісі жылына 750 мың тоннаға жетіп, ішкі қажетіліктің 83 пайы­зын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Әрине, бұл көрсеткішке сенгіміз-ақ келеді. Бірақ та екі бірдей зауыттың басына күн туып отырған тұста, көңілді күдік торлайды екен.
16.02.2012

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ