ҚАУІП – Қытай тауарларынан
ҚАУІП – Қытай тауарларынан
Iшкi нарықтағы Қытайдан импортталатын сапасыз тауарлардың кесiрiнен талай бала айықпас дертке шалдығып, талай бала мүгедекке айналған. Бүгiнде алаң көңiл баланы алдарқататын қытайлық ойыншықтардың құрамынан да ағзаға өте қауiптi улы заттар табылуда. Осының кесiрiнен өскелең ұрпақтың басым бөлiгi – ауру. Мемлекет тарапынан тез арада қатаң шара қолданбайынша, жарымжан ұрпақтың қатары көбейе бермек.
Өткен аптада ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң өкiлдерi мен депутаттар қауымы елiмiздегi сапасыз тауар өндiрушiлердi қатаң жазаға тарту туралы мәселе көтердi. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрi Қаныш Тiлеушиннiң мәлiмдеуiнше, ақпан айының соңына дейiн заңнамалық құжаттарға сапасыз тауарларға қатысты төленетiн айыппұлдар көлемiн арттыруға қатысты өзгертулер енгiзу көзделуде. Негізі мұндай қатаң жазадан елімізге шет елдерден импортталатын өнімдер де тартылуы қажет. Мысалы отандық сарапшылардың көпшiлiгi бiрнеше жылдан берi iшкi нарықтағы қытайлық тауарлардан мемлекетiмiздiң болашағы – өскелең ұрпақтың өмiрi мен денсаулығына төнген қауiп туралы дабыл қағумен келедi. Алайда шыққан нәтиже шамалы. Өйткенi қу құлқынға құл болған кейбiр ашкөз де жемқор шенеунiктердiң кесiрiнен ел шекарасынан еш кедергiсiз өтетiн қытайлық өнiмдер дүкендер мен базар сөрелерiнде самсап тұр. Әлбетте, сапасыз тауарды сатып алу не алмау әркiмнiң өз еркiнде. Бiрақ қалтасы жұқа ағайын сапалы да қымбат өнiмдi емес, сапасыз әрi арзанқол дүниенi қанағат тұтатыны белгiлi. Өкiнiштiсi сол, бұл балаларға арналған заттар, киiм-кешек пен ойыншықтарға да қатысты. Осының салдарынан елiмiзде омыртқасы қисық, құлағы керең, иiс сезу қабiлетi әлсiз буын әлдеқашан қалыптасып үлгердi.
Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары елiмiздегi ойыншықтар нарығынан (балаларға арналған жиһаз, киiм-кешек пен ойыншықтар) мемлекеттiк бюджетке жыл сайын 600 миллион доллар көлемiнде кiрiс кiредi екен. Сарапшылар қауымы бұл көрсеткiштi отандық отбасылардың әлеуметтiк ахуалының жоғарылауы мен кейiнгi кездердегi демографиялық дүмпумен байланыстырады. Осы екi мәселе ойыншықтар бизнесiне оң ықпал еткен. Бiрақ саудаға түсетiн ойыншықтардың басым бөлiгi сапалық тұрғыда сын көтермейдi. Сәбилердiң бұғаналары қатпай жатып бойларына сан ауруды жамап алуы да кейде осы арзанқол қытайлық өнiмдерден. Психологтар, дәрiгерлер, ұстаздар, отандық тауар өндiрушiлер балаларды рухани тұрғыда мүгедек ететiн сапасыз өнiмдердi сатылымға шығармау туралы бастама көтергелі біраз уақыт өтті. Былтыр Қазақстан тұтынушылары лигасының жетекшiсi Светлана Савченко: «Лигамызға келiп түсетiн шағымдардың басым бөлiгi балалар ойыншығы, жиһаздар, киiм мен аяқ киiмнiң сапасына қатысты. Сараптама жасай отырып көз жеткiзгенiмiз, балалар тауарларының сапасы жылдан жылға нашарлап келедi. Әрбiр төртiншi баладан бiрiншi сыныптың өзiнде-ақ сколиоз дертiнiң белгiлерi анықталды. Бұл Қытай мен басқа да елдерден арзан бағаға сапасыз, өте тар әрi қолайсыз парталарды сатып алудың кесiрiнен. Көбiнесе сапасыз ойыншықпен ойнаудың салдарынан, аллергияға шыдай алмайтын сәбилердiң саны артып келедi. Базарлар мен дүкендер Оңтүстiк-Шығыс Азияның арзан ойыншықтарына толы. Бiрақ олардың сапасына бас қатырған ешкiм жоқ. Тексеру де жүргiзiлмейдi. Қуанарлық жайт, мектеп жасына дейiнгi балалар тәрбиеленетiн балабақшалар мен интернаттардағы ойыншықтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп үлгердiк. Бүгiнде оларға арналған тендерлер санитарлық-эпидемиялық қызметi мен тұтынушылық ұйымдардың қатысуымен өткiзiледi. Мiндеттi түрде сараптама жүргiзiледi. Балабақшалар мен интернаттарда қауiптi ойыншықтар жоқ екендiгiне сенiмдiмiз. Бiрақ керегiн «қарабазардан» табатын жеке-дара тұтынушының құқығын кiм қорғайды?», – дедi.
Бiрнеше жылдан берi отандық мамандар ҚР заң шығарушы органдары сапасыз да қауiптi ойыншықтардың сатылымға жiберiлуiне тыйым салатын арнайы заңнамалық құжаттар талабын қатайту керектiгiн айтумен келеді. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тарапынан қабылданатын өзгерістер ішкі нарықтағы келеңсіздіктер мен кемшіліктерді түбірімен жоюға қауқарлы бола ма? Әлде қосымша заңнамалық құжаттар қажет пе? Қытайлық сапасыз тауарлар еуропалық шенеуніктердің күн тәртібіне шыққан қазір. Өйткені Еуропалық Одақтың тұтынушылық бақылау қызметкерлерi соңғы 3-4 жылда ЕО-ға мүше мемлекеттерге Қытайдан заңсыз жолмен келетiн тауарлардың 50 пайызы сапасыз екендiгiн көлденең тартады. ЕО-ның тұтынушылық нарық бойынша сарапшысы Меглена Кунева сапасы жиi сыр беретiн қытайлық өнiмдердiң еуропалық нарықты жаулап алуы Еуроодақ басшыларын да алаңдатып отырғанын айтады. Оның үстіне, Қытайда тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесiне аспанасты елінің ресми билігі бас қатырмайтындықтан, экспортталатын өнімдердің сапасы сын көтермейді. Негізі қытайлардың ішкі нарығында да сапасыз тауарлар сатылымға жиі шығарылады. Кейінгі кездері қытайлық тұтынушылар сатып алған сапасыз өнімдерін жария етіп, аяусыз бөлшектеуге көшіпті. Бұл – жауапкершілігі жоқ тауар өндірушілерге деген наразылық шарасының бір түрі.
Тағы бiр маңызды жайт, сырт қарағанда қызылды-жасылды бояуымен көздiң жауын алатын әрi қауiпсiз көрiнетiн қытай ойыншықтарының иiстерi жағымсыз болуымен қоса, олардың құрамында улы заттар кездеседi. Мәселен отандық сарапшылар бiрнеше рет кейбiр ойыншықтың iшiнен стирол, фенол, мырыш, қорғасын т.б. улы заттарды анықтады. Қолына ойыншық ұстаған сәби оны мiндеттi түрде аузына салып, иiскеп көретiнi анық. Бұл – табиғи заңдылық. Сапасыз ойыншықты аузына салып ойнаған бүлдiршiннiң улы заттардан иммундық жүйесi әлсiреп, ағзасы түрлi дертке қарсы тұра алмайтын халге ұшырайды. Мырыш әсiресе, нәрестелер мен кiшкентай балалар үшiн аса қауiптi. Ағзаға енген мырыш миды зақымдап тынады. Мамандар қауымы мырыш баланың психикасына керi әсер ететiндiктен, жүйке ауруларына шалдығуы да мүмкiн екендiгiн ескертедi. Тәуелсiздік алғалы берi той-томалақты, түрлi мерекенi, әсiресе Жаңа жылды қытайлардың тарсылдақтарымен тойлауды әдеткен айналдырғанбыз. Бiрақ осы тарсылдақ, торсылдақтардан бала түгiлi ересектердiң өзi саналуан аллергиялық ауруларға ұшырайтынын бiлетiндер кем де кем. Оның үстіне, сәтсіз атылған «тарсылдақтардың» кесірінен құлақсыз, көз немесе мұрынсыз қалған қандастар тағы бар.
Қазіргі таңда еліміздегі ойыншықтар нарығын зерттейтiн арнайы мамандар жоқтың қасы. Бірақ дүкендер мен базарлардағы ойыншық бiткеннiң отандық емес, шетелдiк өнiм екенiн қарапайым тұтынушы жақсы бiледi. Iшкi нарықтағы отандық тауарларға деген сұранысты қанағаттандыруда мемлекет маңызды рөл атқарады. Жүйелi әрi мақсатты түрде жүргiзiлген мемлекеттiк идеология мен ұлттық құндылықтарды ескере отырып қабылданатын арнайы шаралардың арқасында ғана отандық нарықта балалар мен жастардың санасына, өсiп-жетiлуiне игi ықпал ететiн ойыншықтар мен ойындарды қалыптастыруға болады. Мысалы Швеция мен Жапонияда әскери ойыншықтарды сатуға заң жүзiнде қатаң тыйым салынған. Ал Германия мен Испанияда мұндай ойыншықтарға жарнама жасауға болмайды. Оның үстiне, мемлекет ойыншықтар мен балаларға арналған тауарларды өндiретiн кәсiпкерлерге өзге елдердегiдей жеңiлдiктер жасаса, сөрелердегi сапалы өнiмдердiң көбейе түсетiнi белгiлi. 2010 жылы ресейлiк мамандар көтерген бала тәрбиесi мен сана-сезiмiне керi әсер ететiн ойыншықтарды айналымнан шығару, баласына ойыншық сатып алуға жағдайы келмейтiн отбасыларға мемлекеттiк тұрғыда көмек көрсету туралы бастамасынан кейін бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Сонымен қатар Ресейдегi Тұтынушылар құқығын қорғау жөнiндегi федералдық қызметтiң жетекшiсi Геннадий Онищенко балалар арасындағы сапасыз ойыншықтардың кесiрiнен туындайтын аурулардың көбейiп кетуiне байланысты небары 130 кәсiпорынның заңды тiркеуден өткенiн мәлiмдедi. Ресейде бүгінде қауiпсiздiк пен гигиеналық талаптарға сай келмеген ойыншықтардың 93 мың 242 түрiн сатуға тыйым салынған. Олардың басым бөлiгi – қытайлық өнiмдер. Тұтынушылар алдындағы жауапкершілікті сезінетін кейбір компания сапасыз тауарларын сатудан өз еріктерімен бас тартады. Мысалы былтыр америкалық Mattel компаниясы Қытайда жасалған 18 миллионға жуық ойыншығын дүкен сөрелерiнен керi қайтарып алды. Себебi америкалық кәсiпорынның тапсырысын орындаған қытайлық Dong Lian және Yip Sing компаниялары ойыншықтарға құрамында белгiленген мөлшерден көп мырышы бар бояуларды пайдаланыпты. Дүниежүзiлiк деңгейдегi дауға қалған Mattel Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Африкаға жөнелткен тауарларын керi қайтарып, тұтынушыларға өтемақы төлеп құтылды.
Кез келген бала қолындағы ойыншық арқылы өмiрдi, қоршаған орта мен тiршiлiк бiткендi тануға талпынады. Санасында сан мыңдаған сауал бар кіп-кішкентай «Негешке» сапалы дүние қажет. Әсіресе психологиялық тұрғыда пайдалы дүниелер. Кейде осындай аса маңызды жайттың назардан тыс қалатыны өкінішті. Мысалы отандық психологтар «Барби» сияқты қуыршақтармен ойнап өскен қыз баланың бойында өзiн-өзi қомсыну мен қорсыну сезiмi қалыптасатынын айтады. Өйткенi кiшкентай бойжеткеннiң түсiнiгiндегi «сұлулық» ұғымы дене бiтiмi мен бет-бейнесi әсем де көркем Барбимен астасады. Өзiн сұлулығында мiн жоқ «Барбиге» ұқсата алмай қорланатын бала психикасының бұзылуы, өз күшiне, әдемiлiгiне деген сенiмнен айырылуы мүмкiн. Бұл да ойыншықтардың мақсаты мен қызметiне сай болмауының кесiрiнен. Кәмелеттiк жасқа толған әрбiр азаматтың санасына, оның келешегiне балалық шағында ойнаған ойындары тiкелей әсер ететiнiн ескерсек, қатыгездiкке үндейтiн фильмдердi көрiп, жамандыққа шақыратын ойыншықтармен ойнап өскен баладан ертеңгi күнi қанiшер шықпасына ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Сорақысы сол, бізге Қытайдан келетін кез елген өнімнің құрамында меламин бар. Бұл – халықаралық сарапшылар жүргізген тексерулердің нәтижесінде анықталған нәрсе. Демек, «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» жатқан қытайлардан тасымалданатын кез келген тауарды қатаң тексеріп, жіті бақылау қажет.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ