АЛАҒАЙ ДА БҰЛАҒАЙ ЗАМАНДА

АЛАҒАЙ ДА БҰЛАҒАЙ ЗАМАНДА

АЛАҒАЙ ДА БҰЛАҒАЙ ЗАМАНДА
ашық дереккөзі
328

Мен – жасым тоқсанды алқымдаған қарт журналиспiн. Ұзақ жыл Алматы облыстық «Жетiсу» газетiнде қызмет iстеп, құрметтi демалысқа шыққаныма да бiраз жыл болды. Бiрақ әйтеуiр демалыста екенмiн деп, екi қолды қусырып, бос жатқан адам емеспiн. Өзi қартайса да қолы мен ойы қартаймайтын бiр кәсiп иесi болса, ол журналист шығар. Жазу үшiн, әрине, ойланасың. Ал ойлап кетсең, көз алдыңа не келмейдi, не есiңе түспейдi. Әсiресе 90 деген мына жаста.

Иә, біздер не көрмедік…Аштық нәубетін… Репрессия қасіретін… соғыс тауқыметін…Тоталитарлық жүйенің тақсыретін…Бәрі-бәрін көрдік, бәрі-бәріне көндік. Шүкірлік, ақыр-соңында әйтеуір Тәуелсіздікке жеттік. Ал осы Тәуелсіздік жолында қанын да, жанын да берген қаншама ерлер орта жолда опат болды десеңші! Ең өкініштісі, кезінде солардың не үшін опат болғанын да білмедік қой. Біреуді «халық жауы», біреуді «Отанын сатқан опасыз» десе, оған да сендік. Сенбесек те, күмәндандық. Қайтесің, заман солай болды. Сонда ол қандай заман? Оны бала кезімізде басымыздан кешкен мына бір «қызық» жайдан да көресіз.

Мен өткен ғасырдың 30-жылдары қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ақтүбек деген жерде «Ауыл жастар мектебі» деген мектепте оқыдым. Мектеп директоры – кезінде Арқа жақтан келген Әуезхан Юсупов деген ұзын бойлы, ат жақтылау кісі еді. Жас мөлшері елулер шамалас. Тарих пәнінен дәріс беретін. Ежелгі, көне және орта ғасыр тарихынан әңгімелегенде, бар ынта-ықыласымызбен тыңдайтынбыз. Мұның бәрін қайдан оқып, тоқыған деп ойлаймыз. Ойлаймыз да өзімізше қорытып топшылаймыз, замана ағымының бейне бір жаршысы десе де болғандай бұл ұстазды. 1934 жылдың күзі. Мектеп ұжымы аулаға тегіс жиналды. Аула мен көшелер мерекедегідей безендірілген. Бір жаңалық хабар болатынын еміс-еміс естігенбіз. Сөз тізгіні директорымыздың қолында:

– Бүгін қуанышты хабарды жеткізгелі тұрмын сіздерге, осылай демегенде не дейін. Ақтүбек жеті жылдық мектебі бүгіннен бас­тап Темірбек Қараұлы Жүргенов ағаларыңның есімімен аталатын болды. Ал бұл азамат кім еді сонда? Бұған жауап ретінде өзім көріп білген кейбір деректерге тоқталайын. Темірбек Жүргеновтің есімі Орта Азия мен Қазақстанға ғана емес, бүкіл түрік тектес ұлттарға ортақ тұлға. Аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері. Неге былай демеске! Бұл азамат Тәжік АКСР-ның Қаржы халық коммиссары, Өзбек АКСР-ның Халық ағарту коммиссары қызметтерін іскерлікпен атқарған азамат. Ол – еліміздің әдебиеті мен мәдениетін, ғылымы мен білімін дамытуға зор үлес қосқан. Оның ұлтымыздың болашағы үшін талай айтыс-тартыс­та ешкімге дес бермегенін де айтып кеткенім жөн болар сіздерге. Тағы бір қуанышты хабар – мектебіміздің дәрежесі көтерілді. Бұған дейінгі жеті жылдық мектебіміз енді Темірбек Жүргенов атындағы он жылдық білім беретін орта мектепке айналды. Сіздерге айтарым: осы құрмет пен атаққа сай саналы тәртіп, сапалы оқуға ат салысыңыздар!

Жаңа директор оқу жүйесіне ерекше көңіл бөле жүріп, шаруашылық жұмыстарына да үлкен бетбұрыс жасаған. Көмекші шаруашылықтар құрылды. Көлемді жерге дәнді дақыл, картоп және т.б. көкөністер өсірілді. Шағын болса да ірі-қара фермасы ұйымдастырылды. Осыған орай қоғамдық тамақтану асханасы жұмысы күрт жақсарды. Ыстық тамаққа аз да болса ет қосылды. Бәрінен де негізгі тағам — нанды айтсаңшы! Бұған дейін күніне 500 грамм нан беріліп келсе, көмекші шаруашылық есебінен оның мөлшері 700 гр.-ға көтерілді.

Осы тұста бір шегініс жасауға тура келеді. Дүйім қазақтың щаңырағын ортасына түсіріп кеткен ашаршылықтың өткеніне арада 4-5 жыл ғана болған. Ол уақытта менің замандастарым небәрі 7-8 жаста.

Кейін білсек, сол ашаршылық тұсында, біздің өтей руындағы бұрынғы 2500 шаңырақтың тек бірер жүзі ғана аман қалған көрінеді. Бұл зобалаң да аз болғандай, енді ел ішінде «халық жауларын» ұстап, түрмеге тоғыту басталып кеткен. Алдыңғылардың қатарында ұлт намысын ту етіп ұстаған Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев т.б. ұсталса, бұлардың қатарында Темірбек Қараұлы Жүргенов те қырыққа толмай қыршынынан қиылды. Мектебіміздің бұл азамат есімімен аталғанына екі-ақ жыл өткен арада. Халқы үшін қалтқысыз еңбек еткен азамат қалай «халық жауы» бола қалды дейміз. Әрине ішімізден. Мектеп ұстаздарының көңілі бәсең. Әлі де бір үрей сезілгендей ме, қалай?!

Арада көп уақыт өтпей жатып тағы бір жаңалықтың жеткені. Енді мектебіміз Ұзақпай Құлымбетовтің есімімен аталатын болыпты. Бұл жөніндегі хабарды мектеп оқу ісінің меңгерушісі Сейтқали Мүштөкин жеткізді бізге. Оның айтуынша, Ұзақпай ағамыздың да атқарған қызметі осал көрінбейді, республикамызды басқарып отырған екі тұлғаның бірі, яғни Қазақ Республикасы Министрлер советінің председателі екен. Бізді бұл жайт бір қуандырып тастағандай болды.

Бірақ сол отызыншы жылдары ел басына төнген қара бұлт бір сейілмей-ақ қойған. Осы бір қайғы мен қасіретке толы жылдардың соңына қарай мектеп ұжымы тағы да селк ете түсіп еді. Мектебімізге есімі берілген Қазақ өкіметінің жетекшісі Ұзақпай Құлымбетов те «халық жауы» болып шығыпты.

Жан түршіктірген бұл атау («халық жауы») мектепті де жанап өтпеді. Мектеп директоры Әуезхан Юсуповтың көрінбегеніне екі-үш күн болған. Ашылып айтылмайтын сыбыс қана бар. Еститініміз – оны біреулер келіп, түнде алып кетіпті. Арада бір апта өтпей-ақ Сейітқали Мүштөкин де із-түссіз жоғалған. Не жазығы бар екен? Осы мектепке келіп, Бишәріп деген қызға үйленгені көз алдымызда. Сәбилі болғанын да білеміз. Келесі апталардың бірінде ана тілі пәнінің мұғалімі Жұртбай Абдуллин, жағрапиядан сабақ беретін Зәмкеш Бөкеновті де «жоғалтып» алдық. Не болды, қайда кетті? Білгіміз келеді, бірақ сұрауға хақың жоқ…

Сымсыз телефоннан естуімізше: ауданның басқа елді мекендерінің де тыныштығы бұзылған. Қосағаш пен Сарөлеңнен – мектеп директорлары, ауыл ағалары, Көкжотадан – Молдағапасов, Шитүбектен – Өжкенің Уәлиі, Топтеректен – Сыдықбаев, Ақшиден – Мұқыштың Уәлижаны қамауға алынған.

Мектептің Ұзақпай Құлымбетов есімімен аталғанына екі жылға да тола қоймаған. Көп өтпей-ақ, атау­сыз қалған бұл мектепке 1936 жылдың жазғы маусымынан бас­тап, Левон Исаевич Мирзоян есімі берілді.

Оның кім болғанын, қазақ халқына қалай «Мырзажан» болып, қандай «жақсылық» жасағанын тарихшы Тілеу Көлбаев («Түркістан», 30 тамыз, 2011 жыл.) жеріне жеткізе жазды ғой. Ал менің айтарым:

1939 жылы сол Л.Мирзоян да атылып кете барды да, аудандағы жалғыз қазақ орта мектебі ежелгі атауымен «Ақтүбек» болып қала берген.

Жоғарыдағы әңгіме желісін толықтыру мақсатында кейбір деректерге тоқтала кетейін. Бұрын мектебіміздің директоры болған, кейін «халық жауы» болып ұсталып кеткен Әуезхан Юсуповтың інісі Жанайдар ағамыз бірде бір ересек оқушыларды шақырып алып, мынадай әңгіме айтқан екен: «Туған ел, өскен жерге аттанайық деп жатырмыз. Біздің ежелгі атақонысымыз – Сарыарқаның Жаңаарқа, Ағадыр өңірі. Сәкен Сейфуллин ағаларыңды білетін шығарсыңдар. Бізге жерлестігі де, туыстығы да бар кісі. Елге келген сайын Әуезхан ағаның үйіне соқпай кетпейтін. Бірде өзімен бірге Кеңес өкіметін құрысқан бір топ жолдастарымен келгені есімде. Бәріміз дастархан басындамыз. Бір сәтте ол: «Ана домбыраға қол жалғап жіберші», – деген маған. Ағаның қызы, мына Гүлжанды шақырып алып, алдына отырғызды да, домбыраның құлақ күйін аз-маз келтірген соң, сүйкімді бір әуенге басқан. Төрт-бес ауыз шумақ еді, содан есімде қалғаны мынау:

Гүлжаным менің, Гүлжаным,

Алтыннан алқа таққандай,

Гүлжаным менің ақ маңдай,

Ерніне опа жаққандай.

Ол шақта мына отырған өздеріңнің парталас құрбыларың – Гүлжанның небәрі 13-14 жастағы кезі болатын. Содан бері де, міне, 4-5 жыл өтті ғой».

Сөз басындағы Әуезхан аға жөнінде әңгіменің тағы бір пернесін басуға тура келгендей. Алматы облысының «Жетісу» газетінде қызмет істеп жүргенде талайлармен жүздестім. Солардың бірі – қарт журналист Жұмабай Орынбаев… Өткен ғасырдың алпысыншы жылының бел ортасы. Бұл кісінің 60 жылдық мерей тойына газет редакторы Әбдуәли Қарғұлов бастаған ұжым түгел келгенбіз. Қазақтың белгілі азаматы Ілияс Омаров, баяғы Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам апай да бар.

Екі көзім көбінде сол Гүлбаһрам апай отырған стол жақта. Ойым сан жаққа бөлінгендей. Жастайынан қосылған Сәкенімен қоса екі бірдей боздағынан айырылып, өзі неше жыл бойы қасіретті қамауда отырса да мойымағаны байқалады. Кигені – мәуіті шапан, басында – жәй жамыла салған ақ жібек шәлі. Бар есі-дертім бір әредікте осы апаймен апаймен жүздесіп, тілдесу. Ақыры бір үзіліс сәтінде жүздестім-ау әйтеуір. Сәлемнен соң, бірден сұрағаным – баяғы мектеп директоры Әуезхан Юсупов туралы болған.

– Оларды қайдан білесің, шырағым? – деді апай.

– Мен баяғы Юсуповтар жөнінде көрген-білгенімді түгелдей айтып бердім.

– Бұлар Сәкеннің жерлестері ғана емес, туған-туыстары да ғой. Былайғы әңгімені мына Жұмабай толықтырар болсын, – деді апай.

Жұмабай Орынбаев:

– Сәкен аға менің жай ғана елдесім емес, жақын ағайым болады. Мені оқытып, осы журналистік салаға баулып, тәрбиелеген де – Сәкен аға. Ал Әуезхан Юсупов жөнінде айтарым, Сәкен ағаның «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы негізгі басты кейіпкерлердің біреуі – Әуезхан ағаның өзі. Асылдар жалғастығы, міне осылай, бауырым, – деп еді соңында.

Жоғарыдағы әңгімеге өріс беріп, арқау болған – бір ғана әлгі Ақтүбек мектебінің 5-6 жылдың ішінде бірнеше рет атының өзгергені ғой. Содан бері арада сексен жыл артта қалыпты. Қазір мұндай оқиғаларды ел аузынан жазатындар көбейіп барады. Бұл тәсіл кейде жалғандыққа жол беруде. Мен бұл жерде өз көзіммен көріп-білгенімді айтып отырмын. Көңілге түйгенімді кейінгілер біліп жүрсін дегенім ғой.

Хабдышаар ӘМIРЕНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

соғыс және еңбек ардагері

Серіктес жаңалықтары