АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН
ашық дереккөзі
214

БАЗАРКҮЛ менің әпкем. Орта бойлы, арықша келген жан еді. Жүзімдік сегіз жылдық мектебінде оқушыларға «Қазақ тілі» пәнінен сабақ беріп жүрген. Алғабас аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Әбіл Патсаханов:

– Базаркүл, біз қабырғамызбен кеңесіп, өзіңді мына Кеңес сегіз жылдық мектебіне директор етіп тағайындауға шешім қабылдадық.

– Ағай, сол ауылдың азаматтары бар емес пе? Оның үстіне мен қарапайым мұғаліммін. Бұрын мұндай басшылық қызметте болмағанымды жақсы білесіз.

– Олардың да бір емес үшеуін тағайындап көрдік. Қолдарынан іс келмеді. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру жағы мүлдем төмендеп кетті. Бұрын директор болмасаң да ұстаздық тәжірибең бар. Өзіңе сенім артып отырмыз.

Ол келісімін берді. Ертеңіне Патса­ха­нов­тың өзі Кеңес мектебіне алып барып, ұстаздар ұжымымен таныстырып қайтты. Кексе мұғалімдер оның бір жапырақ түріне қарап, миықтарынан мысқылдап: «Қоянның қалжасына қарап түңілдім» демекші, бізді басқаратын жаңа директордың түрі осы болса?.. Көп кешікпей өзі-ақ қашып құтылар әлі»,– дескен.

Таңертең ол мектептің ішкі, сыртқы жағдайларымен танысып шықты. Қам кесектен соғылған мектептің тозығы әбден жеткен екен. Сағат тоғызға қарай мұғалімдер де келе бастады.

Әрқайсысы әрқалай киінген. Көбінің олпы-солпы кірленген сырт киімдерінен қалай болса солай келе салғандары көрініп тұр. Тіптен кейбірінің қолдарына ұстаған оқу құралдары да жоқ. Базаркүл сабақ басталар алдында бәрін кабинетіне жинады. Алдында тізіліп отырған оларға көз жүгіртіп:

– Бұл мектеп. Үлкен тәрбие-тәлімнің ортасы. Сіздер балаларға тәрбие беріп жүрген ұстазсыздар. Оқушылар сіздердің жүріс-тұрыстарыңыздан да, киім киістеріңізден де үлгі алады. Қазір сіздерге бір сағат уақыт беремін. Ер азаматтар, үстеріңізге үтіктелген костюм-шалбар, мойындарыңызға галстук тағып келіңіздер, – ол мұғалималарға мойынын бұрды, – Сіздерден де осыны талап етемін. Оқушылар үстеріңізге қарап сүйсінетін, сіздерді құрметтейтін болсын.

Мұғалімдер қипақтай бастады. Кекселері «Мына қыз қайтеді-ей…» дегендей едірейе қарап, орындарынан қозғалған жоқ. Ал жас­тар жағы соларға жалтақтап отыр. Жасы біразға барып қалған бірі:

– Директор жолдас, киінуде тұрған не бар? Біз оқушыларға сабақ берсек болды емес пе? Таңертең малымызды жайғаймыз. Содан соң киім ауыстырып жатуға уақытымыз жетпейді,– деп ренішін білдірді.

– Ерте тұрсаңыздар бәріне де үлге­ре­сіз­дер. Ал қазір уақытты өткізбей үйлеріңізге ба­рып, киімдеріңізді ауыстырып келіңіздер.

Оқу ісінің меңгерушісі Пайзыл: «Директордың талабы орынды. Енді жаман әдетті қоюмыз керек. Қане, жөн сөзге құлақ асып, айтқанын істейік», – деп өзі бас­тап орнынан тұрды да есікке қарай беттеді. Бір сағаттан соң оқушылар ұстаздарына таңдана әрі сүйсіне қарады. Ауылдағы ата-аналар да бұл жайдан тез құлақтанып, ұл-қыздарын мектепке таза киіндіріп жіберетін болды. Осылай мектептегі бұрынғы көңілсіз көрініс мүлдем өзгеріп, жаңаша сипат алған.

Арада бір апта өткен соң директор тосын жайға кезікті. Сегізінші сыныптың пән мұғалімі таңертең мектепке өң-басы қызара бөртіп келді. Сөйлеген сөзінен ащы судан тартып алғанын байқаған Базаркүл:

– Мына түріңізбен оқушыларға көрінбей-ақ қойыңыз. Мен сізді өрескел тәртібіңіз үшін сабақ беруден босатамын. Және Патсаханов ағайдан рұқсат алып келмейінше, оқушыларға сабақ беруге тыйым саламын.

Анау екіленіп:

– Бұл мектепте сізге дейін де директорлар болған. Солардың біреуі де бізге сіз секілді тыйым салған емес. Не жеп, не ішетінімді өзім білемін, – деп теңселе басып, сыныпқа кіріп кетті. Тыңдамасын білген соң Базаркүл оның артынша сыныпқа барып, есігін айқара ашты да: – Балалар, ағайларың сендерге сабақ бере алмайды. Бәрің сыныптан шығыңдар, – деді. Оқушылар түгел шығып, сыныпта жалғыз пән мұғалімі қалды. Әлгі мұғалім ертеңіне аудан орталығына барып, кешкісін оралды. Директорға аудандық оқу бөлімі меңгерушісінің бір парақ қағаздағы жазбасын ұсынды. «Базаркүл, мектепте тәртіп орнатып жатқаныңды толық қолдаймын. Мына Мақсұтбаевқа ең соңғы ескерту жасап отырмын. Егер осы келеңсіз ісін тағы қайталайтын болса, онда мұғалімдік жұмысынан босатуыңа болады», – деп астына қолын қойған. Мақсұтбаев:

– Кешіріңіз, менен бір қателік кетті, – деді күмілжіп.

Жыл қортындысында Кеңес сегіз­жыл­дық мектебі оқу үлгерімі жағынан алдыңғылар қартарынан орын алды. «Красная нива» совхозының директоры Базарбек Қожабековке интернат жағдайын айтып, орталықтан азық-түлік және басқа да қажетті заттар таситын көлік босатуын өтінген. Қожабеков ол өтінішін орындап, совхоздың бір жүк машинасын арнайы босатты.

Күзде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев ауданға келіп, шаруашылықтарды аралаған. Базаркүл бүгін хатшы «Красная нива» совхозының егістік алқабын көруге келеді екен деген хабарды ести салысымен, қызыл галустіктерін таққан ең озат екі пионер оқушысымен алдынан күтіп алды. Қыз бала нан мен тұз ұстап, ер бала пионерлер салтымен қолын маңдайына дейін көтеріп, Қонаевқа Кеңес сегіз жылдық мектебі атынан сәлем беріп, совхозға хош келуімен құттықтады. Қонаев олардың беттерінен өбіп, оқудағы үлгеріміндерін сұрап, нан мен тұздан дәм татып, алғысын білдірді.

Мамыр айының басында Базаркүл аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Патсахановтың қабылдауында болып, биыл оқушылардың жазғы демалысында жаңа мектеп салынбаса, жағдай мүлдем сын көтермейтінін айтты.

– Базаркүл, бәрін де білемін. Бұл мәселені жылда көтеріп жатырмыз. Облыстағылар қаржының тапшылығын айтып, кейінге шегерумен келеді,– деді Патсаханов.

– Ағай, сол мектептің түлегі Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Өмірбек Жолдасбеков Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болды ғой. Мен сол кісіге арнайы барып, мектептің жағдайын айтсам қалай болады?

Патсаханов ойланып қалды.

– Аудан басшылары бұған қалай қарайды екен? – деп аудандық атқару комитетінің төрағасы Момбековке телефон шалып, Базаркүлдің ұсынысын ортаға салды. Ол кісі ұсынысты бірден қолдады. – Бәлкім бұл мәселе сол Жолдасбековтен шешіліп қалар.

Базаркүл мектептің жобалық сызба құжатын алып, Алматығы барған. Жолдасбеков жылы қабылдады. Жобалық сызбасымен танысып, Қазақ ССР Құрылыс министріне телефон соғып, жағдайды түсіндіре келіп: «Бұл менің туған жерімнің мектебі. Сіз жаңа мектеп салуға қол ұшын беріңіз», – деді. Ол көмектесуге және құрылысын биыл бастауға уәде берді. Жаңа оқу жылында ауыл балаларына жаңа мектеп есігін айқара ашты. Интернатқа да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Күзде ауылға демалысқа бардым. Бір жетіден соң әпкем шығарып салды. Екеуміз аудан орталығы Шаянның автобекетінде автобус күтіп тұрғанбыз. Сәлден соң бір егде кісі жанымыздан өте шықты. Бізден он, он бес метрдей ұзап кеткенде ғана байқап қалған әпкем оның атын атап дауыстады. Анау артына бұрылып:

– Базаеке, асығып бара жатыр едім, – деді аптыға сөйлеп.

– Асықсаңыз да бері келіңіз. Сіз бен біз амандасайық, – деді әпкем.

Ол шарасыздық танытып, қасымызға келді. Ұсынған қолын әпкем ұстап тұрып:

– Аға, кідірткеніме айып етпеңіз. Міне, Құдайдың күні енді шығып келеді. Таңертең адамдардың бір-бірмен шын ықыластарымен амандасқандары жөн. Сіз менің арқа тұсымнан келіп, қасымнан амандаспай өте шықтыңыз. Өзім-ақ амандасар едім, менің желкемде көзім жоқ қой. Сондықтан сізді көрмедім. Ал сіз көрдіңіз, мені таныдыңыз да. Неге амандаспай өте шықтыңыз? Әлде маған өкпеңіз бар ма еді?

Үлкен кісінің өңі өрттей қызарып кетті.

– Базеке, айып етпе, қу тірлік-ай, асығам деп бір қателік жіберіп алдым. Кешір, қарындасым,– деді арқасынан құшақтап.

– Кешір деген ұлы сөз. Кішірейгендікті емес, көрегендікті білдіреді. Содан ұяламын, аға. Бұдан былай сіз бен біздің сәлеміміз түзу болса деймін. – Ол кісі ұзап кеткен соң мен:

– Әпке, үлкен кісі екен. Жолынан қалдырғаның ыңғайсыз болды-ау,– дедім. Әпкем басын шайқап:

– Бар болғаны оның қателігін түзедім,– деді. Шымкент бағытында жүретін автобус келіп тоқтады. Мен әпкеммен қоштасып жүріп кеттім.

Бір аптадан соң, ауылдан ауыр хабар келді. Әпкем өмірден озған екен. Ел болып ақиреттік сапарға аттандырдық.

Содан бері де талай жылдар өтті. Өмірдің ащы-тұщы дәмін татып келемін. Кешегі достардың бүгін бір-бірімен амандасуға жарамай сырт айналғандар көргенімде, есіме әпкемнің сол кездегі үлкен кісіге сәлемдесудің мәні жөнінде айтқандары түседі.

ҰЙЫҒАН СУ

БҰЛ Арал қаласының арғы жағындағы Шижаға ауылында болған. Оқиғаны айтушы өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңын меңзейді.

Зейнеп екі қызды өмірге әкелген кезде қосақ жары өмірден өткен. Екеуін жетілдіремін деп тұрмыс тауқыметін аз тартпаса керек. Інісі Медеттің де оған қарасатын жағдайы болмаған. Отбасын ғана асырайтын табыс тауып, ілдалап өмір сүріп жатқан жайы бар.

Наурыз айының басында жалғыз ешкісі лақтап, Зейнептің аз да болса аққа қолы жетеді. Желіні жер сызған ешкі сүтті екен. Лақтан қалғанын сауып, шәйіне қатық етіп жүріпті. Ауыл құдықтан қауғамен су тартып ішіп, малына да содан тасып береді. Зейнеп күнде кешкісін иінағашпен үйіне екі шелек су әкеп қояды да ертеңіне сәскеде оның бір шелегіндегі сумен қорадағы ешкісін суғарады. Уақыт осылай өтіп жатқан. Күндердің бір күнінде ол шелектегі суын көтеріп алып, қорадағы ешкісінің ыдысына құймақшы болады. Шелегін ыдысқа жантайтса су құйыла қоймайған. Шелегіне үңіліп қараса, су ұйыған айрандай кілкіп тұр. Сол кезде ойына әлдене сап ете қалады. «Апырай, бұрынғылар жыл басы наурызда Қызыр баба ел аралайды. Қолындағы аса таяғының ұшы тиген жер құтқа айналады, кейде үйдегі суды да ұйытып кетеді. Оны ішкен жандарға дәулет бітеді екен деуші еді». Есі шыға қуанғаны соншалық, әдепкіде не істерін, қайда барарын білмей абдырап тұрып қалыпты. Артынша: «Қой, ұйыған суды әуелі қыздарыма ішкізейін. Біразын інім Медеттің үйіне апарайын. Оның да балалары ішіп, бабаның қайырым-шапағатына бөленсін»,– деп етегіне сүрініп-қабынып алып ұшып үйіне барса, кіші қызы Аманкүл отыр екен. Ал үлкені Тәрбия жоқ. Аманкүл оны жаңа ғана көрші үйдегі құрбысына кетті деген соң жүгіре басып сонда барады. Қыздар кітап дүкеніне кетіп қалыпты. Қайтып келіп, қызы Аманкүлге болған жайды түсіндіріп, қораға алып барса, шелектегі суды ешкі ішіп қойған екен. Зейнеп:

– Қап әттеген-ай! Сасып-пысып жүріп суды осында қалдырып кеткенімді қарашы. Үйге алып барып қойсам ғой мына кебенекке емес сендерге бұйырар еді,– деп қатты өкініп, жерге отыра кетеді. Аманкүл бос шелекті жерден көтеріп алып, ішіне қараса түбінде болмашы су қалыпты. Шелектің ернеуін аузына апарып, түбін төңкере көтеріп, сол бір жұтым қалдық суымен тамағын жібіткен.

Ертеңіне таңертең інісі Медет келді. Шайға да қарайтын түрі жоқ. Асығыс екен.

Апа, бір жақсы қызметтің шеті шығып тұр. Бастықтың қолын майласам болды, сол қызмет маған бұйырады, – дейді ол аптыға сөйлеп.

Шырағым-ау, сенен аяғанды ит жесін. Менде өзім сүтін сауып, шайға қатық қылып отырған лақты ешкіден басқа не бар?..

– Сол ешкіңді бер, апа. Кейін табысым көбейіп жатса, оны өзіңе көп еселеп қайтарамын, – деп інісі тұрып алған.

Зейнеп берейін десе қолындағы күн көрісіне жарап отырған жалғыз ешкі, бермейін десе жалғыз бауырының көңілі қалады. Амал жоқ, бауырына жанашырлық танытып, ешкісін лағымен алдына салып жібереді.

Бастықтың аз да болса ұяты бар екен. Ешкіні алып, лақты Медеттің өзіне қалдырған. Лаққа ішкізетін сүті жоқ. Медет ары ойлап, бері ойлап, «Қой, мұны қоңы таймай тұрғанда, қызылсыраған балаларыма сойып берейін»,– деп лақты пышақпен алқымынан шалып жібереді. Отбасы болып былбыраған лақ етіне бір тойған.

Медетті бастық ауыл есепшісінің көмекшісі етіп тағайындайды. Тағы біраз уақыт өткен соң есепшінің өзі болып, қорасына мал бітіп, тұрмысы түзеле береді. Апасы Зейнептен алғанын еселеп қайырған. Ол қарындастары Аманкүл мен Тәрбияны ұзатып, құтты жерлеріне қондыруды да өз қолымен атқарады.

Тәрбия келін болып түскен үй Қызыл­ордаға жақын жердегі елді мекеннен орын тепкен. Күйеуінің жоғары білімі болмаса керек. Бірде бар, бірде жоқпен күн кешеді.

Ал Аманкүл ерімен жараса алмай, ажырасып анасының қолына келіп отырады. Бірер жылдан соң әйелі қайтыс болған бір азаматтың ағайындары Зейнептен қызы Аманкүлді қалап, құда болу жоралғысын жасайды. Зейнеп інісі Медетпен ақылдасып, Аманкүлді әлгі жігітке ұзатқан. Жігіт дәулетті екен. Аманкүл үйіне келін болып түскеннен оның қорасындағы малы бұрынғыдан да көбейіп, дәулеті таси түсіпті.

Бұл әңгімені Шижағаның тұрғындары күні бүгінге дейін жыр етіп айтып жүр. Ал енді сенбей көр.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары