БIЛIМ — ТӘРБИЕ БАСТАУЫ, —

БIЛIМ — ТӘРБИЕ БАСТАУЫ, —

БIЛIМ — ТӘРБИЕ БАСТАУЫ, —
ашық дереккөзі
357

Ұлан-байтақ қазақ елi үшiн кеше ғана тарих қойнауына сiңген өткен жылдың өз жақсылықтары мен ерекшелiктерi аз болмады. Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығы аталып өткен бұл жылда қоғамның әр саласы үшiн табысты болғанын сана сүзгiсiнен бiр өткiзiп алсақ болар едi. Ғылым мен бiлiмде, елiмiздiң қоғамдық-саяси, экономикалық және халықтың әлеуметтiк тұрмысында болған елеулi өзгерiстердi әңгiме арқауына айналдырсақ, оның iшiнде тiлi мен дiнi, дiлi мен мәдениетi болып сан тарауға бөлiнерi даусыз. Дегенмен қазақ халқының тарихында болып келген қақтығыстар мен төңкерiстердiң жеңiл-желпi самалы бұл ғасырда да бой көрсетiп қалып жатуы, ол да заңдылық шығар. Бiрақ қашанда сабырлылық пен қанағатшылдықты мiсе тұтқан қайсар халқымыз еңсесiн еш түсiрмеген ғой. Өйткенi халықтық мәдениеттiң бұлжымас қағидасы да сол – ел iргесiнiң тыныштығы, бiрлiгi, тұтастығы.

Жыл сайынғы Елбасымыздың халыққа Жолдауы осы жоғарыдағы ойымыздың айғағы дер едiк. Қоғамның сан тарауына белгiлi бiр бағыт-бағдар берiп отыратын осы бiр құнды бағдарламада бiлiм-ғылым мәселесi терең сөз болады. Әсiресе, кәсiби-техникалық бiлiм беру ошақтарының нәтижелi iстерiн елiмiздегi барлық бiлiм беру мекемелерiне таратуға тоқтала келiп, мектептер мен жоғары оқу орындарында еңбек ететiн ұстаздарға қойылатын кәсiби бiлiктiлiктi арттыру талаптарын әлi де күшейту керектiгi баса айтылған. Осыған орай, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнiң профессоры, техника ғылымдарының докторы, академик Маржан НҰРПЕЙIСОВАМЕН әңгiмелескен едiк.

– Маржан Байсанқызы, ең алды­мен «Жоғары оқу орнының үздiк оқы­тушысы» мемлекеттiк гранты жайлы толығырақ айтып берсеңiз?

– Бұл да бiздiң елiмiздегi бiлiм-ғылымға деген қамқорлықтың белгiсi дер едiм. Ұзақ жылғы оқытушылық еңбегiмiздi бағалап, екi жыл қатарынан осы бiр абыройлы атақты ұсынып отырған мемлекет басшысына, өзiмiздiң министрлiк басшылығына ризашылығымыз ерекше. Биыл алтыншы рет өткiзiлiп отырған осынау байқау талай оқытушылардың еңбекке деген құлшынысын да тудыратыны сөзсiз. Өйткенi жiгерлендiрiп, желпiндiрiп, адам табиғаты да қызық қой, әжептәуiр қызықтырып-ақ тастады.

Республика көлемiнде өтетiн бұл байқауға 2010 жылы 86 жоғары оқу орнынан 850-ден астам үмiткер қатысса, былтырғы жылы 84 жоғары оқу орнынан 600-ден астам оқытушылар құжаттарын өткiзген. Олардың 73 пайызы профессорлар мен ғылым докторлары, ал қалғандары доценттер мен кандидаттар. Бiр қуанарлығы грант иелерiнiң 20 пайызы техникалық ғылымдардың оқытушылары. Мұндай шаралар оқытушылардың да жауапкершiлiгiн күшейте түсерi анық.

– Маржан Байсанқызы, биылғы Ел­басының халыққа Жолдауында да бiлiм саласы тереңiрек сөз болған, танысып шыққан боларсыз?

– Әрине, бiздiң елiмiзде бiлiмге көз­қарас, қамқорлық ерекше. Жыл сайын­ғы Жолдауда нақты ұсыныс, бағыт-бағдар сiлтеп отыратын Елбасының да көз­де­ген мақсаты – бәсекеге қабiлеттi елу елдiң қатарынан көрiну. Бүгiнгi студент – болашақтың иесi. Сондықтан да ертеңгi маманның заман талабына сай адам болып шығуы үшiн әрбiр дәрiсiмiздiң, жазған оқулығымыздың өзегiнде жағымды жаңалық пен маңызды идеялар болуы керек. Оқулықтың тiлi түсiнiктi, мазмұны терең, тақырыптары мәтiндегi оймен ұштасып жатпаса, онда одан алар тағылым, үйренер үлгi де болмайды. Мен оқулық жазуға осы тұрғыдан қараймын. Өйткенi ол жастардың бағдаршамы екенiн ұмытпағанымыз ләзiм. Студенттiң болашағына жол ашады, бiлiмдi, бiлiктi болуына мүмкiндiк жасайды. Осы ретте өз мамандығыма және жүргiзетiн пәндерiме байланысты «Геодезия», «Маркшейдерлiк iс», «Геодезиялық және маркшейдерлiк аспаптар», «Геомеханика» және « Ғарыштық геодезия» сияқты оқулықтар жазғанда осы бiр қағиданы есте ұстандым.

Жолдауда да «Патриоттық, адамгершiлiк қағидалары мен ұлтаралық келiсiм, то­леранттық, дене бiтiмi және рухани даму, заңға бағыну» деп атап көрсете келе, бiр­неше жыл жүрiп алған бiлiмдi жастар әлеуметтiк бейiмдеу процесiнде пай­далануға қабiлеттi болуына да баса назар аударуымыз керек екенiн түйiндеп көрсеткен.

Жоғарыдағы менiң замандастарымның қолы жеткен жетiстiктерiмiз бен табыстарымызды елiмiздiң болашағы – ұрпағымызға жасалып отырған қамқорлық, тiптi жақсы салауатты өмiр сүруге мүмкiндiгi деп ұқ­қанымыз жөн. Туған халқымыздың ке­лешегi үшiн атқарып жатқан қызметтi мiндетсiнгенiмiз емес, дегенмен еңбектiң өз жемiсiн көру де баға жетпес байлық екенiн мойындауымыз қажет.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

02.02.2012

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары