ХОЛОКОСТ

ХОЛОКОСТ

ХОЛОКОСТ
ашық дереккөзі

Бұдан 67 жыл бұрын жоспарланған мерзiмiнен бұрын шабуылға шыққан кеңес әскерi нацистiк Германияның ең үлкен өлiм лагерi – Аушвицтi басып кiрiп, аман қалған мыңдаған тұтқынды азат еттi. Азат етушiлер ажал комбинатынан адамдар өртелетiн үлкен пештердi, матрас жасауға дайындалып қойылған ондаған тонна әйел шашын және тағы басқа сұмдық заттарды көрдi. Бүгiнде Польшада тарихи мұражай ретiнде сақталған Освенцимде (полякша атауы) ресми дерек бойынша 2,5-4 млн. тұтқын құртылған. «Немiс нацизмiнiң атышулы Холокост саясаты осында кеңiнен жүзеге асырылған» делiнедi қазiргi саяси-тарихи әдебиеттерде…

«Холокост» гректің «холокостус» деген сөзінен шыққан. Ол «Бәрін өртеу» немесе «жаппай өртену», «құрып біту» мағыналарын береді. Жалпы, әлем зерттеушілерінің ортақ пайымдауынша, «Холокост» атауының екі мәні бар. Тар көлемдегісі – Еуропа мен әлемде жебірейлерді жаппай қудалау мен қырып-жоюды сипаттайды. Кең мағынасына неміс нацистері мен одақтастарының (мәселен хорват усташтары, бандерашылар т.б.) екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жебірейлермен қатар, сығандарды, киеңкілерді, ауытқуы бар адамдарды, масондарды, түрлі христиандық секта өкілдерін (әсіресе, баптистер мен евангелистерді), жазылмайтын науқастарды (обыр, ақыл-есі кем,т.б.), зәңгілерді, славяндарды іріктеп жою саясаты жатады. «Холокост» сөзі өткен ғасырдың ортасынан бастап айналымға енген. Ерекшелігі сол, жебірейге қарсы әрекеттерде «Холокост» сөзі бас әріптен, өзгелерге қатысты тек кіші әріптен басталады.

Бұдан екі мың жылдай бұрын тарихи Отанынан қуылған же­бірейлер Еуропада ғасырлар бойы қуғындалып келді. Дін мен ділдің бөлектігі, өсімқор жебірейлердің қолындағы мол ақша мен алтын-күміс, асыл тастар өзгелер тарапынан өшпенділік пен қызғаныш сезімін туғызып отырды. Сондықтан неміс нацистерінің көсемі А.Гитлердің 1919 жылы ниеттестеріне жазған хатында «Жебірей мәселесін түпкілікті шешу керек» деуі тегін емес. Билік басына 1933 жылы 30 қаңтарда келген нацистер нәсілшілдік мақсатын неміске тән жоспарлылық және жүйелілікпен жүзеге асыруға кірісті. Ең әуелі олар еліндегі бүкіл жебірейді шетелге қуып жіберуді ойлады. Алайда әлемнің көп елі қуғынға ұшырағандарды қабылдағысы келген жоқ. Онан кейін немістер осы ұлт өкілдерін ағылшынның қол астындағы Палестина мен француз отары – Мадагаскар аралына жер аударуды ойлаған. Ағылшындар да, француздар да бұған келісімін бермеді. Әрекетінен түк шықпаған соң, нацистер қорғансыз қалғандарды өлім лагерлеріне тоғытты.

…Германияның ірі-ірі 18 өлім лагері мен олардың сансыз көп бөлімшелерінде жебірейлер өздері секілді бейбақтар–сығандар мен славяндар, зәңгілер мен дін иелері секілді жаппай азап шекті және ажал тапты. Мұса пайғамбар ұрпағын «Жебірей болғаны үшін жазықты» деп таныған нацистер сығандарды да аямайтын. Нәтижесінде ресми деректерде көрсетілгеніндей, 1937-1945 жылдардың арасында 6 миллион жебірей мен 2,5 миллион сыған құртылған. Ешкімге аяушылық көрсетілген жоқ. Бесіктегі баладан еңкейген кәріге дейін. Бақытсыздарды құртуға немістермен бірге хорват усташтары, украин, беларус, латыш, эстон, литван еріктілері де белсене қатысты. Одан орыс пен француз, поляк жендеттері де тыс қалмаған сыңайлы.

Қазір Израильде ұлттық Апат және Яд ва-Шем ерлігі мемориалы бар. Осы ұлт үшін қасиетті орында нацизмге қарсы күрескен жебірейлер, құрбан болғандар және оларға көмектескендердің есімдері Құрмет тақтасына жазылған. Ішінде әлемнің 40 елінен іріктеліп алынған 22 мың жебірей еместердің есімдері бар. Қандас болмаса да, бөгде жандарға ізгілік танытқандар кімдер? Бірінші орында соғыс жылдарында Венгрияда өмір сүріп, жүз мың жебірейді құтқарған швед дипломаты Рауль Валленберг тұр. Екіншісі–судеттік неміс кәсіпкері Оскар Шиндлер (1908-1974). Ол Польша мен Чехиядағы зауыттарына 1200 жебірейді жұмысқа тартып, ажалдан алып қалды. Бір қызығы сол, қартайғанда кедейленген кәсіпкерді өле-өлгенше өзі құтқарған жандар асыраған. Екінші бір неміс Антон Шмидт сондай қатерлі іске барғаны үшін тұтқындалып, атылыпты. Ал орыс партизаны Николай Киселев пен поляк Эдуард Чаща қорғансыздарды құтқарумен қатар, өздері де аман қалған. Даниялықтар – 7 мың же­бірейді ұлт болып ұйымдасып, не­містен жасырын түрде бір күнде балықшы қайықтарымен бейтарап Швецияға жеткізіп үлгерген. Құтқарушылардың тізімінде Кау­настағы (Литва) жапон консулы Тиуне Сугихара мен итальяндық Джорджио Перласка да бар. Екеуі де Германияның ресми одақтастары – Жапония мен Италияның азаматтары болғанына қарамастан, бастарын қатерге тігіп, төтен ерлік жасады. Тағы бір таңданарлық жәйт, немістер басып алған барлық елдегі православтар мен католиктер, протестанттар ғасырлар бойғы алауыздығына қарамастан, жебірейлер мен сығандарды, өзге де соғыс құрбандарын құтқаруда өзара ынтымақтаса әрекет жасады. Тек Рим папасы ғана өзінен көмек пен қолдау сұраған жандардың жанайқайын аяқсыз қалдырған. Көпке мәлім емес тағы бір жағдаят. «Соғыс кезінде Шанхайда Германия мен Еуропадан қашқан 18 мың жебірей болыпты. Гитлердің табанды талаптарынан соң, жапондар оларды геттоға (қамап ұстау орны) отырғызуға келіскенімен, оны іс жүзінде орындаған жоқ. Немістердің жебірейлерді дереу құртып жіберу жөніндегі талаптарын орындаудан да жапондар үзілді-кесілді бас тартты». («Вокруг Света» журналы, 2009 жыл, №10-11)

Әлемде жекелеген араб және мұсылман елдері Холокостыны ресми түрде мойындамайды. Мәселен Иранның Президенті Махмуд Ахмадинежад «Холокост – ойдан шығарылған аңыз» деп мәлімдеді. Еуропалық ғалымдардың ішінде де теріс пікірдегілер баршылық. «Ал француз зерттеушісі Роже Гароди соғыс кезінде жер бетіндегі бүкіл жебірей саны 6 миллионға жетпегендігін дәлелдеп, олардың мәселені ұшындырып отырғандарын ескерткен болатын». («Жас қазақ», 2007 жыл, 30 наурыз). Тіпті «2006 жылы Аустрия соты Холокос­тыны бекерге шығарғаны үшін ағылшынның тарихшы-жазушысы Д.Ирвингты 3 жыл түрме жазасына кескен екен». («Молодая гвардия», 2009 жыл, №11-12, 141 бет). Әрине, біз бұл пайымдауларды жақтаудан да, даттаудан да аулақпыз, өйткені құзырымызға кірмейді. Төрелігі тек оқырман еркінде…

19.01.2012

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ