АСТАНАДА ЖАҢА МЕШІТ ӨРТЕНДІ
АСТАНАДА ЖАҢА МЕШІТ ӨРТЕНДІ
15 қаңтар күні Астана қаласындағы «Хазірет Сұлтан» мешіті өртеніп, апаттың салдарынан он үш адам жараланып, бір адам қаза болды. Бүгінгі күні Қазақстан бойынша күмбезі ең үлкен бұл жаңа мешіттің құрылысы әлі толық аяқталмаған болатын. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған азамат 1989 жылы дүниеге келген Маралбек Бауыржан атты жұмысшы екен. Тілсіз жаудың неден шыққаны туралы зерттеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Алдын-ала болжам бойынша, дәнекерлеу жұмыстары кезінде құрылыс материалдарына шоқ шашырап, өрт содан шыққан. Төтенше жағдай туралы хабар сағат 15.19-да түскен, оқиға орнына 10 минутта жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жаумен екі сағат арпалысты. Өртті сөндіруге 35 техника, 171 адам қатысқан. Өрт шарпыған аумақ 800 шаршы метрді қамтыған. 3 қабаттан тұратын мешіт жалпы бес мың адамға есептелген болатын.