ШЫРШАЛАР НЕГЕ ӘЛІ ЖАРҚЫРАП ТҰР?
ШЫРШАЛАР НЕГЕ ӘЛІ ЖАРҚЫРАП ТҰР?
Біз өзі қызықпыз? Басқа ұлттың жаңа жылына екі ай бұрын шарқ ұрып дайындаламыз. Көшелерді шыршалармен сәндеп, оларды ерекше жылтыратып қоямыз. Тіпті жаңа жылды қарсы алсақ та, сол шыршалар әлі күнге кез келген мекеменің жанында, алаңдарда жарқырап тұр. Сол шыршаны сәндеу үшін Ресейден арнайы мамандар да шақырыпты. Неге?
«Дін – мемлекеттен бөлек» дейміз. Ал солай болса, неге билік, мемлекет қолдан үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, басқа ұлттың жаңа жылын мемлекеттік дәрежеде өткізеді. Кеңес дәуірінде, қазір де орыс, славян халықтары Жаңа жыл – 1 қаңтарды діни мейрам ретінде мерекелейді. Оларды мемлекет қаржыландырмайды, өз күндерін өздері көріп жатқан да шығар. Сөйте тұра басшыларымыз шала бүлініп, «Жаңа жыл құтты болсын!», «Жаңа жылыңызбен!» деп құттықтап, барлық мекеме маңдайшасына үлкен әріптермен бадырайтып жазып қояды. Бұл бас қалаларда ғана емес, облыс, аудан орталықтарында да солай. Сонда мемлекеттің дін – мемлекеттен бөлек деген сөзі жәй сөз болғаны ма? Адамның бәрі осы дінге табынсын дегені ме? Халықтың, діннің бәрі билік, үкімет алдында бірдей емес пе? Бұл дегеніңіз бір дінді қолдап, оны басқа діндерден жоғары қойып, айрықша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқаны ғой. Қазақ басылымдары осыны талай мәрте жазып, айтып жүрсе де, оны құлаққа асып жатқан ешкім жоқ. Оның үстіне орыстілділердің көбі қазақ басылымдарын оқымайды.
зейнеткер