АУРУДЫҢ КӨБІ – АУЫЗСУДАН

АУРУДЫҢ КӨБІ – АУЫЗСУДАН

АУРУДЫҢ КӨБІ – АУЫЗСУДАН
ашық дереккөзі
548

Бүгiнде ауызсу мәселесi тек Қазақстанда ғана емес, бүкiл әлем халқы үшiн өзектi тақырыпқа айналып отыр. Тiптi кейбiр сарапшылар алдағы болашақта ауызсудың қарулы қақтығыстарға әкелуi мүмкiн дегендi айтуда. Бiз осы мәселелер жайында У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтының бас маманы, геолог-минералогиялық ғылымдарының докторы, академик Әбдiғаппар Кенжебайұлымен әңгiме өрбiткен едiк.

– Ресми деректерге сүйенсек, дүниежүзіндегі 1 млрд. адам ішуге жарамды суға зәру екен. Ал БҰҰ 2025 жылға қарай жер шары тұрғындарының үштен екісі су тапшылығы зардабын тартады деген болжам жасауда. Гидро-геолог маман ретінде қандай пікірдесіз?

– Иә, мұндай болжам бар. Соңғы жылдары БҰҰ ауызсу тапшылығы мәселесін жиі көтеріп келеді. Егер жер бетіндегі су тапшылығы мәселесі тап осылай жалғаса берсе, түптің түбінде осындай жағдайға келіп тірелуі мүмкін. Біздің елімізде жер бетінің суы аз, оның үстіне өзен-сулардың бастау көзі шетелден келеді. Қазір бізбен шектесетін мемлекеттер өзен-суларды көбірек пайдаланып жүр. Ал біздің айналысып жүрген жерасты суының мөлшері қазір әжептәуір. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде ашылған жерасты суларының қоры көп. Біз оны әлі күнге айтарлықтай мөлшерде пайдаланып жатқан жоқпыз. Егер сол жерасты суын тұтынатын болсақ, шалғайда жатқан елді мекендер мен ауылдар сумен түгелдей қамтамасыз етілетін еді. Айта кету керек, Батыс Қазақстанның, Орталық Қазақстанның кейбір жерлерінде жерасты суларының мөлшері аздау. Бұл жерлерге жер бетінің суын әкелу қажет.

– Жерастында тұщы су қоры көп дейсіз. Неліктен біз оны пайдалана алмай отырмыз? Жалпы, жерасты суларын ауызсу ретінде тұтынуға бола ма?

– Кеңес үкіметі құлағаннан кейін ауылшаруашылығының тамырына қан жүгірмей қалды. Жер жекеменшік адамдарға берілді. Бірақ олар жерасты суын пайдалану үшін ақша шығындағысы келмейді. Сондықтан да жер бетіндегі судың мөлшері екі-үш есеге азайып кетті. Соның салдарынан ауылшаруашылық өнімдерімен халықтың 50 пайызын ғана қамтамасыз етеміз, қалғанын шетелдерден алып жатырмыз. Алматы, Тараз, Шымкент қалалары мен ірі елді мекендерде жер асты суы тәп-тәуір пайдаланылуда. Ал ауылшаруашылығындағы жерді игеріп жатқан жекеменшік адамдар халықты ойлап жатқан жоқ. Оларға өндіріп жатқан өнімі түгелімен жетіп жатыр. Кейбір мамандар «Біз мысықтабандап жүргенде су қоры азайып кетпей ме?» деп күдіктенеді. Кім білсін? Егер де соны жорамалдап, жоспарлап отырған мекемелер болса, олардың айтқанын жекеменшік ауылшаруашылық қожалықтары тыңдаса, дұрыс жолға қоюға болар еді. Қазір бұл мәселе қиын. Қалтасында ақшасы барлар қалағанын істейді. Оны жоспарлап, «былай жаса» деп басқарып отырған ешкім жоқ.

Әрине ішуге жарамды су көзі жетерлік. Ауызсу қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында жер­асты суларының 800-ден аса бас­тауы анықталған. Дегенмен оның көбінің сапасы нашар. Мәселен дүниежүзіндегі ең бір таза тұщы суы бар аймақтарға Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан облыстары жатады. Негізінен өз уақыты келгенде жерасты суын пайдаланамыз деп ойлаймын.

– «Жерастындағы тұщы су қоры ащы боп кетті» деген пікірге қалай қарайсыз?

– Тұщы судың ащы боп кеткен жері жоқ. Жерасты сулары жақсы қорғалған. Тереңде жатыр. Тұщы суларды сақтау жағына көңіл бөлінбейді. Үкімет ақша бөлінеді дейді. Ол жерасты кендерін, темір, алтын, көмір өндіруге жұмсалсын дейді. Бірақ гидрогеологиямен айналысатын мекемелерге ақшаны аз бөледі.

– Ал қазір артезиан құдықтары ту­ралы неге айтылмайды? Бұрын сол құдықтар арқылы бүкіл бір ауыл сумен қамтамасыз етілетін еді ғой…

– Жерасты суы жерүсті суын пайдалануға қарағанда қымбаттау болады. Бұрынғы жерасты суымен суғарылған жерлер пайдаланудан шығып қалды. Тұрмыстық, iшуге жарамды сумен қамтамасыз ету, өндiрiстiк-техникалық сумен жарақтау, егiстiк жерлердi суару, бальнеологиялық мақсаттарда кең көлемде пайдаланылуға болар еді. Барлық зерттелген жерасты су қорларының 88 пайызын тұщы су көздерi құрайды. Бұл дегенiңiз Қазақстан аумағындағы iшуге жарамды су қорларының барлығы зерттелген­дi­гiн бiлдiредi. Яғни ауызсумен жарақтау мүмкiндiгi өте жоғары. Барланған жерасты су ресурстарының басым бөлiгi жердiң қабатты және топырақты, су тұтқыш бөлiктерiнде жиi кездеседi. Атап айтсақ, ағынды сулардың гидрогеологиялық бас­сейн­дерiнде, жаңа өзен арналары жазықтықтарында сақталған. Ал шөл және шөлейт аудандардағы, сондай-ақ тектоникалық бұзылу болған аймақтарда жерасты сулары аз зерттелген.

– Елбасының өзі ауызсу мәселе­сінің бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да тапшы екенін баса айтты. Бұл тұрғыда су көздерінің лас­тануы, суды пайдалану тәсілдерінің ескіруін тілге тиек етіп еді…

– Ғалымдар азиялық елдердің ирригациялық суландыру жүйелерін жаңарту үшін миллиард доллар қаржы салып, суды үнемдеуді бақылайтын тәсілдерді жетілдіре түсу керектігін айтуда. Олай болмаған жағдайда таяу жылдары Азия елдері ауызсу тапшылығына тап болуы әбден мүмкін. Мұны ескеру қажет. Бізде суды пайдаланатын құралдар бар. Бірақ солар жылдан жылға ескіріп жатыр.

Жерасты суының ресурсы аза­йып жатқан жоқ. Ал жер бетінің суы көбінесе басқа елдермен шектесіп жатыр. Мысалы Талас өзенінің жоғарғы жағы Қырғызстанда, Шу өзені де солай. Мына Іле өзені Қытайдан келеді. Қазір Қытайдың 1,5 млрд. халқы Іле өзенінің суын тұтынып отыр. Егер біз мұны шектемесек, Іле өзенінен келетін судың мөлшері бүгінгіден де азайып кетеді. Сондықтан да өзеннің бойындағы зерттелген, табылған жерасты су кендерін болашақта түгелімен игеруіміз керек. Әйтпесе, күн көре алмаймыз. Мысалы Шу өзенінің төменгі жағындағы жер бетінде су жоқ. Ондағы жерасты суын да ешкім дұрыс пайдаланып жатқан жоқ. Өйткені халық аз тұрады. Құдық қазса, соның өзі жетіп жатыр оларға.

– Көптеген үлкен өзен сулары Ресей мен Қытай мемлекетімен шектесетіні белгілі. Трансшекаралық өзендерді бөлісу жайында не айтасыз?

– Мамандар су қорының азаюын біздің өзендеріміздің трансшекаралық екендігімен, су бастау алатын елдердің де суды пайдалану көлемін көбейтіп келе жатқанымен байланыстырады. Себебі Памир мен Тянь-Шань шыңдарындағы мәңгілік мұздықтар 1957 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кеміген, ал ол 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін азаймақ. Мұндай ғаламдық жылыну түбінде Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы су арналарының суалып-тартылып, жаппай құрғақшылық жағдайына әкелуі мүмкін. Бұл өзекті мәселеге осы тұрғыдан талдау жасасақ, шындығында да еліміздің ауызсуы Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріндегі су жолдарына тікелей тәуелді. Елiмiзге көршiлес Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тiптi Ресеймен де жағдай суға бола қиындап барады. Өкінішке қарай, Қытайдың суға байланысты қандай жоспары бар екені бізге белгісіз, біз үшін ол – құпия. Әйтсе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР басшысы Ху Цзиньтаоның өткен жылдың тамыз айындағы кездесуінде бірқатар жылдан бері трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы мәселе сөз болуда. Қазақстанның бұл мәселе жөніндегі алаңдаушылығына түсіністік білдіріп, қытай жағы бірлескен комиссия аясында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөнінде келіссөздер өткізу үшін техникалық жағдайларды талқылауға әзір екенін атап көрсетті. Бұл уағдаластықты келіссөздер үдерісі үшін үлкен бетбұрыс деп санауға болады. Өйткені осы уақытқа дейін су сапасын қамтамасыз ету, су бөлу қағидаттарының мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауға қол жеткізілмеген еді. Бірақ олар бұған қарап жатқан жоқ. Қытай ағып жатқан суды шектен тыс пайдалануда. Болашақта біздің жағдайымыз қиын болады. Мәселен, ұлан-байтақ территориядағы суы мол күретамыр Iле, Ертiс, Шу, Талас, Сырдария, Орал өзендерi бастауын жоғарыда аталған елдердiң асуларынан алады. Еліміздегі жалпы су қоры жоғарыда айтқандай бүгінде жылына 100,0 текше шақырым болып бағаланады. Оның 44,5 текше шақырымы көрші елдер – Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келеді.

– Ресей әлемдік саясатқа мұнайы мен газы арқылы ғана емес, су сату арқылы да ықпалын жүргізеді деген пікір бар.

– Біз бар суымызды игеріп алсақ, болды. Қаржы бөліп, қадағаласақ, өзімізді өзіміз сумен толық қамтамасыз ететін едік. Ал жетпей жатса, басқа мәселе. Мамандардың айтуынша, ғаламдық климаттың күрт жылынуы ресейліктерді де толғантпай отырған жоқ. Мұндай табиғат өзгерісінен Әму мен Сырдың суының азаю қаупі артса, Ресейде керісінше, Об, Енисей, Лена өзендерінің арнасынан асу қаупі зор. Об өзені тасыса, оның жағасындағы елді мекендердің табиғи апат астында қалуы ықтимал. Бұған қосымша, саяси тұрғыдан келгенде, Ресей Аралдың тартылуы мен Орталық Азиядағы су тапшылығы әлеуметтік дағдарыс әкеледі деп те қауіптенеді. Об суын Орталық Азияға бұра отырып, Ресей «Судың да сұрауы бар» немесе «су сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген қағиданы ұстануы мүмкін. Бүгінде Ресей өзінің осындай пиғылы барын аңғартып қойды. Тіпті ресейлік кейбір саясатшылардың болашақта су сатудың мұнай сатудан да пайдалырақ болатынын айтып қалғаны бар. Яғни Ресей су арнасын бұра отырып, өзіне экономикалық тиімді жобадан пайданы көбірек көрмек. Өйткені «Об-Арал» каналы тартылса, онда оның 1500 шақырымы Ресей территориясынан өтеді.

– Су мәселесі Су ресурстары комитетіне қарайды. Бүгінде бұл комитеттің немен айналысып жатқандығынан хабарыңыз бар ма?

– Олар да біз сияқты есептеумен, болжам жасаумен айналысуда. Бірақ қазір оларға да ешкім бағынбайды. Әрине, заң бұзушылықтар орын алса, суды былғап жатса, оған айыппұл салады. Ал «Мына судан мұнша ал» деп бұйрық бере алмайды. Себебі ақша жекеменшіктің өзінікі. Бір ескеретін мәселе – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетін өз алдына агенттік ретінде бөліп шығару мәселесі талай рет көтерілді. Өйткені бұл Комитеттің жұмысы бастан асады. Оның үстіне ірі сипаттағы мәселелер бар, қалаларды сумен қамтамасыз ету, гидрожүйелерді құру мен пайдалану, жерасты су көздерін барлау және қорғау, жерүсті су көздерін пайдалану және қорғау сияқты мәселелер шаш-етектен. Айталық, халықаралық қатынастар тұрғысында шешетін мәселелер тек қана ауыл шаруашылығы тұрғысынан келуге аздық етеді. Көптеген елдерде бұл орган дербес министрлік немесе агенттік сияқты құзыреті жоғары болып келеді.

– БҰҰ жақында ғана «Жер бетіндегі халықтың көбейгені сонша, әрбір оныншы адамға ауыз су жетпей жатыр» деп мәлімдеді. Шын мәнінде, бір шелек суға зәру мемлекеттердің де бары рас қой.

Шынында да солай. Кейбір мемлекеттер шай ішу үшін суға зәру. Тiптен ауызсуға жарамсыз лас суларды пайдаланып отырған аймақтар бар. Бұл жерлерде жерасты және жерүстi сулары жақсы таралмаған, ал ауызсуға жарайтын жерүстi су объектiлерi шектен тыс ластанған. Жерүстi тұщы өзен-көл суларымен ең нашар қамтамасыз етiлген бiздiң елiмiз, ТМД елдерiнiң iшiнде соңғы орында тұр. Рас, бүгіннің өзінде жер бетінде судың тапшылығы қатты сезілуде Бір мемлекеттерде су молынан жетіп жатыр, енді бірінде жаңбырдың суын да тұтынып жатыр. Қазiрдiң өзiнде су тапшылығы бiрқатар елдердi кедейлiк пен жоқшылыққа, сондай-ақ саяси тұрақсыздыққа әкелуде. БҰҰ-ның мәлiметтерi бойынша, бүгiнде жер бетiндегi 1,2 млрд. адамның таза ауызсуға қолы жетпей, аса қиын күн кешуде. Ал 2,5 млрд. адам антисанитарлық жағдайда өмiр сүруде. Сонымен қатар Жер шарында жыл сайын 5 миллионға жуық адам судан келетiн кесапаттардан көз жұмады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының пікірінше, еліміздегі ауру-сырқаттардың 80 пайызы күнделікті қолданатын ауыз судан келеді екен. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Ұлттық орталықтың мәліметтерінше, жылына сапасыз ауыз суды қолданудан 5 мың қазақстандық қазаға ұшырайтыны, әрбір екінші қазақстандық ешқандай санитарлық-гигиеналық талаптарға жауап бермейтін суды пайдаланатындығы белгілі болып отыр. Халықтың үштен бір бөлігі арнайы тазартудан өтпеген суды ішуде.

– Өзіңіз білесіз, бізде 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы межесіне жеткен болатын. Бірақ әлі күнге су бармай жатқан елді мекендер көп. Ал мамандар 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырады дейді. Осы жөнінде не айтасыз?

– Мұндай қаулылар бірінші рет емес, бірнеше рет қабылданды ғой. Күнде естіп жатырмыз. Бағдарлама аяғына дейін жетпейді. Орындалмайды. Жоғары жақтан мұншама ақша бөлінді дейді. Оны төменгі жақтағы басшылар орындамайды. Жол-жөнекей қалталарына басып жатыр. Соның салдарынан қарапайым халық баяғысынша ауызсусыз қала береді. Бағдарлама қабылданды ма, оның орындалу тетіктерін қарастыру қажет. Сонда ғана халыққа су келеді. Күнделікті қадағалау керек. Айтудың өзі қорқынышты, кейбір ауыл тұрғындары құбырдан аққан сапасыз суды тұтынып жатыр. Оның қандай су екенін кім білсін?

– Осы саланы талай жылдан бері зерттеп жүрсіз ғой. «Әттеген-ай» деп қарныңыз ашқан кездер болды ма?

– Әттеген-айлар көп қой. Қазақ­станда гидро-геолог саласындағы меке­мелер жойылып кетті. Бұрын гидрогеологиялық экспедициялар, басқар­­малар мемлекеттік тұрғыдан қар­­жыландырылатын. Қазір ондай жоқ. Жерасты сумен айналысатын гидрогеолоияглық экспедиция ғана бар. Оларға біреуден тапсырыс түссе, ақшасына жасатады. Ақшасы жоқ ауыл сусыз отыр. Олар жерін де суғара алмауда.

– Гидролог-мамандар жерүсті сула­рының ластануынан жерас­ты сулары да лайланып, адам ден­сау­лығына қауіп төндіретінін айтуда. Қаржы тапшылығы мен маман­дардың жетіспеушілігі су ресурс­тарын толық зерттеуге қолбайлау екенін де жасырмайды.

– Қазір мемлекет жерасты суын барлап, қорын есептеуге қаржы бөлмейді. Зерттеліп, арнайы қоры бекітілген су болса, кемімейді. Егер өзен суы құрып кетсе, зерттелген қор да азаяды. Біздің республикамызда қоры зерттеліп, бекітіліп қойған кен орнының суы кеміген жоқ. Оларды жер бетінің сулары, аспаннан жауған жаңбыр-қар суы толықтырады. Кеңестік кезеңде миллиондаған, миллиардтаған қаржы бөлінетін. Мәселен сіз бай адам болсаңыз, үйіңізге су керек болса, бұрғылап, тесіп беретін мекемелер бар. Ал мемлекеттеік тұрғыдан ақша жоқ. Судың бүгінгі жағдайын, ластануын, былғануын қадағалаумен дұрыс айналысып жатқан мекеме жоқ. Бұл жағы мүлдем қиындап кетті. Геология комитетінің құзыреті бұрынғыдай емес. Бұрын әр облыс бойынша қаржы бөлініп, мұнымен Су шаруашылығы және геология министрлігі шұғылданатын. Белгілі ережелерді бұзып, жер асты суларын былғайтындарды үлкен айыппұлға тартатын. Алматы гидрогеология экспедициясы бар. Олар да режимді бақылаумен жұмыс істейді, бірақ бұрынғы қарқын жоқ. Бізде бұрын осының бәрін зерттейтін зертхана болатын. Қазір жұмысы тоқтап қалды. Ақша бөлінбей қойды. Түпкілікті зерттелмейді. Басқа облыстарда мамандар бұдан да азайып кеткен.

– Бүгінде У.М. Ахмедсафин атын­дағы гидрогеология және геоэкология институтының әлеуеті қандай? Дәл қазіргі кезде институт немен шұғылдануда?

– Институт ғылыми жұмыстармен айналысуда. Мысалы ірі-ірі артезиан суларының таралу заңдылықтары, қоры, геологиялық құрылымын есептеп, алдын ала болжамдар жасап, қай жерде су қоры аз не көп екенін тексереді. Тіпті дұрыс пайдаланбай жатқан мекемелерді де көрсетеміз. Сондай-ақ институт тұщы суларды ғана емес, гидро-геохимиялық ізденіспен, термалды суды зерттеумен айналысуда. Өндірістік экспедициялардың барлау жұмыстарын жүргізуі үшін біз оларға алдын ала болжаммен жол көрсетіп отырамыз. Осынау минералды сулардың ошақтарын ашу барысында бүгiнде елiмiзде түрлi емдiк сауықтыру орындары мен санаторийлер жұмыс iстеуде. Ел аумағында минералды су шоғырланған бiрқатар ошақтарды игеру алдағы күндердiң еншiсiнде.

– Ғылым жолындағы тың ізденістеріңіз жайында да айта кетіңізші.

– Еңбек жолымды жерасты суының орналасу және олардың қорларының түзілу, қалыптасу заңдылықтарын зерттеуге, су қорын барлаудың теориялық негіздері мен барлау әдістерін анық­тауға, шөл және шөлейт аудандарында жер асты суы қалыптасуының конденсаттық және инфильтрациялық теорияларын негіздеуге арнадым. Биік таулы аудандарда қалыптасқан жерас­ты суы ағынының артезиан алаптарына қарай жылжу заңдылықтарын аштым. Жаркентте мына тәжірибені жүзеге асырдық. Жаркент артезиан бассейнде температурасы 90-100 градусқа дейін термалды су бар. Осы су қайдан келіп жатыр? Ондай су жерастында сирек кездеседі. Осыған ғылыми болжам жасап жатырмын. Бұл су Жоңғар Алата­у­ынан техтоникалық жарықтар арқылы төмен түседі де, біріне бірі жалғасады. Осы су көтеріліп, толықтырып жатыр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Үкіметтен тапсырыс түсу керек. Мұны жалғыз емес, бірнеше маман болып істеуіміз керек еді. Сол суды да бүгін пайдаланып жүрген жоқпыз. Оны 5 мың метр тереңдікте тесу керек. Оны мемлекет қолына алмаса, ешкім жасай алмайды.

– Жастардың ғылымға деген құлшынысы қалай?

– Жастар бізге жұмысқа келуге қызығушылық танытып отырған жоқ. Себебі жалақы өте аз. Олар отбасын асырауы керек. Сол себептен де бізге жұмысқа келгісі келмейді. Кейінгі үш-төрт жылда бізге жастар мүлдем келіп жатқан жоқ. Ал жалақымызға үш айдан бері қол жеткізе алмай отырмыз. Біз зейнетақымен күн көріп жүрміз, ал жастар қайтеді? Бірақ жалақы алмасақ та, жұмысқа келіп, өз зерттеуімізді жасап жүрміз.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары