ТОҚСАН РЕТ ТОЛҒАНЫП...

ТОҚСАН РЕТ ТОЛҒАНЫП...

ТОҚСАН РЕТ ТОЛҒАНЫП...
ашық дереккөзі
365

…Осыдан бiрер жыл бұрын қаламызда тәп-тәуiр құрмет-абыройы бар, ұзақ мезгiл жауапты қызмет атқарған бiр танысымды Америка Құрама Штаттарына шығарып салдым. Екi қызының сол елде тұрғанына 8-10 жылдың көлемi болыпты. Қырық жылға жуық отандасқан ұлты орыс әйелi осыдан екi жыл бұрын «қыздарыма барып келем» деп қыр асып кетiптi де, содан керi оралмай қойған. «Бiздi керек деп есептесең Америкаға келерсiң, бiз ендi керi қайтпаймыз. Осында тұратын болып шештiк. Арғы жағын өзiң бiл… Келсең — есiгiмiз ашық, келмесең — өз еркiң. Өкпелемеймiз…“, деп әйелi хабар бередi.

– Алғашқы кезде «Мейлі, өздерің біліңдер. Мен өз Отанымды тастап еш жаққа бармаймын» деп қасарысып жүрдім. Содан бір жыл өтті, екі жыл өтті. «Ағайын-туысқаннан қол үзгенім қашан. Бір жылдан кейін зейнетке шығамын. Содан кейін мен мұнда кімге керекпін?» деген ой жиі мазалай берді. Ойлана келе АҚШ-қа барғанды жөн көрдім. Ертең мені не күтіп тұр, пайымдау қиын. Ертеңгі күніме еш сенім жоқ, – деп еді әлгі танысым жанары жасаурап, көзі мұңға тұнып. Оның дірілдеген даусынан кеудесіндегі жұдырықтай жүрегінің үнсіз жылап тұрғанын сездім.

Сөйтіп ол өзіне белгісіз жат елге, мұхит асып кетті. Оның одан арғы тағдыры не болғаны маған белгісіз. Бірақ, менің ойымша, оның қазіргі шет, өзге елдегі күні адам қызығатындай, бал-шәрбат емес екенін сеземін. Туған елін, туған жерін санасы түзу, кеудесінде жаны бар адам сағынбайды, аңсамайды дейсіз бе?! Сірә, солай болар. Қазақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – деп бостан-бос айтпаған шығар.

Несін жасырамыз, сан түрлі (мәлімет бойынша жүзден астам) ұлт өкілдері қатар өмір сүріп жатқан Қазақстанда аралас неке болмай тұрмайды. Ол – өмір заңдылығы. Тіпті небір аласапыран заманда да ондай болғанын тарихтан жақсы білеміз. Кейінірек, Кеңес заманы тұсында, білім қуып Мәскеуге, Ленинградқа, Новосібір мен Томскіге барған алғашқы толқын ағаларымыз татар, орыс қыздарымен көңілдері жарасып, үйленіп, балалы-шағалы болды. Ол «жеңгелеріміздің» басым көпшілігі елге келіп, қазақ ұлтының салт-дәстүріне бас иіп, тату-тәтті өмір сүрді. Базбірі мұсылмандықты қабылдап, күйеуінің ұлтын құрметтеп, бала-шағаларына «Ұлтың қазақ екенін есіңнен шығарма» деп имандылыққа тәрбиеледі, қазақ ұлтының азаматы, патриоты етіп өсірді.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, өткен жүзжылдықтың 40-шы жылдарында орыс қыздарына үйленуден Латвия азаматтарынан кейін қазақ жігіттері екінші орын алыпты. Одан кейінгі тың игеру жылдарында еліміз «достық лабораториясына» айналып, аралас неке көрсеткіштері одан сайын өсе түсті. Яғни егер ол 40-шы жылдары 15 пайыз құраса, 50-ші жылдары бұл көрсеткіш 33 пайыздан асып жығылады. Ой таразысына салсаңыз, бұл сол кездегі Кеңестік дәуірдің қазақ секілді аз халықтарды ана тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен, ұлттық болмысынан айырып, орыс ұлтына сіңіру, яғни ассимиляциялау бағытында жүргізілген саясат деп түсінгеніміз абзал. Тіпті орыс немесе басқа да Еуропа елінің жігіттеріне шыққан қаракөз үлбіріген қыздарымызды қолдап, газет-журналдарға жарыса жазып, теледидардан олардың комсомолдық тойларын дәріптеп, жағдайларын жасап, бірден жаңа пәтердің кілтін беріп даурығып жүрген кездеріміз де естен шыға қойған жоқ. Оны өзімізше үлкен бір жетістік, халықтар арасындағы достықтың өркендегені, жасанды интернационализм ауанында жаңарған цивилизацияға қол жеткізгендігіміз деп ұқтық емес пе? Қандай аңғалдық десеңші…

Арнайы деректерге сенсек, 1979 жылы Қазақстанда аралас неке 20 пайыз болыпты. Кеңес дәуірі ыдыраған кезеңде елімізде аралас неке күрт азайыпты да, 90-шы жылдары 9,7 пайызға түсіпті. Бұның себебін жастарымыздың арасында ұлттық сезім оянып, болашағына зер салуымен, сананың өсуімен байланыстыруға болады. Ол кезде ұлтымызды ұлт ретінде сақтап қалу мәселесі өткір тұрды және ұлттық құндылыққа айналып, қазақ ұл-қыздары арасында намысшылдық өсті. Келе-келе бұл тенденция қайтадан кері кетті. Егер елімізде соңғы кездері орта есеппен жылына 100 мың неке қиылатын болса, оның 20 мыңы аралас неке екен. Бұл үрдіс жылдар өткен сайын көбеймесе азаяр емес

Тағы да цифрларға жүгінейік: рес­пуб­ли­ка­мыздың Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметі бойынша, соңғы 11 жылда еліміздегі ұлтаралық некелер саны айтарлықтай көбейген. Мысалы 1999 жылы аралас некелер саны 18402 болса, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 25669-ға жеткен. Оның ішінде ең көбі – қазақтар мен орыстар арасында екен. Атап айтсақ, 1999 жылы аталған екі ұлттың өкілдері 8841 жұп құрса, 2010 жылы қазақтар мен орыстар арасында 14246 неке қиылған («Алматы ақшамы», 23.08.2011ж.). Аралас некеден дүниеге келген ұл мен қыз қазақ тілін, оның салт-дәстүрін толық сақтап қала алады дегенге өзім сенімсіздікпен, тіпті, күмәнмен қараймын.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов көп жылдар бойы респуб­лика көлемінде түрлі жоғары лауазымды қызметтерде (Қазақ КСР-і Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы, Шығыс Қазақстан облыстық атқару кеңесінің төрағасы, Гурьев облысының партия комитетінің бірінші хатшысы) болып, зейнеткерлікке шыққан соң әлдебір себептермен Мәскеуге орналасқанын, онда бірер жыл ғылыми жұмыстармен айналысып, сол шаһарда 85 жасында дүниеден озғаны белгілі. Қартайып, денсаулығы сыр бере бастағанда ол елден келген жақындарының алдында қатты қамығып: «Мен өмірімде орны толмас екі қателік жібердім. Біріншісі, орыс қызға үйлендім де балаларым қазақша білмей, салт-дәстүрімізден мақұрым болып өсті. Екінші қателігім, зейнетке шыққаннан кейін Гурьевтен кері Алматыға оралмай Мәскеуге қоныстанғаным бекер болды…», — деген екен қос жанарына жас үйіріліп. Пайымдап қарасаңыз, саналы адамды терең ойға қалдыратын өкінішке толы ауыр сөздер емес пе?

Кезінде Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын: біріншісі – өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан; екіншісі – немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден; үшіншісі – екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», – деп болашақ ұрпақтың ұлттық тәрбиеге жат болып өсетіндігінен қорқып, қынжылған екен. Бұл әр қазақтың санасында, жүрегінде тұрса игі. Бәріміз де ұлттық болмысымызды, ата салт-дәстүрімізді, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді жоғалтып алудан қорыққанымыз абзал. Кім болмасын, ұлтының болашағын ойлау керек. Оның отбасын құрудан басталатынын ескерген абзал. Әсіресе өмірді жаңа бастап келе жатқан албырт жастар кіммен отасқанды терең ойлағаны жөн екенін білгені жөн. Жас кезде барлығы керемет, тамаша, бақытты болуы заңдылық. Келе-келе өзара түсініспеушілік пайда болып, араздасып, тартысып, шекісіп, ажырасып, өмірін тәлкек етіп, «шоқ басып» жүргендері қаншама. Өйткені ерлі-зайыптының әрқайсысы әртүрлі ұлт отбасында тәрбиеленген – менталитеті, дәстүрі, тілі, дүниеге көзқарасы бөлек. Балалары да кімді тыңдарын, кімнің тілімен сөйлеуді білмей дағдарысқа түседі. «Әйелі мен ер адамның жалпы ішкі үйлесімі – нағыз таразы, ал таразы басы бірі екіншісінен асып кетпей, тең түсіп жатуға тиіс», – дейтін сөз бар ел арасында. Ол да дұрыс шығар. Өмір таразысын тең ұстаған ерлі-зайыптылар ғана бақытты, тату-тәтті отбасы бола алады. Егер олай болмаса қасірет бұлты қоюланып, ұрыс-керіс, айтыс-тартыс көбейеді, «ыдыс-аяқ» жиі шылдырап, үйден бақ-береке, татулық кетеді. Түсіністік болу үшін жанұяда бір тіл, бір дін, мәдениет пен салт-дәстүр егелік етуі керек. Егер олай болмаса — барлығы бекершілік, өзіңді өзің алдаумен өткен жалған өмір.

«Қазақ жігіттері басқа ұлттан қыз алуға болады, ал қазақ қыздары өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуға болмайды» деген жаңсақ пікір айтып жатады кейбіреулер. Жарайды, қазақ жігітімен тұрмыс құрған өзге ұлттың қызы ертең қазақша сөйлеп кетеді дейік. Бірақ ондайлар ілуде біреу. Басқалары өз тілінде балаларын тәрбиелеп, олардың бойына өз салт-дәстүрін сіңіреді. Бала анаға жақын, соның қас-қабағына көбірек қарайды. Ол бала ертең қазақтың «сойылын соғады» дегенге сенбеймін, оған менде күдік көп.

Сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдары қоршауда қалып, тұтқынға түсіп, немесе оккупацияланған аймақта қалып, басқа ұлт өкілдерінің қыздарына үйленген кейбір қазақ азаматтарының өмірі өксікпен өткені аянышты-ақ. Ол туралы кезінде партизан-жазушы Қасым аға Қайсенов, кейінірек Украинаға барған қазақстандық делегация құрамында болған ақын Ақұштап Бақтыгереева сол елде соғыста қалып қойған қазақ офицерлерінің: «Біз украиндық қыздарға үйленіп, осында қалып едік. Қартайған шағымызда олар біздерді лақтырып тастады. Біздің Қазақстанға кері баратын жолымыз жоқ. Біз ағайын-туысқандарымыздың кім екенін ұмытып қалдық. Кімге, қайда баратынымызды да білмейміз», – деп көздерінің жасын тия алмай жылағанының куәсі болғаны жайлы жүрегі езіле жазды («Түркістан» газеті, 7.03.2007ж.).

Басқа ұлттың қыздарына үйленген жас қазақ жігіттерін немесе үріп ауызға салғандай сымбатты қаракөз қарындастарымыз өзге елдің азаматымен тұрмыс құрып жатқанда олардың келешегін ойлап менің кейде мұңаятыным бар. Оларды ертең не күтіп тұрғанын кім білсін? Бірақ ертең бойдан күш кетіп, қартайып шау тартқанда солардың басым көпшілігі өз тағдырына өкінетін шығар… Мысал үшін алысқа бармай-ақ, көрші Ресейдің теледидарынан анда-санда болса да ұлтаралық некеден туған балаларының төңірегіндегі айтыс-тартысты, кикілжіңді, сотпен аяқталып жатқан жанжалды, тіпті, балаларын бірінен-бірі ұрлап, қыр асып – шетелге кетіп жатқан отбасыларын, өз баласына қолы жетпей күйзелген шешелерінің шелектеп төккен көз жасын көріп жүрміз. Ондай жайға тап болған жас балалардың күйін, психологиялық стрессті ересектер сезіне ме екен? Қиын, өте ауыр, шиырылған қасіретке толы тағдыр…

Ия, оны біз мына мың құбылған тір­ші­ліктен, сайқымазақ, беймаза өмірден сирек болса да кездестіріп жүрміз. Әттең…

Сондықтан кім болмайық, үйленер алдымызда оған ерекше жауапкершілікпен қарап, терең ойланып, тоқсан рет толғанып барып оңды шешім қабылдағанымыз дұрыс болар.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы

Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары