СУДАН ТАРЫҚҚАН АУЫЛДАР

СУДАН ТАРЫҚҚАН АУЫЛДАР

СУДАН ТАРЫҚҚАН АУЫЛДАР
ашық дереккөзі

Шiркiн десеңiзшi, бұрын бiздiң ауыл қандай едi?! Шағын ғана бекеттiң берекесi мен бiрлiгi асып-тасып жатушы едi ғой. Сонадайдан биiк ағаштары мойнын созып, жап-жасыл желегi желмен жайқалатын. Әрбiр отбасы базар-ошарға сабылмай-ақ, көкөнiсi мен жемiс-жидегiн өзi егетiн. Бұл менiң ауылымның кешегi көрiнiсi. Сол балдәурен балалық шағымның ең бiр тәттi тұсы да – ауылымның көркейiп, өркендеп тұрған кезiмен тұспа-тұс келген сияқты.

Қазір ше? Ауылдан су кеткелі, жұртта маза жоқ. Баяғы жанға қуат, көңілге мереке сыйлайтын құтты жерім жұпыны күй кешкен. Маңайдың бәрі қурап қалған, тап-тақыр. Жаздыгүні мал мен жанға сая боларлық кәдімгі қара ағаштар сидиып, бұтағынан айрылған. Су кетті, ауылдан сән кетті деген сол. Бұдан кейін «Су – тіршілік нәрі» деген қасиетті сөзге қалайша бас имейсіз. Ұзақ жылдар бойы ыстық ұясына айналған мекенін кім оңай қиып кетеді дейсіз. Бірақ амал қанша? Күні кеше ғана ірілі-ұсақты малының арқасында біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан ауыл жұрты қазір маңайдағы қалаға үдере көшуде. Себебі жазғы қуаңшылықтан кейін мал екеш малдың өзіне жем-шөп тұрмақ, суды да тауып беру қияметке айналған. Өмір – тоқтаусыз ағатын өзен. Тірі адам тіршілігін жасауға тырысатыны табиғи заңдылық. «Туған жер – оттан да ыстық» екенін білсе де, сусыз өмірге ешкімнің де төзе алмасы тағы анық. Жасыратын түгі жоқ, сол біздің ауылдың жағдайы тоқсаныншы жылдардан кейін бірте-бірте төмендей бас­тады. Ауылдағы кітапхана да, клуб та құрдымға кетті. Үнемі сарқырап жататын ауыз су да тапшы бола бастады ақыры. Бұдан кейін ауыл қаңырап, бос қалмай қайтсін? Еліміздің үкіметі халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін қолға алғалы да біраз жылдың жүзі. Ол үшін қаншама бағдарлама мен жоспар қабылданып, қыруар ақша да бөлінді. Кім біледі, сол үкіметтік бағдарламаның қызығын көріп, ауыз суға қарық болған ауылдар да бар шығар, бірақ та сусыз отырған елді мекендер одан да көп. Анда-санда ақпарат құралдары арқылы «Шалғайдағы ауылға су келді!» деп сүйінші сұрап жатқанын естиміз. Ал шелектерін салдырлатып, су таситын көлікті телміре күтетін немесе шалшық лас суды ішіп, күнелткен ауылдардың санын кім есепке алып, көзге іліп жатыр? Естеріңізде шығар, еліміз 2002 жылы «Ауыз су» бағдарламасын қабылдап, «межесіне» жеткізген болатын. Сегіз жылға созылған бағдарламаға бөлінген 335 миллиард теңгенің қайтарымы ауыз толтырып айтарлықтай емес. Тіпті, Ауылшаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің мамандары: «Бұл қаражат ел аумағын толық қамту үшін аз болды», – деп ақталыпты. Әлі күнге таза суға қолы жетпей отырған аймақтар көп. Көрсеткішке қарасақ, 3 мың 849 ауыл ауыз судан тапшылық көріп отыр. Республика бойынша 83 мың адам ауыз суды тасып ішуге мәжбүр. Ал 700 шақырымнан астам су құбырларын қайта жөндеу керек. Бұл Үкіметтің жария еткен есебі. Бұдан соң былтыр 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасын қабылдағанда, бұл тығырықтан шығатын күн алыс емес деп үміттендік. 1,2 триллион теңге бөлінеді деп кесілген бағдарламаның іске асу тетігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттіктің қолына өткен. Ал жалпы жұртты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет 2020 жылға дейін жыл сайын 90 млрд. теңгеден астам қаражатты бөлуді көздеп отыр. Бұл қаржының 60 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 30 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттерден бөлінетін болады. Алайда 2020 жылға қарай ауылды елді-мекендердің 80 пайызын, қалалық жерлердің 100 пайызын таза сумен қамтамасыз етуге тиіс бұл жобаға да күмәнмен қарайтындар баршылық. Кейбір бейресми ақпарат құрал­дарының айтуынша, былтырғы жылдың қараша айында қалаларды ауыз сумен қамтамасыз ету ісін жетілдіру және қайта құру үшін арнайы жұмыс тобын құру туралы өткен жиналыста еліміздегі қалалардың ауыз суын жекеменшікке беру туралы мәселе көтеріліпті. Бұған бәзбір облыс пен қала әкімдіктері бірауыздан қарсы болған көрінеді. Әсіресе, осыдан біраз жыл бұрын француздарға сатылып кеткен қалалық суды талай жыл бойы соттасып әрең дегенде мемлекеттік меншікке қайтарып, бүгінде қыруар қарызын төлеп отырған Алматы қаласы әкімшілігінің маңдайына тиді ме, ауыз суды жекеменшікке беруге болмайтындығын жеткізіпті ашынып. Себебі ірі қалалардың су көздерін жекеменшіктің қолына өткізу кешенді талқылауды қажет ететін, ел-жұрттың, ғалымдардың пікірімен санасу арқылы шешілетін іс. Егер бұл саланы жекеменшіксіз дамыту мүмкін емес десе, онда белгілі бір ауылды жерлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету ісін осы саланы игергісі келетіндерге тапсыру керек. Нәтиже шықса, солардан шығуы мүмкін. Әйтпесе… Таза ауыз су мәселесі Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша өткір әрі өзекті түйткілге айналған. «Судың да сұрауы бар» дегенді құлаққа сіңіріп өскен біз мұның мәнін жіті түсінеміз. Десек те кейбір болжам жасаушылар осы ғасырдың ортасына қарай ішуге жарамды судың бағасы мұнаймен теңесіп, әлемдік саясаттың негізгі өзегі тұщы су төңірегінде өрбитінін айтады. Кім біледі, «таяқтың екі ұшы бары» секілді, кейде болжамның да сәйкесетін және сәйкеспейтін кезі болады. Дегенмен «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін ұмытпаған жөн. Ауыз су мәселесі туралы әңгімемнің басын ауылымнан бастап едім. Туған жеріме таза ауыз су 2020 жылға дейін жете ме, жетпей ме, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Бірақ қазір алыстағы елді мекен тұрмақ, ірі мегаполистердің іргесіндегі ауылдардың өзі суға жұтап отырған жоқ па? Егер әлгіндей «ауыз су көздерін жекеменшіктің қолына өткізу керек» деген сөз рас болса ше? «Сенің келіп жағаңнан әкем атын суарған, сенің келіп жағаңнан анам талай су алған» деп келетін әсем де сұлу Ақбұлақ әнімен аталған бағдарлама алдыңғы «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасының кебін кимесе болғаны…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ